Вакцина мен дақпырт: Сіз қайсысына сенесіз?

  • 20.12.2021

Әлем осымен екінші жаңа жылды шектеулер арқылы қарсы алмақ. Карантиндік шектеулер! Коронавирус сөзі алғаш естілгенде, Қытайдан бері аспайтындай қараған ел арада ай аунамай жатып, өзге елдердің шекарасын жаба бастағанын көріп, айран-асыр тұрып қалды. Десе де, ақ кебінге емес, ақ целлофанға оралып, ақ хлормен «жуылған» мәйіттерге топырақ сала алмай, қан жылаған елді көргенге дейін етек-жеңін жия қойған жоқ. Вирус бір бүйірден қысса, ол туралы дақпырт екінші бүйірден қысып, ел кімге сенерін, қайда қарарын білмей, ұзақ дағдарды. Тіпті, жұртты баудай түсіріп жатқан ауруды көре тұра сенбегендер аз болған жоқ. Осының салдарынан, бұл жағдайды арнайы ойластырылған саясат екенін, жер бетіндегі адамның санын азайту үшін, адам терісіне чип орнатып, сол арқылы адамзатты роботқа айналдырмақ, вакцина салса тұқымың тұздай құриды деген сияқты қаншама стереотиптер ойлап табылды. Қорқыныштысы сол, екі жыл уақыт өтсе де соған құдайдай сенетіндер аз емес. Бұл вакцина салдыруға қатысты жұрттың пікірін екіге бөліп тастады. Біреулері вакцинаның пайдалы екенін айтса, енді біреулері одан түк пайда жоқ деп, әлі күнге тартысумен келеді.

Бір жағы, жұртты түсінуге болады.  Қазақстан ғана емес әлем дүрлігіп жатыр. Демократиясы өркендеген Франция, Ұлыбритания, Германия, АҚШ-та күнде шеру. Ғылымда атағы шыққан, медицинасы озық Израилдің өзінде вакцина десе, жылан көргендей шошитын жамағат жетіп артылады. Діни наным-сенімге байланысты да бұл індетке қатысты көзқарастар аз құбылған жоқ. Вакцинаға бұрыннан-ақ қырын қарайтын кейбір діни секта өкілдері коронавирус вакцинасына қатысты сөз болғанда қарсылықты тіпті үдетті.

Жалпы, қандай ауру болмасын, ұлы індеттер кезінде жұртты ем-домға көндіру оңай болмаған. Мәселен, әйгілі қара шешек. 1768 жылы халқы харап болып бара жатқанын көрген Ресей патшайымы ІІ Екатерина өзіне бірінші болып, сосын тақ мұрагері, 14 жастағы ұлы Павелге вакцина салдырады. Ал бұл орыс патшайымы салдырған вакцинаны Англия дәрігерлері қолдануға қорқып, өлім жазасына кесілген қылмыскерлерге сынап көріп жатқан кез. Шешек індетінен қырылып жатқан сол кездің халқы вакцинаға да, дәрігерлердің кез келген еміне де аса қатты сенбеген. Жұрттағы жұрдай сенімсіздікті жойып, шешектен елін құтқару үшін  Екатерина патшайым вакцина салдырғандарға ақша да төлеген. Патшайым мұндай қадамға не үшін барды? Патшайым медицинаны маманы емес еді. Бірақ, бала кезден шешекпен ауырып қалудан қатты қорыққан. Тіпті, оның күйеуі осы індетпен ауырып, тірі қалғанымен, бет ауызы қисайып қалып, өмірі айнаға қарамай өткен.

Міне, осындай үлкен тәуекелдер арқылы пайда болған вакцинаның арқасында қазір адамзат баласы 14 түрлі ауруды мүлде ұмытқан.

