Тоқаев: Халқымыз еңбекқор жұрт ретінде әлі танылған жоқ

Malim Админ

  • 05.05.2020

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, коронавирус кезіндегі Қазақстан жағдайы және одан кейінгі жоспарлары жайлы айтты. Ресми басылымға берген берген сұхбатында президент пандемиядан кейінгі экономикалық дағдарыстан шығу оңай болмайды дейді.

«Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Індеттің салдарынан дүние жүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендейді. Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек», дейді ол жалпы жағдай бойынша.

Сондай-ақ, «осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын» екенін айтқан Тоқаев елге 42 500 теңге берілгенін, оны 4,2 миллион қазақстандықтың алғанын; неселердің кейінге шегерілгенін (1,6 миллион кәсіпкер); шағын және орта бизнес өкілдері салықтан, еңбекақы төлеу қорының төлемдерінен босатылғанын, 1 миллиондай мұқтаж адамдар азық-түлікпен қамтамасыз етілгенін айта келіп, коронавирустан кейін 250 мың жұмыс орны ашылатынына тоқталыпты. Оның сөзіне қарағанда, жұмыссыз жастардың көбі «әр өңірдегі инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырылады».

Карантин кезіндегі қазақстандықтардың төтенше жағдайға бейімделуі – қоғамның жаңа үрдістерге дайын екенін көрсетті деп бағалайды президент.

Сұхбатта теңгенің құнсыздануы жайлы да айтылыпты.

«Нарықтық экономика жағдайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайды. Оның үстіне, еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді», дейді президент.

Дағдарыс кезінде бюджет қаржысына қымбат көлік пен жиһаз алынбайтынын, ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылатынын, кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылғанын айтқан президент дәл қазіргі жағдайда азық-түлік тапшылығы болмайды дейді. Сонымен қатар, әл-Фараби мен Абай тойына арналған көптеген шаралардың онлайн режимде өтіп, интернет желілері арқылы насихатталатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев интернеттің жетіспеушілігінен қиындық тудырған қашықтан оқытуға қатысты да пікір білдіріпті. Оның ойынша, қазір қашықтан оқыту қалыпқа түскен.

«Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс. Әрине оқушылардың өз мұғалімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл – уақытша қиындық».

Мұғалімдерге алғыс білдірген президент дәрігерлерді де ұмытқан жоқ.

«Індетпен күрес барысында медицина жүйесінің осал жақтары да анықталды. Сақтық шараларына қарамастан, көптеген медицина қызметкері вирус жұқтырып алды. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, осындай қиындыққа тап болдық. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналды. Дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Пандемия денсаулық сақшыларына қолдау көрсетудің аса маңызды екенін аңғартты», дейді ол.

Сұхбатта бұдан бөлек бейбіт митингілер өткізу туралы заң жобасы, партияларды тіркеу, парламенттік оппозиция қалыптастыру үшін жасалатын заңнамалық түзетулер, «педагог мәртебесі» туралы заң, президенттік жастар кадрлық резерві, «Волонтер жылы» сияқты ағымдағы саяси-қоғамдық бастамаларына баға беріп, баспана, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік тілдің мәселесі, цифрлы технологиялар («үкімет «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында анықталған кемшіліктерді ескеріп, қайта қарайды») туралы мәселелерге тоқталған президенттің алдағы «зор мақсаты – елді еңбекке баулу» екені айтылыпты.

«Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді», дейді президент.

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

23.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.