Үш буынды модель сот жүйесіне қала әсер етті?

  • 27.08.2021

Былтырдан бері сот саласына байланысты үш буынды модель туралы жиі айтылып жүр. Бұл үшінші билік саласын, яғни, сот саласын дамыту, жетілдіру мәселесінде өзіне жүктелген міндетті қаншалықты атқарып шықты? Жалпы, сот саласын жаңғыртуға мемлекет тарапынан аз көңіл бөлініп отырған жоқ. Соның ішінде жыл сайынғы жолдауларда сот қызметін жандандыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету тетіктері басты орынға қойылып келеді. Мәселен былтыр мемлекет басшысы құқық қорғаудың үш буынды моделін құруды тапсырған еді. Бұл бастама отандық сот жұмысына қалай әсер етеді? Жаңа модель өзін ақтады ма? Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбековтің аутынша бұл бастама заман талабынан туған, қолға алынған шаруа.

«Қоғам бір орында тұрмайды. Заман алға жылжыған сайын азаматтар талабының өсіп, соған орай заңдарды толықтырып, құрылымдар жұмысын жаңаша жүйелеу қажеттігі қалыпты жағдай. Мұндай міндет, тапсырмалардың салаға берері көп. Осы жаңғыртулардың арқасында қазақстандық сот өсті, дамыды. Тәуелсіздік алған кездегі сот пен қазіргі сотты салыстыру мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі жетістіктің арқауы – реформалар деп нық сеніммен айтуға болады. Құқық қорғаудың үш буынды моделі де қажеттіліктен қолға алынған бастама. Мемлекет басшысы бұл моделді азаматтар құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі деп бағалады. Өйткені осы бастама қолға алынған кезден бері полиция, прокуратура, сот құзыретін нақтылап, жұмысты жандандыру бойынша ауқымды шаралар қолға алынды. Бұл заң үстемдігін орнықтыруға жол ашты. Ал Президентіміз атап өткендей «Заң үстемдігі орнықпаса жəне азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, əлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды», - дейді ол.

Ал, үш буынды модель сәтті жүзеге асу үшін қандай қадамдар жасалды дегенге келсек, Тұрысбек Мыятбеков мырза бұл сауалға орай бірнеше атқарылған шаруаларды тізіп шықты.

«Президент тапсырмасына сай еліміз 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап құқық қорғаудың үш буынды жүйесіне көштік. Ең алдымен құқық қорғау саласындағы үш буын саналатын полиция, прокуратура, соттың функциясын нақтылап алу бойынша жұмыс жүргізілді. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыруда орын алатын келеңсіз жағдайлардың көпшілігі осы үш құрылым қызметінде айқындықтың жоқтығымен байланысты. Айталық қылмыстық іс прокуратураға түскен кезде айыптау факторларының жүйесі қалыптасып қояды, күдікті тұлға күзетпен ұсталып отырады. Соттың бақылауы аясында, тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын органның қалыптастырған мән-жайларымен байланысты болады, оның аясынан шығып кете алмайды. Ал үш буынды модель құру арқылы қоғамдық мүдде мен адам құқықтарын қорғауда тепе-теңдікке қол жеткіземіз. Күдіктілер мен айыпталушылар құқығын бұзу жолымен қоғамды қылмыстан қорғауға болмайды. Бұл үлгі сонымен бірге биліктің озбырлығына жол бермейді. Әрбір өкілеттікке шектеу бар. Үшіншіден тұрақтылыққа қол жеткіземіз.

Үш буынды модель кезіндегі қылмыстық процесті үш кезеңге бөлуге болады: қылмысты анықтау және дәлелдемелер жинау; жиналған дәлелдемелерге баға беру және айыптауды дайындау; істі мәні бойынша шешу, яғни кінәлілігін анықтап, жаза тағайындау. Бұл тізбектегі полиция дәлелдемелерді жинақтап, бекітеді. Оқиға орнына шығады, жауап алады, басқа да тергеу әрекеттерін жүргізеді. Осыдан кейін материалды прокурорға береді. Прокурор тергеуге басшылық етеді. Дәлелдемелерді бағалап, құқықтық тұрғыдан саралайды. Прокурор істі қысқарта алады, құжаттарды қайта тергеуге жіберіп, полицияға тапсырма бере алады. Егер жеткілікті негіздер бар деген шешімге келсе, күдікті ретінде танып, бұлтартпау шарасын анықтайды. Айыптауды дайындап, кейін кінәсін сотта дәлелдейді».

