Серікбол Хасанның балаларға арналған өлеңдері

Malim Админ

  • 20.09.2021

Қоңыр күз

Моншағын үзіп ақ аспан,

Жер-Ана желек жамылып,

Бұлттары желмен таласқан

Қоңыр күз келді сағынып.  

 

Ұсынар күздің сыйы мың,

Жемістер піскен бал қандай.

Ағаштар түгел киімін

Сарыға бояп алғандай.  

 

Жарқырай ағып жылғалар,

Табиғат тапқан жарасым.

Қанатын қағып тырналар,

Қимай тұр туған даласын.  

 

Алтынын төккен алапқа

Қош келдің, менің күреңім.

Аттандық біз де сабаққа,

Арқалап елдің тілегін.

 

Жеті шелпек

Жұма күні ақ мамам,

Жеті шелпек пісірді.

Енді тыным жоқ маған,

Бəрін маған ұсынды.

 

Жеті шелпек қолымда,

Көршілерге асықтым.

Міндетімді орындап,

Мерейімді тасыттым.

 

Қанаттанып есейдім,

Болдым нағыз қолқанат,

Жеттім үйге жеті үйдің,

Ақ тілегін арқалап...

 

Әйбат жігіт

Үлкенге де, кішіге,

Тұрады əр кез иіліп.

Ұқыпты əрбір ісіне,

Қарайды жұрт сүйініп.

 

Бекер қарап жатпайды,

Қолқанат боп жүреді.

Көрген адам мақтайды,

Əлиханды үнемі.

 

Құманы бар бүгін де,

Иығында орамал...

Осы Əлихан түбінде,

Әйбат жігіт болады-ау!

 

Өміріңде бармын ба?

Береке жоқ ісімде,

Сырласам тек түсімде.

Күндіз-түні анашым,

Интернеттің ішінде.

 

Не боп жатыр далада,

Не боп жатыр балаға?

Бар қызығы анамның,

Қолындағы қарада.

 

Соған уақыт арнайды,

Содан басын алмайды.

Ақыл айтып әлемге,

Дүниені шарлайды.

 

Шын жанашыр жан мұнда,

Отырмын ғой алдыңда.

Өміріңде жан анам,

Мен негізі бармын ба?

 

Бар әлемде бала үшін,

Сен қымбатсың анашым!

Бүйте берсең бір күні,

Мені таппай қаласың...

 

Жұрттың баласы

– Қарашы әне Санатты,
Кілең бестік сабағы.
Шаруаға да жарап тұр,
Тазалайды қораны.

 

Мақтайды анам үнемі,
– Сендей ғана бала, – деп,
– Бәрін айтпай біледі,
Істегенін қара, – деп.

 

Шөпті де өзі шабады,
Отынды өзі жарады,

Анасының әрдайым,
Көңілін де табады.

 

Үлкендерден қалмайды,
Жырды қалай талдайды?
Бола қалса уақыты,
Кітаптан бас алмайды.

 

«Санат...
Санат...
Санатты...»

Тыңдап талай таң атты.
Мен де ептімін шаруаға,
Мен де оқимын сабақты.

 

Түсінбедім анамды,
Санат па оған керегі?
Дәл өзімдей адамды,
Неге мақтай береді?

 

Қанатым болса...

Екі қолым құралым,

Жиі жұмсап тұрамын.

Алыстағы дауысты,

Естиді екі құлағым.

 

Иісшіл екен бір мұрын,

Ұнатады қыр гүлін.

Ауыз аңдып тұрады,

Тəттілердің түр-түрін.

 

Ғажабына даланың,

Тоймайды қос жанарым.

Көргім келген жеріме,

Екі аяқпен барамын.

 

Баста шырақ – білім бар,

Ауызда орақ – тілім бар.

Əжем қойған желкемде,

Желбіреген тұлым бар.

 

Бағытыма баратын,

Тез жеткізіп салатын.

Жетіспей тұр өзіме,

Тек ұшатын қанатым!

 

Мен жазушы боламын

Таза дəптер, қаламым,

Кілең бестік сабағым.

Ата-əжемді қуантқан,

Мен зейінді баламын.

 

Жұмсағанға барамын,

Айтқан тілді аламын.

Бұзықтыққа бармайтын,

Мен тəртіпті баламын.

 

Əке менен ананың,

Түсірмеймін қабағын.

Ойнатамын бөпемді,

Мен үлгілі баламын.

 

Серік етіп қаламын,

Жұлдыз болып жанамын.

Мұхтар ата секілді,

Мен жазушы боламын!

 

Менің әжем

(Дора Хайкинадан)

Болды әбден әбігер,

Әрең ұстап таяғын.

Шақыршы деп дәрігер,

Кәрі әжемді аядым.

 

Саған дәрі береді,

Аяғыңнан тұрасың.

Дәрі ащылау келеді,

Сау боп бірақ шығасың.

 

Сәл шыдашы бүгіліп,

Ол үйіне кетеді...

Доп қуалап жүгіріп,

Шулатамыз көшені.

 

Жүгіреміз біз деген,

Секіреміз жоғары.

Қимылымды істеген,

Қайталасаң болғаны.

 

Күлді сонда ақ әжем:

– Ауырғам жоқ, қарағым,

Дәрігерге барар ем,

Тек қартайып барамын.

 

Қыс келерін білгем бе,

Сендей болу – арман, мұң.

Жастығымды бір жерге,

Жоғалтып мен алғанмын.

 

Арасында нулардың,

Шыңдарында таулардың,

Тереңінде сулардың,

Қалды адасып арман күн.

 

Әуре болам несіне,

Қайда екенін білмеймін.

– Түсірші әже есіңе,

Табайықшы жүр деймін.

 

Сындырма әже сағыңды,

Мен өзім-ақ барамын,

Сенің жастық шағыңды,

Қайтсем дағы табамын.

 

 

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Алтайдың мөлдір тамшысы

14.10.2023

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

03.03.2022

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Арон Атабек ауруханаға түсті

05.10.2021

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті

23.09.2021
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Алтайдың мөлдір тамшысы

Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

Көрнекті ақын  Александр Кабанов «Менің Украинамды жалғыз қалдырыңдар!» деп жалынды поэзиясымен жаһанға үн қатты.  Екі мағынасында да жүрегіңді осып түсетін тіркес!

Мұқағали минуттары

Арон Атабек ауруханаға түсті

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті