Алты құрлық

Malim Админ

  • 19.04.2020

   Журналист Әбдік Дархан Төленұлына арнаймын.  

2019 жыл, 15 шілде, сағат 15:00-де мексикалық Фернанда үйінен асығыс шығып жұмысқа кетті.

2019 жыл, 20 шілде, камчаткалық Гаврил астрономиялық мақаласын газетке жариялағаннан кейін, кешкі сағат 18:00-де өкпе обырынан көз жұмды.

2019 жыл, 21шілде Австрия.

Алxимик Вальтер әр түрлі металлды қорыту арқылы алтын шығаруды қолға алып, өзінің мол байлыққа кенелетініне сенімді болды. 17:00-де алxимиктің зертxанасында жартастарды қопаруға арналған динамик жарылып, Вальтер қаза тапты. Оның өлімінің соңы дау болып, зертxана иесі алxимиктің жақындарын сотқа берді.

2019 жыл, 22 шілде.

Лондондық Уильям Иран астанасы Тегеранда жүргенде із-түссіз жоғалып кетті. Елшілік оның жоғалғандығын өте кеш xабарлады.

2019 жыл, 23 шілде.

Александриялық Саид Орталық Африкадағы жергілікті тұрғындардың қолынан мерт болды деген ақпарат Мысырға жетті.

2019 жыл, 5 тамыз.

Қазақстандық журналистің Түркия ауруxанасында емделіп жатқанына үш күн болды. Ол 2 тамыз күні шекара штабы маңынан есінен таңып жатқанда табылған еді.

***

– Арқанды ұста, мықтап ұста Уильям, тағы біреуі келді, – деген сөздерді естіп жатырмын. Мені белімнен байлап тікұшақтан арқан арқылы жерге түсіріп жатқан секілді. Көз алдым бұлдырап айналаны анық көрер емеспін. Арқанды әлдебіреулер шешіп жатыр. Бір-біріне таныс тілде сөйлейді. Ағылшынша ма?

– Уильям, бұл жас жігіт мүмкін соңғысы шығар, – деді жуан дауысты адам.

– Жас жігіт, жас жігіт, есіңді жи, – деді екіншісі күбірлеп. Тікұшақ ұзап кетіп, айналадағы адамдардың дауысын анық ести бастадым.

Мен есімді төбесі қалың жапырақпен жабылған лашықта жидым. Қауға сақал қарт кісі сырттағы барлық адамды шақырды. Көзімді әрең ашып, өз-өзіме келе бастадым.

– Жас жігіт, менің есімім - Фернанда, мексикалықпын. Қалғанымен кейін танысарсың. Бұл түбектегі ортақ тіліміз - ағылшын тілі. Түбекте сені қосқанда алты адам бар. Саған бір-екі күн ғана демалыс береміз, содан соң жұмысқа кірісесің. Ал, жас жігіт, екінші өмірге қош келдің, – деді бойы ұзын арық, қоңыр түсті адам.

– Уильям, жас жігітті саған тапсырамын, жақсылап қара, – деді қарт кісі лашық сыртында тұрған толық сарыға.

– Мынау киім-кешегің, тамақты Гаврилмен бірге ішесің. Жұмысты Саид және Вальтер сен - үшеуің бірге атқарасыңдар. Бос уақытыңда Гаврил секілді аспанға қарап қиялдауыңа болады. Бірақ сенде бос уақыт бола қоймайтын шығар, – деп Уильям өз жөнімен кетті.

Түс кезінде лашықтан шығып айналаға қарадым. Уильям мені көре сала қолындағы жәшікті тастап маған қарай жүрді. Күннің ыстығы ми қайнатарлық аңызақ.

– Жүр жас жігіт, сені бұлаққа апарайын, ер соңымнан, – деп толық сары әлдебір жаққа жол бастады. Біраз жүргеннен кейін арық бойымен сығырая аққан бұлаққа жеттік. Суды қос алақаныммен көсіп қылғыта бердім. Көзімді, бетімді жуып салқындап өз-өзіме келгендей жаным тыншыды.

– Жас жігіт, бұл жердің өз заңы бар. Фернанда айтқан болар ағылшынша сөйлесеміз. Он екі-он төрт сағат жұмыс істейсің. Жұмысыңа қарай еңбек ақы апта сайын төленеді. Еңбек ақыға темекі немесе ешкінің сүтін алуыңа болады. Түбекте дүкен атымен жоқ, бізден басқа адамдар да жоқ. Апта сайын келетін тік ұшақтан керек жарағыңды айтып жіберсең, бірнеше күнде әкеліп береді. Негізі тапқан еңбек ақың ішіп-жемнен артылмайды, кейде ішіп-жемге де жетпей қалады. Менің есімім Уильям, – деді толық сары. – Бүгінше Гаврилдің қасына түнейсің, кейін өзіңе лашық тұрғызып аларсың. Қош келдің, бұл жер енді сенің де мекенің. Түбекті теңіз емес жай ғана өзен қоршап жатыр. Арал деуге де болар еді, – деп Уильям ауыз жаппай сөйлей берді.

Түбекті барлап қарасам, орта маңында биіктігі жетпіс-сексен метр болатындай алып тік жартас бар екен. Жартас басына қанатын кең жайып, алып құстар қонақтайды. Өздері сонау биікте болса да, сұсты көрінді. Өзен қоршаған түбектің ауасы таза, жанға жайлы, бірнеше сағатта бойым үйрене бастады. Бір жағы қалың тоғайлы болса, енді бір жағы ақ тақыр, орталығы жартас, солтүстігі биік шалғынды, оңтүстігі жыра-жықпыл. Арық бойымен жылжыған бұлақ жылжи ағып өзенге құяды. Түбек өте шағын, бірнеше сағатта айналып шығуға болады. Сам жамыраған мезгілде Гаврилдің лашығына қарсы лашықтан мақамды әуез естілді. Жұмыстан келіп, су тасып жүрген Гаврил:

– Жас жігіт, әлдебір мақамды әуен айтып жатқан - александриялық Саид. Ол Тәңірге күніге бес мәрте құлшылық қылады, – деді Саидпен сырттай таныстырып.

