ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (IV, V тарау)

Malim Админ

  • 21.05.2020

IV тарау. САЯХАТШЫЛАР ҮШІН АРТЫҚ БОЛА ҚОЙМАС

«Французда ақыл болмайды» дегеннің

дұрыс-бұрыстығына қатысты түпкілікті шешім

1. ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (І, ІІ тарау),

2. ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (ІІІ тарау)

Біздің вагонға енді ғана кірген төрт французға, жаңа жолаушыларға, көз жүгіртіп өтіп, мен: «Сонда, французда неліктен ақыл болмайды?» – деп өзіме өзім сауал тастадым. Егер әлгінде ғана өзіміз өткен Аркелиндегі кеденшілерді есепке алмасақ, мыналар өздерінің туған топырағында маған алғаш кездескен француздар еді. Өте сыпайы кеденшілер өз шаруаларын тез-ақ тындырғандықтан, мен өзімнің Франциядағы алғашқы қадамыма тәнті болып, вагоныма ендім. Өзіміздің сегіз орынды бөлімшемізде Аркелинге дейін біз екеу-ақ едік, мен және орта жастағы, қарапайым әрі сыпайы, әңгімелесуге аса қолайлышвейцариялық бір кісі ғана, ол екеуіміз екі сағат бойы ауыз жаппай мылжыңдастық. Енді біз алтау болдық, мені таңғалдырғаны – жаңадан қосылған төрт серігімізді көргеннен бастап, менің швейцариялығымның кенеттен сөзге құлықсыз бола қалғаны еді. Мен әлгіндегі әңгімемізді жалғастыру үшін оған сөз тастап едім, ол оны тезірек ұмытқысы келгендей, абдырап қалғандай болып, сырғақтата, салқын жауап берді де, көзін терезеге аударып, сыртты қарай бастады, ал бір минуттен кейін өзінің немісше гидін алып шығып, сонысына шұқшиып кетті. Мен де оны жайына қалдырып, өзіміздің жаңа серіктерімізбен үнсіз айналысып кеттім. Бұлар біртүрлі қызық халық еді. Жолға жеңіл шыға салған олар саяхатшыларға мүлдем ұқсамайтын. Жолаушы екенін еске салатындай әлдебір киімдері де, тіпті дорбашықтары да жоқ еді. Олардың бәрі біздегі офицерлердің атқосшылары яки деревнялардағы ортанқол помещиктердің есік қарауылдаушылары киетін киімнен сәл ғана тәуірлеу, әбден өңі тайған және тозығы жеткен жұқалтаң сүртік киген. Бәрінің желең киімдері кір еді, әлем-жәлем бояулы галстуктері де кір-кір болатын; бұлардың біреуі жібек орамалдың қиындысын тағып алған екен, онысы иесінің мойнында он бес жыл бойы оралғандықтан, артық-кемсіз бір фунт май сіңген, өмірі шешіліп көрмеген дүние болса керек. Дәл осы серінің үлкендігі жаңғақтай жасанды брильянт қондырылған ілгешек түймелері де бар еді. Қысқасы, олар өздерін сырбаз, тіпті көз сүйінерлік кейіпте ұстайтын. Төртеуі де жастары жағынан қарайлас, отыз бестер шамасында және сыртқы түрлері де әлпеттес болғандықтан, біріне бірі қатты ұқсайтын. Мыж-мыжы шыққан беттерінде француздарға тән сықиған сақалдары бар еді, олары да бір-бірінен аумайтын. Бұлардың түр-тұлғасынан неше түрлі есік-тесіктен өтіп, бет-әлпеттеріне әр бере қоймаса да, аса іскер жанның кейпін мәңгіге қондырып алған халық екені көрініп-ақ тұрды. Маған олар бір-бірін танитындай көрінді, бірақ олардың өзара бірдеңе дескені есімде жоқ. Бізді, яғни мені және швейцариялықты, олар көзге ілгісі келмейтіндей, орын-орындарына немкетті отыра салып, естілер-естілмес ысқырған күйі күймеміздің терезесіне қадала үңілді де қойды. Мен папиросымды тұтаттым да, айналысар ермек таппағандықтан, оларды қызықтап қарай бастадым. Менің санамда: «Шынында да, осылар неғылған жұрт?» – деген ой жылт етті. Қызметкер деуге қызметкер емес, буржуа деуге буржуа емес. Шынымен-ақ, à la demisolde1(франц.) жартылай жалақыдағы) немесе соған ұқсас бірдеңедегі отставкадағы әскерилер ме? Әйтсе де, олар мені қатты еліктіре қоймады. Он минут өткен шамада, келесі бекетке жақындай берісімен-ақ, олардың төртеуі де бірінен соң бірі вагоннан ыршып шықты, есік тарс жабылды, біз де заулай жөнелдік. Бұл жолдың бойындағы бекеттерде күтіп тұрғандар бола қоймайды, екі, әрі кетсе, үш минуттен соң әрі қарай заулайды. Тасуы тамаша, яғни мейлінше шапшаң.

Өзіміз жеке қалысымен, швейцариялық қолындағы гидін жаба салып, әрі ысырып қойды да, әңгімелесуге зауқы барын анық аңғарта, маған риза кейіпте қарады. Оған қызықтай көз салған мен:

– Әлгі мырзалар көп отырмады ғой, – деп бастадым.

– Олардың өздері де келесі бекетке дейін ғана отырған.

– Сіз оларды білесіз бе?

– Әлгілерді ме?.. олар полицейлер ғой.

– Қалай? қандай полицейлер? – деп таңғала сұрадым.

– Сондай... оларды сіздің танымай қалғаныңызды мен бірден байқағам.

– Бұлар... тыңшы ма сонда? (менің әлі де сенгім келмей тұрған).

– Әрине; біз үшін ғана отырды.

– Демек, сіз мұны білгенсіз ғой?

– О, еш күмәніңіз болмасын! Мен бұл жерден бірнеше рет өткем. Кедендебіздің құжаттарымызды тексерген кезде-ақ бізді нұсқап, оларға аты-жөнімізді, т.с.с. айтып жіберген. Міне, сондықтан олар бізге серіктесіп, шығарып салды.

– Дегенмен, олар бізді әу дегеннен таныса, шығарып салудың керегі не? бізді анау бекетте байқап үлгергенін өзіңіз айтқан жоқсыз ба?

– Иә, оларға біздің аты-жөнімізді хабарлады. Бірақ бұл аз. Енді олар бізді мұқият зерттеді: түр-түсіңіз, костюм, саквояж, қысқасы, сізді танытатынның бәрін. Сіздің ілгешек түймеңізді де аңғарды. Әлгінде сіз темекі сауытыңызды шығардыңыз, оныңызды да ескерді, білесіз бе, кез келген ұсақ-түйегіңізді, ерекшелігіңізді, былайша айтсақ, барлық белгілеріңізді мүмкіндігінше айқындап алды. Парижде сіздің жоғалып кетуіңіз, есіміңізді өзгертуіңіз (егер сіз күдікті болсаңыз) мүмкін ғой. Міне, әлгіндей майда-шүйделер сізді іздеп табуға септеседі. Солардың бәрі қазір Парижге телеграфпен жөнелтіледі. Андай-мұндай жағдайлар үшін сонда, тиісті жерде сақталады. Бұған қоса, отель иелері де жатжерлікке қатыстының бәрін, уақ-түйегіне дейін тізбелей, хабарлауға тиісті.

Әлі де абдырап тұрған мен:

– Дегенмен, осыншама адамның керегі не, олар төртеу болды ғой, – деп сұрағымды тағы жалғастырдым.

– О, мұнда олар өте көп. Сірә, бұл жолы шетелдіктер аз болған ғой, әйтпесе бұлар вагондарға бөлініп-бөлініп кетер еді.

– Айыпқа бұйырмассыз, олар бізге көзін де салған жоқ. Терезеге қарап отырды ғой.

– О, қапа болмаңыз, бәрін қарап өтті... бізге бола отырғаны анық.

«Ал, керек болса, – деп ойладым мен, – «французда ақыл болмайды-ақ» екен, – содан соң (ұят болса да, мойындайын) швейцариялыққа секемдене көз салдым, менің миымда: «Сенің өзің де, бауырым, өтірік аңқаусып отырып, сол үшін емес пе екенсің», – деген бірдеңе жылт етті, бірақ бір сәтке ғана, шын айтам. Ыңғайсыздау, бірақ не істерсің, еріксіз ойлап қаласың...

Швейцариялық алдамаған екен. Өзім аялдаған отельде менің бүкіл майда-шүйде ерекшеліктерімді дереу тізбелеп, тиісті жеріне хабар тигізді. Ерешеліктеріңді тізбелеп жатып, өзіңді ұсақ-түйегіңе дейін қалдырмай қарап өткен кезде өзіңнің отельдегі ендігі тірлігіңнің бәрі, былайша айтқанда, сіздің әр қадамыңыз жіті қадағаланып, есепке алынуы ықтималдығын түйсінесіз. Әйткенмен, бірінші жолы отельде менің өзімді көп мазаламай, үнсіз ғана тізбелеп алды; әрине, бұл тұста кітабы бойынша сізден сұралып, сол кітапқа енгізілетін жауаптарыңызға қатысты «кім, қалай, қайдан, қандай оймен? т.с.с. сұрақтарды ескермеуге де болады. Дегенмен,  Лондонға баруға кеткен сегіз күндік үзілістен кейін бұрынғы «Hotel Coquillière»-ден орын табылмай, аялдауыма тура келген екінші отельде менімен едәуір еркіндеу айналысты. Осы бір Hotel des Empèreurs қай жағынан да патриархалдылау болып көрінді. Оның бірталай жасқа жеткен ерлі-зайыпты иелері барынша биязы, өз тұрғындарына ерекше ықылас аударатын өте жақсы жандар еді. Сонда орналасқан күннің кешінде мені дәлізде ұстап алған қожайын әйел кеңсеге айналдырылған бөлмеге шақырды. Күйеуі де сонда екен, дегенмен бүкіл шаруаны әйелі дөңгелететін сияқты сезілді.

– Кешіріңіз, – деп сыпайылай бастады әйел, – бізге сіздің ерекше белгілеріңіз керек.

– Мен айтқан едім ғой... төлқұжатым да сіздерде.

– Солай ғой, бірақ... votre ètat?1(франц.) сіздің қоғамдық жағдайыңыз)

Осы бір «Votre ètat?» дегені – адамды мүдіртетін нәрсе және оны ешқашан ұнатқан емес едім. Мұндайда не жазарсың? Саяхатшы десең, тым тиянақсыз. Homme de letters2(франц.) әдебиетші) десең, ешқандай қадірің болмайды.

– Қалай ойлайсыз, propriètaire3 (франц.) меншік иесі) деп жазсақ, тәуір бола ма? – деп сұрады әйел. – Ең дұрысы осы шығар.

– О, иә, ең дұрысы осы болады, – деп құптады күйеуі.

– Жазылды. Ал енді, Парижге келу себебіңіз?

– Саяхатшылық, жолшыбай өтіп барамын.

– Ім, иә, pour voir Paris4(Парижді көру үшін). Рақым етіңіз, мсье; бойыңыздың ұзындығы?

– Қайдағы ұзындықты айтып тұрсыз?

– Мына сіздің ұзындығыңыз қанша?

– Өзіңіз көргендей, орташа.

– Бұл солай ғой, мсье... Бірақ нақтырақ білсек деп едік... Менің ойымша, менің ойымша... – деп аз-маз абдырай жалғастырған ол көзімен күйеуінен кеңес сұрағандай болды.

Менің бойымды көзімен метрлей анықтап өткен күйеуі:

– Менің ойымша, осынша, – деп шешті.

– Мұның сіздерге керегі не? – деп сұрадым мен.

