Менің әдебиет мұғалімдерім

Malim Админ

  • 03.02.2020

Кәсіби-қаламгерлік – Абай–Әуезов, Тургенев–Толстой, Стендаль–Мопассаннан басталып, Батыс, Шығыс – бүткіл әлем әдебиетімен түйінделген жазушы ұстаздарым емес. Орта мектепте атаулы пәннен сабақ өткізген әрқилы мұғалімдер.

Иә, солардың бәрінен бұрын – отбасылық өнеге. Ең алғашқы мұғалім ұстазым – үлкен әкем Мағауия болды дер едім. Ескілікті қазақ даналығының таусылмас кеніші екен. Тарихта – Абылай хан, Кенесары-Наурызбай. Сөз өнерінде – Абай мен Шәкерім және тағы қаншама үлгілі нұсқалар. Халық мұрасында – қазақтың қисапсыз ертегілері мен «Мың бір түннің» ғажайып хикаялары. Ең бастысы – атамның құнарлы, мағналы, бай тілі. Менің болашақ жазушылық қызметіме негіз болған алғашқы баспалдақ. Таратып айтсақ, тұтас бір мақала болып шығар еді. Бәлкім, балалық шақ туралы мұңды хикаятта кеңінен ашылармын. Ал бұл ретте, айтқанымдай, мектептегі әдебиет мұғалімдеріне қатысты азғана әңгіме.

Бұрнада жазсам керек, 1947 жыл, қоңыр күз, алыс отардан атаммен, әжеммен бірге көшіп келген аудан орталығында бірінші класта жарты күн ғана болып, жарты да емес, алғашқы сабақтан соң төтесінен үйге қайтып едім. Мен бәрін де білем, оқығым келмейді, деп. Ағаның таң қалған ренішіне атам ұтымды жауап берді. Иә, бәрін де біледі, келер жылы екінші кластан бастайды, деген. Сонымен, алғашқы сынып үйде, еркіншілік жағдайда өтті. Келесі жылы, күзге қарай шеткері ауылға көштік– Алғабас колхозы, Шұбартау ауданы, Семей обылысы. Бастауыш мектептегі мұғалім – өзімнің ағам, яғни, атап айту әбес туған әкем Мұқан Мағауин болды. Екінші, үшінші, төртінші кластарда. Ана тілі ғана емес, барлық сабақтан. Бұл кезде мен – әбден құныққан тойымсыз оқырманмын. Тек бір бөгесін – әдеби кітаптардың тапшылығы. Үнемі шөлдеп, тіпті, мейлінше зарығып, қажетімді таба алмай жүрем. Әрине, табылғаны да біршама. Аға мүмкіндігінше қарайласады. Аудан орталығындағы дүкеннен, жазда Семейге барғанында мол дүниеден қадарынша қамтиды. Екі-үш жыл ішінде әжептәуір кітапхана құрап берді. Оның ішінде  Мұхтар Әуезовтің ұлы эпопеясының «Абай» деп қана аталған алғашқы екі кітабы және кейініректе үшінші кітап – «Ақын аға». Мұқанов, Мұстафин, Мүсірепов, Сланов, Әбішев... Пушкин, Тургенев, Чехов. Жюль Верн, Марк Твен, Джек Лондон. «Мың бір түн». Ян – «Шыңғыс хан». Тағы қаншама мәнді, мәнсіз басылымдар. Бұл ғана емес, ата қазақтың «Алпамыс», «Қобыландыдан» басталып, «Едігеден» өтіп, «Бекет батырмен» түйінделетін ерлік эпосы, «Қозы-Көрпеш – Баян» мен «Қыз-Жібектен» тартып, «Мұңлық-Зарлыққа» дейінгі ғашықтық дастандары. Осының бәрі – ескілі, жаңалы кітап бетінде. Кітап атаулыдан тыс... о-о-о, тағы қаншама ғажайып жыр, қиссалар: «Қырық уәзір», «Жүсіп–Зылиха», «Мұхамед–Қанафия», «Зарқұм», «Сал-сал», «Қаһарман»... Дүниауи толғаулар: Дулат, Шортанбай, Біржан–Сара... Біздің ауылда осының бәрі алдыңғы ақсақал, кейінгі қарасақал атаулының көңіл түкпірінде тұнып тұрған. Басқа емес, мына мені таза қазақы рухта қалыптап шығу үшін, дер едім. Иә. Тағдырдың өзгеше таңдау, ерекше еншісімен, он бір жасымда осының бәрін білдім. Міне, шырқап келе жатқан екпін енді шарықтаған самғауға айналуға тиіс еді. Одан әрі... дәп сол жылы, 1951, жаз ортасында төтенше бақытсыздық келді. Мұқан аға ұсталып, Семей қаласындағы төрт ай тергеуден соң жиырма бес жылға кесіліп, қиыр терістік – Воркута лагеріне айдалған. (Кейін білгенімдей, Түркстан легионы үшін.) Қайтып шықпас қараңғы көр есепті.

