«О дүниеде маған ағза не үшін керек?» Донор болуға келіскендермен сұхбат

Елімізде 3365 адам, оның ішінде 104 бала донорлық ағзаға мұқтаж. Алайда оларға донор табу – қиынның қиыны. Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. 

Malim Админ

  • 12.11.2021

Елімізде 3365 адам, оның ішінде 104 бала донорлық ағзаға мұқтаж. Алайда оларға донор табу – қиынның қиыны. Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. Қазақстандықтардың көбі осы мәйіт донорлығынан қашады. Бұның бірнеше себебі бар: біреулері дін қарсы деп ойлайды, екіншілері отандық медицинаға сенбейді, жемқорлықтың құрбанына айналудан қорқатындар тағы бар.  

Malim.kz тілшісі өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз ағзасын беруге келіскен жандармен сұхбаттасып, бұл шешімді қалай және неге қабылдағандарын сұрап білді.

Ксения, 35 жаста

Қазақстанда донорлық ағзаға мұқтаж адамдар аз емес, ал донорлық ағза аз. Қайтыс болған адамдардың бәрі бірдей донор болуға жарай бермейді: өлім себебі, ішкі органдарының жағдайы, трансплантация өткізу жылдамдығы сияқты факторлар маңызды. Яғни сау ағзаға мұқтаж науқастардың өмірін сақтап қалу қиын.

Донор болуға келісім бердім. Адамды жерлеген кезде оның денесінде қандай ағзаның бар–жоғы аса маңызды емес деп санаймын. Одан гөрі науқастың өмірін сақтап қалуға болатыны маңыздырақ емес пе?!

Мәселен, Түркиядағы ауруханаларда «естелік қабырғасы» бар, ол жерге донор болған адамдардың аттары жазылады, ал олардың отбасылары қоғамда ерекше құрметке ие. Бізде де солай болу керек.

Менің ойымша, донор болғысы келмейтін адамдардың реципиент (транспланттау жүргізілетін пациент) болуға да құқығы жоқ. Бұл әділетті болар еді, бірақ, өкінішке орай, біздің денсаулық сақтау министрлігі мұндай қадамға бармайтын шығар.

Донорлыққа қарсы пікір білдіретіндердің көбі оларды ағзаларын тартып алу үшін өлтереді деп қорқады немесе діни ұстанымдарына байланысты келіспейді. Бірінші қорқыныш жайлы айтсақ, адамды өлді деп танудың алгоритмі бар, ол үшін ми «өлімі» дәлелденуі керек. Бұл – күрделі процесс.

Донор болуға келісім бергенім жайлы туыстарыма ескерттім, түсініспеушілік болған жоқ, тіпті қандай да бір реакция білдірді деп те айта алмаймын. Жай ғана менің шешімімді қабылдады, солай болу керек деп санаймын.

Жадыра, 29 жаста

Шешім қабылдауға мамандығым әсер етті. Мен – тілшімін, мәйіт донорлығы жайлы біршама мақала жаздым, көп іздендім. Мұндай мәселенің бар екенін неғұрлым көп адам білгенін қаладым. Және донорлыққа келісім берудің онлайн тәсілі пайда болғанда бірден анкетаны толтырып, қол қойдым.

Бұл мен үшін неге маңызды? Мен донорлық ағзаға мұқтаж адамдармен таныспын, кейбірі кезекте жылдар бойы тұр. Олардың қиыншылықтарын біле тұрып, жан айқайын естіп, тағдырларына немқұрайлы қарай алмадым.

Келісімге қол қойғаннан кейін құжаттың көшірмесін әлеуметтік желідегі парақшаларымда жарияладым. Менің әрекетім өзгелерге үлгі болар деп үміттенген едім. Достарымның ішінде менің жазбамнан кейін донор болуға келісім бергендер бар, мұны естігенде шын жүректен қуандым.  Әрине, қарсы пікір білдіргендер де жоқ емес. Олардың көбі жемқорлықтан қорқады және отандық медицинаға сенбейді. 

Жариялаған жазбамды көріп, анам уайымдап хабарласты. Ол кісілер басқаша тәрбиеленген ғой, көзқарастары мүлде басқа. Сондықтан «Қызым-ау, мұның қалай?» деп уайымдады. Тіпті менде бәрі жақсы, ешқандай қауіп төніп тұрмағанын түсіндіруге тырыссам да, менің шешімімді толық түсініп, қабылдады деп айта алмаймын. Алайда мен – ес тоқтатқан адаммын және өз шешімдерім үшін өзім жауап беремін. Өзіме кесірі тиетін нәрсе істемеуші едім. Анам ол жағын біледі. Сол сөйлескеннен кейін бұл әңгімеге қайта оралмадық.

Көп адам жемқорлықтың кесірінен донор болуға келісім беруден қорқады. «Маған бірнәрсе болып, ауруханаға түссем, дәрігерлер мені құтқарудың орнына өлтіріп, ағзаларымды бай біреуге береді» деп ойлады. Өзім дәрігерлерге сенемін, оның үстіне трансплантаттау кезінде жемқорлық мүмкін емес.

Себебі адам ағзасын алып, екінші бір адамға жайдан жай сала салуға болмайды, ол өте күрделі процесс. Біріншіден, донордың ағзасы реципиентке сәйкес келу керек, егер олай болмаса, науқастың ағзасы бөтен органды қабылдамайды. Бұл жерде сіздің әлеуметтік жағдайыңыз, қызметіңіз еш маңызды емес. Қанша жерден бай болсаң да, донорлық орган саған келмеуі мүмкін.

Мадина, 23 жаста

Осыдан бір жыл бұрын өлімнен кейінгі донорлыққа келісім беретін туралы құжатқа қол қойдым. Қиын ештеңесі жоқ: кез келген адам Egov.kz порталын ашып, өзінің келісімін не қарсылығын білдіре алады. Әрі кетсе, 15 минут уақытым кеткен шығар.  

Ағза донорлығына келісімімді бермей тұрып, бірнеше күн ойландым. Ертең бұл ойымнан айнып қалмаймын ба деген сияқты ойлар да болды. Кейде жанымдағы адамдар бұл шешімді неге қабылдағанымды сұрап жатады. Оларға былай деп жауап беремін. Мектепте оқып жүрген кезімде туыс ағам жол апатына түсіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Халі мүшкіл болған, тіпті өлім мен өмірдің арасында еді. «Клиникалық өлімді» бастан кешті. Өте ұзақ созылған отадан кейін дәрігер бізге шығып, науқастың өмірін сақтап қалғандарын, бірақ оның комаға түскенін хабарлады. Қазір ағамның жағдайы жақсы, бала-шағасының жанында. Әрине бұл – дәрігерлер еңбегінің арқасы.

Сол кезден бастап отандық медицинаға сенемін және оның дамуы үшін донорлыққа келісімімді бердім.

Дінге келсек, білуімше, шариғат адам өмірін құтқару үшін оған қайтыс болған кісінің ағзасын салуға рұқсат етеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында былай деп жазылған: «Жалпы трансплантация жасау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі болсын) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда, бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат болып табылады».

Ол мынадай шарттар:

1) Шариғат көзқарасы жағынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене-мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек.

 2) Трансплантация жасау, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын, әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс.

3) Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт.

#донорболу

#ағзадоноры

#мәйітдоноры

#шариғатдонор

 

Байланысты жаналықтар

«Бауырым» дейтіндер көп, бауырын беретіндер жоқ

29.11.2023
MalimBlocks
«Бауырым» дейтіндер көп, бауырын беретіндер жоқ

7 жыл бойы донор іздегендер бар