Мирас Асан. Іші пысқан қаладағы жыр

Malim Админ

  • 07.04.2020

Тағдырымды шимайлап қызыл қалам,

Тура жолдан таямын — түзу қадам...

Шексіздік бар ішімде өлшенбеген,

Шекара бар сыртымда сызылмаған.

 

Аттай алмай сол шектеу, сол нұсқадан,

Көнтеріге айналдым көнбіс, бодан...

Ең қиын дау сыртыңнан кескен үкім,

Ең қиын жау ішкі жау, аңдыспаған...

 

Шекарамнан аттап ем — шейіт  болдым,

Мен жайлы сөз жұртқа өсек, көйітті ел мың...

Қандай мазақ тірлікке кіріптармын,

Қандай ғажап тіркеске кейіпкермін.

 

Сор сүрлеуге бейсана түсем бұғып,

Өмір құйған ащы уды ішем күліп...

Шындығымды ішімде шырылдаған,

Шығармайды сыртымда кісен-құлып.

 

Сөздер мүсін ішімде, ойлар оба,

Жақын жүздер айналды қайманаға.

Дым қызықсыз боп барам өзіме-өзім,

Тым құлықсыз боп барам айналама...

 

***

Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе?

Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде...

Жария оқырмансың жұрт алдында,

Жасырын кейіпкерсің жыр ішінде...

 

Сені еске салады әсем әрбір әуен,

Сені ойлап атады аппақ таң дұғамен!

Білмеймін, тұтас ғұмыр жатыр бәлкім,

Біз кешкен жалқы сәтте мөлдір әлем.

 

Білмеймін, маған кімсің расында сен,

Жолықтық, кез болғандай жасынға сең...

Бейдауа дертсің жалғыз ішімдегі,

Бейтаныс бойжеткенсің қасымда әсем.

 

Шайырдың шаттығы орта, күлкісі кем,

Тағдырдың  келем үшкір түрпісімен...

Тауып ап мен өзіңді жалғыздықтан,

Танымай өте шығам жұрт ішінен...

 

Сел құйып жатса да ұзақ ар биігі,

Шөл қысып қаталайды жан күйігі.

Мен бұған үйренгенмін - ең қызығы,

Мен бұған үйренгенмін - ең қиыны.

 

***

Сендік мұңның тұтқынымын,

Сендік ойға зынданмын.

Сендік сөздің түкпірімін,

Сендік жырға құрбанмын.

 

Сені іздемеу – ғұмыр кешпеу,

Сені аңсамау – жоқ болу.

Сені ән қылмау — күлімдеспеу,

Сені сүймеу — текке өлу.

 

Сенсіз тағдыр бос сағыныш,

Сенсіз бақыт бос үміт.

Сенсіз жылдар рас сабылыс,

Сенсіз  мән жоқ, осыны ұқ.

 

Сендік іңкәр — бағыт, үлгі,

Сен деп қана айтам ән.

Сенен алған шабытымды,

Саған жыр ғып қайтарам.

 

Сенсің менің өмір заңым,

Сенсің менің сор, бағым.

Сенің құрбан жолыңдамын,

Сен қайдасың, сондамын.

 

Жасаурайды жанар ылғи,

Санамда атың жаңғырып...

Сені қимау – ең ауыр күй,

Сені күту – мәңгілік.

 

Сенсіз қызық өткердім кем,

Сенсіз солғын сән күздік.

Сен алыстап кеткен күннен,

Жақындапты жалғыздық.

 

Сол жалғыздық мәңгі жырым,

Жырлай алсын болса өзге ер....

Менің ақын бар ғұмырым —

Сенің атың бар сөздер.

 

***

Ештеңе болмағандай,

Ештеңе өтпегендей.

Ештеңе қалмағандай,

Ештеңе етпегендей.

 

Зіл батпан талып иін,

Арада зарық өмір.

Сеніңше бәрі қиын,

Меніңше бәрі жеңіл...