Мен де. Бар тіршілігім көзге көрінбес аядай темір тор ішіне түскен екен. Ендігі тұрмыс ауыр, білім өрісі шектеулі, еркін ізденіске жол жоқ. Қолда барға қанағат етуге мәжбүрсің. Жаңа бір, бұрынғыдан мүлде өзгеше ғұмыр басталған. Аудан орталығы Баршатастағы онжылдық, енді кісі үйінде тұрып оқитын бесінші класс – мектептегі жаңа бір басқыш қана емес, менің кейінгі, Тәңірі тартқан ұзақ ғұмырымдағы ең ауыр, зілзала кезеңнің беташары екен. Алайда, иықтан қаншама қайғы басқанымен, көкірегім ашық, рухым еркін. Ендігі алданыш, тіршілік жіптігі – үздік оқу. Үздік оқу ғана емес, әлемді басқа бір тұрғыдан танитын көркем әдебиетке құмарлық. Енді бұрынғыдай, керегімді сырттан алғызуға мүмкіндік жоқ. Қолжетімді, шақтаулы өрісті қанағат етуге мәжбүрсің. Бұл деген – мектептің шағын кітапханасы және аудандық үлкен кітапхана. Екі тарапта да алдымен бөгесін шықты. Мен қандай қалың кітап болса да, бір күн, асса екі-үш күннен асырмаймын. Екі тарапта да мұндай оқуға сенімсіздік туған. Мектеп кітапханасы – бес күн, жеті күнге есептеп беретін болды. Ал таныстықпен жазылған аудандық, бай кітапхана арада ай өтпей, мен үшін біржола жабылған: оқымай-ақ сапырып, ауыстыра береді екем. Әйткенмен, қазақ тіліндегі кітап атаулыны еңсеріп қалған сияқтымын. Бұл таңдама әдебиет ішінде «Робинзон Крузо», «Гулливердің саяхаты», «Дон Кихот» және Толстой мен Чеховтың жаңадан аударылған әңгімелері, Тургенев пен Куприн бар еді. Енді мектеп кітапханасы сарқылып, аудандық кітапхана біржола жабылғаннан соң, кітап дүкені мен пошта киоскісін аңдитын болдым. Мал атаулыны түгел сыпырып алған тақыр-таза кәмпеске нәтижесінде кедейшілікке ұшырасақ та, қалтадағы ақшам үзілмейді, сол және келесі жылдарда Жюль Верннің «Су астындағы сексен мың шақырым», «Он бес жасар капитан» романдарын, Гогольдың бестомдық жинағының алғашқы кітаптарын, тағы не... иә, әлі есімде, Ма Фын, Си Жун дейтін қытай жазушыларының «Люйлян тауларында» деп аталған қалың кітабын... сатып алған едім. (Қытай жұртында қызылдар жеңіп, ауылдық жерлерде жаңа тәртіп, бақытты тұрмыс орнатып жатқаны турасында; он жеті сом – өте көп ақшам зая болыпты.) Белинскийдің екі томдығы, сірә, сәл кейінірек, Чернышевскийдің таңдама бір томдық мақалалары. Және... Толстой – «Анна Каренина», Тургеневтің «Дворян ұясы» мен «Қарсаңда» романдары... Не керек, назар аударуға татитын, қолға түскен кітап атаулы түгел. Бірер жылдан соң атамның маған сақтаған азғана ақшасы да сарқылып еді. Бұрын ара-арасында азық-түлік дүкенінен прәндік алып жүрек жалғаушы едім, енді ол да жоқ. Алда жазғы демалыста ауылдан ауданға поштабай болып күзде тағы да әжептәуір ақша таптым. Яғни жаңа кітаптар. Енді оқуға татымды дүние бітіп қалғандай. Біткен жоқ, бірақ мұнда келмеген, немесе менің қолым жетпейтін жерде. Мен сол алтыншы, жетінші кластардың өзінде орысша кітаптарға көшсем керек еді, танып, ұғып, жетіліп кетер едім, бірақ еңсе басқан уайым мен ауыр тұрмыс нәтижесіндегі үмітсіз шарасыздық аяғымды тұсаған сияқты, орыс тілді классикаға екі-үш жыл ұтқызып барып, сегізінші класта ғана шындап түсіппін.

Хош, алға озыңқырап кеттім. Сол, мен үшін зілзала заман, зерделі оқырман ретінде қалыптасқан он бір-он екі-он үш жастағы әдеби өрісім туралы ақпар үшін.

Сонымен, өз үйімізден тыс, аудан орталығы. Бесінші класс. Алғашқы күнгі алғашқы сабақ – ана тілі, яғни әдебиет болып шықты. Мұғалім – аты нақты есімде жоқ, сойы Шалабаева, орта жастардағы, бетінде шешек дағы бар, шабдар әйел екен. Кластағы балалардың көпшілігі ауылдық бастауыштан келген, барлап байқау үшін әртарап сұрақтар қойды, әлдебір үзік мәтінді талдап, мазмұндатты. Әрине, мен үшін оп-оңай, мұғалім кезекті сауалын бастамай жатып қолымды көтерем, бәрін білем, бәріне дайынмын деген сенім және мақтаншақ көкірек. Сол әдетімді тоғызыншы, оныншы класта әрең қойып едім, сенім азайғаннан емес, ересек, байсал тартқаннан. Сонымен, бірден-ақ озық шығып, көзге түстім. Бұл мұғалім мені ешқашан мақтаған жоқ, тұқыртқан да жоқ, үнемі жоғарғы бағасын қойып отырды. Содан, ноябрь айында ғой деймін, әйтеуір қар жаумаған ызғырық суық бір күні үйіне шақырған. Түстен кейін, атаулы сағатқа. Оңашада себепсіз ұрыспақ па, әлде, жұрттың бәрі, оның ішінде мұғалімдер де жақсы біледі, бізбен аталас ағайынның әйелі, әкесі айдалып кеткен, кісі үйінде тұратын жағдайсыз балаға ықылас білдірмек, әлде айтатын ерекше бір хабары бар ма – әйтеуір түсініксіз шақырыс. Сөйтсем, мұғалімге көмектес ерекше жұмыс екен. Осының алдында ғана диктант жазғамыз. Шалабаева мені бір жақ бұрышында жайдақ стол тұрған шеткері бөлмеге кіргізді де, алдыма кешегі біз ғана емес, қатарлас үш кластың тоқсан баласы жазған диктант дәптерлерін үйіп тастады. Қолыма ұшталған қызыл қарындаш берген. «Мына диктанттың барлығын тексеріп шық, қателерін сызып, түзетіп көрсет, – деген салқын жүзбен. – Бірақ ешқайсына баға қоймайсың, бағаны мен қоям», – деді де шығып кетті. Қазір ойлап отырсам, ешкімге ештеңе айтпайсың деп ескерту жасамапты, сірә, менің өзімен өзім ғана жүретін тұйық, қатарлас балалардың ешқайсын менсінбейтін ерекше мінезімді де жақсы байқаса керек. Өзімнің қарным аш, екі сағат, бәлкім, екі жарым, үш сағат отырып, тоқсан дәптерді түгел адақтап шықтым. Мұнымен бітпепті. Оқу жылының аяғына дейін мен, бесінші класс оқушысы, төрт, әлде бес-алты рет, қатарлас балалардың диктант, мазмұндама дәптерлерін тексеретін мұғалімдік қосымша жұмысқа жегіліп едім. Ауырсынғам жоқ, масаттанғам да жоқ. Қайткенде бұл мұғалім менің талайымды таныған екен.

