Қайыр сұраттырып жіберуге арымыз жібермеді – қамқорлық пен мұқтаждық

Тараз қаласының тұрғыны Қуантай Тоқбергенов туған ағасы мен жеңгесінің арқасында ғана жарық дүниеде жүргенін айтады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар Қуантайды не үйі, не жұмысы, не жағдайы жоқ аға-жеңгесі 20 жылдан бері бағып-қағып келеді.

  • 17.11.2021

Тараз қаласының тұрғыны Қуантай Тоқбергенов туған ағасы мен жеңгесінің арқасында ғана жарық дүниеде жүргенін айтады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар Қуантайды не үйі, не жұмысы, не жағдайы жоқ аға-жеңгесі 20 жылдан бері бағып-қағып келеді. Ішерге асы, киерге киімі жоқ жандардың жақындарына жанашырлығын, мұқтаждығы мен  қамқорлығын Malim.kz тілшісі кейіпкерлердің өздерінен естіп келді.

Рабиға Құдайбергенова, Қуантайдың жеңгесі

-Төрге шығыңыз! Немерелеріміз келген еді, мына сөмкелер солардікі. Бес немерем бар. Балаларым қалада, пәтер жалдап тұрады. Онысы сыз тартып,  қабырғалары көгере бастапты. Мазасы болмай жүр. Пәтеріне кемінде 50 мың теңге керек. Қазір бәрі қымбат қой.  

Ал өзіміз міне, осында тұрамыз. Осы базада қарауылмыз. Жеке кәсіпкердің базасы. Өзі сондай жақсы адам, үш жылдан асты тегін тұрамыз.  Жарық пен жылуды өзіміз төлейміз. Қуантайдың туған жеңгесімін. Ол 1998 жылы I топтағы мүгедек деп танылған. Бала кезінен бір аяғы қақсап ауырыпты, сөйтіп бірте-бірте екінші аяққа да шапқан. Ақыры арбаға таңылды. «Болезнь Бехтерева»  диагнозы қойылған. Бастапқыда диагноз дұрыс қойылмапты. 1997 жылдан бері осы қайнымды қараймын. Өзім жұмыссызбын. Жолдасым 62 жаста. Ол кісінің де денсаулығы жоқ. Жүрегі ұстап, инсульт алған. Мүгедектікке мүлдем шығара алмадық. Қазір баласының үйіне кетті. Немерелерімізді қарайды. Ауыр жұмыстарға денсаулығы жарамайды. Қайным не ой, не дене еңбегіне жарамайды. Әлеуметтік жәрдемақы ретінде 21 мың теңге береді үкімет. Бір-екі жылдан бері солай. Әйтпесе, бұрын 5 мың теңге төленетін. Барынша үнемдеп, жеткізуге тырысамыз. Үлкен ұлым, әйелі қайтыс болып, өзімен өзі Алматыда жүр. Арасында сол көмектеседі. Екінші баламның  бес баласы бар, тапқаны өз бала-шағасына да жетпейді. Жолдасыммен кезек-кезек екі ортада Қуантайды күтіп жүреміз. Арасында бір тиын тебен табуға шықсақ, біреуіміз міндетті түрде қайнымыздың қасында қалу керекпіз.

Қуантай Тоқбергенов біз барғанда кереуетінде жатқан. Жеңесіне көмектесіп, қолтығынан демесіп тұрғыздық. Өзінің арбасы да бар. Балдағын қолына алып, біздің әңгімемізге қосыла кетті.

Көмек болған да, жылда ауруханаға жатып шығамын. Жыл сайын отаға түсемін. Бүйрегіме қайта-қайта тас пайда болды. Хирургтар «нақты неден екенін таппай жатырмыз» дейді. Биылғысы өте қиын болды. Арбаға отырған кезімде қолым сынды. Төрт айдай даладағы бастырманың астында жаттық. Ол да бізді күткендей бос тұрды. Осы қазанда ғана үйге кірдік. Мына баспалдақтан көтеріле алмаймын. Айналамдағы жандарды әбігерге түсіргеннен басқа түк пайдам жоқ.  Мүгедектік зейнетақым - 65 мың теңге өзіме жетпейді. Кешелі бері тұмауратып қалдым. Амалсыз дәрі  алдым. Тіркелген емханама және жыл сайын «оңалту орталығына» жатып шығамын. Оңалту орталығында жағдай жақсы. Дәретханасы да ішінде. Әйтпесе, қыста  далаға шығу қиын ғой.