Үш буынды модель қалай айтқанда да жаңашылдықтың бір көрінісі. Осы жаңашылдықтағы соттың рөлі қандай болды? Болашақта қалай болады? Бұл да өте маңызды сұрақтардың бірі. Бұл туралы:

«Үш буынды модель аясында сот екі функцияны жүзеге асырады. Тергеу сатысында адамның құқығы мен бостандығының сақталуына қадағалау жүргізеді. Сот талқылауы сатысында үкім шығарады, азаматтың кінәлі екенін немесе кінәсіздігін анықтайды. Көріп отырғанымыздай аталған модель кезінде тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі жұмыс істейді. Әрбір кезеңде тиімді сүзгілер бар. Әділдікті орнатуда орын алатын қателіктер барынша азайтылады. Азаматтардың құқықтарын бұзу тоқтатылады, себепсіз қылмыстық процеске тартуға жол берілмейді.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларға сүйене отырып жасалған жаңа іс-шаралар құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртуда айрықша нәтижелі болды. Жаңа реформаларға халықаралық сарапшылардың берген бағасы да жоғары. Қазақстандық соттың даму жолына үңілген шетелдік әріптестеріміздің көпшілігі үш буынды модель жас мемлекеттегі құқық қорғау ісін дамыған елдер стандартына жақындата түсетінін алға тартуда.  Осы мақсатта көптеген іргелі істер атқарылғанын айта кеткен жөн.

Біріншіден, 2020 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл құжатта құқық қорғау жүйесіндегі жаңа модельдің заңдық негізі жасалды. Аталған заңның талаптарына сәйкес, азаматтардың конституциялық құқығына әсер ететін негізгі процессуалдық шешімдердің прокурордың келісімінсіз немесе бекітуінсіз заңды күші болмайды.

Жоғарыда көрсетіліп кеткендей, үш буынды модель кезінде сотқа екі функцияны жүзеге асыру жүктелген. Тергеу сатысында адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуына қадағалау жүргізеді. Сот талқылауы сатысында үкім шығарады, кінәлі немесе кінәсіздігін анықтайды. Соттар тергеу сатысында адамның құқығы мен бостандығының сақталуына қадағалау жүргізу функциясын, тергеу органдары мен прокуратураның әрекеттеріне, әрекетсіздіктеріне берілген шағымдарды қарау барысында жүзеге асырады. Соттың бұл өкілеттілігі ҚПК-нің 106-бабында көрсетіліп, реттелген. Соттар осы баптың негізінде берілген шағымдарды қарау барысында, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының жіберген заң бұзушылықтарын, осы заң бұзушылықтарды қалпына келтіруге бағытталған іс-шараларды қабылдамаған прокурорлардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген қылмыстық процесс қатысушыларының шағымдарын қарайды», - дейді Түркістан облыстық сотының төрағасы.

Тұрысбек Мыятбековтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін облыстық сотқа 100-ден аса шағым келіп түскен. Оның ішінде Түркістан облысының соттары 2021 жылдың алғашқы тоқсанында Қылмыстық процестік кодекстің 106-бабының тәртібімен 112 шағымды қарап, оның 20-сын қанағаттандырған. Соттың қаулыларымен прокурор мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының 1 әрекеті (әрекетсіздігі), прокурордың 6 әрекеті (әрекетсіздігі), тергеушінің 11 әрекеті (әрекетсіздігі), анықтау органының 2 әрекеті (әрекетсіздігі) заңсыз деп танылып, азаматтардың бұзылған құқығы қалпына келтірілген.  Яғни, сот үш буынды модельдің қатысушысы ретінде, әділдікті орнатудың келесі, тиімді сүзгісі болып табылады, және көрсетілген шағымдарды қарау арқылы азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіреді.

Президенттің бұл мәселеге назар аударуы тегіннен-тегін емес. Өйткені, қылмыстық іс жүргізу саласы Кеңес өкіметінің құқықтық жүйесінен қалған айыптау сарынынан толық арыла қоймағаны рас. Соның кесірінен қарапайым халық арасында полицияға ісі түскен адам бостандыққа шықпайды деген қате пайым орныққан. Ал жылдар бойы орныққан теріс түсінікті бір күнде өзгерте алмасымыз белгілі. Тәуелсіз ел атанғанына 30 жыл болған Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңа арнаға түсірмей, жоғарыдағы сыннан, айыптаудан құтылу қиын. Әрі оның бірден-бір шешімі – құқық қорғаудың үш буынды моделі болып қала бермек.

 

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды