Қызылордада бастықтар полицейлерге ұйқы бермейді екен

  • 17.05.2020
  • Malim Админ

Қызылорда қалалық полиция басқармасы бастығы полковник Ермек ЫСҚАҚОВ қанша сағат ұйықтайды екен? Қарамағында қызмет еткен полицейлер тәулігіне төрт-ақ сағат ұйықтайтынбыз дейді. Енді Мейір МАХМҰДОВ пен Олжас ҚАРАБАЛАЕВ сотқа шағымданбақшы.

Қызылорда қаласында жұмыс уақытында қызметтік көлікте ұйықтап қалған жол полицейлері жұмыстан қуылды. Қала тұрғыны түсірген ұйықтап жатқан екі тәртіп сақшысының видеосы әлеуметтік желіде тараған еді. Ал күніне жарты тәулік бойы көше тыныштығын күзететін қос қызметкер сәл мызғып кеткеніміз үшін басшылықтың  шенімізден айырғаны заңсыз деп сотқа арызданбақшы.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жолсыз жерде тұрған қызметтік көліктің ішінде  жол полицейлерінің ұйықтап жатқаны анық көрінеді. Бұл жағдай таңғы сағат 7-лер шамасында болған екен. Желіде желдей ескен осы көріністен біреулер полицияларды даттап жатса, ал біреулер 12 сағаттық жұмыстың ауыр екенін айтып қос қызметкерді аяғандай пікір қалдырған. Бірақ Қызылорда облысының полиция департаменті жұмыс уақытында ұйықтаған тәртіп сақшыларын аямапты. Оларға  ескерту де, сөгіс те бермей  бірден жұмыстарынан босатқан.

«Тәртіптік Кеңес шешімімен Қызылорда қалалық полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары ішкі органдарынан шығарылды. Сонымен қатар қызметкерлердің тікелей басшыларына қатаң тәртіптік жаза қолданылды», - деп хабарлады Қызылорда облыстық полиция департаменті.

Мызғып аламыз деп қызметінен кеткен сақшылардың бірінің шені каптиан 14 жыл, ал лейтенант шенді екіншісі 6 жылдан бері  ішкі істер саласында жұмыс істеген. Екуеі де отбасылы, жанұяларының асыраушысы да өздері. Айтуларынша 7 айдан бері  Қызылордада жол полицейлері тәулігіне  12 сағаттық жұмысқа кіріскен. Сол себепті кейде жұмыс арасында міндетімізді орындап болып, аз уақыт мызғып алатынымыз рас дейді. Қызмет уақытында 12 сағат жұмыстан қатты қажығанда көлік ішінде сәл тынығып алу соңғы жеті айда бірнеше жол сақшыларының басынан өткенін айтады. Бірақ бұл үшін бірде-бір сақшы осы кезге дейін жұмыстарынан қуылмаған.

«Жұмыс кешкі сағат 21:00-ден, таңғы сағат 9:00-ге дейін. Оған дейін бір сағат ерте келеміз, бір сағат кеш қайтамыз.14 сағат жұмыстамыз. Үйімізде 4-5 сағат ұйықтаймыз да, қайтадан жұмысқа барамыз», - дейді жұмыстан шыққан полицей Олжас ҚАРАБАЛАЕВ.

Сонда бұл екі тәртіп сақшысы бейнежазбаның желіде тарағаны үшін жеп отырған нанымыздан айырылдық деп отыр. Ал 12 сағат бойы көшенің тыныштығын күзететін полицейлерді жұмсақ  креслода отырып басқаратын басшылардың жұмыс уақыты 8 сағаттан аспайды.

Жұмыстарынан айырылған қос полицей де бұған дейін ешқандай жұмыс тәрітібін бұзбағандарын айтады. Бірнеше жылғы еңбегіміз бір сәтте  зая кетті деген олардың ендігі үміті сотта.

Фотолар автордікі.

Абай НҰРЖАНҰЛЫ

Байланысты жаналықтар

Дәрігер болжамы: Қарашада коронавирус өршиді

21.08.2020

Сайлауға түсіп жатқан партия өкілдері Тәуелсіздік монументіне келді

16.12.2020

Есірткіні бизнеске айналдырғандар ұсталды

11.07.2020

Қалалық емхана дәрігерлері қымбат көлікпен қайда бармақшы?

17.03.2021

Шамаң келсе, шығып көр немесе Алматы пандустарының машақаты

01.04.2021

Есірткі таратушылар тыйылар емес

13.10.2020