Несін жасырайын, осы жерде шелекке шаруа шешіп жүрмін.  Осындай мәселе жанымды қинайды. Қарашаның аяғында медициналық тексерістен өтемін де, оңалту орталығына жатып шығамын. Бірақ, ұзақ жаттырмайды.  Бес күндей жатып, екі күн үйде боламын. 13 жасымнан бастап осы ауруды таптым да, 22 жастан бері балдаққа танылдым. Аға-жеңгемнің қамқорлығының арқасында ғана осылай өмір сүріп келемін. Әйтпесе, кімге керек едім! Ағам-жеңгеме өмір бойы қарыздармын. Мойындарына мініп алып, өмірлерін қиындаттым. Осыны ойласам, жүрегім ауырады.

Маған көп жүру керек дейді. Оған мына бөлме тар.

Рабиға Құдайбергенова, Қуантайдың жеңгесі

Жүргені несі, тамағын өз күшімен іше алмайды. Жай ғана кенгуру болып жүр. Иіле де алмайды ғой. «Әкімдіктен үй сұрадыңыз ба?» дейсін. Кезекте тұрмыз ғой, үйге де, жерге де. Үй кезігіне 8-9 жыл өтті,

жер кезегіне 15-16 жыл болды. Қайным 2013 жылдан үй кезегіне тұрған. «Жеңілдікке ілігейік» деп әкімшілікке арыз жаздық. Бірақ олар «жеңілдік тек  29 жасқа дейін қарастырылады» деген. Қазір қайным 47 жаста. Жеңілдік жоқ деген сөз.  Кезек дегенің сол, жылжымайтын, бір орыннан тегі қозғалмайтын дүние екен. Жер алатындай болсақ, бір лашық соғып алармыз дейміз. Бірақ оған да жағдайымыз жетпейтін сияқты. Құрылыс материалдары қымбат. Соңғы он жылда пәтер жалдаумен Таразды он айналып шықтық. Осы жерде тұрақтап тұрғанымызға үш жылдай болды. Егесіне өте ризамыз, Құдай қуат берсін, жақсы адам өзі. Әйтпесе, бала көбейген сайын ешкім үйін жалға бергісі келмейді екен. Екінші ұлымды бөлгенімізге бір жыл болмады.  

Қатты қиналған кезіміз көп. Сол қиыншылықтарға мойынсұнып, көндігіп кетеміз бе, кейде қалай өмір сүріп жүргенімізді, қалай тірі жүргенімізді өзіміз де түсінбей қаламыз.

Бірге туғандар арасында көмектесіп тұрады. Бірақ, ұлы сөздің ұяттығы жоқ, осыдан он шақты жыл бұрын қатты қиналдық. Сол кезде қайнымның өзі: «Базарға барып, арбада отырып қайыр сұраймын» деп шықты. Ондай іске арымыз жібермеді.

Негізі біз, 1988 жылы Сарысу ауданынан облыс орталығына көшіп келдік. Бастапқыда жолдасым тәуір жұмыс істеді. Пәтер де алдық. Оны кейін жер үйге ауыстырдық. Жағдайларымыз сол заманда жақсы еді. Бір жағдайлар болып, үйімізді сатуға тура келді. Бәрі де ақшамен шешілетін заман ғой. (айтқысы келмей, күрсініп қалды) Сол кезден бастап баспанасыз осылай қаңғып жүрміз. Мүгедек жанға қарайтын қамқоршысына жақсы төленетін дейді. Біз ондай жәрдемді екі-үш жылдан бері ғана алып келеміз. Әкімшіліктегілер: «өз кезектерің келген кезде, уақытымен аласыздар» деген. І топтағы мүгедекке жеңілдікпен алуға болады ғой. Әкімшілікке солай арыз да жаздым. «Арызыңыз қанағаттандырылмайды, бұл кісі 29 жастан асып кеткен...» - деп, қысқа жауап қайырды. Ол қағазы сандықтың түбінде жатыр ау. Сөйтіп пәтер мәселесінде қарапайым жұртпен бірге жалпы кезекте тұр. Оған қай жылы жететіні белгісіз. Алдымызда 2 мыңнан астам адам бар екен. Кейбіреулер ақша беріп жылжытуға [кезекті] болады дейді. Ондайға сенімсіздік таныттым. Бастапқыда ойланып көргенім рас, енді. Алайда ондайларға бере салатында ақшамыз да жоқ. Сұрайтындары бір миллион теңге дейді.  Жылы үй болса, қайнымның күтімі де жақсарар еді.

