Ұлттық жоба: Агроөнеркәсіп саласы бес жылда қалай өзгереді?

  • 18.10.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Ұлттық он жоба бекіткен болатын. Солардың бірі - Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба. 2011-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асырғанда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруға қол жеткізу межеленіп отыр деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.

 

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне арнайы келген еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жобаның Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін, ол күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды қажет ететін нақты, тораптық міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталғанын айтады.

«Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұдан бұрынғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары, салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылды», — деді ол. Министрдің айтуынша, тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау іс-шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Ал минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген.

«Осы іс-шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 93 пайызынан 98 пайызына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20 пайыздан 29 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15 пайызға артады», - деді ол.

Ербол Қарашөкеевтың атап өтуінше, техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғасады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің бағдарламалары кеңейтіледі. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4 пайыздан 6 пайызға дейін ұлғайтылады. Су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде іс-шаралар қолға алынады. Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1 000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылады. ОЛ үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100 пайыз жүктемемен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыстық деңгейде құзыреттілікті дамыту орталықтары және аудандық деңгейде ауылдық ақпараттық-консультациялық орталықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ фермерлердің біліктілігін қашықтықтан арттырудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін білім тарату жүйесімен ауқымды қамту жолымен білім тарату жүйесі жетілдіріледі», - деді министр. Министрдің сөзіне қарағанда, аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады. Салалық гранттық қаржыландыру енгізіледі. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге кешенді талдау жүргізу, перспективаларын бағалау, дамуын болжау үшін министрліктің Ахуалдық-талдамалық орталығын құрылып, жұмыс істейді.

«Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық. Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау іс-шаралары, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылатын болады. Нәтижесінде 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100 пайызды, ал қант бойынша 80 пайыздыды құрайды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министр Ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту болатындығын айтады. Ол үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін іс-шаралар кешені әзірленген. Бүгінгі таңда инвестициялық жобалар пулында 194 жоба бар. Олар өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар саналады. Аталған жобалар агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту туралы алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Мемелекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», - деді министр деп жазады Қазақпарат.


 

 

Байланысты жаналықтар

Казахстанцам разрешат находиться в Узбекистане без регистрации подольше

28.03.2024

Қазақстанда жылқы еті қымбаттады

12.03.2024

Қазалы кәмпиті экспортқа шығарылады

12.03.2024

Неліктен 255 мың теңге мобильді аударым тексерілетіні белгілі болды

07.03.2024

3 ай қатарынан 100 аударым сомасы 255 мыңнан асса, кәсіпкерден жауап алынады – Қаржы министрлігі

07.03.2024

Қазақстандықтардың салық берешегі кешірілуі мүмкін бе - Қаржы министрлігі жауап берді

07.03.2024
MalimBlocks
Казахстанцам разрешат находиться в Узбекистане без регистрации подольше

Казахстан и Узбекистан увеличивают сроки пребывания своих граждан на территории своих государств без регистрации с 5 до 30 дней. При этом временная регистрация не понадобится. Соответствующее соглашение с Узбекистаном ратифицировали депутаты сената в четверг, 28 марта.

Қазақстанда жылқы еті қымбаттады

Қазы бағасы 4,8%, жая 2,5%-ға өскен.

Қазалы кәмпиті экспортқа шығарылады

Неліктен 255 мың теңге мобильді аударым тексерілетіні белгілі болды

Бұ ең төменгі жалақы мөлшерімен (85 мың) есептелген.

3 ай қатарынан 100 аударым сомасы 255 мыңнан асса, кәсіпкерден жауап алынады – Қаржы министрлігі

Қазақстандықтардың салық берешегі кешірілуі мүмкін бе - Қаржы министрлігі жауап берді