Қауға сақал Гаврил екеуміз кешкі ас іштік. Ас болғанда өзен шаяны мен қақталған ақ балық. Қайнаған суға піскен шаян қып-қызыл болып аяқтары тарбиып тәрелкеде жатты. Гаврил әр аяқты байыппен сорғыштап, сауыт ішіндегі етіне жете алмай қармауыштарды кемірді. Тамақтан соң балықтың сүйегімен тісін шұқып отырып әңгіме бастады.

– Қалыпқа келген болсаң ертең жұмысқа шық. Орталықтағы биік жартасты көріп тұрсың ба? Сол жартастың етегін Вальтер, Саид үшеуің үлкен балтамен, шапқышпен қой тастарды уатып, жәшікке жинайсыңдар. Аптасына үшеуің уатылған тастардың тоғыз тоннасын тапсыруларың керек. Фернанда, Уильям және мен өзеннен балдыр жинаймыз. Ас ауқатқа әзірге алаңдама, өзенге барған сайын шаян мен жылан балық әкеліп тұрамын, – деді тісінің арасын шаян етінен тазалап.

– Жұмыстың нәтижесі қандай болмақ? Неге уақ тас пен өзен балдыры? – деп сұрадым.

– Оны өзіміз де білмейміз. Тапсырылған істі мұқият орындап отырсақ болғаны, – деді жайбарақат.

– Түкке тұрғысыз екен, – деп қалып едім:

– Сөзді қой, – деді де, тобықтан келетін көк шалғынға шалқадан жата кетті. Аспанда жұлдыздар енді ғана оянып, әр жиектен көз қысады. Жымың қаққан аспан шамдары біздің түбектегі түсініксіз тірлігімізден бейxабар секілді. Жұлдыздарға қарап жатып, Гаврил қайтадан әңгіме бастады.

– Осы уақытқа дейін Камчаткада ғылыммен айналыстым. Үлкен телескопым болды. Жастайымнан түнімен жұлдыздарды бақылап, зерттеу жұмыстарымды жүргіздім. Одан кейін қым-қуыт тірлікпен жүріп астрономиялық зерттеу еңбегімді өте кеш аяқтадым. Жарыққа шыққан күні өкпе обырынан өлдім, – деді аспанға тесіле қараған күйі.

– Өлгені қалай? – деп оның жүзіне үрейлене қарап қалдым. Әріңкіректе жанып жатқан оттың қызыл сәулесі оның келбетін анық көрсеткенімен, қауға сақалы өзіне жараспай, үрейлі көрінді.

– Өкпе обырынан өлдім деймін. Сен әлі өлгеніңді білмейсің бе? – деді басын көтеріп алып.

– Қойыңызшы, мұнда қанша уақыт боламыз, соны айтыңызшы, – дедім.

– Білмеймін, мүмкін жартас толық қирап біткенше. Мүмкін өзенде балдыр біткенше, қанша уақыт болсақ та бір телескоп сатып алсам ғой, – деп лашыққа қарай бет алды. Әлден уақытта:

– Жас жігіт, орныңа жат, – деп қауға сақал лашықтың ішінен дауыстады. Жерге төселген шидің үстіне жата кеттім. Әрі-бері дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Ұйқысыздығым Гаврилге кедергі келтірсе керек, ол орнынан тұрып отырды да тағы әңгіме бастады.

– Сен жұлдыздар туралы білесің бе? – деді.

– Темірқазық үнемі солтүстікті көрсетіп тұрады дегенді білемін, – дедім, ұятта болса шынымды айтып. Ол бір күліп алды да:

– Камчаткада болғанда тіпті телескоптың өзі нүкте қылып көрсететін жұлдыздар шоғырын байқаған едім. Көптеген жұлдыздар күннен жүздеген есе үлкен. Ал жерге ең жақын жұлдыз төрт жарым жарық жыл қашықтықтағы Проксима Центавр, – деп астроном өзінің әлеміне мені сүңгіте берді. – Саған ғылими тұжырымдамаларды айту қаншалықты қажет екенін білмеймін. Мен жұлдыздарды тәулікті, аптаны, уақытты есептеу үшін зерттеген емеспін. Тіпті олардың координаттарын анықтауға көңіл бөлмедім. Телескоппен бақылау арқылы өзге әлемге сапар шегуді ғана армандап, ғылымның, адамзаттың алдында қандай жауапкершілікті мойныма алғанымды сезіне алдым. Жер бетіндегі жамандықтан зардап шеккен адамдарды өзіммен бірге басқа ғаламға алып кетемін деп ойладым. Жалған ақпараттан, жалған ғұмыр кешуден шаршаған xалықты әлдебір әлемге апарып, ойы еркін пікірі азат жаңа қоғам құрғым келді. Азат қоғамды жер бетінде құру тіпті мүмкін емес. Әлемде әр түрлі ұлт, өзгеше дәстүр, жүздеген қоғам мен ұстанымдар бар. Менің қиялымдағы қоғамды қалыптастыру үшін жерден басқа мекеннің қажеттілігін түсіндім. Соңғы мақалам осы негізде құрылған болатын. Шіркін, бір телескоп болса жартастың басынан аспанға көз жүгіртіп, сүйікті ісіммен айналысар едім, – деді де, қайта жатты.

– Гаврил мырза, бұл түбекке бізді не үшін қамап қойды. Шынымен екінші өміріміз осы ма? – дедім әлі сеніңкіремей.

– Екінші өмір? – деді де ішек-сілесі қатқанша күлді. Оның тоқтаусыз әрі ыңғайсыз күлкісі ашуыма тие бастады. – Сен немене, мен екінші өмір деп қалжыңдадым. Қандай іспен айналысатың едің? – деді даусын бәсеңдетіп. Ол осы жолы менімен шын сөйлесе бастады.

– Мен - журналистпін, азаматтық қоғам қалыптастыру жайындағы ойлар атты бірнеше мақалаларым болған еді, – дедім.

– Олай болса, қателесіпсің, жас жігіт. Мақалаң оқырманға ұнамаған болар немесе цензураға. Сондықтан осы түбекке әкеліп тастаған шығар. Қайту туралы мүлде ойламай-ақ қой. Себебі олар сені өлді деген құжат дайындап та қойды білемін. Мәселен мені өкпе обырынан көз жұмды дейді, мен тірімін, міне осындамын, – деп күлкісін қайта бастады. Күлген сайын оның ірі денесі селк-селк етіп қозғалып жатты.

