Қос шебер мен зерделі келін (ингуш ертегісі)

Malim Админ

  • 26.03.2020

Ертеде әкелі-балалы екі шебер болыпты. Тастан өріп, мұнара тұрғызған сәулетші екен. Жұрттан асқан өнерлеріне қарамастан, дүние құрай алмай, жұтаң ғана тірлік кешсе керек. Бір күні әкесі ұлына:

– Балам, мен қартайдым, алланың аманат жанын тапсыратын уақыт таяды. Көзім тірісінде келін түсіргенің жөн, – дейді.

Бала әкесінің сөзін екі етпей, үйленеді. Тойдан кейін шал ұлына:

– Ал енді күн көріс қамына кірісейік. Бір байға барып жалданып, мұнара салайық, – депті.

Әке мен бала қажетті құрал-саймандарын жиыстырып, жолға шығады. Жолшыбай шал айтыпты:

– Ұлым, жол ұзақ, қысқартпасақ болмас, – депті.

Әкесінің сөзін түсінбей, таңырқаған жігіт:

– Жолды қалай қысқартамын. Қолымнан келмейді, – деп жауап қайырады.

– Ендеше маған ат келтір, – дейді шал.

– Қайдағы ат? Тігерге тұяғымыз жоғын өзің де білесің ғой, – дейді аңтарылған жігіт.

– Онда үйге қайттық, – дейді қиқар шал жас шеберге, – оралысымен әйеліңмен ажырасасың.

Жігіт әкесінің орынсыз талабына іштей келіспегенмен: «Ақылынан алжасса да, өз әкем ғой, айтқанын орындайын», – деп, жаңа түскен жас келіншегін талақ етеді.

Екінші рет үйленіп, тағы да той өткізеді. Тойдан соң әкесі:

– Енді жұмыс іздейік, – дейді.

Баласы ләм-мим демей, құрал-сайманын алып, әкесіне еріп, жолға түседі. Бұл жолы да шал өткендегі талабын қайталап, жігіт түсіне алмайды. Үйге қайтып келіп, әкесінің әмірімен екінші әйелді де қоя береді. «Байғұс әкем бар ақылынан жұрдай боп, жынданған екен», – деп қайғырады жас шебер.

Әкесінің бетін қайтармай, үшінші рет келін түсіреді. Желек астындағы жас келіншегіне әкесінің оғаш қылығын жасырмай айтып береді.

– Мен оның мәнісін ұғындырайын, – дейді келіншек. – Жол қысқартуды сұрағаны – ұзақ сапарда көңіл аулап, қызық хикая шерт дегені. Ат келтіруді сұрағаны – сүйенетін таяқ тауып бер дегені.

Той тарқаған күннің ертесіне әке мен бала сапарға аттанады. «Жол қысқарт», –дейді шал ұлына. Жігіт әңгіме бастайды.

– Ал енді ат келтір, – депті қарт шебер.

Жігіт жүгіріп барып, талдан таяқ кесіп әкеледі. Мұны көріп, көңілі жайланған шал:

– Отымыздың басында мұндай зерделі жан отырғанда, қай қиянға болмасын, қорықпай барып, жұмыс іздеуге болады, – дейді.

Ертегінің аудионұсқасын тыңдасаңыз болады

Аз жүре ме, көп жүре ме, күндердің күнінде бір бектің аулына келеді. Әкелі-балалы қас шебердің өнеріне қызыққан бек:

– Егер бұрын-соңды жұрт көрмеген бес қабатты мұнара тұрғызсаңдар, аянбай ақы төлеймін, – деп уәде береді.

Пұлына келіскен соң екі шебер жұмысқа кіріседі. Әкесі оңашада баласына айтады:

– Ай, балам, «Қасқырда қанағат, бекте салауат жоқ» деуші еді бұрынғылар. Мына бектің іші тар, қарау адам. Мұнара бітісімен, бізді жазым қылар. Сен осының қызымен тіл табысып, әкесінің аужайын қызынан біліп жүргенің мақұл, – дейді.

