Киберспортта ақша көп – чемпионмен сұхбат

Айшолпан КЕРІМ

  • 25.10.2021

2018 жылдың 25 маусымында елімізде киберспорт ресми түрде спорт түрі болып есепке алынды. Түрлі чемпионаттар нәтижесіне қарап, отандық спортшылар бұл спорт бойынша тамаша жетістіктерге жетіп жүргенін байқауға болады. 2021 жылдың 14 тамыз – 15 қыркүйек аралығында өткен Dota 2 Champions league 3-кезеңінде спортшыларымыз айқын есеппен жеңіске жетіп, 25 мың долларды қанжығасына байлаған. Жеңімпаз атанған V-Gaming тобының ойыншысы Дархан Мадыханмен сөйлесіп көрдік.

Жай компьютерді жақсы көрдім

Негізі киберспортшы болсам, чемпион атансам деп армандаған емеспін, бәрі күтпеген жерден басталды. Бала кезден компьютерді жақсы көрдім, Dota (ойын атауы – ред.) ойнағанды ұнататынмын. Мұны білетін досым бір команда атынан ойнап көруді ұсынды. Осылайша 2016 жылдан бастап киберспорттамын. Жақсысы – досымның ұсынысы колледж түлегі атанған күндеріммен тұспа-тұс келді. Әйтпесе, өзім қарағандылықпын, бізде жалғыз жұмыс орны – зауыт, басқа барар жер жоқ.

Қазір V-Gaming командасындамын, топ осыдан бір жыл бұрын жасақталды. Менеджер шақыртуымен келдім.

Киберспортта ақша көп

Бұл спорт түрінің елімізде жаңа деңгейге көтеріліп жатқаны қуантады. Енді федерация көбірек турнирлар ұйымдастырса деген тілек бар. Негізі киберспортта ақша көп, табыс жақсы. Бірақ, әрине, ел ойлағандай компьютерді құшақтап отырып таба салатын оңай табыс емес. Үздіксіз жаттығу жасау өте маңызды. Өз басым биыл осы спорттан  шамамен 3 млн теңге таптым.

Бір жылда біздің ойын түрінен  шамамен 5-6 турнир өткізіледі, жүлде қоры 200 мың доллардан басталады. Жақында ТМД елдері командасы жылдың басты турнирінде жеңіске жетіп, 40 миллион доллар ұтып алды. Осыдан кейін қалай киберспортта табыс жоқ, бұл спорттың болашағы жоқ деп айтасың?..

Қазір ТМД елдері командалары арасында ТОП саналатын, келесі турнир жүлдесінен үміткер бестік мынадай: Virtus pro, Navi, Team Spirit, Gambit және V-Gaming.

Бір турнирге бір ай дайындаламыз

Аса маңызды турнир алдында командамен жиналып, бір ай бойы бірге тұрамыз. Бұл – топ бір-бірін танып, түсінісіп, жақсы ойнап шығуға әсер етеді. Одан бөлек топ онлайн режимде, әр ойыншы әр жақта отырар болса, жеңіліс ықтималы жоғары. Басты кедергі – елдегі интернет. Жалпы киберспорттағы ең керектісі – желінің жақсы жұмыс істеуі. Сол себепті алдын-ала екі апта – бір айға жиналып жатамыз. Осындай олқылықтар болып жатса, командаласың жаныңда отырса қолдау көрсету де оңай.

Турнир болмаған күннің өзінде күніне 12-15 сағат компьютер алдында отырамын. Себебі қазір жалғыз ермек пен табыс көзім – осы сала. Бірақ осынша сағат бойы қозғалмастан, ойын ойнаймын деген сөз емес. Аз-аздан, демала-демала айналысқан жөн. Оның үстіне біздің режимге, ойнайтын уақытымызға турнир ұйымдастырушы елдердің сағат айырмашылығы да әсер етеді.

Ата-анам табыс табуға болатынын көріп, батасын берді

Күн-түн демей компьютерге телміріп отырғанымды ата-анам қатты ұнатпайтын. Бірақ бала кезден ойнап жүрмін, ол кісілер қатты сөгіп, тыйым салып көрген емес. Кей ата-аналар үйдегі компьютерлерді шығарып, жарықты өшіріп тастап жатады ғой, бізде ондай болған емес. Ары кетсе, «Сабағыңды істе, кейін қалағаныңша ойна» дейтін. Әрине киберспортпен кәсіби түрде айналыса бастаған кезде, мұның нан әкелетін іс екеніне күмәндана қарағандары рас, оған ренжи де алмайсың, орынды. Бірақ кейін бұлай да табыс табуға болатынын көріп, баталарын берді.

Бірақ бірдеңе алғың келсе, басқа нәрсеңді беруге дайын болу керек екен. Негізі анау айтқандай шағымым жоқ, бірақ соңғы кездері бір көзім сәл әлсіреп жүр, осы шаруаны қолға алу керек. Бірақ жоғарыда аталған нәрсенің ешқайсысы қорқынышты емес, киберспортта керегі – сабырлылық пен үздіксіз практика. Сондықтан жастарға осы бағытқа қарай бет бұруға кеңес беремін, еліміз үшін перспективалы спорт, 16 жасында әлем чемпионы атанып жатқандар бар. Ал киберойынмен 27 жастан өте қош айтысып жатады. Олай есептер болсақ, менің екі жылым қалды. Сол екі жыл ішінде өзім үшін, ел спорты дамуы үшін чемпиондыққа дайындаламын.

Кейіпкеріміз айтқандай, елімізде киберспорт немесе «электронды спорт» атауымен танымал жаңа бағыт қарқынды дамып келеді. 2017 жылы елдегі киберспортты дамыту және кеңінен насихаттау үшін Qazaq Cybersport Federation үкіметтік емес ұйымы құрылған болатын. 2018 жылы Қазақстанда киберспорт спорттық пән ретінде ресми мойындалуымен қатар, QCF елдің Мәдениет және спорт министрлігінде аккредитациядан өтті, ал өткен жылы ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің тану туралы сертификатын иеленген еді.

Осы екі құжат қабылданған аралықта Федерация Pinger Pro ұлттық кибер платформасын қалыптастырды,  осы жерде 2018 жылдың қыркүйегінен бастап 2020 жылдың қазанына дейін 17 кибер пәндері бойынша 140-тан астам турнир өткізілді. Бұл жарыстарға Alaman Cup, Altel Cyber ​​Games, Gorilla Esports, Kazakhstan Esports Student League (KESL, Қазақстанның кибер студенттер лигасы) турнирлер сериясына 7 900 команда мен 40 мың адам қатысты.  

Соңғы деректерге сәйкес, жастар арасында бұл спорт түріне қызығушылық күннен-күнге артуда. Ұлттық турнирлер өткізілетін Pinger Pro сайты қолданушыларының саны 2019-2021 жылдар аралығында  13,2 мыңнан 142,5 мыңға артып, он есеге өскен.

Байланысты жаналықтар

Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

22.04.2024

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024
MalimBlocks
Бүгін – халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні

Алматы қаласында актер есімімен аталатын көше бар.

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.