Аз уақыт ұйықтадым. Лашықтан шықсам айнала түннен арылып таң қылаң бере бастаған. Аспан шамдары біртіңдеп сөніп соңғы жұлдыздар жарыққа шағылып, көзден ғайып болып жатыр. Қарсы лашықтан азан естілді. Саид та ерте тұрып алған секілді. Гаврил от жағып, су қайнатып отыр екен. Таңғы шайдан соң Саид келді. Үстіне ақ матадан тігілген ұзын жеңді көйлек пен кең балақ шалбар киген діндар Гаврил екеумізбен амандасты.

– Жас жігіт, іске кірісейік. Вальтер де оянған болар, – деді Саид көкжиектен жаңа көтерілген күнді қолымен көлегейлеп. Иегінде шоқша сақалы бар діндар байсалды қалпынан таңбай жартасқа қарай адымдай басып барады. Оған ілесіп жартасқа жеттім. Тастың мүжілген етегін балғамен соққылап бір кісі жүр. Вальтер деген осы адам екенін біле қойдым. Саид менің қолыма сабы темір үлкен басты балға ұстатты. Міндетім Вальтер құлатқан қой тастарды құмдай қылып уату. Саид уатылған тастарды күрекпен жәшік ішіне атады. Балғаны иықтан асыра көтеріп, екпінді күшпен тасты ұрғылап ұнтау оңайға түспеді. Демалыс түс кезінде. Тапсырылған тоғыз тоннаны бір аптада орындау мен үшін мүмкін еместей көрінді. Алақанымның терісі түсіп, қолым ашып мазасыздана бастап едім, Вальтер:

– Демалайық, – деп отыра кетті. Түс кезінде Саид бұлаққа кетті. Мен балғаға сүйеніп отырып Вальтердің әр қимылын қалт жібермей қарадым. Ол ұсақ тастарды мұқият қарап жейдесінің етегіне сала бастады. Әп-сәтте етегін толтырып алды да, асыға басып лашығына кетті. Саид оралған соң одан Вальтердің әлгіндегі ісінің мәнін сұрай бергенімде алxимиктің өзі де келе қалды.

– Дүниеге тойымсыздықтың түбі не болатынын білесің ғой Вальтер, – деді Саид байыппен ақыл айтқан адамдай сөйлеп.

– Діндар, сен сөзіңді тоқтат! Мен өмірімді ғылымға бекер арнамаған шығармын. Бір күні бұл тастың құрамынан алтын табамын, – деді алxимик.

– Тапқанда ол алтынды қайда жұмсамақсың? Түбекте бізден басқа ешкім жоқ, қашып шыға да алмайсың, – деді діндар.

– Егер тастың құрамында алтын немесе бағалы зат болмаса, бізге аптасына неге тоғыз тонна тас алдырады?

– Олардың қолында байлық та, билік те бар. Біздей қарапайым адамдарға білгендерін істейді. Сен мойынсын, шүкіршілік ет, – деді діндар Саид.

– Шүкіршілік? Шүкіршілік етейін мына қарғыс атқыр түбекке қамалғаныма, Вальтер Вена қаласында жарылыстан қаза тапты дегенге шүкіршілік етейін, – деп Вальтер ашуланып балғаны лақтырып жіберді.

– Тірісің, шүкір де, – деді Саид сабырлы сөйлеп. Мен жағдайдың ушыға түсетінін сездім.

– Тірі болғаным кімге керек, кімге? Құлдан айырмамыз жоқ, – деп Вальтер булыға түсті.

– Мен де төзіп келемін. Олар мені Орталық Африкада мерт болды деп ақпарат шығарды. Бірақ тірімін, Тәңірге шүкір айтам. Олар менің еңбегіме қарай ақы беріп жатыр. Ең бастысы құлшылық қылуыма кедергі жасамады. Не керек басқа?, – деп Саид осы өміріне риза екенін білдірді.

– Солай ма? Тапталып жатқан құқық ше? Қайдағы еңбек ақыны айтасың? Бұл нағыз барып тұрған адамды қанау. Менің ізденісіме уақыт қайда? Ғылыми жұмыстарыма неге мұрсат бермейді? Идеяларымды қалай, қашан жүзеге асырамын? Жұмыс, жұмыс! Шаршадым, – деп отыра кетті.

– Тыңда, Вальтер, мен сені ғалым деп санамаймын. Сенің ізденісің - дүниелік білім. Мен ақыреттік білімі бар адамды ғана ғалым деп есептеймін, – деді Саид сабырлылығынан таңбай. Вальтер болса, одан сайын ызалана берді.

– Дүниелік білімі бар адамдарды ғалым деп есептемейсің бе?

– Есептемеймін.

– Олай болса ешқандай тұрмыстық заттарды қолданушы болма. Тік ұшақпен келетін ешқандай затты қолданбайсың. Себебі сенің күнделікті тұтынып жүрген заттарыңды xимиктер, ғалымдар ойлап тапқан. Өзіңнің азаматтық ұстанымыңнан ауытқымаймын десең ақыреттік ғалымдардың ойлап тапқан заттарын тұтын. Сол ғалымдар тоқыған киімді ки, сол ғалымдар құрастырған тік ұшақпен келетін заттарды қолдан. Химиктер мен физиктер өмірлеріңді жақсарта түскен сайын сендер құлшылықтан басқа ештеңе ойламай кетесіңдер. Ал адамзат алдындағы жауапкершіліктерің қандай? Саид бүгіннен бастап өзін ғалым деп мойындайтын адамдардың ғана істегенін пайдаланасың. Олар не істеді? Кітап жазғаннан басқа, айтшы, – деп Вальтер қойып қалды. Саид содан кейін ауыз ашпады. Үн-түнсіз жұмысын жалғастыра берді.

Күндер зулап өткенімен түбекте өзгеріс болмады. Жұмыстан әбден қалжырап келемін де, Гаврилдің қасына түней салып жүрдім. Ол түні бойы балдырдан бөртіген аяғын тырналап, астрономиялық тұжырымдамаларын айтады. Оның ұйықтайтын уақытын біліп алдым. Шіркін бір телескоп болса дегеннен кейін қор етеді.

Бір күні жұмыстан лашыққа келіп кешкі ас ішіп отырғанымызда толық сары Уильям келді. Бізбен бірге тамақтануға шақырдым. Асымыз - суға піскен тырбық шаян мен бір стакан ешкінің сүті. Кешкі астан соң Гаврил аспанға ұзақ тесіле қарап ойға шомып жатты да:

– Ғарышқа кетсем, мына әділетсіз мекенді тастап, – деді. Аспаннан көзін алар емес.