 

Ешкім де сүймегендей,

Ешкім де жек көрмеген.

Ешкім де күймегендей,

Ешкім де кектенбеген.

 

Жылдармен жоғалу ма?

Тағдырмен астасу ма?

Болмайды қол алуға,

Болмайды қоштасуға...

 

Сезімдер өлмегендей,

Сенімдер шектегендей.

Ешкім де келмегендей,

Ешкім де кетпегендей.

 

Жетпейді әлі миым,

Махаббат мәні ме өмір?

Меніңше бәрі қиын,

Сеніңше бәрі жеңіл.

 

Ешкім де сағынбаған,

Ешкім де дерт ембеген.

Ешбір сөз жаңылмаған,

Ешбір ой өртенбеген.

 

Бір жарық тергейтіндей,

Бір жарық өп дейтіндей.

Жақындап келмейтіндей,

Алыстап кетпейтіндей.

 

***

Сіздегі жырлау бақыт меңді ғажап,

Сол бақыт және өтеді жанды қажап...

Қуанып келген хаттар – сіздің шаттық,

Қуарып барған хаттар – мендік азап.

 

Түсетін соқпақтар көп ізге көнбей,

Сол жолдар жалт бұрылды бізге келмей...

Хат жазбай отырмын ба мен де сіздей,

Хат күтіп отырсыз ба сіз де мендей?

 

Тағдырға таппай айла тағат талған,

Қарамай самғаушы ең ғой қанатқа, арман.

Лаулаймын сізден келген сұрақтардан,

Жаурайсыз менен барған жауаптардан.

 

Әредік тоқтай қалса ақпар легі,

Азынай соғады ұзақ  ақпан желі.

Оқимын мың қайталап хаттарды ескі,

Жоқ, мүмкін оқитындай хаттар мені.

 

Сіз десем қол созым жер – аспан алда,

Сіз десем мұхит – тамшы, тас та – қорда.

"Тас жолдар жабық" деген хат келіп тұр,

Мәселе – сізге апарар басқа жолда...

 

***

Сақтап, қорғап сезімімнің шырағын,

Өшпесін деп өкпек сөзден тығамын.

Сіркіреген ақ жауында шала мас,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

 

Бұл не сезім ұлы тасқын, ұлы ағын,

Айтуға кеп оқталам да, тынамын.

Сары ала күз сағынышпен аралас,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

 

Сіз деп айтып күллі әлемінің жыр-әнін,

Іздеп шыққан мұңлық менмін сыңарын.

Алай-дүлей ақ түтекте жалаңаш,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

 

Баса алмаған дегбірінің бұлағын,

Аша алмаған жанмын жанның жұмағын.

Гүл аңқыған көшеде көз тола жас,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

 

ҰЛЫМ ЖАЛҒАСҚА

Ағарған әр талын самайдың,

Өмірдің жолы деп санаймын.

Мен жалпы, ең ұлы ойларға,

Баланың көзімен қараймын.

 

Ойменен өтуде кей күнім,

Тойменен өтуде кей күнім...

Сүрініп, жығылып кеп тұрсам,

«Менімен күресші» дейді ұлым...

 

Белдесер тас түйін жас ұлға,

Насихат айтамын басында:

Біреумен күресу түк емес,

Өзіңмен күрестің қасында...

 

Бейнесін балалық шағымның,

Ұлымнан көп іздеп сабылдым.

Содан ба, «ат болам» мен оған,

Жауырын жасырып жанымның...

 

Жігітті қайрайды әр қайқаң,

Сарай деу дұрыс па салмай там?..

Хайуанат бағына барса ұлым,

Жол бойы адамдық жайлы айтам.

 

Тығылмақ ойнасақ, төзімді

Көбіне мен жұмам көзімді.

Қызығы, ұлды іздеп шығам да,

Таба алмай қаламын өзімді...

 

Тәлімнің бұл мүмкін ірісі,

Тұлпардың тай күннен жүрісі.

