Ендігі бағыт – Еуропа

Нидерландтың  Зейст қаласында футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының жеребесі тартылды.

  • 18.10.2021

Нидерландтың  Зейст қаласында футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының жеребесі тартылды.

Еуропа чемпионаты келесі жылы жаңа форматта өтеді. Яғни, жарысқа бұрынғыдай 12 емес, 16 команда қатысады. Олар төрт топқа бөлініп, үздік шыққан екеуі ширек финалға жолдама алады.

 

Әлем чемпионатында тамаша талайға таңдай қақтырған ұлттық құрамамыз ендігі жорығын Еуропада жалғастырады. Келесі жылдың қаңтар айында басталатын доп додасында біздің жігіттер Италия, Словения және Финляндия құрамаларымен В тобында күш сынасады.

Бұл топтың көшасшысы, әрине, Қазақстан құрамасы екені даусыз. Кака баптайтын ұлттық құраманы бүгінгі таңда әлем мойындайды. Десек те, Еуропа біріншілігіне осал командалардың келмейтіні анық. В тобына түскен командалардың арасында Италия мен Словения футзалды бізден қарағанда ертерек меңгерген. Тек Финляндияның ойыны ғана біз үшін жұмбақ.

2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қола медальдің иегері атанды. Сол жарыстың ширек финалында Какау баптаған жігіттер Италия құрамасын 5:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алған-тұғын. Енді сол Италиямен араға алты жыл салып, қайта жолыққалы тұрмыз.

Әлемдік рейтингте 8-орында тұрған Италияның футзалын кезінде бразилиялықтар өрге сүйреді. Содан да болар, кез келген ірі турнирлерде бас жүлдеден басты үміткер ретінде Италияның аты жиі айтылатын. 2003 және 2014 жылы олар Еуропаның жеңімпазы атанды. 2007 жылы финалда сүрінді. Бұдан бөлек, 1999, 2005, 2012 жылдары үздік үштікке кіріп, қола жүлдеге ие болды.

Қазіргі таңда Италияның құрамындағы бразилиялықтар еліне қайтып, олардың орнын жергілікті ойыншылар басты. Яғни, Италия футзалы буын алмасу процессін бастан өткеріп жатыр десек болады.

Ал Словения футзалы соңғы жылдары жап-жақсы дамып келеді. Осыдан үш жыл бұрын олар Еуропа чемпионатын өткізді. Кез келген командамен бір деңгейде өнер көрсете алатын  ұжымдардың бірі. Әлемдік рейтингте 19-орында.

Естеріңізде болса, Словениямен Қазақстан құрамасы бұған дейін бір емес, екі рет кездесті. Алдымен 2015 жылы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде қос команда топтық бәсекеде жолығып, ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Ал, былтыр ақпан айында Литвада өткен  әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Словениямен тағы да жолымыз түйісті. Ойын 4:3 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. Сол ойында біздің жігіттер жеңіс голын матчтың аяқталуына 35 секунд қалғанда соққаны әлі көз алдымызда.

Финляндияны В тобының «аутсайдері» десек болады. Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысқалы тұрған Суоми елінің аяқдопшылары Италия мен Словенияға қарағанда анағұрлым әлсіз команда. Рейтингте Словениядан бір саты төмен, яғни, 20-орында тұр. Жыл сайын Швеция, Норвегия, Дания сияқты скандинавиялық елдердің «шаңын қағып», «Солтүстік Кубогы» атты турнирді жеңіп алады. Футзалдағы басты жетістіктері сол ғана.

 ***

Тарихқа көз жүгіртсек, футзалдан Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Испанияда өткен құрлық біріншілігіне 6 команда қатысты. Финалда жарыс қожайындары Ресейді 5:3 есебімен жеңіп, Еуропаның тұңғыш жеңімпазы атанды.

  1999 жылы Еуропа чемпионатын тағы да Испания қабылады. Бұл жолы командалардың саны сегізге артты. Жарыс жеңіпазы болып, Ресей құрамасы танылды. Олар финалда Испанияны ұтып, үш жыл бұрын кеткен еселерін қайтарды.  

            Соңғы рет Еуропа командалары Словенияның Любляна қаласында жиналды. Бұл 2018 жыл болатын. Бас жүлдені Португалия құрамасы жеңді. Олар шешуші матчта Испанияны 3:2 есебімен қосымша уақытта ұтты. 2016 жылы Еуропа чемпионатының қола медалін жеңіп алған Қазақстан құрамасы Словения астанасында төртінші орынды қанағат тұтты.

Еуропа чемпионаты келесі жылдың 19 қаңтары мен 6 ақпан айында Нидерландтың Гронинген және Амстердам қалаларында өтеді.  Қазақстан құрамасы 20 қаңтарда Словениямен ойнайды. 24 қаңтарда Финляндиямен күш сынасамыз. Италиямен болатын ойын 28 қаңтарға жоспарланған.

Байланысты жаналықтар

Қазақстан құрамасы Грекиядан ойсырай жеңілді

21.03.2024

Футзал: Қазақстанның қарсыластары анықталды

02.06.2021

Футзалдан ішкі чемпионат плей-офф кезеңінде

21.03.2021
MalimBlocks
Қазақстан құрамасы Грекиядан ойсырай жеңілді

Футзал: Қазақстанның қарсыластары анықталды

Футзалдан әлем чемпионаты биыл қыркүйек айының 12-і мен қазанның 3-і аралығында Литвада өтеді. Осыған байланысты кеше Швейцарияның Цюрих қаласында аламан бәйгенің жеребе тарту рәсімі өтіп, онда Қазақстан құрамасы Венесуэла, Коста-Рика және алаң қожайындары Литвамен бір топқа түсті.

Футзалдан ішкі чемпионат плей-офф кезеңінде