– Жоқшылықтан әбден шаршағанда генийдің бәрі ғарыш кезіп кеткісі келген. Гений болып жерде тіршілік ету өте қолайсыз. Дәл қазір Амадео өмірде армандаған жұмақ мекенінде періштелерге симфония ойнап беріп, жаны тыныштық тапқан болар, – деді Уильям қиялға батып. Гаврил қауға сақалын сипап біраз жатты да Уияльямға:

– Леонардо ше? Адамзаттың мақтанышы емес пе? Бірақ оны адамзат қалай қабылдады, данышпан деп есептеді ме? Жаны нәзік ұлы адам үшін тағдырдың ауырлығынан асқан соққы болмас. Біз олардай гений емеспіз. Неге қоғамнан бізді ажыратып тастады екен? – деп Гаврил бірдеңе жоғалтқан адамдай орнынан түрегелді.

– Мистер Гаврил, дұрыс айтасыз. Кінәміз болмаса да, түбекке қамап қойды. Бұл да тағдыр, бұл да бақытсыз ғұмыр көрінісі, – деп Уильям қолын сермей көсемси сөйлей жөнелді. Осы сәтте Вальтер лашығынан шыға келіп айқай салып, қолына түскен кез келген затты жан жаққа ашулана лақтырды. Мексикалық Фернанда оны барып тоқтатпақ болып еді, Вальтер жынданған кісідей айқайға басты.

– Фернанда, өзі қояды, оны тоқтатам деп әуре болма, мінезін білесің ғой. Мұнда кел, – деп Гаврил Фернанданы қол бұлғап лашыққа шақырды.

– Гаврил мырза демалуым керек. Аяғым бөртіп маза берер емес. Жұмыста жолыққанша, – деді де, лашығына зып беріп кіріп кетті.

Уильям мен Гаврил қайтадан әңгімеге кірісті. Мен өз ойыммен оңаша қалып, тып-тыныш бейбіт жатқан өзен бетіне қарадым. Үп еткен жел жоқ. Шалғын басы салбырап мүлгіп тұр. Үлкен жартас біздің нәтижесіз тірлігімізге терең күрсініп алғандай тыныштық құшағында қалғиды. Бізді жұмысқа жегу өзгелерге не үшін қажет болғанын түсінгім де келмеді. Бір білерім мына бес адам әлем үшін қауіпті секілді. Олардың ізденісі мен ойлары біреулерге ұнамағаны анық.

Толық сары от жағып шыбын-шіркейді аулақтаймын деп түтінді жан жаққа будақтатты. Біраздан соң езуіне темекі қыстырып алған Вальтер қасымызға келді. Түрі өрт сөндірген адамдай құп-қу болып кеткен. Менің қасыма сұлқ етіп отыра кетті де:

– Мистер Уильям, жас жігіт, Гаврил мырза, түсінесіздер ме, түсінесіздер ме, – деп қайталай берді.

– Айт, түсініп көрейік. Не болды сонша ашу шақырып?

Вальтер отқа жақындап барып темекісін тұтатып алды да:

– Апта сайын тоғыз тонна тасты тік ұшақпен алып кетеді. Түсінесіздер ме, бұл тастардың құрамында бір грамм да алтын жоқ, мырзалар, – деп тағы ақырды.

– Жоқ болса ше? Бізге оның бар жоғы не үшін қажет? Соған бола ашуландың ба?

– Мырзалар, олар бізді ақымақ қылып отыр. Жартас оларға не үшін керек? Мұндай түкке тұрғысыз тастарды әлемнің кез келген жерінен табуға болады. Түсінесіздер ме, олар бізді ақымақ санап отыр. Қалай төзуге болады? – деп безгек ұстаған адамдай қалтырауын қайта бастады.

– Вальтер, өзіңді ұста. Әлемде бізден басқа да миллиардтаған адам өздерінің не істеп жүргендерін білмейді. Жасаған ісі өзінен басқа ешкімге қажет емес. Қажет болғаннын өзінде адамзат алдындағы жауапкершілігім деп сезініп жұмыс істей ме? Тамақ табу мен күн көрістің қамы ғана. Шаxтер шаxтаға түскенде адамзат үшін қолына қайла алып кең қаза ма, әлде жалақы үшін қаза ма? Мұнайшы жерді адамзат үшін бұрғылай ма? Табыс табу үшін бе? Өмірде адамзат үшін жұмыс істейтін адамдар бар, олар – ортақ дүние ойлап табушы ғалымдар. Ал қалған адамдар ғалымдардың ойлап тапқаның өмірде пайдаланушылар мен ғалымдарды жамандаушылар. Осыдан-ақ қоғамның сана деңгейін ұға берсең болады, – деді Уильям оны сабасына түсірмек болып. Вальтер сәл сабырға келгендей темекісін сорғылап отырды да:

– Уильям, сенің ойыңмен келісемін. Ізгілік жолында қаншама ғалым тер төкті. Бірақ зұлымдыққа да өлшеусіз күш сыйлаған да - ғалымдар. Әскери қарулар, жойқын жарылғыш заттар, тіпті әлемді бір сәтте жойып жіберетін ядролық қаруларды да ғалымдар дүниеге әкелді, – деді.

– Адамның жаны жаралғалы қатігездікке құмар. Күнәмен қатар туған. Сол үшін адамзатты бір деңгейде теңестіру үшін қарудың болуы шарттылық. Кольтпен теңестіру деген сөзді түсінесің бе? Кольт қаруды үндістерді қырып-жою үшін ойлап тапты ма, әлде адам мен адамның қақын құқын теңестіру үшін шығарды ма? Мен азамат ретінде ядролық қаруды қос қолдап қолдаймын. Себебі қос мемлекетте де алпауыт ядролық қару болса, екі ел де амалсыздан бейбітшілікке, бітімгершілікке келеді, – деді Уильям әдеттегідей қолын сермеп. Осы тұста Вальтерден темекі алып тұтатып отырған Гаврил қарқ-қарқ күлді де:

– Қос қолдап қолдаймын дейді есуас. Хиросима мен Нагасакидегі қасіретті немен жуып шаясың? Ақымақ! – деді.