Жас шебер өнеріне көркі сай келбетті жігіт болатын. Бектің қызы бегімшеге көңіл білдіріп еді, қыз кет әрі бола қоймады.

Бек күн сайын екі мәрте – таңертең және кешке келіп, құрылысты қарап жүреді.

Мұнара тез көтеріліп, асқақтай береді. Сәулеті көздің жауын аларлықтай сұлу болады. Ғимарат құрылысына қажетті тас қашырға артылып, төменнен, тау етегінен тасылыпты.

Мұнараның ұшар басы асқар шыңдарды белдеулей шудаланған бұлттарға таяп, жұмыс тәмамдалуға айналғанда бектің қызы жігітке келіп, әкесінің пиғылы бұзылып, қос шеберді мұнара бітісімен өлтіртпек болып отырғанын хабарлайды. Жігіт бегімшеден естігенін шалға жеткізеді. Сонда шал:

– Ертеңнен бастап мұнараның бас жағын қисайта қалаймыз, – дейді.

Күндегі әдетінше кештетіп келген бек мұнараның қисайып тұрғанын байқап, шеберлерге айтады. Шал жерге түсіп, мұнараны бір айналып шығып, төбесіне қарайды да:

– Ой, әттеген-ай, – дейді өкінген сыңаймен, – шынында да, мұнара қисайып кетіпті. Мұны түзейтін тезіміз үйде қалып еді, балаңызды жібермесеңіз болмас.

Бек тезді алып келуге жанына бір қызметшісін қосып, ұлын жұмсайды. Бекзаданы аттандырып тұрып шал:

– Сендерді менің келінім күтіп алады. Аман-есенбіз, алаңдамасын. Тек мұнараның басы қисайып кеткенін айтыңдар. «Тезді берсін» – деп сұрады дегейсіңдер. Тағы айтарым: үйдегі қарғаны ұшырып жіберіп, сұңқарды біз келгенше жақсылап бағып, торда ұстай тұрсын. Шаруаны бітіріп, ақымызды алысымен, ораламыз, – деп келініне сәлем жолдайды.

Бекзада шалдың келініне атасының сәлемін айнытпай жеткізеді. Келін қонақтарды қойын сойып, қолын қусырып, жақсы күтеді. Тезді ертесіне тауып беруге уәде етеді. Өзі отырып ойлайды: «Мұнара түзететін тез де жоқ, қарға мен сұңқар да жоқ. Ендеше атам мен күйеуім бір кесапатқа ұрынғалы тұр екен», – дейді.

Ағайын-туғанды жинап, атасының сәлемін жеткізіп, мағынасын түсіндіреді. Сол арада бекзаданы байлап тастап, қызметшіні бекке қайтарады. «Егер бек екі шеберді аман-есен босатып, келісімді ақысын төлемесе, ұлын тірі көрмейді. Атам мен күйеуім оралғанша, бекзада біздің қапаста жата тұрар», – дейді.

Қызметші жігіт келіннің сәлемін бекке айтып келеді. Зығырданы қайнаған бек сақалын жұлып, басын төпелегенмен, қос шеберге тиісе алмайды. Екеуі әп-сәтте мұнараны түзетіп, ақыларын толығымен алып, үйлеріне қайтады. Бұлар үйіне келген соң бекзада да өз әкесіне оралады.

Әкелі-балалы шеберлер мен зерделі келін еш нәрседен тарықпай, тату-тәтті өмір сүріпті.

          Тағы оқыңыз: «Алтын сырнай» (адыгей ертегісі)

Аударған Ғалым ДОСКЕН

«Алтын сырнай» кітабынан,

«Өнер» баспасы, 1992 жыл

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға тыйым салынады!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Айдында жүзген ақ желкен