Мұқағали ескерткішінің беті бері қарайтын болды

Айшолпан КЕРІМ

  • 08.09.2021

Алматы облысы Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында қазір Мұқағали ескерткішін қайта қою жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ақынның 90 жылдық мерейтойына орай арнайы жасалған бұл ескерткішті қайта қоюға не түрткі болды? Осыдан біраз уақыт бұрын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші әлеуметтік желіден 25 сағат шықпайтын жамағаттың, сондай-ақ, интернетте таңнан таңға дейін отырмайтын жергілікті жұрттың наразылығын туғызған болатын. Бірі ескерткіштің «тапал» болып қалғанын айтса, екіншілері «әкімшілікке қаратып қойғаны дұрыс емес» деп жатты.

Мәселен, жазушы Қанат Әбілқайыр «61 миллион 826 мың теңгелік - "тапал бойлы", "сирағы ұзын", "белі бұралған" Мұқағали» деп сөз бастады Facebook парақшасында.  «Алматы облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Marlen Kolbaev мырза! Мұқағали атамыздың «мына ескерткіші сіздердің қырағы көздеріңізден қалай өтіп кетіп жүр? 62 миллион теңгеге қандай «ғажап» мүсін шыққанын облыс әкімі Амандық Баталов мырза біле ме?» деп сын айтқан болатын.

Ескерткіштің композициясы мен сәулетіне ғана емес, тұрған жеріне де ренжігендер болды. Өйткені, ескерткіш поштаның  алдына қойылған еді. Мұқағали ескерткішіне алдынан қарағанда артындағы поштаның кірпіш қабырғалары көзге оғаш көрінген-ді.

Ақынның Нарынқол ауылына қойылған ескеткіші

«Ең маңыздысы мүсіннің орналасуы бір түрлі көрінді. Мұқағали бүкіл Қазақстанға артымен қарап тұр» дегендер шықты.

«Әкімшілікке қарап тұрса дұрыс деп шешсе керек, бірақ, мүсінді көретін адам бергі жолмен барып көреді ғой. Ыңғайлысы осы. Әкімшілік өзі ауылдың бір шетінде, шекараға жақын тұр, енді әкімшілік жаққа қаратамыз деп ақынды ары қаратып қойсақ қалай болар екен?» деді енді бірі.

«Алдынан қарағандағы фоны да ұнамсыз. Поштаның кірпішін көресің. Ертең ел-жұрт келмей ме, суретке түспей ме? Суреттен пошта көрініп тұрған дұрыс па, жоқ, бетін бері қаратып, фонда тау тұрғаны дұрыс па...» деп пікір айтқан қаламгерлер де болды.

Осы ретте Мұқағали Мақатаев жоғарғы шенділер менсінбей қарайтын аудандық деңгейдегі көп ақынның бірі емес, бүкіл қазақтың іздеп жүріп оқитын ақыны. Осындай ақиық ақынның мерейтойында қажетті қаржы бөлінсе де оның ескерткіші неге жүрдім бардым жасалды деген сұрақ туындайды. Жалпы, бізде ескерткіштер неге сапасыз жасалады? Осы сұрақтарды мүсіншілердің өздеріне қойып көрген едік. 

Белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашев мүсінші мен тапсырыс беруші жұмыстың эскизі қабылданған соң мүлт кететінін айтады.

«Негізі ескерткішті жасар кезде тек эскизін көріп, тапсырыс беруші бекіте салады. Бірақ кейін оны үлкейткен соң, бәрі өзгереді. Басты қателік сол –үлкейтілген кезде мүлде бақылау болмай, бар міндет мүсінші мойнына қалып кетеді, ол да білгенінше бірдеңе істейді.Енді ұсынатын амал мынау - мүсін үлкейтіліп, балшық күйінде ескерткіш кімге арналса, сол адамның жақындары мен тапсырыс берушіге көрсетілуі керек. Балшық кезінде мүсінді түзеп жіберу түк емес. Болып, бояу сіңген соң, бәрі қиындай түседі. Сосын шу да, жарамсыз жұмыс та үйреншікке айналады», - дейді мүсінші.

Ал мүсінші Өмірзақ Шанов ескерткіштердің ел көңілінен шықпай жүргеніне екі себеп бар екенін, өзінің де жасалып жатқан жұмыстарға көңілі тола бермейтінін айтты.

