Кешегі  Оспан...

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 01.04.2020

Кең дүниенің, көне дүниенің терезесіне үңілген сайын көз ұшына ілінетін тарихи оқиғалар мен кей тұлғалардың бейнесі көмескі тартып анық көрінбегенімен, ғұмыры жаныңды тербеп, жүрегіңді қозғайды. Ғазиз жанның бодауына да жарамайтын өмірің сол асылдар кешкен күннің біріне де татымайтынын бүгін кімге, қалай түсіндіресің. Рас, олардың да майданды ғұмыры «менің де күнім – күн емес» деумен өтті. Алысты. Жауықты. Жұлысты. Айтысты. Бітім тапты. Бірақ қандай өлшеммен, қандай мінезбен?

Ауылының тұсынан кісі өтіп, үйіне түспесе, қуып жетіп, сабап, қонақ болмадың дейтін Оспанның мінезін ауылдағы көп шуылдақтың оспадарлығы деп айта алар ма едіңіз? Жоқ. «Жауға мылтық, досқа ынтық» сол көңіл емес пе бүгін біздің жоғалтып отырғанымыз. Көңіл ғой! Жомарттық, мәрттік! Оспанды Оспан қылып отырған байлық емес. Оның ырғызбайлығы да емес.

Кешегі Оспан,

Бір бөлек жан,

Үйі – базар, түзі – той.

Ақша, нәрсе

Ала берсе,

Ат та мінсе, көнді ғой.

Басқа көнбесе де, Оспан көнеді. Ол көшкен елдің жұртын қайыра қарап, қораның орнынан қойдың бауыр жүнін жинап, арқан ескен бай емес. Мырза десін деп беретін көптің де бірі емес. Құнанбай шаңырағына ие болған, арғы аталарынан бері дәулеттің үстінде өскен қаракөктің тұқымы. Ол заманда Оспанға жақындап кеткен адамның бәрі ат мінсе де осы ауылдан мініп, жауыр ғып, көтерем етіп, әкеп, басқа күйлі жылқыны мініп кететін көрінеді. Оспан соның біріне «мұның не?» деп айтпайды екен.

Қарыз сұрағанға беріп, қайтармағаннан сұрамайтын мінезі де бойында болса керек-ті. Аға жоқтауындағы: «Ақша, нәрсе, Ала берсе,  Ат та мінсе, көнді ғой» деп отырғаны сол. Бекен Исабайұлының «Ұлылар мекеніндегі» Оспанға қатысты оқиғаларды оқып, Абай өлеңін қайталаған сайын ақын жоқтауындағы әр сөздің тиянақ тапқанын көресіз. «Қиянатшыл дүниенің» әділетін көре алған, айта алған, бірақ жете алмаған жанның тебіренісін барлық толқынымен қабылдап, түсінгің-ақ келеді. Бірақ түсінуге дәрмен кем.

Ағасы Абайдың малын Оспан өзі қарап, ағасына мал бақтырмайды екен. Абай да – жылқыдан өзгеге мал деп қарамаған адам. Соғымы, еті – Оспаннан. Кейін Оспан өлгенде Шәукімбайдың: «Осы Абайдікі не?» деп шағымданатынының да төркіні осы жақта болса керек.

Өлді Оспан,

Кетті шопан,

Енді кім бар бақ қонар?

Ұрла-қарла,

Жұртты шарла,

Ойла, барла – не болар?

Бұндай жоқтау қазақ ішінде бұрын айтылды ма, білмеймін. Қазақ жоқтауы салт, қалыптасқан формасы бар, шаблоны бар жырлар еді. Абай болса, ол жоқтауды ақындық қуатымен жан дүниесінің бір түкпірінен ерекше сипатта алып шығады. Оспан қазасын әдеттегі жоқтаумен аза тұтуға болмайды.