– Міне, біз ғалымдарға кінә артамыз. Ғалымдардың идеясын, ізгілік жолында ойлап тапқандарын қаруға айналдырған билік. Озбырлар. Әуелгі энергия өндіру үшін жасалған күшті қаруға айналдырған, яғни ізгілікті зұлымдыққа айырбастаған қаныпезер адамдар. Ғалымдардың кінәсі жоқ. Тіпті тапаншаны да адам мен адамның құқығы тең болсын деп жасады емес пе? – деді Уильям.

– Тоқтаңыздар, қайшылық қай тақырыпта да бар. Екеуіңіздікі де дұрыс пікір болар. Ізгілік жолында пайда болған ұлы күшті қару ретінде пайдалану ғалымдарға жағылған күйе болғанымен, бейбіт тұрғындар адамның қолынан келмейтіні жоқ екенін түсінді. Мәселен адамның қолдан жасайтын зұлымдығында шек жоқ екенін білді. Бейбіт тұрғындар ұлы күшке ие озбырлардан жақсылық күтпеуді ұғып, Хиросима мен Нагасаки арқылы мәңгілік сабақ алды, – деді Вальтер.

– Бүгінгі бейбітшілік ше, жалған ба? – деп мен де әңгімеге араластым.

– Бүгінгі бейбітшілік уақытша, әрі өтірік. Жиырмасыншы ғасырда адам соғыстан әбден қалжырады. Жылдар өте күш қуаты артқанда өзге ел мен өзге жерлерге көз аларту басталып, қырғи қабақ соғыспен тәмәмдалады, – деді Вальтер өзінің жорамалын орта салып.

– Жас жігіт, қазір шепсіз майдан жүріп жатыр. Ғылымнан тыс қалған елді, жедел дамып жатқан алпауыт мемлекеттер үздіксіз процестеріне араластырып, өзіне тәуелді етеді. Саған қалай түсіндірсем екен, – деп Гаврил ойланып қалып еді, Вальтер сөзін іліп әкетті.

– Денені құрайтын бөлшектердің кинетикалық энергиясы мен осы бөлшектердің өзара әрекеттесуінің потенциалдық энергиясының қосындысын ішкі энергия деп біз физикада айтып келеміз. Алпауыт ұлы державаларды электрондардың ядромен өзара әрекеттесу энергиясы мен ядроның құрамдас бөліктерінің әрекеттесу энергиясы түгел қатысқан толық энергияға ие деп алайық. Ал ғылым-білімі дамымаған, экономикасы артта қалған елдерді денеге энергия арттыру үшін температура берілмеген бөлшек ретінде қарастырайық. Температурасы жоғары дене молекулалар қозғалысының кинетикалық энергиясы төмен денені қабылдаса өзіндік дененің жылулық ұлғаюын құрайды. Осы мысал секілді, бейбіт, тыныш, қозғалыссыз жатқан елдерді ішкі энергияға ие мемлекеттер бір күн болмаса бір күні өз жылулық ұлғаюына қосып алары айдай анық, – деді Веналық алxимик. Гаврил тоқтаусыз күлді де:

– Оны журналист қайдан түсінсін? – деді күлкісін тимай.

– Түсініп отырмын, – дедім. Төртеуміз пікір алмасып отырғанда лашығынан Фернанда жүгіріп шығып:

– Мырзалар, ұйықтайық. Дауыстарың ұйқы берер емес, – деді.

– Жарайды, мистер.

– Аяғым бөртіп, мазам да қашты, – деп лашығына кіріп кетті.

Әркім өз жөнімен тарады. Төсеніш ретінде пайдаланып жүрген тоқылған шиді қағып-қағып құмақ үстіне төседім. Әлден уақытта орақтай болып ай көрінді.

– Шіркін-ай, бір телескоп болса ғой, – деп Гаврил қор ете түсті.

Түбекке келгеніме он шақты күн болып қалды. Айтарлықтай оқиғалар орын алмады. Саид пен Вальтер татуласты. Фернанданың аяғы жазылмады. Гаврил болса әр түн сайын телескоп армандап ұйықтады. Уильям әдетінше пәлсапалық әңгімелерін бізбен бөлісіп жүрді. Мен жұмыстан қатты шаршадым, ештеңе өндіріп жасай алмадым.

Бір күні түс мезгілінде түбекке тікұшақ келді. Түбекке қонбады отыз метрдей биіктікте бір орында қалықтап тұрды да, арқан арқылы үлкен жәшікті түсірді. Біз тоғыз тоннаны орындап жинаған тас толы жәшіктерді тік ұшақтан түскен арқанға ілдік. Олар өзен балдыры мен уақ тастарды тік ұшаққа көтеріп алған соң, түбекті бір айнала өтіп келген жағына кетті. Алтауымыз жәшікті қоршай алып, ашпаққа ниеттендік.

– Темекіні теңдей бөліп аламыз, – деді Фернанда.

– Ішінен телескоп шықса ғой, – деді Гаврил.

– Жоқ микроскоп шықса, – деп Вальтер балғамен жәшіктің шегесін қайыра ұра бастады.

– Не шықса да шүкіршілік, әйтеуір басымыз аман, – деді Саид әдеттегідей.

– Газет-журналдар, кітаптар ақтарылып қалса, – деп мүмкін еместі айтып Уильям тұрды.

– Ал көрейік, – деп Вальтер алып жәшікті қақпағынан емес қапталынан шегелерін ағытып, иінтірек арқылы бір жағын ашып кеп қалғанда, адам бойындай алып жәшіктен қара түсті, сұсты жыландар ақтарылып түсті. Абдырап қалған бәріміз алғашында бір орында қатып қалдық. Бірнеше секундта ес жиып жан жаққа бытырай қаштық. Жәшіктен бостандыққа шыққан жыландар түбекті кезіп кетті. Жүгіріп келе жатып артыма қарағанымда Фернанда қол бұлғап шақырып тұр екен. Бір жерге алтауымыз топтасып жуан таяқ пен балғаны қатар ұстап жыландардың көзін жоюға бекіндік.

– Қарғыс атқыр! Бұл не?! Жыланға жем болыңдар дегені ме?, – деп Вальтер қатты ашуланды.