Балама ұстазбын мен ылғи,

Балама шәкіртпін, дұрысы.

 

Бәрін дос санайтын аппағым,

Мұң артып тұр бірде қап-қалың.

Досым жоқ дейді ұлым күрсініп,

«Менің де...» дей жаздап, тоқтадым.

 

Жаңылған, жығылған жерім көп,

Өмір – мұз,

Өмір – от,

Өмір – доп.

Сырғанақ тепсе ұлым, мен тұрам,

Тағдыр да тайғанақ дегім кеп.

 

СӨЗЖҰМБАҚ

Ойыңда тежеу көп, даму кем,

Жүретін кездер көп налумен.

Өмірдің былығы — у-заһар,

Баланың қылығы — дәрумен.

 

Жұмыстан келдің бе кешкілік,

Жетектеп алады ұл дос қылып.

Қояды жаңылтпаш жаттатып,

Алады сөзжұмбақ шештіріп.

 

Бүгін де екеудің жұмысы,

Сол болды ермектің ірісі,

Сөзжұмбақ шешуді бастадық,

Сөз бұйда деу керек, дұрысы.

 

Ақылың асса да зор мейлі,

О, мына сөзжұмбақ көнбейді...

Алғашқы сұрақ «Ұлт көсемі?»

"Әлихан" деп жаздық, келмейді?!

 

Сұрайды төпелеп ұл әрі,

Сұмдықтың бас жағы бұл әлі.

Қарашаңырақ деп едік, дұрыс емес

Қартайған ата-ана тұрағы.

 

Ұққаным – заманға жат екем,

Бас толған ми емес, тат екен.

Әріпті үйретер оқулық,

Әліппе деп едік, қате екен.

 

Бұл өзі кімдердің Отаны,

Деген ой қамады қапалы...

Кеңсенің тілі қай тіл деп тұр,

Кеңестің тілі екен, о пәлі...

 

Сөзжұмбақ сиқы осы ал кеп көр,

Қос көзді төрт қылды тор дәптер.

Шетелден келгендер – «моңғолдар»,

Шет тілін білместер – «мәмбеттер».

 

Өршіп тұр осы күн жаман дау,

Мына бір сұрақ та харамдау...

Ширкке жатады – «беташар»,

Көшеге көп шығу – «арандау».

 

Жылқы айдап Жайық көш, Іле көш,

Қазір де қазақ деу мұң, елес.

Қымыздың бұл күнгі иесі:

Бірінші әріпі «қ» емес...

 

Таусылып тынысым, айтарым,

Басымды қасыдым, шайқадым.

Әлімхан деп едім, қате ол да,

Қазақтың бекіткен байтағын...

 

Әрірек шешуге батпадым,

Жүйке де керек қой, тоқтадым.

Шайылып барады шындығым,

Былғанып барады аппағым...

 

Белшеден батқан көп қатеге,

Салбырап тұр басым бәкене.

Жаңылтпаш жаттайық дейді енді ұл,

Жаңылған жері көп әкеге...

 

***

Қаңтарылған ойлар,

Аңтарылған сөздер.

Тоқтатылған тойлар,

Киілмеген бөздер.

 

Дерт жұқтырған ендік,

Бетпердесіз ауа.

Қапастағы теңдік,

Табылмаған дауа.

 

Қорқынышты жөтел,

Қолғап киген қоғам.

Удай қымбат шекер,

Судай тегін адам.

 

Берілмеген қолдар,

Сұралмаған халдер.

Парақталған томдар,

Еске түскен әндер.

 

Кітапхана жым-жырт,

Экранда ыржың.

Терезелер күңгірт,

Қабырғалар мылжың.

 

Кіп-кішкентай әлем,

Аты дардай қатер.

"Түшкірігім – өлең",

Кеңістігім – пәтер.

 

Іші пысқан қала,

Індет кезген желі.

Қол жумаған бала,

Құшақташы мені.