Абай көңілі ерекше сүйген інінің қазасы – туыстан ғана айырылу емес, дос жоғалту. Ерке, аусар, ол еркелігі ерекше жомарттығымен, көңілінің кіршіксіз ақтығымен қабысып келгенде барлық адамға бірдей берілетін мінез емес екенін о бастан аңғарып қойған ағаның бармақ тістеп, өкінуі, адамгершілігі бар бір пендеден көз жазып, серігін жоғалтуы.

Абай Оспанның көңілін, Оспан Абайдың көңілін бір қалдырған кезі жоқ сияқты. Тіпті, Оспан болыс болғысы келгенде де ағасы қол ұшын созды.
Бір кедейдің әйелі қатын жарыстан озып келгенде, әлгі кедей мәреден өте сала әйелінің қолынан жетектеп, үйіне тығып, есігінің алдына ешкімді кіргізбей отырып алғанда, мұнысына таңырқап ел сұраса: "Әйелім озып келді. Бәйгелеріңнің де, жүлделеріңнің де керегі жоқ. Қатынымды жіберсем, Абай не, Оспан тартып алады" деген сөзін естіген Абай: "Мен тыйылдым, Оспан да қойсын" деп айтқан сәлеміне қарап, аға мен інінің ерекше жақындығын да көруге болатындай.

Абай айналасындағы адамдарға туыс, бөтен деп қараған жоқ. Талабы бар бөтеннің жағдайын көтерді, баласын оқытты. Талапсыз туыстың сөзін де тыңдаған жоқ. Ащы сөзін де олардан аямады. «О да өзіңдей ит болсын азғыр-азғыр», «Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, о да қылған кедейге үлкен сыйы» деген сияқты зәрлі сөздерді ақынның өмірлік фактісімен көптеп кездестіруге болады. Демек, Абай мойындаған топ аз. Ол аздың басы – Оспан. «Мен тыйылдым, Оспан да тыйылсын» деген атақты сөздің төркіні – Абай мен Оспанның өмір сүру салты. Жүйрік ат, қыран бүркіт, балуан, ұшқыр ит ұстауда екеуі бәсекелес болды. Бірде Оспанның сонша жыл баптап ұстаған балуанын Абайдың жас балуаны жеңіп кеткенде, намыстанып балуанын сабап қуып жібереді. Абай мәз боп күледі. Жеңдім деп масаттанған күлкі емес. Ерке інінің әпенде қылығын қызықтау, тамашалау. Абайдың мінезінде өзі ұнатқан, көңілі сүйген пенденің қылығын, сөзін тамашалап қарап, қызықтау бар. Абай Шәукімбайға үндемейді, Қиясбайды тыңдайды, Оспанды еркелетеді, елу жыл жанында болған балуан Нұрмұхамедтің бар жағдайын жасайды. Төлеу ақынның естелігінен де Абайдың осы мінезін көруге болады.

Оспан да біледі. Абайдың өмірі – Оспанға үлгі. Ағасына еліктейді, еркелейді. Абайша жүреді. Абайша сүреді. 1888 жылы Көктұма съезінде Абайды танымайтындар бір топта келе жатқан ағайындылардың арасынан Оспанды Абай екен деп, «Тусаң ту» деп құшақ жая қарсы алулары аға мен інінің арасындағы  туыстық қана емес, рухани ұқсастық та еді.

Жауға мылтық,

Досқа ынтық,

Жан асар ма осыдан?

Сондай ерді –

«Ала берді»

Табар енді біздің ел!

Енді ондай ердің табылмасын Абай сезеді. Өкінеді. Оспан бойындағы осы мінездерге сүйсінеді. Өйткені Абайдың өзі де – «жауға мылтық, досқа ынтық». Екі бауырдың рухани жақындығы осында.

Абайдың өмірінің соңына дейін бітіспес жауы Оразбай болды. «Құнанбайдан бата алдым, ондай батаны Абай алған жоқ» деген Оразбай Есболаттардың басын қосып, бір кезде үш мың жылқысы болған ірі байға айналып, басқа емес, Абаймен ұстасты. Оның өзіндік себептері де бар, аңыз-естеліктер де ол тұрғысында жеткілікті. Абай мен Оразбай арасы «Ұлылар мекенінде» әжептәуір айтылады. Бекен ақсақал осы екі қараның (Құнанбайдың сөзі) арасына арнап кітап жазып, аяқтай алмай кетті-ау деймін. Шағжан Бекенұлынан естіп едім.