– Ох, бұл қаж-же-ет, – деп жауып қайырған әйел «қажет» сөзін рахаттана созды да, кітабына менің ұзындығымды тіркеп қойды. – Енді, мсье, сіздің шашыңыз? Ақшыл сары, ім-м... ерекшелеу ашық реңкі бар... түзу...

Ол шашымды да жазып қойды.

– Рақым етіңіз, мсье, – деп жалғастырған әйел қаламын қойып, орындығынан тұрды да, маған мейлінше мейір таныта жақындады, – былай қарай, екі адым, терезеге қарай. Сіздің көзіңіздің түсін анықтауым керек. Ім-м, ашық...

Ол бұл жолы да күйеуімен көзбен ұғысты. Сірә, бұлар бірін бірі өлердей сүйетін болса керек. Ерекше іскерлік, тіпті алаңдаушылық танытқанкүйеуі:

– Біршама сұрғылттау, – деп үстеді. Әйеліне: – Voil1(франц. Мынау),– деп ымдаған ол өз қабағының үстіндегі әлденені меңзеді, дегенмен мен оның нені көрсеткенін жақсы түсінгенмін. Менің маңдайымда кішкене тыртық бар еді, ал анау осы бір ерекшелігімді әйелінің аңғаруын қалаған еді. Сынақтың бәрі біткен кезде:

– Енді менің сұрауыма рақым етіңіз, – дедім мен әйелге, – шынымен-ақ, сіздерден осыншама есеп беру талап етіле ме?

– О мсье, бұл қаж-же-ет!..

– Мсье, – деп құптай үн қатқан күйеуінің түрінде айрықша маңызды кейіп бар еді.

– Бірақ Hôtel Coquillière менен сұраған жоқ қой.

– Мүмкін емес, – деп іліп әкетті әйел. – Олар бұл үшін қатаң жауапталуы мүмкін. Бәлкім, олар сізді үнсіз қарап шыққан болар, бірақ қарап шыққаны сөзсіз, сөзсіз. Біз өзіміздің тұрғындарымызбен ашық, қарапайым қарым-қатынас жасаймыз, олармен туысымызша араласамыз. Сіз де бізге ырза боласыз. Көресіз әлі...

– О, мсье!.. – деп салтанаттана нығарлады күйеуі, оның жүзінен елжіреп кеткенін де аңдауға болатын.

Кейіннен өзімнің де көзім жеткендей, бұлар мейлінше адал, мейлінше мейірбан қосақтар еді. Әйткенмен, «қаж-же-ет» сөзінің айтылуынан әлдебір кешірім өтіну яки кішірею нышаны мүлдем сезілмейтін, керісінше, қажеттілігіне кәміл сенімділік аңдалатын және бұл олардың өз көзқарастарымен толықтай қабысып жатқан сияқтанатын.

Сонымен, мен Париждемін...

 

V тарау

ВААЛ

Сонымен, мен Париждемін... Дегенмен, Париж қаласына тікелей қатысты көп нәрсе айта қояды екен деп дәмеленбеңдер. Өз ойымша, ол туралы орысша жазғандарды сендердің көп оқығандарың сонша, оқудың өзінен жалыққан шығарсыңдар. Оның үстіне, мұнда сендердің өздерің де болғансыңдар, бәрін менен де жақсы байқаған шығарсыңдар. Шетелде мен гидтің нұсқауына, тапсырысқа, саяхатшының міндетіне сай қызықтай қарауды жақтыра қоймадым, сондықтан кейбір жерлерден айтуға ауыз бармайтын нәрселерді де көріп қойдым. Парижден мен көріп бақтым. Нақты нені көріп баққанымды айтпаймын, әйткенмен, мынаны айта аламын: мен Парижге сипаттама жасадым, оған эпитет таптым және осы эпитетіме еш шүбәсізбін. Атап айтсам: бұл – бүкіл жер шарындағы ең ізгі және ең мейірбан қала. Тәртіп қандай! Неткен парасаттылық, қарым-қатынастары қалай нақтыланған және берік орныққан десеңші: бәрі қалай қамтылып, сызылып қойған; бәрі қалай ырза десеңші; бәрі өздерінің ырза және аса бақытты екеніне өздерін қалай сендіргісі келеді десеңші; ең бастысы – бәрінің осыған ұмтылғаны соншалықты,өздерінің ырза және аса бақытты екеніне өздерін расымен-ақ сендірген және... және... осымен тоқтап қалған. Одан әрі қарай жол жоқ. Осымен тоқтап қалғанына сендер сенбейсіңдер; мені асыра сілтеп отыр деп, мұның бәрі әсіре отаншыл өтірік деп, оның бәрі шын мәнінде тоқтап қалуы мүмкін емес деп өрекписіңдер. Дегенмен, достарым менің, өзімнің адам сенгісіз өтіріктер айтып кетуім ықтимал екенін осы жазбаларымның алғашқы тарауында сендерге ескерткен едім ғой. Ендеше, кедергі келтірмеңдер. Мен өтірік айтсам да, өзімнің өтірік айтпағаныма сенгендіктен, өтірік айтатынымды сендер де білетін боларсыңдар. Ал, менің ойымша, осының өзі толығымен жеткілікті. Ендеше, еркіндік беріңдер маған.

