Ақжайықтың дәрігерлері айтысып жатыр: Заңды белшеден басқан кім?(Видео)

«Жалақымызды заңсыз қысқартып, аурухананың ақшасын өз қалтасына салып отыр».

  • 20.10.2021

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының 2-ауруханасының эпидемиолог маманы Мирас Әлібекұлы аурухана басшысы Бекзат Кубаев «жалақымызды заңсыз қысқартып тастады. Онымен қоймай, аурухананың бюджетіне түсуі тиіс ақшаны өз қалтасына салып жүр» деп шағынды. Айтуынша, бас дәрігер осы күнге дейін ойына келгенін істеп, «қолынан келгенше, қонышынан басып жүрген» көрінеді.

Мирастың сөзінше, 32 адамның жалақысы қысқартылған. Бірақ бұл жөнінде аурухана басшысы Бекзат Кубаев қызметкерлеріне жөні дұрыс түсіндірмеген. Тек «ауруханада ақша жоқ» деген желеуді алға тартқан.

«Қыркүйектің айлығы — қазан айының 1-інде түсті. Қарасам, жалақымның 25 пайызы жоқ. Сосын, аурухана басшысы Бекзат Кубаевқа барып, мұның себебін сұрадым. Сол кезде ол «жалғыз сенікі емес, біраз адамдыкін қысқарттым, тең дәрежеде» деді. Жарайды деп үндемей жүре бердім. Ауруханада маман тапшы болғаннан кейін, көбімізде қосымша ставка бар. Бұл — сол ставкадан қысқартып отыр. Бірақ кейін 1,5, 1,25 ставкада жүргендердің кейбірінің жалақылары еш қысқартылмағанын білдім. Басында маған Бекзат Кубаев 1,5, 1,25 ставкада жүргендердің барлығыныкі қысқартылды деген болатын. Бірақ олай болмай шықты. Аурухана басшысы әділдікті талап етіп, өзіне қарсы шығатын, өзі жақтырмайтын адамдардыкін ғана қысқартып отыр. Бұл — адамды алалау, барып тұрған әділетсіздік қана емес, заңсыздық»,- дейді Мирас Әлібекұлы.

Алайда аурухана басшысы мен заңгері мұны ешқандай заң бұзушылық деп санамаған. Олар «барлығы заң аясында» деп өздеріне шаң жуытпаған. Кейін Мирас әділдік іздеп кәсіподақ ұйымына мәселеге араласуларын сұраған. Бірақ ұйым төрайымы «ішкі мәселелеріңе араласпаймыз, басшы өзі біледі» дегеннен әрі аспаған. Ал Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасына шағымдануды бекер деп санайды. Өйткені басқарма көп жағдайда мәселені жылы жауып қояды деген пікірде.

Мирас Әлібекұлы жалақысы қысқартылған басқа әріптестері пікірін ашық айтудан қорқатынын айтады. Өйткені көбі басшының қысасына тап боламыз ба деп алаңдап, үндемегенді жөн деп сандайды дейді.

«Көбі ертеңгі күні жұмыстан шығарып жібере ме деп қорқады. Сондықтан ештеңе айтқылары келмейді. Мен ешқайсысына журналист келеді пікірлеріңді айтыңдар дегем жоқ. Бірдеңе десем, айдап салғандай болам. Әркім өз құқығын қорғауға қақысы бар. Бұған Конституция кепілдік береді. Мен өз құқығымды қорғауда аянып қалмаймын».

Мирас Әлібекұлы Malim.kz тілшісіне жалақының қысқартылғанынан бөлек, аурухана басшысы Бекзат Кубаевтың күні кеше жасаған тағы бір заңсыз әрекетін айтты. Айтуынша, бас дәрігер төрт адамнан медициналық санитарлық кітапшасына барлық дәрігерлердің мөрін соқтырып беремін деп 20 мың теңге (әр қайсысынан 5 мың теңгеден) ақша алған.