Сол Оразбаймен Оспан да ұстасты. Семейден Жидебайға дейін (180 шақырым жер болуы керек) арбаның артына байлап апарады. Ол кезде қазіргі асфальт жол емес, төте жолы одан да қысқарақ болған шығар. Дегенмен... Бұл қаттылықтың артында не тұр. Ағаның жауы – менің де жауым принципі ме? Бәлкім...

Ысқақ үш рет қатарынан болыс болған соң, Оспан да болыстыққа ұмтылады. Бірақ Абай: «Бәкемнің баласы» деп жиырма жастағы Шәкерімді болыстыққа сайлатады. Одан кейін Оспан болыстықты алмақ болғанда, жауларының тұзағына түсіп, Күнту болыс болады. Бірақ оның да болыстығы ұзақа созылмай, заңмен бұзылып, Оспан билікке жетеді. Оспанның болысытығы жәй ермек үшін. Бәрі қатар-қатар болыс боп келе жатқанда бұл да ағасына арқа сүйеп, тізгін ұстап көрмек. Бірақ байланбақ емес.

Абай көрген болыстардың ішінде адамы – Оспан. Ол ақын өлеңіндегі Күлембайға, Дүтбайға қарсы бейне. Абайдың достықтағы, туыстықтағы, ер болудағы, болыстықтағы үлгісі – Оспан. Сондықтан да «Кешегі Оспан» өлеңінде інісің бір қасиетін қатты жоқтайды. Алты шумақ өлеңде «ала бер» мінезін алты рет айтады. Белгілі дәрежеде данышпанның да үлгісі інісі болыпты.

Абайдың өзі де – жомарт. Айналасын оқытады, кедейге мал береді. Қалаға келгенде ақша ұстап көрмеген, қызметкерінен қай ақшаны қайда жұмсадың деп сұрамаған жан.

Қайта оны пайдаланады. Турағұл естелігінде: «Мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді» дейтіні де сол тері өткізіп, пайда таптым дейтін кісіге. Енді осыншалықты мінезін, кісілігін мойындаған жаннан айырылу – Абайға соққы.

Жұрт тынымсыз,

Бәрі ұғымсыз,

Енді оларға сөз де жоқ.

Сырты абыз бар,

Желқабыз бар,

Алты ауыз бар – өзге жоқ.

Бітті! Абайға ауыр жыл басталды. Жаны ауырған ең үлкен қаза осы. Ал одан кейін ұлдарының қазасы мүлде күйретіп кетеді. Ал оған дейін тағдыр талайынан еншісіне тиген сынақ әзірге Оспан қазасы екен.

Артында жарлары, Абай кіндігінен тараған, Оспанға ұл-қыз болған Әубәкір мен Пәкизат қалды. Оспаннан қалған қарашаңырыққа таластың даулы әңгімесі бұл жерге келмейді. Әрі бөлек, ұзақ, тәлкекті әңгіме.

Әбіш қайтыс болғанда өзін жұбатып жазған «Кешегі Оспан ағасы» өлеңінде де Оспанның сол жомарт, жауға – аяз, досқа – жаз, адал мінезін айтады. Әлі де жоқтайды. «Соның өзін алған өлім ғой, сабыр қылайын» деп, өзін алдарқатады.

Абайдың осы бауыры мен ұлының қазаларына жазған аза жырларындай өлең, жоқтау табу қиын. Жан күйзелесіне толы поэтикалық қуаты ерекше өлеңдер. Ол жөнінде М. Әуезов айтып кеткен.