Иә, Париж таңғажайып қала. Жайлылығы қандай, жайлы өмірге қақысы барларға барынша жайлылығы қандай, қайталап айтайын, неткен тәртіп, былайша айтқанда, тәртіптің тыншуы қандай. Тәртіп жайына мен әлі ораламын. Дұрысында, шамалы уақыттан соң, миллион жарым тұрғыны бар Париж тыныштық пен тәртіптіңтасқамалындағы немістердің профессорлық әлдебір қаласына, мәселеңки, әлдебір Гейдельбергке айналып кететін тәрізді. Қалай дегенмен, соған бейімдеу. Аса зор көлемдегі Гейдельбергтің болуы мүмкін емес пе? Бұл қандай шектелу! Мені дұрыс түсініңдер: бұл – түкке тұрғысыз (әрине, салыстыра қарағанда) сыртқы шектелу ғана емес, жан дүниесінен басталатын аса зор рухани, ішкі шектелу. Париж қуана-қуана тарылуда, үздіге сығылуда, көндіге бүрісуде. Мәселен, бұл жағынан Лондоншаң қауып қалады! Мен Лондонда сегіз-ақ күн болдым, әйткенмен, сырттай алғанның өзінде, ол менің жадымда кең құлашты көріністерімен, бір қалыпқа, бір жүйеге сыя бермейтін өзіндік үлгіге ие, ашық-жарқын суреттілігімен кескінделіп қалды. Бәрі соншама ауқымды әрі өзіндік үлгілерімен айшықты. Мұншама ерекшеліктерге алданып қалуың да ықтимал. Айшықтының әрқайсысы, кереғарлықтың әрқайсысы өзінің антитезімен сіңісе тірлік етеді, бірін бірі терістей тұрып, өзінше жол тартады, сөйте тұра, бірін бірі жоққа да шығармайтын сияқты. Осының бәрі өзін өзі қорғап, өзінше тірлік кешетіндей және біріне бірі кедергі етпейтіндей. Сонымен бірге, бағзыдан келе жатқан бітіспес майдан да осында; бұл – қалай болғанда да, әйтеуір, бірге тіршілік ете беру үшін, қайткенде де ортақ қауым құру үшін және бір ғана илеу ішінде орнығу үшін,тіпті құжынаған илеуге айналып кетсе де, бірін бірі жеп қоймай, антропофагқа айналып кетпей, әйтеуір, орнығу үшін барша батысқа тән дара бастауды жоюға бағытталған майдан! Былай қарасаңыз, бұл жағынан Парижге тәннің бәрі бар: тура сондағыдай status quo1(лат.) дәл осы жағдайда) қалудан үрке, бүкіл тілегі мен үмітінөзінің етімен қоса жұлып тастауға, тіпті прогресс көсемдерінің өзінде де сенімділік жетпегендіктен, өз болашағын нәлеттеуге және Ваалға тәу етугежанталаса ұмтылу бар. Әйткенмен, Құдай үшін өтінерім, асқақ сөздерге елікпейік; мұның бәрі алдыңғы қатарлы озық ойлылардың жан дүниесінде ғана саналы түрде, ал барша қауымның тіршілік дүрмегінде санадан тыс инстинктілі түрдеаңдалады. Бірақ буржуа, мәселен Парижде, саналы түрде ырза деуге және осылай болуы қажеттігіне