АҚШ-тағы ауруларды қадағалау мен алдын алуға жауапты АҚШ денсаулық сақтау министрлігінің федералды агенттігі солай дейді. Олардың қатарында бір кездері адамзатты баудай түсірген сал, сіреспе, гепатит Б және А, қызамық, күл, қызылша және тағы басқа аурулар бар. Ал, Ханс Рослингтің айтуынша, бүгінде әлем бойынша 1 жасқа толған балалардың 80 пайызында әйтеуір бір ауруға қарсы вакцина бар. Осының арқасында адамзаттың орташа жасы 71-ге көтеріліп отыр. Ал, егер сіз 1900 жылы өмір сүрген болсаңыз, онда сіздің орташа өмір сүру ұзақтығыңыз небәрі 32 жас болар еді. Ғалымдар мен дәрігерлер, арнайы мамандар осы және осыған ұқсас қаншама дәлел келтірсе де адамзаттың вакцинаға деген көзқарасы әлі күнге ала-құла.  Қазақстан да алғашқылардың бірі болып, өз вакцинасын тапқырлады. QazVac – арнайы лицензия алып, тексерулерден сәтті өтті. Оған сенбесеңдер деп, Спутник-V, Pfaizer сияқты шетелдік вакциналарды да әкеліп, отандастарымызға салып жатыр. Демек, белгілі бір дәрежеде таңдау құқы да беріліп отыр. Вакцинаға сенбеушілік қайдан шықты? Осы төңіректе бірнеше маманмен тілдесіп, әр түрлі бағытта сараптама жасап көрдік. Белгілі дінтанушы, «Дін және діл», «Кемел адам» кітаптарының авторы, Қайрат Жолдыбай вакцинаға деген күмәннің түбі о бастағы коронавирусқа қатысты сенімсіздіктен басталады дейді.

«2019 жылы ковид шыққан кезде, көп адам күмәнданды, Қытайға құдай жазасы деді. Карантин жариялағанда адамдар сенген жоқ. Мұның бәрі өтірік, саясат, вирус жоқ, деген әңгімені қоздатты. Көптеп ауыра бастап едік, ойбай, үкімет самолетпен вирус шашып жатыр деген сияқты дақпырт таратты. Бұлардың бәрі айналып келгенде адамдардың анализ жасап, критический мышление – сыни ойлау қабілеттің жоқтығынан. Ал сыни ойлау жоқ жерде креативті ойлау, стеоритптен қашу болмайды. Вакцина шыққан кезде де вакцина салынса, екі жылдан соң ұрпақсыз қалады екен деді, үш жылдан соң бәрі қырылып қалады деді. Тіпті, президенттер салып жатқанда да күмәнмен қарады», - дейді ол.  

Вакцинаға күдікпен қарауға әлеуметтік желі  де әсер еткендей. Бүгінде әрқайсымыз ньюсмейкер бола алатын, яғни, жаңалық жасай алатын  заманда өмір сүреміз. Кез келген оқиғаға қатысты дұрыс-бұрыс ойыңызды уатсаптан жақындарыңызға таратып жібердіңіз, ол арғы жаққа ақпарат боп жетеді. Өртеніп жатқан бос ғимаратты сыртынан видеоға түсіріп алып, ішінде адам қалыпты деп жорамал жасай салып, әлеуметтік желіге тарата салдыңыз, оны көпшілік шын ақпаратқа балайды. Бұрын бір ауыздан шыққан сөз отыз елге тараса, бүгінде бір уатсаптан шыққан смс күллі әлемге тарап жатыр. Қызығы, жұрттың көбі соған сеніп те қалады.

 

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт стереотиптердің таралу жолы арнайы зерттелгенін, оның қалай жұмыс істейтінін былайша талдап берді:

«Психологияда жабысқақтық деген түсінік бар. Яғни, кейбір идеялар адамдардың ойында тез сақталады. Тез қабылданады. Оған түрлі ғалымдар түрлі жауаптар іздейді. Мәселен, 2007 жылы «Made to Stick» атауымен шыққан америкалық Чип және Дэн Хиз деген ағайындылардың кітабында не себепті кейбір идеялар тез тарайды, адам  жадында тез сақталады, осыған байланысты түсініктеме берген. Олар ағылшынша бас әріптерін қосып, SUCCES деген акроним шығарады.

Біріншісі, S қысқа (short) болуы керек. Екінші бұл тосын болуы керек.  Unexpected яғни, тосын, күтпеген жайттар, күтпеген фактілер. Күтпеген оқиғалар желісі болуы керек дегендей. Үшіншісі, concrete деген сөзден шыққан, нақты болуы керек. Төртіншісі – credible. Шындыққа жақын болу керек. Фейк апаратқа сенетіндер онсыз да жетіп артылатын кезде, шындыққа жақын ақпараттар адамды тіпті иландырып тастайды. Ине арқылы чип салады деген сияқты. Бірақ, бұл фейктерге білімі жоғары адамдар да сеніп қалуы мүмкін. Бұл жерге оқиға деталдармен, логикаға келетін қисынмен құрастырылады. Одан кейінгі элемент Emotional-эмоцияға сүйенеді, бұл ақпаратта эмоция болу керек, адамдардың эмоциясын туғызатындай мәлімет болуы тиіс. Соңғысы оқиға they are told as stories түрінде баяндалуы керек. Яғни, белгілі бір кейіпкері болу, оқиғаның басталуы, шарықтау шегі болуы керек. Осындай оқиға түрінде баяндалған ақпараттар аузыздан ауызға, уатсаптан уатсапқа тез тарайды. Стереотиптер осының арқасында өміршең болады»,  - дейді саясаттанушы.

Расында, у сеуіп кетті, чип салғалы жатыр, ұрпағыңды құртады, адамзатты жояды деген дақпырттардың бәрі осы бес амалға сүйеніп тұр. Сөзі қысқа, ойы тосын, құртады деген нақтылығы бар, сенбесіңе қоймай сендіріп тастайды, эмоциясы  шарықтап тұр. Жалпы, адамдардың осындай бес амалмен араласып жасалған ақпаратқа сеніп қалуының өзі заңдылық екен. Өйткені ғалымдардың болжамынша, жалпы адам миы алдында көп мәселе тұрса, соның ішінен ең оңайын таңдайды екен. Адам миы денеміздің екі пайызын құрағанымен ішкі энергияның 20 пайыз қуатын алады. Сол қуатты үнемдеу үшін ми әрдайым жеңіл жағына бейім тұрады.

«Қазір қарап отырсаңыз ақпарат тасқыны болып жатыр. Әлеуметтік желі, интернет арқылы. Бұрын жарты сағат видеоны жалықпай көретін ми, қазір бара-бара бес минут, одан барып үш минут, енді он бес секундқа түсіп кетті. Адам миы сондай нәрсені көре-көре жалқаулана бастады, өйткені ақпарат көп. Ең жеңілді таңдап үйренген ми күрделі нәрсені ойлаудан тартынатын жағдайға жетті. Кітап оқымайтын, тобырлық психология қалыптасты. Жалқау ми бірқалыпты ойлайды. Осының нәтижесінде қоғам өзгермейді. Бүгінгі таңда кез келген ақпаратқа, уатсаптан келген ақпаратқа, зерттелмеген нәрсеге сене саламыз, өйткені, оның рас-өтірігін анықтап, анализ жасауға ерінеді», - дейді.

Әлбетте, қоғамда адамдардың бәрі білімді бола бермейді. Әйгілі, «егер адамдардың бәрі бірдей ойлап жүрсе, ешкім ештеңе ойлап жүрген жоқ» деген тәмсіл еске түседі. Дегенмен, білімді адамдардың өзін айналып өтпеген вакцина мен коронавирусқа қатысты стереотиптердің құрбаны да аз болған жоқ. Біз өзіміз сенбегенімізбен өоймай, өзге елді де айнылтуға күш саламыз. Коронавирус вакцинасына қатысты мемлекеттер мен денсаулық сақтау саласына жауапты ведомстволардың ең көп ұшырасқан қиындығы осындай дақпырттың тез таралуынан туындады.  

«Шетелдік зерттеушілердің анықтауы бойынша, бұл бірінші кезекте бұлардың интелектің төмен болуынан емес, ол адамдардың шындық пен өтіріктің ажырата алмауынан, яғни, көп адам ақпарат көзімен жұмыс істей алмайды, ақпаратты салыстыру мүмкіндігі жоқ, осының салдарынан фейк ақпараттың құрбаны болады.

 Екіншіден адамдар қиын жағдайда тірі қалу, тіршілігін ары қарай жалғастыру мақсатында бірнәрсеге жабысқысы келеді. Ол жабысатын бірден бір дүние осы фейк ақпараттар. Яғни, хаос жағдайында адамдарға қауіпсіздікті сезіну үшін белгілі бір түсініктеме керек. Не себепті қазір кризис боп жатыр, мен оны бақылай алам ба, алмаймын ба деген сұраққа жауап іздейді. Ғалымдардың зерттеуінше, өзін дәрменсіз сезінген және мемлекеттік институттардан, медиа секілді институттардан көңілі қалған адамдар алтернатив ақпарат іздейді. Яғни, осы ақпараттарға ие болу арқылы, өздерін жұбатады.

Үшіншісі – әлеуметтік мотив. Әлеуметтік мотив дегеніміз, өзгелердің алдында өзіңді маңызды сезіну, өзінің үстемдігін көрсету мақсатында ақпаратты тарату. Яғни, саған қарағанда мен белгілі бір ақпаратты білемін, ал сенің ойлап тұрғаның қате деген оймен олар фейк ақпаратты өзі қабылдайды, өзі қабылдап қана қоймай басқаларға таратады. Дамыта отырып таратады», - дейді саясаттанушы шалқар Нұрсейіт.

Бізге пікір білдірген тағы бір сарапшызаңгер, медициналық сарапшы, MEDSUPPORTKZ жобасының негізін қалаушы Ақмарал Тұрсынова індет кезінде дақпырттан пайда табатындар бар дейді.

«Антивакцерлер – бұл әлемдік тренд. Олардың саны аз болғанымен, өте белсенді. Олардың осындай медиа белсенділігі – барлық адам вакцинаға қарсы деген ой тудырады. Көптеген антивакцерлердің артында қаржылық астар жатыр. Пандемия біреуге проблема болса, өзгелерге пайда табудың бір жолы болуы мүмкін. Бұл жағынан кейбір фармкомпаниялар пайда табуға тырысады. Ешқандай сараптамадан өтпеген, қауіпсіздігі, пайдасы әлі дәлелденбеген дәрілерді сатумен айналысатындар үшін адамдардың ковидтеп ауырғаны өте тиімді».

Яғни, Біреуге проблема болған пандемиядан пайда тауып отырғандар да бар. Олар жасырын түрде вакцинаны қаралап ақпарат таратып, жұртты шатастырып отыр делік. Ал онда вакцинаның өзі  қалай жасалады? Қалай тарайды? Қауіптілігі қандай? Ковид вакцинасы қалай ғана қысқа уақытта дайындалды? Қазіргі вакцинаға сенбейтіндер ұсынатын негізгі аргументтің бірі де осы. Бір жылға жетпейтін уақытта дайындалған вакцинаны қаншылықты деңгейде қауіпсіз деп айта аламыз?

«Осыдан 50 жыл бұрын ойлап табылған вакциналарды жасауға ғалымдар 10-15 жылдарын сарп етті. Міне, осы тәдірибе мен білім қазіргі ғалымдарға үлкен мүмкінідк берді. Коронавирус вакцинасы туралы айтқанда да біз осыны негізге алуымыз керек. Коронавирус пандемиясы басталған кезде барлық ғылыми институттар мен ғалымдар өзге жобаларын тоқтатып, осы коронавирусқа қарсы дәрі мен вакцина ойлап табуға бет бұрды. Осындай күш салудың арқасында қысқа уақыт аралығында вакцина ойлап тапты. 2020 жылдың басында-ақ 200-ден астам вакцина кандидат ретінде тіркелді. Оның тек 30-ы ғана алғашқы үш кезеңнен өтті. Яғни, клиникалық сынақтан өтіп, адамдарға салуға рұқсат етілді. Ал, оның қауіпсіздігін сынап отыратын уақыт жоқ, адамдар онсыз да қырылып жатыр, сол себепті, оның қандай салдары болатынын уақыт көрсетеді», - дейді Ақмарал Тұрсынова.

Қоғамда ешқандай діни наным-сеніміне немесе басқа себептері болмаса да вакцина ала алмайтын бір топ бар. Алғысы келеді, бірақ, денсаулығына байланысты мүмкіндігі жоқ. Ал, олардың тағдыры вакцина салдырғандар мен салдырмағандарға байланысты. Яғни, қоғам вакцина салдырса, олар өздерін қауіпсіз сезіне алады. Алматы қаласында көшеге шығып, сауалнама жүргізгенімізде, бұл топқа жататын адамдардың да аз емес екенін байқадық. Әлбетте, өзінің сенбейтінін ашық айтқандар да аз болған жоқ, бірақ, денсаулығым болса вакцинадан бас тартпас едім дегендер де жиі ұшырасты.

Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 17,2 миллион корнавирус вакцина дозасы егілген. Қазақстандықтардың 44,5 пайызы, яғни, 8,35 млн адам толық кезеңінен өткен. Бұлардың ішінде қаншауы денсаулығына байланысты бас тартқаны жайлы нақты ақпарат әлі шыққан жоқ. Ал, олардың ішінде қанша адамның саналы түрде бас тартқанын анықтау оңайға соқпасы анық. Тағы бір айта кетерлігі, қоғамда вакцинаға қатысты сұраққа жауап беруден бас тартушылар да аз емес. Не де болса, корнавирус туралы дақпыртқа сенетіндерге қарағанда, оның пайдасына сенетіндер көбірек болар дегенге сенгіміз келеді.  

Байланысты жаналықтар

COVID-19: Вакцинаның өлім тудыратыны рас па

03.04.2024

Жетісу облысында 7 мыңнан астам балаға полиомиелитке қарсы вакцина егілмеген

27.03.2024

СҚО-да денсаулық сақтау қоймасынан мерзімі өтіп кеткен екпелер табылды

05.03.2024

Қызылша балаларға қауіп төндіріп тұр

01.12.2023

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

30.06.2022

Спутник V Боранбаевпен бірге кетті ме?

25.03.2022
MalimBlocks
COVID-19: Вакцинаның өлім тудыратыны рас па

Қазнетте Covid-19 вакцинасының өлімге әкелетін вирусты қолдану арқылы жасалғаны туралы видео тарап жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Жетісу облысында 7 мыңнан астам балаға полиомиелитке қарсы вакцина егілмеген

Жауапты тұлғалардың салғырттығынан қажетті вакцина уақтылы сатып алынбаған.

СҚО-да денсаулық сақтау қоймасынан мерзімі өтіп кеткен екпелер табылды

Арасында қызылша, паротит, қызамық және А гепатитіне қарсы екпелер болған.

Қызылша балаларға қауіп төндіріп тұр

30 бала жансақтау бөлімінде жатыр

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

Ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамға дейін жетіп отыр

Спутник V Боранбаевпен бірге кетті ме?

Қазақстандықтарға Pfizer-мен ревакцинация жасауға рұқсат берілді. Ведомствоаралық комиссия шешімімен бейсенбіден бастап, Pfizer вакцинасын алуға құқылы адамдар саны артты.