Ерлан Жүніс. Тараз маған айтқан кезде жастық шағы туралы

"Ғасырлар тәжі" деген поэмасынан үзінді

Malim Админ

  • 22.09.2021

Тараз маған айтқан кезде жастық шағы туралы,

көшіп жатқан уақытқа қырдағы,

замандарға ой жіберіп бір жырақ,

алабұртып,

насаттанып,

тұнжырап,

кейде ызалы,

кейде момын,

кейде асқақ,

кейіпке еніп,

асау тұлпар ай астында ойқастап,

күн астында күңіреніп қалың қол,

алыстарға шақырғандай сағым жол,

бір түнеріп,

бір қабарып,

бір тынып,

дәуірлердің тозаңынан сілкініп,

ыңыранып жолбарыстай жаралы:

- Тыңда, - деді, тыңда мына даланы!

Қара жерге құлағымды тосқанда,

тіл біткендей топыраққа, тастарға,

тіл біткендей қырға, тауға, өзенге,

бір азалы әуен болып кезеңдер,

бірде асқақ, салтанатты ұран боп,

бірде ғашық жандар айтқан бір ән боп,

естіледі,

жаңғырғандай тау іші,

Шөже қаған – Тәңірқұттың дауысы,

шарпылысқан қылыш үні,

баланың –

жылағаны,

құлағаны қаланың,

содан кейін ұлы үнсіздік –

бес жүз жылдық тыныштық...

кенет, қайта ащы даусы қылыштың,

жебелердің ұшқан даусы ысылдап,

арпалысқан, азу тісі қышырлап,

адамдардың айқайлары,

шаңқ-шаңқ үні сұңқардың,

ауыздығын шықырлатып шайнағаны тұлпардың,

Мұқан даусы – тітіренткен түркіні,

әлде, күннің күркірі?!.

Көк аспаннан құлдилаған қанаттардың суылы,

тұлпарлардың тұяқтары жер апшысын қуырып,

дүрсілдеген,

дүркіреген,

зырқылдап,

ұлы майдан ұлы түркі жұртында,

жатқан шағы замандар да, қағандар да ауысып,

еміс-еміс естіледі Жегуй қаған дауысы,

әлсін-әлсін естіледі Түн-жабғының дауысы,

қанығады,

зораяды

түркі үні,

дәуірлердің құрсағында бұлқынып,

қаһарланған

қайрат – таудай,

күш – теңіз,

айқай салды Бұмын менен Істеміс!

Сол айқайдан түркі еместер түршікті,

сол айқайдан түркі еместер тұншықты,

сол айқайдан түркі жұрты оянды,

түркілердің бақыты үшін баянды,

түркілердің уақыты үшін мәңгілік,

сол бір дауыс әлі де тұр жаңғырып!

Қара жерге құлағымды тосқанда,

тіл біткендей

тау мен дала,

тастарға,

естіледі даусы анық бір көштің,

көшкен дауыс – даусы екен түргештің,

қоюланып,

жуандайды

күшеніп,

көш басында – ту ұстаған Үш Елік!

Жаңғырады Үш Еліктің жарлығы,

жаңғырады – сан мың түрік тағдыры,

сапырылып,

сабылысып

дауыс сан,

замандар да, қағандар да ауысқан,

кең даланы сан мың дауыс кезгені,

сан мың дауыс – құбылады, өзгеріп,

секілденіп ғасырлардың безбені,

Сақал мен Сұлу қаған сөздері,

естіледі Тараз топырағынан,

естіледі тұманды әуен, сағым ән,

естіледі суық даусы семсердің,

толқулардың,

абыржудың,

кемсеңнің,

беріледі топырақтан дірдегі,

қалшылдар да беріледі үндегі,

ызалар да,

айбат үні,

кек үні,

дауыстарда – халықтардың өмірі,

дауыстарда – мәдениеттер айқасы,

қақпалардың жабылғаны,

қайта ашып,

қайта ашылып көктегені өмірдің,

балқығаны болат, алтын, темірдің,

қайралғаны қайта қару-жарақтың,

 

түркілердің,

қытайлардың,

арабтың

дауыстары,

дауыстары,

дауыстар,

дауыстары халықтардың қауышқан,

дауыстары халықтардың кетіскен,

замандардың шоқ шайнаған, от ішкен!

Бірте-бірте алыстады дауыстар,

бір бірімен алыспады дауыстар,

бірте-бірте тынды,

өшті,

тыншыды,

естілді тек, гүлдің нәзік бүршігі,

тырс еткені,

қалай қауыз жарғаны,

сол қауызға көбелектің қонғаны,

сол көбелек кенет қайта үркіді,

бәлкім, тағы көк аспанның күркірі,

 

бәлкім, бәлкім...

жоқ, тағы да найзаның,

дүрк етіп кеп қадалғаны,

қай жаны

қалды мынау, қаңсыраған өлкенің,

қалай тағы қарсы алады ертеңін,

 

қалай тағы күлден қайта өнеді,

бұл дауыстар қашан, қалай семеді?!

Тіліп өтіп тымық ауа ағымын,

даусы естілді қарлұқ жабғуларының,

Жабғу даусы ғасырлармен астасып,

шығып жатты екі жүз жыл –

қос ғасыр,

жікіл,

халадж,

барсхандар,

шарұқтар,

даңқты әрі инабатты халықтар,

сөйлеп жатты ұлы түркі тілінде,

Тараз түбінде,

кешті ғұмыр мәдениеттер, дәстүрлер –

дауыстары топырақтан естілген,

қара жерге қайта құлақ төсесең,

бір ықылым замандарға көшесің,

көшесінде мына көне шаһардың –

сан жұрттармен кешесің де қатар күн,

тап боласың бұғра хандар жұртына,

дүние еркіне,

уақыттардың ырқына,

дауысына – барасың сен ілесіп,

мәдениеттер жатқан шаққа күресіп,

 

мәдениеттер жатқан шаққа туысып,

төрткүл әлем – бір Таластан су ішіп,

төрт бұрыштың төрі – Тараз болғанда,

қарап тұрған мұнараға,

 қорғанға.

даусы естілер көркем таңның алдында,

Харун Бұғра Сатұқ Қараханның да,

Таң намазын оқып тұрған дауысы...

Замандар да, адамдар да ауысып,

керуендей көш түзейді ғасырлар,

шатыр-шұтыр жарқылдайды жай оты,

ұйқыдағы ұрпақтарды оятып,

қырық құбылып жатар өмір қырдағы!..

..Тараз маған жастық шағы туралы,

айтқан кезде – заманды ойлап бір жырақ,

алабұртып,

насаттанып,

тұнжырап,

жанарында бір жалт ойнар жақұттай,

Талас ағып бара жатыр уақыттай...

 

Байланысты жаналықтар

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

29.03.2024

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

27.03.2024

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

27.03.2024

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

26.03.2024

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

25.03.2024
MalimBlocks
Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

Көкшетау прокуратурасының мәліметінше, «Оқжетпес» футбол клубы 160 қызметкерінің жалақысын төлемеген, деп хабарлайды Malim.kz.

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензия бар.

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Қазақ спортшылары олимпиадаға жолдаманы Тблисиде өткен әлем кубогінде жеңіп алды.