сенімді деуге болады; алда-жалда сіз осылай болуы қажеттігіне шүбә келтірсеңіз, сізді төпелеп тастайды, өйткені өзінің соншалықты сенімділігіне қарамастан, әлі күнге дейін әлденеден қорқады. Лондонда да сол іспетті болғанымен, көріністері қандай ауқымды, ықтырып жібереді! Тіпті Парижден сыртқы айырмашылығының өзі қандай. Бұл – күндіз-түні теңіздей бөрліккен, шетсіз-шексіз қала, машиналардың дүрілі мен гүрілі, бұл – үйлердің үстімен (кейіннен үйлердің астынан да) тартылған шойын сымдар,бұл – болжампаздықтың батылдығы,бұл – сырт қарағанда жүйесіздіктей көрінетін, ал шын мәнінде, аса жоғары деңгейдегі буржуазиялық тәртіптің нақ өзі, бұл – уланған Темза,бұл – таскөмірдің тозаңы сіңген ауа; бұл – керемет скверлер мен парктер,бұл – қаланың жартылай жалаңаш, жабайы, ашқұрсақ тұрғындары жайлаған Вайтчапель тәрізді қорқынышты қуыстары. Бұл – өзінің миллиондарымен және дүниежүзілік саудасы мен әйгілі сити, кристалл сарай, дүниежүзілік көрме... Иә, көрме естен тандырарлық. Сіз одан дүниенің әр қиырынан жиылған қисапсыз жандарды осы жерде бір ғана табынға айналдыра біріктірген қорқынышты күшті сезінесіз; сіз жойқын пиғылды ұғынасыз; сіз мұнда әлденеге әлдеқашан-ақ қол жеткізілгенін, жеңістің, салтанаттың осында екенін сезінесіз. Сіз тіпті бірдеңеден шошына бастағандай боласыз. Сіз қанша тәуелсіз болсаңыз да, бәрібір, бірдеңеден үрейлене бересіз. Қолымыз жеткен идеалымыз осы емес пе екен? – деп ойланасыз сіз; – ақыр-соңы осы емес пе екен? шынында да, «бір ғана табын» болу осы емес пе екен? Расымен-ақ, осыны нағыз шындық ретінде қабылдап, біржола бұйығып қалуға тура келмес пе екен? Осының бәрі сонша салтанатты, айбынды һәм асқақ болғандықтан, сіздің жаныңыз қысыла бастайды. Сіз бағыныштылыққа құмбыл бір ғана ниетпен дүниенің түпкір-түпкірінен осында ағылып жатқан, осынау алып сарай ішінде үнсіз, тілсіз және қасарыса топырлап жүрген әлгібір жүз мыңдаған, миллиондаған жандарға көз саласыз және сіз осында бірдеңенің түпкілікті іске асқанын, іске асқанын және тынғанын сезінесіз. Бұл – көз алдыңда өтіп жатқан Вавилон жайындағы тәураттық көрініс, Апокалипсистен алынған әлдебір сәуегейлік іспетті. Сіз осынау әсерге мойынсұнбау үшін, ырқында кетпеу үшін, фактіге жүгініп, Ваалды пір тұтпау үшін, яғни көз алдыңдағыны өз идеалың ретінде қабылдамау үшін аса көп мөлшердегі мәңгілік рухани қарсылық пен терістеудің қажеттігін сезінесіз...