Келер жылы, алтыншы класта мүлде басқаша жағдай болды. Бұрнағы мұғалім бастаған еді, арада ай өтпей ауыстырылды. Жаңа мұғалім – оң бетінде шынашақтай қара қалы бар, жағын керіп сөйлейтін ақсұр әйел. Жас та, жасамыс та емес, шамасы отыздың жуан ішінде, көршілес Абралы, әлде Аягөз ауданынан келіпті. Алғашқы сабағының өзін қатқыл бастады. Сұрақ үстіне сұрақ. Және қол көтергеніне емес, журналдағы тізімге қарап, қатарынан шақырып жатыр. Және партада тұрғызып емес, бүкіл кластың алдына, ортаға шығарып. Балалардың біразы күмілжіп, жауап бергендерінің өзі қорғалақтап қалып еді. Ақыры, екінші күні ғой деймін, кезек маған жетті. Оп-оңай сұрақ. Қиын болса да, мен үшін оңай. Әлде Әуезов, әлде Мұқанов. Бәлкім, Мұстафин, немесе басқа бір тақырып. Бажайлап айта бастадым. Егжейлеп, тереңінен қамтып. Шамасы, бір, екі емес, үшінші, төртінші орамнан соң зекіріп тоқтатты. «Әй, әй... – журналға қайта қарады, – Мағауин, сен немене, өтірікті соғып жатырсың?!» – дегені. Мен таңырқай қараған азғана бөгелістен соң: «Мұғалім, өтірік емес, бәрі шын», – десем керек. «Қайдағы шын, мына кітапта ондай сөздер жоқ!» – деді келтесінен. «Мен басқа бір кітаптан айтып жатырмын...» – дедім амалсыздан ақталып. «Басқа кітап? – Енді мұғалімім дағдарып қалды. – Басқа кітап емес, мына оқулық бойынша айту керек. Отыр!» – деді содан соң, ызбармен түйіле тұжырып. Міне керемет! Мен он екі жастамын, небәрі алтыншы класс оқушысы, алдында естігеміз, институт бітірген дейтін әдебиет мұғалімінен көп біледі екем. Кейін ұқтым, бұл кісінің төмен сауатынан емес, мына менің, болашақ пәленбай жазушы Мұхтар Мағауиннің қатарынан озған таным, түсінігінен. Қайткенде таң қаларлық жағдай. Ересектеу болсам, күлер едім. Сол кезінде күле алмадым. Келесі күндерде анық байқадым, жаңа мұғалім мені өлердей жек көріп кеткен екен. Маған деген көз қарасынан, сабақ үстіндегі әлдебір оқыс қимылдарынан анық таныдым. Шегінен шыққан ыза мен өшпенділік. Енді сақтанбай болмайды екен. Мен, қаршадай бала, аяр емеспін, сонымен қатар ақымақ та емес едім. Алдағы уақытта бар жауабымды шақтап, бұрын үңіле бермейтін әдебиет оқулығын мұқият тексеріп, мұғалімім айтқандай, «осы кітап шегінде» ғана сөйлейтін болдым. Және онша жиі де емес. Қол көтеріп отырсам да, мені жауапқа шақыра бермейтін. Бұл кісі, аты-жөні әлі күнге есімде, Қ.Б., кейін ұстаздық саласында үлкен абыройға жетіп, республикаға еңбегі сіңген мұғалім атағын алыпты. Және соған сәйкес орден, медальдар. Яғни, осы жазбаларды оқыған көлденең жұрт ойлағандай, тым қаражаяу емес. Бірақ мені де жаяулатуға шақ қалды. Басқаны былай қойғанда, тырнақ пен тісіңді үнемі жасырып отыра алмайсың ғой. Ақыры, менің бақытыма қарай демейін, онсыз да жұқарған жүйкем біржола тозбас тыныштығым үшін дейік, арада үш-төрт ай өтер-өтпесте өз ауылы, әлде басқа бір жайлы жерге ауысып кетті. Әдебиет сабағын Тайғожина Үмітжан дейтін жаңа мұғалім жүргізетін болды. Жинақы, таза киінеді, еркін отырады. Отызға жаңа шыққан, аса сыпайы, әрі мәдениетті кісі екен. Ауылдағы, тіпті аудан көлеміндегі жалпы жұрт бірін-бірі жақсы біледі, неше жыл зарығып жүріп, ақыры кішкентай қызды болған екен. Осы, бар бақытқа енді жеткендей, көңілі біржола кеңіген кезі. Күйеуі тағы да бізбен, бұл жолы жақынырақ туыс кісі.

Үмітжан мұғалім сабағын нақты, әрі ұтымды жүргізетін. Артық-ауыс сөзі жоқ, кез келген тақырыпты тиянақты талқылайды. Есте қалған бір ерекше жағдай, сабағы басталғаннан соң, арада екі-үш күн өткенде мазмұндама жаздырды. Есімде жоқ, әлде «Қыпшақ Сейітқұл», әлде осы Алтынсариннің басқа бір әңгімесі. Көлденең тақырып болуы да мүмкін. Мазмұндама атаулының мәнісі – ендігі қолданыста бар-жоғын білмеймін, әуелде мұғалім белгілі бір оқиғалы, шағын мәтінді мұқият оқып береді. Үмітжан апай да мәнерлеп оқып шықты. Енді балалар өз түсінігі бойынша, қалған отыз бес-қырық минутта жазып тапсыруы керек. Мен бірден-ақ бар нәрін ойға түйдім де, арада үш-төрт минут өтпей, жазып бітірдім. Төрт, әлде бес сөйлем. Небәрі төрт жарым жол. Қашанда ең алдыңғы партада отырам, «Мен жазып болдым», – деп, мұғалімнің алдына қойдым. Үмітжан жеңгем қасын көтеріп таң қалды, содан соң дәптердің бетін ашып, әп-сәтте оқып бітірді. Дағдара ойланып, азғана отырды. Содан соң екінші қайтара, үстірт қарап шықты да, төрт жарым жолдық мазмұндаманың астына жуан қызыл қарындашпен «5» деген баға қойды. Бұл кезде балалар әлі бастаған жоқ, кейбірі алғашқы сөйлемдерін ғана жазды. Ең соңғы сабақ еді, мен – қазірде алтыншы класта ғана оқитын қамкөңіл, жетімге жақын, қорғансыз балақан, бірақ өзіне соншама сенімді, бойына ешкімді теңгермейтін, он екі жасар өркөкірек өскін, болашақ пәленбай жазушы Мұхтар Мағауин, кеудемді кере дем алып, үйге қайттым.