Тамақ ішпей қалсақ та, қайнымның емінен ештеңе аяған емеспіз.

Арасында мешіттен, онда да Құрбан айт кезінде азық-түлік пен ет келеді. Айтпақшы, бір рет «Қарекет» қоры келіп, үйімізді суретке түсірген. Мына тоңазытқыш пен теледидарды біздікі деп ойлапты. Бұлар осы жердің егесінікі. Кейін хабарласып, «біздің тізімге сәйкес келмейсіздер» дейді. Ол жағын ойланбаппыз. «Жиһаздар біздікі емес» деп айтуымыз керек еді. Жаздай жұмысшылар кірпіш құйып, арғы жағына бордақыға мал ұстайды. Азық-түліктері бүлініп кетпес үшін, осыларды арнайы алып қойған. Соны пайдаланып отырмыз. Өз дүниемізге келсек, кеудеміздегі «шықпа жаным, шықпамен!» әрең жүрген қу жанымыз ғана. Құдайға да керегі сол шығар...

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше,  елімізде бүгінде 705 мыңнан астам мүгедек бар, оның ішінде 430 мың адам еңбекке қабілетті жаста, 181 мыңы – зейнеткерлік жаста және 94 мыңы – балалар. Үкімет өзінің маңызды міндеттердің бірі ретінде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және әлеуметтік тұрғыдан қорғау деп сипаттайды.  

Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ

 

Байланысты жаналықтар

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Дәрігерлер бір жасқа толмай өлетінімді айтқан: параспортшы Әлияның хикаясы

06.08.2021

Мүгедекті алдай салу немесе қайырымды қаланың қайырымсыз кәсіпкерлері жайында

26.07.2021

Көзге көрінбейтін мүгедектік: Ешкімнен кем емессің деген өтірік әңгіме

08.06.2021

Пандемия босқындарға қалай әсер етті? Сарапшы пікірі

17.03.2021

Екі баласын көлік қағып кеткен ананың зарын Баталов ести ме?

01.06.2020
MalimBlocks
Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Дәрігерлер бір жасқа толмай өлетінімді айтқан: параспортшы Әлияның хикаясы

Әлия Раева туғаннан түрлі қиындыққа төтеп беріп келеді. Жетімдер үйі, сырқат, үш ота мен үздіксіз ауыр ем. Кезінде дәрігерлер бір жылдан артық өмір сүруі мүмкін емес деген Әлия қазір параспортшы, тіпті сау адамдармен жарысып, үлкен Олимпиада чемпионы атануға үмітті.

Мүгедекті алдай салу немесе қайырымды қаланың қайырымсыз кәсіпкерлері жайында

Көзге көрінбейтін мүгедектік: Ешкімнен кем емессің деген өтірік әңгіме

Ернар Озибеков – 24 жаста, Алматыдағы университеттердің бірінде менеджер болып жұмыс істейді. Осыдан он жыл бұрын Ернардың өмірі түбегейлі өзгерді: әлі күнге дейін емі табылмаған дерттің барын аңғарған дәрігер кейіпкерімізге кез келген күні жанарынан айырылуы мүмкін екенін, өмір бақи көз тамшыларын қолдануы керек болатынын айтқан. Ернардың диагнозы – глаукома.

Пандемия босқындарға қалай әсер етті? Сарапшы пікірі

Екі баласын көлік қағып кеткен ананың зарын Баталов ести ме?