– Бұл сандырақ қой, – дейсіңдер сендер, – жағымсыз сандырақ, жүйкенің жұқаруы, әсірелеу ғой. Ешкім де мұнымен тоқтап қалмайды, ешкім мұны өзіне идеал етпейді. Оған қоса, аштық пен құлдық өз бауыры емес, бәрінен бұрын теріске шығарып, скептицизм туындатады. Ал өзінің рақаты үшін ғана қыдырыстап жүрген тоққарын дилетанттарөзін қоздыра түсу үшін, әрине, Апокалипсистен алынған суреттер туғызып, кез келген жәйттен секемденіп, әсірелей асқындырып, өз жүйкелерін тынышталдыра береді...

– Жарайды, – деп жауап қайырамын мен, – мен сыртқы көрініске еліктім делік. Дегенмен, сендер осынау орасан көріністі жасап шыққан әлгібір құдіретті күштің менмендігін және оның өз жеңісі мен өзінің салтанат құрып тұрғанына қаншалықты кәміл сенімді екенін көрсеңдер ғой, онда сендер оның өркөкіректігінен, бірбеткейлігі мен көрсоқырлығынан дір ете қалар едіңдер, осынау кеудемсоқ күштің астында жаншылып, жанышталғандар үшін дір ете қалар едіңдер. Соншама кең құлаштылықтан, өктемдеуші күштің соншама алапат өркөкіректігінен, әлгі күштің соншама салтанаттана тоқтай қалуынан аш-арық жан көп жағдайда сілейіп қалады, көндігеді, бағынады, құтылу жолын жын мен азғындықтан іздейді, сөйтіп, осының бәрі осылай болуы керектігіне сене бастайды. Факт жанши береді, қалың жұрт естен танады, қытайшылдыққа жармаса бастайды, ал алда-жалда скептицизм туа қалса, оның өзі бұлыңғыр болады да, ақырында, құтылу жолын мормондық тәрізді бірдеңелерден іздейді. Ал Лондонда көруге болатын соншама көп бұқараны да, олардың қилы-қилы жағдайын да сендер мына дүниенің еш түпкірінен кезіктіре алмассыңдар. Біреулердің маған айтуынша, мәселен, сенбінің түнінде жарты миллион жұмыскер әйелдерімен, бала-шағасымен бірге бүкіл қаланы теңіз суындай жайыла жайлайды екен де, әлдебір кварталдарда мүмкіндігінше топтаса жиналып, түні бойы таңғы беске дейін сілтейді екен, яғни бір аптаға жетерлік тамағын хайуандарша ішіп-жейді екен. Апта бойына үнемдегенінің бәрін, ауыр бейнетпен және қарғап-сілеумен жиған-тергенінің бәрін шашып-төгеді. Ет сатылатын және тамақтанатын дүкеншіктерде торсия бұлтиып жанған газ көшелерге жарық сәуле шашып тұрады. Әлгібір ақ түсті негрлер бал өткізіп жатқандай болады. Жұрт құшақ жайғантаверналар мен көшелерге ағылады. Сол жерде жейді, сонда ішеді. Сыраханалар сарайдағыдай қамданады. Бәрі мас, бірақ көңілсіз, тұнжыр, бәрін зілдей салмақ жаншып жатқандай, үнсіз-тілсіз.Сіздің жаныңызды күдік пен уайымға бөктірген осы үнсіздікті тек кей-кейде балағаттасулар мен қанды төбелестер ғана бұзып кетеді. Мұндағының бәрі тезірек естен тана ішуге асығады... Әйелдер де күйеулерінен қалыспайды, күйеулерімен бірге сылқияды; балалары олардың арасында жүгіріп, еңбектеп жүреді. Осындай түндердің бірінде, түнгі екілер шамасында, мен адасып кеттім және ағылшынша бірде-бір сөз білмегендіктен, осынау түнеріңкі жұрттың сансыз тобыры ішінде әркімнен жолды ымдап сұрап, көше қуалап ұзақ сенделдім. Жолды таптым-ау, бірақ өз көзіммен көргендердің әсері осыдан кейін үш күн бойы жанымды жеді. Халық қайда да халық қой, бірақ мұндағының бәрі соншама ауқымды, соншама айқын болғандықтан, сіз осыған дейін қиялда ғана елестеткеніңізді түстеп көргендей әсерленесіз. Енді сіз ешқандай халықты емес, ақыл-ойдың жүйелі түрде, құлдық ұра, ынталана жоғалуын көресіз. Сіз қоғамның осынау барша бейбақтарына қарай тұрып, олар күткен сәуегейліктің таяу арада орындала қалмасын, оларға пальма жапырақтары мен әппақ киімдер таяу арада тартулана қоймайтынын және олардың жаратқаннан таққа таянуын сұрана: «Құдайым-ау, жетсеңші» деп, әлі талай-талай жалбарынатынын сезінесіз. Мұны олардың өздері де біледі және қоғамнан өздері үшін әзірге қайдағы бір жерасты мормондары, сүзгілері, кезбелері арқылы есе қайыра тұрады... Біз қайдағы бір сүзгілер мен кезбелерге иланған ақымақшылыққа таңырқаймыз, бірақ біздің қоғамдық формуламыздан санасыздана, қасарыса бөлінудің, қайткенде де құтылу үшін инстинктілі түрде бөлінудің, бізден жирене, шошына бөлінудің нышаны осында жатқанынтүсіне бермейміз. Адамдар думанынан ығыстырылған, тыс қалдырылған осынау миллиондаған жан өздерінің үлкен қандастары итермелеген жерасты түнегінде бірін-бірі қақпайлай, таптай жүріп, әйтеуір бір қақпаны қағу үшін сипалақтайды және қап-қараңғы дүниеде тұншығып қалмау үшін шығар жол іздейді. Өзінің үймегіне, өз тобырына сіңу үшін жанталасқан және тек бізбен бірге болмау үшін ғана бәрінен, тым болмаса, адамға тән бейнеден, қашқан ақырғы әрекет те осында...