«Осы қазан айының басында маған «Теректі — таза су» мекемесінің төрт қызметкері келді. Қолдарында медициналық санитарлық кітапша бар. «Мыналарға печать соғып берші, басшың "Мирасқа бар, соғып береді» деп айтты деді, біреуі. Негізі бұл тегін көрсетілетін медициналық кешенді көмектің құрамына кірмейді. Яғни медициналық санитарлық кітапшаға мөр соққызу үшін алдымен аурухананың бухгалтериясына ақшасын төлеп, чек алып соны әр дәрігерге көрсетуі керек. Яғни бұл ақша аурухананың бюджетіне түсуі керек. Содан мен жаңағы кісілердің кітапшаларын қарап отырып, тексерістен толық өтпегенін көрдім. Сосын оларға «қаладан бактерегиологиялық тексерістен өтіп келіңіздер, мында толық емес» дедім. Сол аралықта басшысы Бекзат Кубаев кабинетіме келді. Келді де — «Мирас мыналарға печать соғып бере салшы» деді. Бір шикіліктің барын бірден сездім деген ол сол күні мөр соқпағанын, Оралдан бактерегиологиялық тексерістен өтіп келулерін айтып, қайтарып жіберген.

Арада үш күн өткен соң «Теректі — таза судың» бір қызметкері маған мөр соққызу үшін тағы келді. Бірақ қолында басында айтып өткенімдей чек жоқ. Содан мен «аға, бұл тегін емес, ақылы қызмет, бухгалтерияға ақша төлеп чек аласыз, сол чекпен келесіз» деп едім, «бұл қалай, біз 5 мың теңгеден төртеуміз 20 мың теңге беріп едік қой, оның үстіне қалаға барып келуге тағы шығындалдық» деді. Мен «20 мың теңгені кімге бердіңіздер?» деп сұрап ем, аурухана басшысы Бекзатқа деді. «Мен аурухана басшысын білмеймін, маған чекпен келіңіз» дедім. О кісі шығып кетті. Кішкенеден соң ішкі телефонға басшы хабарласты. «Мирас келіп кетші» деді. Бардым, «неге печать соғып бере салмадың деді. Мен «сіз неге 20 мың теңге ақша аласыз?» деп қарсы сұрақ қойдым. Басында ол кісі ақша алғанын мойындаған жоқ. «Маған жала жаппа» деп.  Сосын ақша бердік кісі басшының кабинетінің қасында жүр екен, барып, сіз ақша бердік деп айтып отырсыз ғой, соны кабинетіне кіріп, менің көзімше айтасыз ба деп ем, "иә" деді. Бірге Бекзат Кубавтың кабинетіне кірдік. Жаңағы кісі басшыға «мен саған кішкентай баламын ба, ана-мында жүгіртетін, істеп бере алмайтын болсаң бірден айтпадың ба, саған 20 мың теңге бердік қой» деп ренжіді. Сол жерде бас дәрігер ақша алғанын мойындады. Мойындағанын дәлелдейтін қолымда аудиозапис бар,- дейді Мирас Әлібекұлы.

Ол бас дәрігер Бекзат Кубаевтың қара басының құлқы үшін істейтін осындай заңсыз әрекеттері түптің-түбінде аурухананың құлдырауына әкеп соғады деп санайды. «Біздің азғантай жалақымызды кескенімен қоймай осындай заңсыздыққа барып отыр. Бұл —өте ұят, масқара жағдай. Балық басынан шіриді деген осы».

Malim.kz тілшісі бас дәрігер Бекзат Кубаевтан бұл мәселелерге қатысты пікір сұраған, алайда ол пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартып, тілшіні кабинетінен шығарып жіберді.

Ал Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков болса, Бекзат Кубаевтың өзімен сөйлеспей тұрып нақты ештеңе айта алмаймын деп отыр.

