Судьялардың кәсіби мерекесі және сот саласын дамыту

  • 22.08.2021

«Бейнеттің зейнетін көру» дегенді біз көбіне зейнет жасына жеткендерге қатысты қолданып жатамыз. Былайша айтқанда, жас ұлғайып, қайрат қайтқанда мемлекет тарапынан берілетін зейнетақы немесе ұл-қыздарының құрметтеп, бағып-қағуы, ата-алдындағы парызын өтеу тұрғысында сөйлейміз. Әрине, ол да дұрыс. Бірақ, бейнеттің зейнетін көру – жас кезде, бойда қайрат бар кезде де адамға керек емес пе? Адам белгілі бір салада өз өзін жетілдіріп отыруға тиіс. Ол үшін оған әрине ең алдымен мотивация, яғни, ынталандырып отыру ауадай қажет. Адам ынталандыруды әр түрлі тетіктерден табуы мүмкін. Ал, мемлекеттік қызметте немесе сот саласында жұмыс істейтін мамандар үшін оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін құрмет пен түрлі қолдаулардың ролі орасан зор. Өзі қызмет қылып жүрген саладағы мұндай қадамдардың бірі олардың кәсіби мерекесі деуге болады. Арнайы бас қосып көңіл көтеру, өзге саладағы мамандардан құрмет көріп, құттықтау естудің жөні бір бөлек, ал, жыл бойғы еңбегінің жемісін көріп, өзіне есеп беріп, жетістігі мен кемшілігін сараптайтын сәт те осындай мерекелер қарсаңында жүретін шаруалар. Мәселен, біз ылғи да жаңа жыл сайын өзімізге іштей есеп беріп жатамыз ғой, сол сияқты судьялар да өз мерекесінде өзіне есеп беріп қана қоймай, жеткен жетістігі үшін арнайы марапатталып та жатады.  

Жалпы, сотқа деген талапты өсіріп қоймай, жауаптылықты үздікті көтерген орынды. Дегенмен, жақсы нәтиже болуы үшін талаппен бірге мықты сот ұжымдарын көтермелеп, үздік судьяларды айқындаудың, оларды марапаттаудың да маңызы зор. Саладағы үздіктер Судьялар одағының "Үш би" төсбелгісін өңіріне қадайды. Өте құптарлық. Ал енді мемлекет атынан төрелік ететін судьялардың арнайы кәсіби мерекесінің белгіленуі бұл саланың беделін көтеріп, төрелік алаңына қызығушылықты арттырары талассыз.

         Шындығында біздің еліміздегі барлық кәсіп иесінің өз мерекесі бар. Осы уақытқа дейін сот саласы бұл қатарға ілінбеді.  Соған орай бүгінге дейін Қазақстанның Ата заңы қабылданған күн судьялар мерекесі ретінде бейресми аталып келген еді. Әрі оған сот қызметкерлерінің өзі де, көзі де үйрене бастаған. Конституция күнін өз мерекесі санайтын сот құрылымы 30 тамызда үздіктерді марапаттап, өзгелерге үлгі етіп келген еді. Ал биылғы жылдан бастап судьялардың кәсіби мерекесінің белгіленіп отыр. Бұл ерекше сый, судьяларға жасалған құрметтің белгісі. Енді сот қызметкерлері осы құрметке сай болуы керек.

         Тәжірибе жылдар бойғы еңбектің, тынымсыз ізденістің нәтижесінде қалыптасады. Ал саладағы жетістіктің кілті ынтымақтасып жұмыс істеп, ортақ мақсатқа ұйысуда болса керек. "Күлтөбенің басында күнде жиын" өткізген бабаларымыз кезінде "Жеті жарғыдай" тарихи, құқықтық құжаттың негізін қаласа, елорда төрінде ұйымдастырылатын республика судьяларының съезі де талай маңызды, пәрменді заңға бастамашылық жасап, салаға серпін беретін жобалардың өмірге келуіне ықпал еткеніне көз жеткізіп отырмыз. Себебі дәл осы судьялардың кәсіби мерекесін белгілеу туралы ұсыныс та ең алғаш рет съезд мінберінде көтерілген болатын.

         Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің сот саласы үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Бұрынғы сот саласы мен бүгінгі сот билігін салыстыру әсте мүмкін емес. Мұндай іргелі жаңғыртулардың орын алуына мемлекет тарапынан жасалған тұрақты қамқорлық пен әр төрт жыл сайын өтетін судьялар съезінің ықпалы аз болған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті бүгінгі күнге дейін өткен сегіз съездің бәрінің де басты қонағы болды. Әрі соттың еңсесін тіктейтін, мәртебесін көтеретін, жұмысын жандандыратын ұсыныс, тілектердің съездің биік мінберінен айтылып, ол бойынша нақты қадамдардың жасалуына, іс-шаралардың оң нәтиже көрсетуіне мұрындық болды. Басқосулардың әрқайсысының сот саласында өзіндік орны бар. Оның бірінде жаңа технологияны сот жұмысына енгізудің негізі қаланса, енді бірінде өркениетті елдер тәжірибесіне сүйене отырып Алқабилер институтын жандандыру бастамасы көтерілді. "Алқабилер туралы" заңның маңызынан, артықшылығынан қалың жұртшылық қазір жан-жақты хабардар. Съезд мінберіндегі ұсыныстарға сүйене отырып елімізде мамандандырылған соттар құрылды, қазақтың қанында бар бітімгершілікті дамыту мақсатында "Медиация туралы" жаңашыл заң қолданысқа енгізілді. Осының бәрі республика судьялары съезінің үнемі жақсы істердің жаршысы болып келе жатқанын айғақтайды.

         Бұл съездің қазылар қауымдастығы арасындағы беделі биік, мәртебесі үлкен. Сондықтан алқалы басқосуға делегат ретінде қатысып, әріптестер алдында өз бастама-жобасын таныстырып, пікірін айту әр судьяның арманы. Өйткені бұл беделді жиынның биік мінберінде мақсатсыз ойға, бостекі әңгімеге, сылдыр сөзге орын жоқ. Съезде пікір білдіргісі келген әріптестерге тек шындықты айтып, жұмыс барысында кездесетін кемшіліктерді бүкпесіз ортаға салып, шынайы диалог орнату тән. Мұның бәрі алқалы жиында саланы жоғары биікке көтеруге ықпал ететін мәселелерді талқыға салуға, одан оң қорытынды шығаруға мүмкіндік туғызады.

  Республика судьяларының съезі - қазылар өзара пікір алмасатын, тәжірибесін шыңдайтын, аға буын мен кіші буын арасын жалғайтын мәртебелі  орын. Осы күнге дейін 1996, 1999, 2001, 2005, 2009, 2013, 2017, 2020 жылдары сегіз рет съезд өткізілді. Олардың әрқайсысының қазылар жұмысына алып келген жаңалығы аз емес. Бүгінде сол тынымсыз еңбектің, ізденістің жемісін көріп отырмыз. Бұл әсіресе әлем халқын әбігерге салған коронавирус індеті кезінде анық байқалды. Өзге елдер есік-терезесін жауып, жұмысты ұмытып, аурудың алдын алудың амалын іздеп отырғанда қазақстандық сот өз қызметін іркіліссіз атқарды. Бұған сот саласына жаңа технология игіліктерін барынша кең енгізудің көмегі аз болмады. Заманауи құрылғылардың арқасында сотқа талап-арызды онлайн жолдаудың, істерді қашықтан қараудың, іс материалдарын судьяларға автоматты түрде бөлудің, құжат айналымын онлайн бақылаудың тетігі жасалды. Сондықтан болар, жаңа технологияға әбден төселген сот қызметкерлеріне сот жұмысын кедергісіз жүргізу айтарлықтай қиындық туғыза қоймады. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында сот отырыстары әлі де онлайн өтуде. Бұған тараптар да, құзырлы орын өкілдері де әбден үйренді. Әрі онлайн сот отырысын өткізудің жағымды жақтары да жетерлік. Уақытты ұтымды пайдаланып, қаржыны үнемдеуге, әуре-сарсаңнан сақтауға ықпал ететін бұл өзгеріс сот жұмысының сапасын арттырып, халықтың үшінші билікке деген сенімін нығайтқаны талассыз.

 

Нұржан Қарабаев

Алматы қаласы

Алатау аудандық сотының судьясы

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады