Қазақстандағы «маски-шоу»

Malim Админ

  • 23.03.2020

«Елу бес жастан асқандар және созылмалы аурулары барлар  қауіп-қатер тобына кіреді, сондықтан олардың үйде отыруын қамтамасыз ету керек»,- депті президент бүгінгі өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, медициналық жүйеге «қауіп-қатер тобындағы» адамдар мейлінше жүк түсіреді. Бұл 55 жастан асқан адамдар, олардың денсаулығы әлсіздеу, сонымен қатар созылмалы аурулары бар адамдар».

Біздің президенттің осы ақылын тыңдады ма, әлде басқа ма, 66 жастағы Германия канцлері Ангела Меркель жұмысын үйде отырып атқаруға шешім қабылдады.

Ал, жетпісті алқымдап қалған әкімдер Бердібек Сапарбаев, Амандық  Баталов, Қырымбек Көшербаев, Даниал Ахметовтер немесе ел аузында зейнеткерлер үйі аталып кеткен парламенттегі жасы кеп қалған депутаттар енді қайтер екен? Президент Тоқаевтың сөзін құлақтарына қыстырып, жұмысқа шығуларын барынша шектеп, зәулім сарайларында отыра қоя ма?

Ангела Меркельмен түйдей құрдас Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қайтпек?

Жалпы, біздің шенеуніктердің коронавирусқа қарсы әрекетіне қарасаң, «молданың айтқанын емес, істегенін істе» дегенің кебіне анық келеді.

Мәселен, наурыздың басында астананың төрінде күнде жиын өтіп, коронавирустан сақтану үшін медициналық маска тағудың қажеттілігі шамалы дегендей өсиеттер сағат сайын айтылды.

«Коронавирус ауада ұшып жұғатын ауру емес. Ал медициналық маска ауру адам түшкірген кезде сілекейін шашпауы үшін және науқастармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерге керек. Егер ауырған, түшкірген адамға өте жақын тұрсаңыз, медициналық масканың еш көмегі жоқ. ...Видеодан көріп алып, маска сатып алуға жүгіргенше жеке бас тазалығын сақтау керек», ­- деген еді сондай көп жиындарда  Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Динагүл Баешова.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп те сағат сайын өткізген баспасөз мәслихатында медициналық масканың ауру адам түшкірген кезде сілекейін шашпауы үшін және науқастармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерге ғана керектігін мың бір мәрте қайталап айтқан-ды.

Денсаулық сақтау министрлігі қанша рет қайталап ескерткенімен қарапайым халықты айтпағанда, саясаттағы сауаты жоғары шенді-шекпенділердің өздерін сөздеріне сендіре алмады. Күн өтпей жатып, мәжілістің сәрсенбідегі дәстүрлі жалпы отырысына депутаттардың тең жартысы маска тағып келді.

Диас Ахметшәріптің тәпсірлеуіне салсақ, депутаттардың маска таққандары ауру болғаны, ауру болғандары сілекейлерін шашпауға тырысқаны. Немесе аурумен жұмыс істейтін медициналық қызметкер болғаны. Бірақ, алатын жалақыларына қарасақ, біздің депутаттар өліп кетсе де, медициналық қызметкерлікке мандатын айырбастай қоймасы анық.

Жарты парламенттің дертін уайымдап отырғанымызда күн мен түн теңелер мезеттің қарсаңында президент бастаған шенділер «ауру» депутаттардың қатарына кеп қосыла қалды.

Пандемияға қарсы күрес жұмыстарын үйлестіретін Орталыққа президенттен бастап, Денсаулық сақтау министрі, Нұр-Сұлтан әкімі қоштап, бәрі уағдаласқандай маска тағып барды. Онысымен қоймай, телеарнаға (!) маска тағып шығып, маскамен сөз сөйледі. Онысы аздай тілшілерге маска тақтырып жіберді. Қазір 24 каналдың тілшілері стендапқа жарысып маскамен шығып жатыр!  Шеттерінен ауру екен дегің келмейді, әрине. Бірақ...

Қазақстандықтарды босқа дүрлікпеуге, тыныштық сақтауға шақырған мемлекет басшысы бір сөзінде медициналық маскалардың  тапшы екенін айта келіп, «Біз барлық қалалардағы негізгі көшелерде азаматтарымызға тегін маска тарата алатындай болуымыз керек. Бұл Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет», – деп салды.

Сосын  бір сөзінде «Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз», - деді.

Қош, о баста астанадағы көп жиындарда жаппай маска тағу қажет емес дегенді профессор айтқан сияқты еді. Әлде, профессор деген атақ әлі де ғалым емес деген сөз бе еді?

Бәрін қойшы, екінші мәрте президенттік мерзімге түсуге тас түйін дайын отырған АҚШ президенті, 74 жастағы миллардер Дональд Трампта неге маска жоқ, осы? Ресей президентінің баспасөз хатшысы бүгін тілшілерге шексіз сайлауға түсе беретін «Путин маска тақпайды» деді. Дендері сау емес ау...

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

05.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

22.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

Екі ел басшылары өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.