Келесі, жетінші класта да осы Үмітжан апай сабақ берді. Қалай отырып, қалай сөйлесем де тежемейді, қашанда хош, және мейірі мен ризашылығы айқын танылатын. Мен мектепте көрген ең жақсы мұғалімімнің бірі. Жақсылығы – мені қолдауында емес, бөгет жасап, алдымды тоспауында. Мен үшін бұрын да, кейін де ұстаз аталатын үлкенге қояр ең үлкен талабым да осы – ақыл қоспасын, сүйемел жасамасын, қолдамасын – тек алдымды кеспесе болғаны.

Сегізінші класта да дәп осындай мұғалім ұшырасты. Семей пединститутын жаңа ғана бітірген жас жігіт. Есім-сойы – Әуесқан Жүнісов. Жұлқынып тұрмасам да, менің ерекше жағдайымды бірден аңдады. Еркін ұстаған. Сабағын қазбалап сұрамайды. Не айтсаң да, қалай айтсаң да құба-құп. Терең әдебиетші болмас, бірақ мектеп программасы бойынша өз пәнін жетік біледі. Және мінезі ашық, кең. Бірде институтта, студент кезінде Ғабиден Мұстафинмен қалай кездескендерін әңгімелеп беріп еді. Өте байсалды кісі екен, деді. Өткен өмірдегі қиындығын жасырмай айтты. Жазушылық – табанды, тынымсыз еңбекпен ғана келеді. Өзімнің алғашқы «Өмір мен өлім» романын жазғанымда, жетімсіз заман, пәтер үйім аңғал-саңғал, жағатын отын да тапшы, жаман тонға оранып отырып, қолым да икемге әрең келеді, осыншама таршылық жағдайға қарамастан, үлкен үмітпен еңбек еттім деп еді. Жазушылық қана емес, кез келген ғылым, тіпті, қара жұмыстың өзі сәтімен орындалуы үшін қайыспас мінез, тынымсыз еңбек керек екен... деп айтқаны бар. Ғабиден Мұстафин сияқты әйдік жазушыны көруі, ауызекі сөзін естуін – өз өміріндегі үлкен оқиға ретінде көңілге түйіпті.

Мен Әуеқан Жүнісовтың қандай жақсы мұғалім екенін келесі жылы, тоғызыншы класта анық түйсіндім. Біздің мектепте жаңа бір әдебиет оқытушысы келген. Жиырма бес-жиырма алты жастар шамасындағы дембелше, кербез жас жігіт. Мұндағы жұртта жоқ қымбат костюм киіп жүреді. Ата-тегі көршілес Абралы ауданынан екен. Өзі Алматыда, ҚазПИ, немесе ҚазМУ-ды бітіргеннен соң, одан да үлкен оқу – аспирантурада оқыпты. Сондай, институттан да жоғары саты барын алғаш естуім. Иә, ерекше жағдайдағы ерекше кісі. Бірақ әлде ұстаздарымен келіспей, әлде басқа бір пәлекет ұйымдар қудалап, үйреншікті үй-жай, әйелі мен баласынан алыстап, ауылға қайтқан. Анығы – амалсыз бас сауғалаған. Енді біздің жұртта бастамай жатып зор бедел тапты. Әдебиет сабағын өте жоғары деңгейде өткізеді екен. Бізге емес, қатарлас «А», «Б» кластарына береді. Ал мен – «В». «А» тобындағы, жазушы, әдебиетші боламыз деп жариялаған Төлек пен Рымғали ғана емес, нақты ғылымның бірін қуамын деп жүрген Блок та қайран қала, сүйініп айтады. Ал орташа, немесе тәуір ғана оқитын балалар бүгежектей береді. Мен бастапқыда, қызықпасам да әуестене қараған едім. Көп ұзамай тәубама түстім.