– Көрдіңдер ме, оларға сенуге болмайды, – деді Фернанда қалпағын қайыра киіп. Уильямда ес жоқ. Қол-аяғы дірілдеп тілге келмейді. Түбектің орталығына қарай кеткен жыландарды екі топқа бөлініп қоршай бастадық. Жүрістері өте суық, сұсты. Тобымен жортып жүрген жорғалаушылар бізге мән берер емес. Өз жөндерімен жылжып барады. Соңында кетіп бара жатқан екі-үш жыланды қолындағы жуан ағашымен Фернанда қабаттап ұрғанда, алғы шектегі жыландар шабуылды байқап қалды. Жиырыла келіп бізге қарай жылжыды. Бірінен соң бірі ширақ қозғалған кезде түбекті шұбалаң шаң қылды. Амалсыздан қаша жөнелдік.

– Жартасқа қарай, аласа жартасқа шығыңдар, – деп Вальтер айқайлап барады. Саид жұмыс басындағы баспалдақты екі жарым үш метрлік аласа жартасқа тіреді де, Гаврилді мінгізіп жіберді. Жыландар құйындата жеткенше бәріміз тасқа мініп үлгердік. Бірақ олар біз шыққан жартасты қоршап алып кетер емес. Фернанда төменге ұзақ қарап тұрды да:

– Шамамен екі жүзге жуық жылан бар. Ұзындықтары жарты метрден. Адамға шабуылдағанына қарағанда улы жыландар секілді, – деді.

– Қалай қашып құтыламыз? Олар бізден кегін алмай қайтпайды, – деді Уильям, аяқ-қолы дір-дір етіп.

– Кешке дейін осы жартас басында отыра тұрайық, кететін болар, – деді Гаврил төменге қарап. Жартас беті алтауымызға тарлық етті. Төрт адам тұрып, екі адам отырып, ауысып демалдық. Жыландар бірінің үстіне бірі айқасып төбеге қарағыштап, тас түбінде жүрді де қойды. Күн төбемізден төніп, бізді тастың бетінде шыжғырып жатқандай еді.

– Жыландар тарағанда түсерміз, шыдайық, – деді Саид.

– Қандай амал бар? Тіпті бұл түбекте xимиялық улы заттар да жоқ. Оларды біртіндеп өлтіруге біздің шамамыз жетпейді, – деді Вальтер қалшылдап.

– Ажалымыз төменде күтіп тұр. Біздің тағдырымыз қандай аянышты еді. Біреудің қорлығына төзе-төзе шаршадым мен де, – деді Уильям.

– Біз адамдардың есебінше өліп қалғанбыз. Уайымдамаңдар, түбінде қалай болмасын ажал келеді, – деді қауға сақал. Саидпен алмасып отыра бергенім сол еді, тасқа сүйеулі тұрған сатымен Фернанда төменге түсіп бара жатты.

– Тоқта, Фернанда, не істемексің?

– Білесіңдер ме, мен – мексикалық өнертапқышпын. Өмірімде мұндай ғажайыпты құрастыруды мен де ойлаған едім. Онымен мені жұмыс босатпай, мүмкіндік бермеді, – деп Фернанда күле сөйлеп төменге түсе берді. Менің көз алдыма Фернанданы жыландар қалай шағып, жан даусын көкке жеткізіп жатқаны елестеді. Фернанда еш үрейленбестен жыландардың қақ ортасына түсе қалды да, екі қолына екі жылан ұстап алып жоғарыда тұрған бізге:

– Сужүректер, түсіңдер  жоғарыдан. Жылан емес, бұл кәдімгі резеңкелер. Міне, мұнда арнайы құрылғы орнатылған, сол арқылы жылжып қажетті ақпарат жинайды, – деп резеңке жыланның бас бөлігін көрсетті. Қарқ-қарқ күліп Гаврил де түсті. Жерге түскеннен кейін бәріміз аң-таң болып резеңке жыландарды ұстап көре бастадық. Жыландар аяғымыздың астында сусып жылжи берді.

– Неткен мазақ, – деп Вальтер оларды шетінен балғамен жанши бастады. Вальтердің балғасынан құтылғандар түбекке жайылып кетті.

– Бір орталықтан құрылғы арқылы жыландарды басқарады. Бұл керемет өзге ел жайлы ақпараттар білу керек болса осындай жыланның бірнешеуін шекара арқылы өткізіп жіберуге болады. Төменге анықтап қарасам жыландардың жүрісі бір реттілік негізінде құрылған. Бір заңдылық арқылы бірдей қозғалады. Жасандылық байқалып тұрды, – деп Фернанда өзінің тапқырлығын бізбен бөлісті.

– Мырзалар, біз осымен жұмысты тоқтатамыз. Өзенге балдыр теруге бармаймыз, тас уатпаймыз. Қазірден бастап түбектен құтылудың амалын қарастырамыз, – деді Вальтер.

– Өзеннің таяз жерін іздеу керек.

– Тоғайдан ағаш әкеліп сал жасаған дұрыс.

Түбектің ағаштары темірдей, балта өтпейді, ара бізде болған емес. Қалың ағаштарды ұзақ шауып біршама жинағандай болдық. Ашығып қатты шаршағанымызда кеш те болды. Гаврил шаян қайнатуға лашыққа кетті. Қалғанымыз қас қарайғанша ағаш шауып, лашыққа кеш қайттық. Гаврил от жағып, су қайнатып қойыпты.

– Жолдастар, бұдан әрі тамақтанбаймыз. Лашықтың іші-сырты толы қызыл құмырсқа, – деді Гаврил. Ести сала Вальтер мен Саид лашығына жүгіре жөнелді. Уильям, Фернанда және мен алаудың қасына отыра кеттік. Уильям қып-қызыл болып жанып жатқан ағашқа қарап отырып:

– Неге бізді қоғамнан бөлшектеп алды? – деді.

– Мистер Уильям, мен шынымен қоғамның қақ ортасында жүрсем де, өзімді жалғыз сезінемін, – деді Гаврил. Өзеннен өтуге арналған сал ертеңге қалды. Алаудың басына түнеуге келісіп, отқа ағаш салып отырғанымызда Саид пен Вальтер қайтып келді.

– Қызыл құмырсқалар азығымыздан түк қалдырмапты, – деді мысырлық. Олар да алаудың жанына отыра кетті. Ешкімнің көңіл-күйі жоқ. Вальтер мен Гаврил темекі тұтатып, ойға шомып отыр.