 

АҚЫН ЗЕРТХАНАСЫ

(Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫНА)

Оның мінезі — жасыл найзағай сияқты шатырлақ,

Нағыз керек болмыс ақынға-ақ!

Сүйсе — лапылдап түгі қалмай сүйеді,

Суыса — Арқаның сары аязындай сақылдақ.

 

Оның ойлары — ешкімнің ойына келмейтін мәтіндер,

Толық тану үшін алыс тұр һәм жақын кел.

Оның айтуынша: ақын деген шоколад жеу керек,

Сыра ішіп тұру керек әкімдер.

 

Оның өлеңі — Мәриямның қолындағы өткір қайшыдай,

Бір қарасаң – күшейтпелі,

Бір қарасаң – жай шырай.

Ол өлең жазса – отты айналған пәруана көбелек,

Өлең жазбаса – жеңілген әскер сынды ойсырай.

 

Оның рухы — тұманға жалғыз сіңіп жоғалған көкбөрі,

Жапанға ылғи жалғыз қонатыны содан шеткері.

Оның әлемі – біздің әлемдей қызыл, жасыл, көк емес:

Үйі – кітапхана,

Жолдасы – жалғыздық,

Абай – мектебі.

 

Оның кітаптары – қаланған жартастар кәдімгі,

Сөрелердің алдында

Ақын сергек,

Ақын сабырлы.

Ұқыптап алмасаң төбеңе құлауы мүмкін Неруда,

Құлатып алуың мүмкін Қадырды.

 

Оның қаламы – пырақтардың болат тұяғы,

Оның қағазы – қазақтың байтақ қиыры мен қияны.

Жазу үстелі – домалақ Жер беті,

Май шамы – миындағы қиялы.

 

Оның құбыласы хакім Абай мен қасиетті Құран тек,

Шәк келтіреуге болмайды, бала, бұған көп.

Ол қазір де Алланың алдына барғандай тап-таза,

Өлең жазып отырғанына күмән жоқ.

 

ҮРЕЙ

Өз қолдарым бөтен сынды өзімнен,

Көзәйнегім дұшпан сынды көзіммен...

Күдіктенем ішіп тұрған суымнан,

Киіп тұрған бөзімнен...

 

Тақыр кедей боп барады тұлғам бай,

Мың күн сынбас шөлмек бүгін сынғандай.

Жақтау біткен дерт жұқтырып алғандай,

Тұтқа біткен тұмауратып тұрғандай...

 

Індет шашып тұрған сынды шұғылам,

Қатер бүркіп тұрған сынды құмырам.

Үйге тығыл деген сайын мемлекет,

Өз-өзіме тығылам.

 

Қорғануын жатқаныммен қорғанып,

Ойдан қайтіп шығарамын Орды алып!..

Айдалаға безіп кеткім келеді,

Жол жабық.

 

О, қай жерге жетеді екен бұл шыдам?!

Ғаламторға мың кіремін, мың шығам...

Ұйықтап кетсем қылқындырып қолғаптар,

Жеті миллиард бетпердеге тұншығам.

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

25.12.2023

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

11.11.2023

Ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

16.10.2023

Алтайдың мөлдір тамшысы

14.10.2023

Ақтаулық ақын «Өзенмұнайгазға» заңсыз жұмысқа тұрған

28.04.2023
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Өзіңді елің сағынды, Фариза апа

Шындықты сүйген жүрегі қай ортада да қақыратып шын сөйлететін

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

Нұтфолланың әкесі де 1936-1938 жылғы «халық жауларын» әшкерелеу қызыл науқанына ілінеді

Ақын Несіпбек Айтұлы өмірден озды

Қаламгер ауыр науқаспен арпалысып, көз жұмды

Алтайдың мөлдір тамшысы

Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады

Ақтаулық ақын «Өзенмұнайгазға» заңсыз жұмысқа тұрған

Ол кезекте тұрған 9000 адамнан аттап өткен