Біздің Шұбартау ауданы, Баршатас қыстағындағы Орта мектеп, кейінде анық көзім жеткені – ол заманда бүткіл Қазақстан шегіндегі ең үздік, үздік қана емес, ең бірінші мектеп екен. Оқу сапасы өте жоғары. Мұғалімдеріміз түгелдей білімдар, тәжірибелі, кең, әрі мейірбан келетін. Мектеп директоры Базарбеков Кәрімберген – ғажайып адам еді. ҚазПИ-дің алғашқы кезегінен. Соғыста бір аяғын беріп қайтқан. Содан соң ауылдан ұзамаған. Қатарлас жігіттер ғылым докторы, профессор болыпты, дейтін. Ал Кәрекеңнің өзі өткізетін математика сабақтары айрықша қызғылықты. Сарт-та сұрт, ашық, және ұғынықты, нақты сөйлейді. Сонымен бірге, сырттай аса қатал көрінетін. Сабақта ешкім қыбыр ете алмайды, сабақтан тыс уақытта да, үзілістерде, директор келе жатыр дегенде у-шу бірден басылып, барлық бала қабырғаға ығысып, үлкен кісі өтіп кеткенше жым-жырт болар еді. Имену, қорқыныш емес, ерекше құрмет. Сол Кәрімерген аға мектептегі барлық оқушыны өзінің туғанындай жақсы көреді екен. Біз оныншы класты бітіргенде, медальға ұсынылған балалардың барлық документ, шығармаларын алып, Семейге аттанғанын, Мен, Рымғали, Төлек, Блок төртеуімізді қалай қорғап, ақыры, жоғарғы оқу орнына емтихансыз, төтелей түсіретін атаулы медальға жеткізгенін, яғни болашағымызға кең даңғыл жол ашқанын бұрнада бажайлап жазғам. Міне, осы директорымыз да әдебиет пәнінің жаңа мұғаліміне мейлінше риза екен. Әдебиет үйірмесін ашуға міндеттепті. Біз үшін айтарлықтай жаңалық емес, бұрнада математика, тарих, география үйірмелері бар болатын. Жай ғана үйірме емес, өріс кеңейтетін қосымша пән есепті. Жетекші мұғалім өз еркімен тіркелген балаларға әртарап әңгіме айтып, үздіктеріне арнайы тақырып жүктейді. Өзімізше көтермелеп, баяндама деп атар едік. Бұл баяндамаға әрқилы көлденең кітаптар арқылы әжептәуір дайындық керек. Ақыры, кезегі келген күні талқыға түседі. Толықтырулар, қосымшалар, әрқилы пікір. Кәдімгідей жапырласып, жазыла сөйлеп қалар едік. Мен, әрине, қай-қайсына да белсене қатынасам. Дәп осы кезде бар жағдайым оңға басқан, осыдан төрт жыл, төрт ай бұрын ұсталып, жиырма бес жылға кесіліп, Итжеккенге айдалған аға, яғни туған әкем, Сталиннен соңғы кеңшілік нәтижесінде, қажыса да қаусамай, аман-есен оралған. 1955 жыл, қара күз болатын. Көп ұзамай-ақ өзінің мұғалімдік қызметіне кіріскен. Енді менің де күнделікті тұрмыс-жағдайым оңалып, өрісім кеңейе түскендей. Мектеп программасындағы барлық сабақтан үздік болғаныммен, әдебиет, болашақ жазушылық және ғылыми жұмысқа бейіл беріп, университеттің филология факультетін нысанаға алғам. Ендігі үлкен жаңалығым – орыстілді классикалық әдебиетке көбірек ден қойып едім. Бұрнада негізінен қазақша аудармаларымен жүргем. Түпнұсқада жекелеген үлгілерін қарағанмен, көкірегім толған запыран қайғы кеңінен жайылып, тереңге бойлауға мүмкіндік бермеген. Енді Гоголь, Толстой мен Тургенев қана емес, батыс әдебиетінің қолға түскен өзгеше нұсқаларын да тек орысша оқуға көштім. Бұрын тым көп білем деп ойлаушы едім, енді білмейтінім одан да көбіне көз жетті. Әйткенмен, әдеттегідей, көкірек жоғары. Сол беті әдебиет үйірмесіне де белсене араластым.

Үйірме жетекшісі, – жаңа айтқанымдай, университет бітірген, аспирантурада оқыған, қатарлас кластарда әдебиет пәнін жүргізетін мұғалім. Есім-сойы – Ерғали Дайрабаев. Бұрнада сабағын көрмегем, мәнерлей тамсанып, кейде оң жағына қарай кегжите мойын бұрып, бабымен сөйлейді екен. Үйірменің алғашқы дәрісі қандай тақырыпта болғаны есімде жоқ. Әйтеуір қызғылықты өтті. Мен бой көтермеген сияқтымын. Есесіне, жаңа жыл қарсаңы, екінші кезекте тыныш отыра алмадым. Соңына қарай жазыла сөйлеп едім. Тақырыбы есімде жоқ. Тәрізі, өзім де ойламаған жағдай, үйірме жетекшісі мұғалім, үлкен әдебиетшінің өзімен қайшыласып қалсам керек. Ашық, атаулы талас емес, әйтеуір басқаша байып. Дайрабаев шекесінен, сынай қарап тұрды да, мені түзетіп, жай ғана түзетпей, қағыта сөйлеп, әрең тоқтады. Әрине, менікі дұрыс, бірақ мұғаліммен дауласуға жол жоқ. Енді ешқашан сын естімес, әрі дауласпас үшін әдебиет үйірмесі сабақтарына мүлде қатынаспайтын болдым. Мұндай оқымысты, данышпаннан өзімнің құбатөбел мұғалімім көш ілгері екен.

Бұл Ерғали Дайрабаев, мені әлденеден ұнатпай қалғаны демесек, жаман адам емес еді. Таным-білігі де жоғары деңгейде. Кейінірек, мен аспирантураны тәмамдарда Алматыға қайтып оралды. Көп ұзамай ғылым кандидаты дәрежесін алды. Педагогика саласынан. Бұдан соң докторлық қорғаған, қорғамағанын білмеймін, арада оншақты жыл өткенде ҚазМУ-де профессор атағына жетті. Ауылдас ағайындар ортасы және басқа да жағдайда әлденеше рет кездестік. Бірақ жақындық орнамады. Біздің арамызда Рымғали ғана жалғасып, сыйласып тұрды ғой деймін.

Әдебиет үйірмесіндегі, мен үшін қолайсыз жағдайдан соң, Әуесқан мұғалімнің қолынан шықпадым. Оныншы класта да осы кісі оқытты. Қашанда оқушы емес, ересек әдебиетші ретінде қарар еді. Және тілектестігі өзгеше болды. Оныншы кластың мемлекеттік емтиханы, әдебиеттен шығарма жазып жатқан кезде алаңдап, қасыма неше рет келді. Бір жолы, төрдегі қатал комиссияның көзін ала бере, дәптерімнің әлдебір тұсын саусағымен түртіп еді. Осы араға үтір қойылса деген ишара. Мен басымды шайқадым. Қажет емес. Көңіліне алған жоқ, жымиып басын изеп, қалған балаларды жағалап жүріп кетті. Бұдан соңғы кезеңде Әуесқан ағаны мүлде көрмеген сияқтымын. Көрсем, сол соңғы жолға жалғас, әлдеқалай. Көп ұзамай, мен бастауыш мектебінде оқыған Алғабасқа ауысыпты. Ендігі жеті жылдыққа. Сонда аз-кем емес, отыз жылдай директор болып тұрыпты. Ғасырдың соңына таман, алпыс, әлде жетпіс төңірегінде дүниеден өткен екен. Иманы жолдас болсын. Кісілікті, мейірбан, жақсы педагог еді.