– Қарашы ежелгі замандағы адамдардай отырысымызды, – деді Вальтер темекі түтінін будақтатып. Аспанда самсаған сан мыңдаған жұлдыздар біздің ауыр тіршілігімізге мән берер емес, өз заңдылықтарымен жымың-жымың қағады.

– Ежелгі адамнан басталған яғни құралдар тастан басталып осы күнгі өркениетке дейін жетті ғой, – деді Фернанда ши төсенішті сілкіп.

– Адам өркениетке ұмтылған сайын жолында қаншама кедергілер тұрды. Сан ғасырлық соғыстар, сан ғасырлық езгі, қорлық, құлдық миллиондаған адамның тағдырын қасіретке айналдырды. Менің сүйікті қалам Александрияны мысалға алсақ, оны озбыр жүздеген тайпа мен ондаған елді табанымен таптаған Александрдың бұйрығымен салған. Ол қаланы Александр Еуропа мен Үндістанды байланыстырар форт деп ойлады ма? Жоқ, атақ-даңқын қалдырғысы келді ме? Өркениет те кейде ірге тасына зұлымдықты қажет ететіндей. Зұлымдықсыз өркениет бола қою мүмкін еместей. Құдайдың құдіретінде шек бар ма, жарты құрлыққа билік жүргізген патша сол қаланы көре алмастан көз жұмды. Зұлым патшаның кейінге қалдырған мұрасынан не пайда, не қайыр дегендер де болған шығар. Іргесін зұлымдық қаласа да, ол қаладан адамзатты өркениетке бастаған ұлы ойшылдар, мықты ғалымдар, астрономдарға дейін шықты. Геометрик Евклид бабам, астроном Аристарx бабам, алты құрлықты көрмей-ақ картаға түсірген Эротосфен бабам - менің сүйікті қалам Александрияның перзенттері. Амал қанша, олар өркениетті қалағанымен әр дәуірдің зұлымы біздің қаламызды басып алып, xалқын өздеріне отар етіп отырды. Александрдан Клеопатраға дейін жалғасқан грек өкілдерінің билігі бірнеше ғасырда грек-мысыр өркениеті тоғысқан Александрияны мықты қалаға айналдырды, – деп Саид зұлымдықтың өркениетке қатысын баяндады.

– Иә, сенің туған қалаңның Фарос маягі алты құрлықтың темірқазық жұлдызы іспетті, – деді Гаврил.

– Сіздер бұл түбекке қалай келдіңіздер? – дедім.

– Фарос маягін біздің дәуірден бұрын екі жүз сексенінші жылы Сострат «Теңізшілердің амандығы үшін құтқарушы – құдайға бағыштайды» деп жазған екен.

– Жо-жоқ менің сұрағым басқа еді, – дедім Саидты тоқтатпақ болып.

– Жас жігіт, сен не үшін келдің?

– Білмеймін.

– Біз де білмейміз, неге бас қатырасың? – деп менің сұрақтарыма жауап бермей қойды. Қызық бұл кісілердің мына жағдайға қалай түскендерін сұрап отырсам, қалалары жайлы айтып, әңгіменің тақырыбын өзгертіп отыр. Бірақ олардың өз Отанында, өз қоғамында орын таппағанын түсіне бастадым. Лашыққа барып ши төсеніштерді қаққылап алау басына әкелдім. Аспанға тесіле қарап жатқан Гаврил:

– Сендер неге шыр-пыр боласыңдар? Мен ғарышта болып көрген жоқпын, бірақ ғарыштан жерге қарағанда жер бір орбитада ілініп тұрған нүкте ғана. Біз сол нүктенің ішіндегі ноқаттай құрлықтағы шаң тозаңындаймыз. Ғарыштан қарасақ біз түкке тұрмаймыз, түсінесіңдер ме? – деді жұлдыздардан көзін аудармастан.

– Ғарыштан Венаға қарасам асқан сәулеті, қайнаған тіршілігі көрінетін шығар.

– Лондон ше? Сәнді үйлері мен мұндалап тұрмай ма?

– Вена мен Лондонды білмеймін, Мексика ғарыштан анық көрінеді. Ұлан ғайыр атырап, байтақ дала.

– Мысырдағы пирамидалар қалай көрінер екен?

– Менің айтпағым ол емес. Егер әлемді шексіз ғарыштық кеңістік деп алатын болсақ, біз шексіз галактика үшін ештеңе емеспіз. Жер де, айда, күн де ноқат, нүкте, – деді Гаврил.

– Сіздің ойыңызды түсінбедім, – дедім.

– Түсінбейтін несі бар? Тағдыр деп неге тартысасыңдар? Бақытқа ұмтыласыңдар. Шынымен ештеңеге татымасақ бақыт неге керек? Түбекте қалсам қалайын. Отаныма оралғаннан ол жақта бізді қандай қоғам қандай адам күтіп тұр тағы да білмейміз. Ғарыштан қарасақ, жер қозғалыстағы нүкте. Адам өзін жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі сезінеді. Ал ғарыштық оймен, ғарыштық бірлік ғарыштық жылдамдықпен бақыласақ, адам ештеңеге дәрменсіз. Қолынан келері өзге тіршілік иелеріне, жәндік, жануарларға зиян тигізу, кісі өлтіру, табиғатты құрту. Бір елге әлімжеттік жасап басып кіру де - адамдардың ісі. Біздің жамандығымыз барлық тіршілік иелерінің жамандығынан мың есе асып кетеді. Александр, Шыңғысxан, Әмір Темір, Сталин, Гитлерлердің қай ісін үлгі қылуға болады. Адамзат тариxы олармен не үшін мақтанады? Кімге дәріптейді? Ұрпақтары ше, бабам қанішер болған деп дақпырттай ма? Мен басқыншыларды мүлде үлгі қылған емеспін. Олар өркениетті тежегеннен басқа түк бітірмеді. Жасаған істері ерлік емес, атақ-даңқын қалдыру үшін тойымсыздыққа, ашкөздікке, қанішерлікке барды, – деп Гаврил бәрімізді ой тұманына қалдырды. Сәл үнсіздіктен кейін сөзін қайта сабақтады. – Ертең таңда сал жасап алған соң арғы бетке өтіңдер. Мен осы түбекте қаламын, – деді.

– Неге? – деп қалдық Вальтер екеуміз қатар.