Алғашқы өлеңнің бітіміне, құрылымына байланысты Т. Шапай: «Кейбір өлең, қара сөздеріне үңілген сайын, Абайдың ақындық кітапханасы біз бүгінде әбден анық білетін есімдермен ғана шектелетініне күмән күшейе түседі. Пушкиннің орны дара болғанмен, алды-арты, айналасы қу тақыр емес — Пушкинді Пушкин жасаған жағдаяттар мен тұлғаларға толы. Бұл тұрғыда, Лермонтов та оқшау, Толстой да жалғыз емес. Әрқайсысының артында бір орыс емес, күллі европалық цивилизация, батыс мәдениетінің көз жеткісіз қиыры жатыр. Әрқайсысы-ақ сол тұстағы әлемдік озық мәдени, әдеби дәстүрлердің сығынды сөлі, шымқай гүлі. Бірақ, Абай мұны қанағат етпеген сияқты. Мәселен, оның Фетті оқығанында күмәнім жоқ. Фет етістіксіз өлеңімен талайды дүрліктірді. Абайдың, керісінше, ыңғай бір етістіктерге жүк артатын өлеңдерінде Фетпен де іштей бір бәсеке бар сияқты көрінеді де тұрады. Мәселен, «Қызарып, сұрланыптағы» естелік, наз, көңіл-күй, сезім құбылыстарының алмасу, даму динамикасы – үстемелеп келетін толып жатқан етістік-баяндауыштармен беріледі. Бұл – бітіп болмайтын ұзақ бір сөйлем, бір тыныспен айтылған сыр. «Тотықұс түсті көбелек», «Оспанға» («Жайнаған туың жығылмай») сияқты өлеңдерінде де Абайдың етістікке жасаған «эксперимент!» айқын көрінеді», – деп жазады.

Бір деммен, зор күрсініспен айтылған өлең. Абай бұны айтып отырып, Фетті ойлаған жоқ. Бірақ ақындық қуат, интуиция бар. Оспанға ерекше жыр арнағысы келеді. Оның сымбат бітіміне қарап, аллитерацияның ең жарқын үлгісі де осы өлең дейсің.

Жидебайдағы Абай үйінде қазір Оспанның басына қойдырған көктас бар. Ары-бері өткен адам Құнанбайұлы Оспанға дұға жасап өтсін деген мағынада сөз жазылған. Аға тілегі осы екен.

1904 жылы Балашақпақта дүние салған Абайды ел-жұрты Ақшоқыға жерлеуге әкеле жатады. Жаз, маусым айы. Күн ыстық еді. Құнанбай қорымына жете алмаған хәкім сүйегі Жидебай маңында, інісі Оспанның қасынан ақырғы мекенін тауыпты. Құдайдың тілегі осы екен.

Енді Жидебай тұсынан өтіп бара жатқан кісі Абай мен Оспанға дұға етпей өтпейді.

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек жомарт құбылмай,

Жақсы өмірің бұзылмай,

Жас қуатың тозылмай,

Жалын жүрек суынбай,

Жан біткеннен түңілмей,

Жағалай жайлау дәулетің

Жасыл шөбі қуармай,

Жарқырап жатқан өзенің

Жайдақ тартып суалмай,

Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай.

Жақсы өліпсің, япырмай!

Байланысты жаналықтар

Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

02.04.2020

Әкім келмейді: Ақтөбе тұрғындары он күннен бері азық-түліксіз отыр

08.04.2020

Жалағаш әкімдігінің 7 млн теңгесі желге ұшты

27.03.2020

Америкадағы қазақ: медицина мешеу, бар амалы – қамап қою

17.04.2020

Қос шебер мен зерделі келін (ингуш ертегісі)

26.03.2020

Астана мен Алматыда ХҚКО-лардың қызметтер саны қысқарады

19.03.2020
MalimBlocks
Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

Әкім келмейді: Ақтөбе тұрғындары он күннен бері азық-түліксіз отыр

Жалағаш әкімдігінің 7 млн теңгесі желге ұшты

Америкадағы қазақ: медицина мешеу, бар амалы – қамап қою

Қос шебер мен зерделі келін (ингуш ертегісі)

Астана мен Алматыда ХҚКО-лардың қызметтер саны қысқарады