Орта мектептің әдебиет мұғалімдері осымен тәмам.

Соңғы сәтте ғана ойыма түсті, орыс әдебиеті, орыс тілінен оқытқан мұғалімдер бар ғой. Олар да тіл үйретумен ғана шектелген жоқ, қадарынша орыс әдебиетінен мағлұмат берді.

Осы ретте есімде қалған алғашқы мұғалім – Рябушкина. Мұғалім, апай демей, орыс рәсімі – есім-жөнімен атайтын едік. Лидия Павловна. Тәрізі, Семейдің педучилищесін бітірген. Міндетті жолдама бойынша, сырттағы көлденең ағайынның бәрі зарлап, жылап келетін жер түбі – Шұбартауға бағытталған. Осының алдында ғана, бесіншіде, өңкиген, қоңқиған, кейінде ойлаймын, қырым татары, Стальский деген егде кісі сабақ берген. Ашушаң, шыдамсыз жан екен, біздің тентектеу, әрі үлгерімі нашар бір бала тыныштық сақтамай, абалақтап отырғанда айтқан сөзі есте қалыпты: «Айдап чықарам, айуан!..» – деген. Балалар үзілісте «Стальский айдап чықарады, енді айуан болмай тыныш отырайық» деп шулағаны бар. Бір қысқа әрең жетті ғой деймін. Бұдан соң – жаңағы Рябушкина. Бетінің азғана секпілі бар, кейкі мұрын, бүйрек бет, орта бойлы, тығыршықтай орыс қызы. Сол кезде жиырмаға жаңа келсе керек. Жайдары, әрі жақсы кісі екен. Алтыншы ғана емес, жетінші, сегізінші кластарда тағы оқытты. Бұрын-соңы Шұбартауға ұзақ тұрақтаған жалғыз орыс. Сірә, оқу бітіргенде міндеттеген уақыт шегі. Мені бірден ұнатып, бауырына тартқан. Бүткіл үш класта ерекше атайды екен. Сабағы да сапалы. Сегізінші класта ғой деймін, Радищевті өткенде үйге шығарма бергені есімде. Мен бұл кезде аудандық парткабинет кітапханасына барып, Серікхан Тоқсанбаев дейтін аталас ағайыннан қалаған кітабымды алып тұратын едім. (Таң қаларлық жағдай. Арнайы оқу бітірмеген, бірақ жан-жақты білімдар адам еді. Орысшаға жетік және оқымаған кітабы жоқ сияқты. Мен үшін алыс, өткен заман, Алғабаста тұрған кезімізде, ауданнан уәкіл болып келіп,қыс көзі қырау, біздің үйде екі-үш күн жатты. Блоктың әкесі, колхоз бастығы Шәйкен ақсақалдың арнайы шақырған қонағына да бірге бардық. Ол кездегі қалыпты рәсім бойынша, үлкен астан соң әңгіме айтылады, сонда Серікхан аға ертегі, жыр емес, Батыс жазушыларының шығармаларынан баяндады. Соның бірі – Артур дейтін гангстер туралы шытырман хикая болатын. Жансақтау үстінде еріксіз ерлік жасап, ақыры керемет қарақшы болады. Нойыс тонаушы емес, кемшінге қарайлас, ізгілікті батыр. Кейін қаншама кітап оқысам да, ұшыраспаған дүние. Оның есесіне, Секеңнің үй кітапханасынан алғаш рет Драйзерді көрдім. Ақсұр түсті, кетпектей, қалың томдар. Алты кітап қой деймін. Американ жазушысы деді, Теодор Драйзер. Мен қызыға қарап қана қойып едім. Сұрау әдетімде жоқ, және орысшам да жетіспей жатқан. Ақыры, арада қаншама жыл өткен соң, университеттің екінші курсында букинистен қолға түсірдім. Қоңырқай түсті, әдемі он екі том. Пәтерде бірге тұратын Әбіш екеуіміз атағы зор «Американ трагедиясынан» бастап, «Дженни Герхардттан» өтіп, «Финансистке» дейін, құныға оқып едік. Иә, біздің алыс, жер-әлемнен шалғай қазақ ауылында әлдеқалай бұғып қалған осындай да кісі болып еді, сөз реті келген соң, ұмытылмас таңбаға түсіре кетуді парыз санадым.) Міне, осы ерекше бай кітапханадан Радищевтің жасыл түсті, қалың біртомдығын алып, «Петербургтан Москваға саяхатымен» қоса, айдауда, одан кейін де жазылған көптеген өлеңдерін мұқият оқып, ең бастысы – жинақтың мағналы алғысөзін бажайлап, ақыры әрқалай құрастырып, жеті-сегіз бет шығарма жазып бердім. Арада қаншама заман – отыз бірдеңе жыл өткен соң, 1986 жылдың қара күзінде Талдықорған тарабынан ерекше хат алдым. «Жазушы» баспасына жолдапты, сұрау ұштығы маған түсті. Мен баяғыда, 50-жылдар ішінде Семей, Шұбартау ауданындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып едім, деп бастайды. Сонда бір бала айрықша есімде қалыпты. Әдебиетке жетік, орыс тілін де өте жақсы біледі. Төңірегінен бөлек, жалғыз жұлдыз сияқты жарқырап отыратын. Шығармалары өте мазмұнды келетін. Сол кезде бұл он екі-он үш жасар бала болашақта үлкен жазушы болатын шығар деп ойлаушы едім. Қазір аты-жөні нақты есімде жоқ. Енді қаншама заманнан соң алдымнан шыққандай. Орысша аудармасында бірнеше кітабын оқыдым. Суреттерін көрдім. Мұхтар Мағауин деген бұл үлкен жазушы сондағы мен сүйініп отыратын бала сияқты. Енді жаңа кітабы шыққан баспаға жазып отырмын. Бұл Мағауин шалғайдағы сол Шұбартау ауданының тумасы ма? Олай болса, анық, сол бала. Көңілімді мазалаған күмәнді тарқату үшін сіздерден жауап күтем... деген. Қазір сөзбе-сөз есімде жоқ, бірақ жалпы сарыны осы. Оның «русским языком владел в совершенстве», «горела как яркая звезда» деген сөздері сол қалпында. Әрине, менің өзі оқыған ерекше шығармаларымның әсерімен, өткенді көтеріңкі елестетіп отыр. Қайткенде орыс тілін «в совершенстве» емес, тек кластас ауыл балаларынан тәуір білсем керек, ал кеуде тым жоғары, қатарымнан озғын отыруым анық. Хат иесі – айтқанымдай, Талдықорған обылысының шегі, елеусіз бір қыстақта тұрады екен, әрине, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Есім-жөні – Л.П., бірақ сойы – Любчикова. Бізге сабақ берген кезінде басы бос қыз еді, ендігісі, әрине, күйеуінің фамилиясы. Қайткенде анық өзі. Мен қайран қалып және өткен ауыр күндер есіме түсіп, аз-маз мұңайып отырып едім. Көп ұзатпай, арнайы хат жазбасам да, соңғы бір томдық – Мәскеу, «Известия» баспасынан шыққан, ішкі бірінші бетінде тәуір суретім бар үлкен кітабымды салып жібермек болдым. Ол кезде мен хат-хабар мәселесіне тым салақпын, салақ емес, мүлде бей-жай. Және мақтау мен даттауға мән бермеймін. Ерекше хаттың мән-мағнасын да оншама ескермеген сияқтымын. Бір-екі апта уақыт оздырып алсам керек. Содан соң... Желтоқсан оқиғаларының абыр-сабыр, мазасыз ызғырығы басталған. Сөйтіп жүріп, арада әлденеше апта, бәлкім, екі-үш ай өтіп кетіпті. Уақасы жоқ дер едім, бірақ атаулы хат, қаршадай кезімде менің бағамды таныған, ақыры зерделі оқырманыма айналып, сұрау салған орыс мұғалімінің адресі – қажетті конверт көп қағаздың арасына түсіп, қанша іздесем де табылмай қойды. Арада он бес жыл өткенде, шығармаларымның он үш томдығын дайындау кезінде кездейсоқтан ұшырасып еді. Енді мәнісі жоқ. Өкініш болмаса да, көңілде дық қалып еді. Айтқанымдай, ол заманда мен өзімнің қаламгерлік қызметіме байланысты мақтауға да, сөгіске де ешқандай мән бермес едім, әйткенмен, ең бір зілмауыр жағдай, «бөрі арығын білдірмес» ауыр кезеңнің өзінде менің өзгеше талайымды таныған, асса жиырма жастағы орыс қызы, енді отыз жылдан кейін сол бір балаға іздеу салған аяулы мұғалімді қанағат пен қуанышқа кенелтуім керек еді, ақыры, осы хаттың жауабына қарап қалмаған шығар, әлдебір газет, журнал, жазбалардан менің сол Шұбартау ауданында туып-өскенімді, яғни, шынымен-ақ өзінің алдынан өткенімді біліп, мейірленген шығар деп көңіл жұбаттым. (Бұл ерекше хат бүгінде Алматыда жатыр, ілгері екі-үш жылда ондағы байтақ кітапханам мен барлық архивімді осы Америкаға көшіріп алмақпын.)