– Арғы бетте ештеңе жоқ. Сол қоғам, сол адам, өзгеріссіз күйкі тірлік. Мен осында қалып өзімше өмір сүре беремін. Ғылым да, бәрі де құрып кетсінші, енді маған телескоптың да қажеті жоқ, – деп қор ете түсті. Гаврил осылай ұйықтап кетті.

– Құдайдан үміт үзбеу керек, – деді Саид. Осы жолы Вальтер ашуланбаған секілді. Тыңдап көрейік деді ме, Саидқа қадала қарап ұзақ отырды. Вальтердің сұсты жүзі мен қанталап тұратын көзіне оттың қызыл сәулесі түсіп одан сайын үрейлі көрсетіп тұрды.

– Жалғастыра бер, Саид, – дедім.

– Құдайдан үміт үзбеу керек. Бәрі - Құдайдың ісі, сынағы.

– Не дедің, Саид? Өмір сынақ па, сый ма? – деді Вальтер.

– Сый да, сынақ та деп есептеймін, – деді діндар саспай.

– Сынағы мынау, сыйы мынау деп ара жігін ажыратып берші, – деді алxимик.

– Сынағы түбекте көп уақыт қамауда қалғаным, ашыға бастағаным, ауырғаным, қоғамнан бөлек қалғаным. Сыйына келер болсақ аяқ-қолым сау, құлшылық қыла аламын, – деді діндар Саид. Вальтер мырс етті.

– Аяқ-қолың сау болғаны үшін, өмірге өзге көзқараста болғаның үшін осы түбекке қамалдың. Егер өмір сый болса мына қарғыс атқыр түбек те сый ма? Егер өмір сый болса адам неге өмір бойы өнбейтін жұмыс істеп келеді? Неге ит қорлықпен өмір сүреді. Дәл қазіргі уақытта миллиондаған адам ауыз суға зәру. Өмір сый болса, қара суға зар болуды қалай түсіндіресің? Дін үшін соғысты қалай түсіндіресің? Әлдебір әлсіз елді дін үшін деп соғыс ашып жаулап алу, өзге адам қанын төгу дін бе? Мәдениет пе? Жоқ, бұл иттік, жабайылық! Өмір сынақ болса адамның бәрі тең құқықта болсын. Байлар қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінсін. Оларға өмір сый, ал ғалымдарға, еңбегі еленбейтін адамдарға сынақ па? Міне теңсіздік, міне қайшылық, – деп Вальтер ашулана түсті. Алxимик темекісін тұтатып алды да Саидқа қарап:

– Сталиннің құрған концлагерлері, адамды қорлауы, жүйені күшейтіп жұмыс істетуі Құдайдың ісі ме? Адамды xайуаннан да төмен санаған Гитлер мен Сталин Құдайдың жердегі көлеңкесі ме? Енді жауап берші өмір сый ма, сынақ па? Сталинді жер бетіне адамдарға сынақ болсын деп жіберген бе? Басшыға бағыныңдар, оны құдайдың өзі сайлады дейсіңдер. Басшы озбыр болса, бізді қоғамнан бөлшектесе, осылай қамаса, жазықсыз айыптаса, ой бостандығын сөз бостандығын шектесе, қақымызды таптаса құдайдың бізге берген сыйы деп қабылдайық па? Адам мен адамды тең қылып жаратты ма, әлде күштілер әлсіздерді қанасын деп жаратты ма? Қорлық көріп жүріп Құдайдан үміт күту нағыз ақымақтық! – деді Вальтер айқайға басып. Орнынан тұрып аспанға қарап тұрды да: – Келді ме, Саид, қайда Құдай? Неге сені қарғыс атқыр мына түбектен алып кетпейді. Бізді ит қылып отырған билік пе, Құдай ма? Кім болса да бәрі бір, әділдік өлген, жоқ әділдік тіпті жаралмаған. Әділдік жер бетінде болмаған, болмайды да, – деп Вальтер дауыс көтергенде Гаврил ұйқысынан оянып кетті.

– Вальтер, жат енді, – деп Гаврил зекіп тастады. Біраз уақыттан кейін бәрі тегіс ұйқыға жатты. Мен Гаврил қиялдаған аспанға қарап жатып ертеңгі күнді, өзеннің арғы беті жайлы ойладым. Ол жақта не бар, қандай қоғам, қандай адам бар, бәрі-бәрі қорқынышты әрі қызықты еді.

Оянғанымда айналамда ешкім жоқ екен. Орнымнан мең-зең күйде тұрып, бұлаққа бардым. Өзен жақтан күбірлеген дауыстар шығады. Асықпай басып өзен жағасына келгенімде бесеуі салды дайындап қойыпты. Ағаш арасынан қайшылай жіберілген арқанды Фернанда матап байлап жатыр екен. Сал екі-үш адамдық. Вальтер мен Саид керек жарақты салға артып арғы бетке апарып тастады. Саид арғы беттегі құралдардың қасына қалып, Вальтер Уильям мен Фернанданы алып кетті. Жағада тұрған Гаврилге:

– Мырза, райыңыздан қайттыңыз ба? Бізбен жүріңіз. – дедім.

– Жас жігіт, мен осында қаламын. Енді маған бостандықтың қажеті жоқ. Сендерге үлкен сенім артамын. Адамзат алдындағы жауа

Байланысты жаналықтар

Екінші жол: Қазақ тілін шала-жансар күйде ұстау керек

30.12.2020

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ. Қарауыл (Әңгіме)

31.03.2021

Тынымбай екеуімізге сыйлық беруге Алдан Смайыл қарсы болған

21.12.2020

Жазу мен адамгершілік

09.10.2020

Қалқаман САРИН. Мен де сендей дәрменсіз жанмын жаяу

23.01.2021

Қуат ҚИЫҚБАЙ. БІЗДІҢ КӨШЕДЕГІ КІСІ ӨЛІМІ

22.04.2021
MalimBlocks
Екінші жол: Қазақ тілін шала-жансар күйде ұстау керек

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ. Қарауыл (Әңгіме)

Тынымбай екеуімізге сыйлық беруге Алдан Смайыл қарсы болған

Жазу мен адамгершілік

Қалқаман САРИН. Мен де сендей дәрменсіз жанмын жаяу

Қуат ҚИЫҚБАЙ. БІЗДІҢ КӨШЕДЕГІ КІСІ ӨЛІМІ