«Басты бәле – білім жоқ, мықты мүсінші дайындайтын мектеп жоқ. Өзім осы өнерді игеру үшін 20 жылымды сарп еттім. Қазір мектепте сызуды үйреніп, бірден жоғары оқуға түседі, сонымен мүсінші атанып шығады. 4-5 жылда бала не үйреніп үлгереді? Мүсіншілік – тек кәсіп емес, халық алдындағы жауапкершілік, өнер. Ол өнер туындысын жасау – математиканың есебін шығарғандай емес, сезініп, жаныңды салуың керек.

Ал екінші бәле – жемқорлық. Неше жұмысым байқаудан өтпей қалды. Өздері байқау жайын бір ай бұрын жариялайды. Айналдырған төрт аптада кім, қандай мүсін ұсынып үлгереді? Жақында жаңа жұмысымды ұсынып едім, тағы өтпеді. Уақытынан кешіктің деп, тіпті көзінің ұшымен де қарамады. Тамыр-танысың болса, өтесің, әйтпесе эскизіңді құшақтап қайтасың. Содан кейін ескерткішке ұқсайтын бірдеңе жасап шығарады. Артынан «ергежейлі Мұқағалиді» көріп, халық ашынады. Қайта жасауға жібереді, қайта ақша кетеді. Солай екі есе ақша өндірудің қамы деп жүріп, өнерді өлтіріп бітетін болды бұл адамдар. Барлық затты бірдей бизнес қыла беруге болмайды ғой».

Мүсінші комиссия да өнерге құрмет көрсетіп, ескерткіштің маңызын түсінген абзал дейді. Шанов байқау уақытын ұзартып, егер бірінші ұсынғандар арасында тәуірі болмаса, байқаудың екінші кезеңін жариялап, қазіргідей селқостықтан аулақ болған жөн дейді.

Шановтың шамданатындай жөні бар. Ескерткіштердің ел көңілінен шықпай, артынша қайта жөндеуге жіберіліп жүргені кеше басталған үрдіс емес, ондай ескерткіштердің саны да көп. Соның бірі мінекей, Мұқағали Мақатаевтің қайта жасалып жатқан ескерткіші болып тұр. Бұған дейін Алматы облысынан арнайы комиссия шығып ескеркіште аздаған қателіктер кеткенін растаған. Ескеркіш орнынан алынып, түзету үшін мүсіншіге қайта берілген.Қазір мүсін тұғырының айналасында қайта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мұқағали атамыз енді әкімшілікке емес, Райымбек көшесіне қарап тұратын болады. Ендігі фонынан поштаның қабырғасы емес, алып Тәңіртау көрінеді. Ал түзетіліп, өзгертілген ескерткіштің қалай болары әзірге белгісіз. Жұрт назарына әлі қойылған жоқ. Жалпы Мұқағали ескерткішін орнатуға облыстық бюджеттен 61млн  826 мың теңге, ал айналасын абаттандыруға 69 млн теңге бөлінген.

Осындайда Талдықорған қаласындағы тұңғыш президентке қойылған ескерткіштің қойылуы еске түседі. Осы ескерткіштің ашылуына келген қонақтар тас төсенішті ұнатпаса керек. Бұл әңгіменің қаншалықты рас өтірігі белгісіз, бірақ, қонақтар кете сала, ескерткіш тұрған алаңның жап жаңа тас төсенішін алып тастап, жаңасын қайта төсеу басталып кеткен-ді. Онда да өте қымбат брусчатка төселді. Ал осы тас төсеніштің әрқайсысының төселіп, қойылуын облыс әкімі, кәсіби құрылысшы Амандық Баталовтың өзі басында тұрып қадағалаған болатын. Облыс әкімі бұл жолы Мұқағали Мақатаев ескерткішінің қайта қойылуы мен қайта абаттандыру жұмыстарының басында күзетіп жүрген жоқ. Дегенмен, дұғада болып, бақылауында енді дұрыс ұстады деп сенеміз. Үшінші рет қайта абаттандыру мен қайта жасауға жол бермес деп үміттенеміз.

Байланысты жаналықтар

Жаркент әжетханаға айналды

18.06.2020

Баталов ашып тастаған орталыққа Әбдірайымов тендер жариялады

21.07.2020

Ноғаевтың жоспары қай жоспар?

13.10.2020

Амандық Баталов: Маған демагог керек емес

19.02.2020

Қазақстандағы «маски-шоу»

23.03.2020

Қанат Әбілқайыр. Үй

18.04.2021
MalimBlocks
Жаркент әжетханаға айналды

Баталов ашып тастаған орталыққа Әбдірайымов тендер жариялады

Ноғаевтың жоспары қай жоспар?

Амандық Баталов: Маған демагог керек емес

Қазақстандағы «маски-шоу»

Қанат Әбілқайыр. Үй