Лидия Павловна Рябушкинадан кейін, осы орыс тілі мен әдебиетінен тоғызыншы, оныншы кластарда сабақ берген тағы бір тәуір мұғалім болды. Әрине, шалғай, әрі таза қазақы ауылда емге бір орыс жоқ, зорлықпен, амалсыз келген әлдебір кісілер байыз таппайды, сондай-ақ, орта мектептегі орыс тілді мұғалімдер ешқашан құтаймайды. Бұл жалғызбасты әйел де Семейден арнайы жіберілген. Матрена Сергеевна Шапошникова. Жасы қырықтан асқан, арықша, ұзын бойлы, ақсары әйел. Мінезі қалыпты, мәдениеті жоғары кісі екен. Тамаша педагог. Біздің шалғай ауыл балаларына орыс тілін үйретумен қатар, орыс әдебиетін де бойға сіңіруге тырысты. Әрине, мен алғашқы күннен бастап-ақ жақсы есептемін. Көбіне орыс тілі, неміс тілі сабақтарында жайылып отыратын тентек балалардың өзі сыйлайтын. Бар талабы орынды және біршама қатал болатын. Есімде қалған бір жағдай. Біздің үздік оқушылардың өзі орыс тіліне шорқақ. Бірде осындай балалардың біріне: «Енді бір рет «мы» деп айтсаң, екі қойып, тоқсандық қорытындыны «үшке» шығарам дегені бар. Сөз мәнісі – қазақ әліпбиіндегі «ы» мен орысша жазудағы «ы» екі бөлек – «ы» емес, «ый». Яғни, орысша «мы» – «біз» –  «мый» деп оқылуға тиіс. Бұл «мый» – қазақы мәтіндер әдетімен үнемі дерлік «мы» болып жатады. Ақыры, үздік оқушымыз ғана емес, барлық бала – мағнасыз «мы» емес, солай жазыла тұрса да орыс тілінің жөнімен «мый» деп айуға үйреніп еді.