«Мен бас дәрігерді де тыңдайын. Қызметкерлерінің жалақысын не себепті қысқартқанын сұрап білейін. Бізге бағынышты болғанымен, біздің басқарма оларды қаржыландырмайды. Бұл ауруханаға қаржыны Медициналық сақтандыру қоры бөледі. Ал енді 20 мың теңге ақша алғанына келетін болсақ, әрине, әрекеті дұрыс емес, бірақ мен бұл сұраққа да жауап беруге дайын емеспін. Ол кісіні шақыртамыз, тексеріс жүргіземіз. Сосын, сізге нақты жауабымызды береміз»,- деді Арман Қалибеков.

Malim.kz тілшісі ашық  бюджеттердің интерактивті картасы —www.publicbudget.kz сайтынан Теректі ауданы 2-ауруханасының бюджетін қараған. Онда бұл аурухананың қаржысы жыл сайын ұлғайып келе жатырғаны көрсетілген. Мәселен, 2019 жылы 380 069  408 теңге бөлінсе, 2020 жылы 498 733 374 теңге бөлінген. Ал осы 2021 жылы 515 231 233 теңге бөлінген. Осыншама қаржының «тез бітіп қалуы», бас дәрігердің «ауруханада ақша жоқ» деуі таңқалдырады.

Теректі ауданы 2-ауруханасында заңсыз әрекеттердің орын алуы бірінші рет емес. Осы жылдың ақпан айында осы ауруханаданың басшысы Бекзат Кубаевтың әйелі, акушер-гинеколог Әсемгүл Жұрманова мен тағы бір «аты-жөні белгісіз» қызметкердің пандемияға деп бөлінген ақшаның  474 мың теңгесін жымқыруына жол берген-ді. Мұны сол кезде Мирас Әлібекұлы мен әріптесі Марлен Жарылғасынов әшкерелеген. Олар сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне нақты фактілерді көрсетіп, шағым түсірген. Алайда бұл департамент қаржылық құқық бұзушылық анықталса да, қылмыстық істі тергеуге ешқандай негіз жоқ деп тапқан. Себебі келтірілген шығын аса үлкен мөлшерде емес екенін, қылмыстық іс қозғау үшін келтірілген шығын 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен (500 мың теңгеден аса – ред) асуы қажеттігін, мемлекетке ешқандай зиян келтірілген жоқ деген тұжырым шығарған. Ал сол уақытта Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы Бекзат Кубаевқа сөгіс берумен ғана шектелген.

Есенжол Елекенов,

Батыс Қазақстан облысы

Байланысты жаналықтар

Жайық өзенінің Ресейдегі су деңгейі қауіпті шектен асып кетті

10.04.2024

«Еш алаңдамаңыздар»: Президент Батыс Қазақстан өңіріне сапарында тұрғындармен кездесті

04.04.2024

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

27.03.2024

Қаржы пирамидасына БҚО тұрғындары 769 млн теңгеге алданған

18.07.2023

Батыс Қазақстанның бірнеше ауданы өртеніп жатыр

11.07.2023

Қираған жаңа көпір, БҚО шенділерінде үн жоқ

04.07.2023
MalimBlocks
Жайық өзенінің Ресейдегі су деңгейі қауіпті шектен асып кетті

Оралға су тасқыны 15-17 сәуірде келеді деп күтіліп отыр.

«Еш алаңдамаңыздар»: Президент Батыс Қазақстан өңіріне сапарында тұрғындармен кездесті

Мемлекет басшысы БҚО Қаратөбе ауданындағы эвакуациялық пунктке барды, деп хабарлайды Malim.kz.

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

БҚО-да 27 наурызда жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаржы пирамидасына БҚО тұрғындары 769 млн теңгеге алданған

Батыс Қазақстан облысында «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдері тұрғындардың 769 млн теңге қаржысын жымқырған. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі айға қамауға алынған.

Батыс Қазақстанның бірнеше ауданы өртеніп жатыр

Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында өрт шығып  250 тұрғын эвакуацияланды. 

Қираған жаңа көпір, БҚО шенділерінде үн жоқ

БҚО-да екі мемлекеттік мекеме тұрғанның шағымын елемей отыр.