Бізге орыс тілі мен әдебиетін оқытқан осы екі мұғалім ғана емес, мен жақсы атаған әдебиетшілермен қатар, барлық пәннің барлық мұғалімі шын пейіл, ерекше іждағатпен сабақ өткізетін. Ол заманда қазақ үшін ең қадірлі кісі – мұғалім. Үлкендер «Мұғалім бол!» – деп бата береді. Патша заманынан басталып, қазақ жарыққа – жаппай білімге ұмтылған 20–30 жылдарда қалыптасқан өзгеше мәдени сана көрінісі. Біздің бала кезімізде елдегі ең сыйлы кісі – мұғалім. Сырттан келген көлденең адам ауыл-аймақ жайын сұрағанда, колхоз бастығымен қатар, «Мұғалімдерің кім?» – деп айтар еді. Менің ағам, яғни туған әкем Мұқан Мағауин – сонау қиыншылық жылдары Жәркент педагогикалық училищесін бітірген, 1937–1939 жылдарда, біздің шалғай Шұбартау ауданында ең алғашқы мұғалімдердің бірі болған. Мен ауыл мұғалімінің отбасында тудым деп, әлі күнге мақтанышпен айтам. Және өзім алдынан өткен мұғалімдерімнің бәрін ризашылықпен еске аламын. Тіл мен әдебиет оқытушылары ғана емес. Математик, физик, химик, биолог... Оқушыларынан жанын аямайтын, өзгеше кісілер еді. Атаулы пәннен білім беруі ғана емес. Адамгершілік тұлғалары, кісілік кейпі. Мейірбан, әкелік қамқорлығы. Жалғыз-жарым емес, қаншама жан. Бесінші, алтыншы кластарда арифметиканы оқытқан және класс жетекшісі болған мейірбан Кенішбай Әлин, алтыншы, жетінші кластарда физикадан берген, тығыршықтай кішкентай, бірақ шымыр, білгір, қуақы Бәдиев, тарих мұғалімі, тумысынан дарынды, білімдар, өткір, тағдыр талғауымен бар мүмкіндігін ауыл-үй ішінде түгескен Қашура Елеусізова, айнымас завуч, яғни оқу ісінің меңгерушісі, табиғаттану мен зоологияны ұғындырған, білмей тұрған баланың өзіне екі қоюдан тартынатын, мінезі жұмсақ Базарбай Төлегенов, жоғарғы кластарда қазір математика деп жаппай аталатын алгебра, геометрия, тригонометриядан сабақ өткізген, кейінде Алматыда, Политехникалық институт пен ҚазМУ-де ұстаздық атқарған, бұдан соң жап-жақсы прозалық кітаптар жазған Мүтікен Ошыбаев, бізге химияны оқытқан, қатал, әрі әділ, кейінде ғылым докторы, профессор, жоғарғы мектептер үшін қазақ тілді химия оқулықтарын жазған Кәрім Аханбаев, ең бастысы – біздің Баршатас орта мектебінің көп жылдық, менің ұғымымда мәңгілік директоры, қазақтағы ең үздік мұғалім, және қамқор әке Кәрімберген Базарбеков...

Ал әдебиет мұғалімдерім... Оларға да ризамын. Маған әлденендей жол көрсетіп, көкжиегімді кеңейтпесе де. Бұл кісілердің білім, танымының кемістігі емес. Мен... қайткенде болашақ дырау жазушы, және кемеңгер Ата мен мейірбан Әженің бауырында өскен бұла мінез бар, кейін университет профессоры дәрежесіне жеткен білімдар оқытушының өзін қанағат тұтпаппын. Үмітжан Тайғожина, Әуесқан Жүнісов мұғалімдерді алғыспен еске алатыным – маған тоқтау салған жоқ, барымды сол қалпында, бәлкім, үлкен сүйінішпен қабылдады. Алтыншы кластағы анау бір кісі сияқты, алдымнан талқы құрмады. Ерекше болашағымды таныды, танымады – қайткенде қаршадай баланы құрмет тұтқан екен.

Осы реттегі ең үздік мұғалімім – өзім үнемі «ұлы ұстаз» деп әспеттейтін профессор Бейсенбай Кенжебаев болды. Өткен барлық жазбаларымнан аңдалса керек, Бейсекем маған ешқашан ешқандай ақыл қосқан емес. Көмескіні айқындап, жоғымды тауып бермеді. Тек мүмкін болған барлық жағдайымды жасаған. Жағаласып жүріп, аспирантураға алып қалды, қазақ әдебиетінің ежелгі тарихына жол ашатын қиын тақырыпты жүктеді, ең бастысы – ешқандай тежеу салмады, тықақтап маза кетірмеді, толық еркіндік берген. Ерекше құрметі және... таң қаларлық көрегендік. Болмасты болдырады, ақыр түбінде бәрін жапырып, қазақ әдебиетінің жаңа тарихын қалыптайды деген, ойға келмес, ақылға сыймас сенім. Сырттай қамқорлығы, сұқ көз, қаской ниетке тосқауыл болып отыруы өз алдына. Айналып келгенде, Мұхтар Мағауиннің өзгеше талайы. Сондықтан елжіреп еске алмас жөнің жоқ.

Барлық ұстаздың алдында тұрған қайран Бейсекемнен көп бұрын, ертелі-кеш маған әрқилы дәріс берген барлық мұғалімді қимастықпен еске аламын. Соларға ғана емес, әу бастан күні бүгінге дейін маған тілектес болған, сенім артып, жолымды ашқан, қадір-қасиетімді таныған үлкен аға, өзімді ұстаз, сөзімді пір тұтқан кіші іні атаулының бәріне, осы, сексенді иектеген ақсақал қалпымда басымды иіп, шексіз алғыс айтамын.

Оқи отырыңыз: Мағауиннің жастарға хаты

17-19.Х.2019,

Күміс Бұлақ, АҚШ.

Суреттер: Magauin.com

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

27.03.2024

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

27.03.2024

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

26.03.2024

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

25.03.2024

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

24.03.2024

Сегіз қазақстандық боксшы Литвадағы турнирдің финалына шықты

23.03.2024
MalimBlocks
Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензия бар.

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Қазақ спортшылары олимпиадаға жолдаманы Тблисиде өткен әлем кубогінде жеңіп алды.

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

Халықаралық жарыс Литваның Кунас қаласында өткен. Турнир боксшы әрі тренер Альгирдас Шоцикас құрметіне ұйымдастырылған.

Сегіз қазақстандық боксшы Литвадағы турнирдің финалына шықты