Мен Лондонда осыған ұқсас тағы бір топты көрдім, ал ондайды Лондоннан басқа ешқайдан көрмейтініңіз де анық. Бұл да өзінше жасанды көрініс. Лондонда болғандардың қай-қайсы да, тым болмаса, бір рет Гай-Маркетке түнде барғаны хақ. Бұл – бірнеше көшесінде түні бойы мыңдаған жезөкше аяққа оралып жүретін квартал. Көшелері біздің түсімізге де кірмейтін газ оттарымен жарықтандырылған. Айналармен және алтынмен әшекейленген әсем кофеханалардан аяқ алып жүргісіз. Масқара да осында, баспана да осында. Осынау тобырға араласудың өзі қорқынышты. Бұл топтың түзілім де таңғаларлық. Мыж-мыж кемпір де осында, көзің тоймас сұлуың да осында. Жалпы, барша дүние жүзінде ағылшын әйелдерінен асар сұлулар типі жоқ. Солардың бәрі көшелерде сеңдей соғылыса, қыстырылыса топырлайды. Тобыр тротуарларға сыймай, көшелерді түгел жауып кетеді. Солардың бәрі олжаға асық және кім кездессе де, жармаса жабысады. Жалтылдаған қымбат киімің де, алқам-салқам шүберегің де осында, кәрісі де, жасы да, бәрі бірге. Осы бір қорқынышты тобыр ішінде мас қайыршы да кезігеді, лауазымды байың да осында соғып өтеді. Айқай-ұйқай, дау-дамайды да, қылмыңдаған сайқалдықты да, әлі де ұяң сұлудың еліктірген сыпайы сыбырын да естисің. Кей кездері қандай сұлулыққа кезігесің десеңші! Дәл бір суреттен шыққандай. Әлі есімде, бір рет «Casino»-ға кірдім. Ол жерде музыка бебеулеп, би қызып жатты, топырласқандар қисапсыз еді. Жағдай керемет болатын. Бірақ думандатқан сәттің өзіндеағылшындардың тұнжыр мінездері қалмайды, олар билегеннің өзінде міндетті болғандықтан, па жасайтындай, салмақтана, тіпті түнере билейді. Жоғарыдағы галереядан мен бір бойжеткенді көріп, таңдана кідірдім, осыншама таңғажайып сұлулықты мен ешқашан кезіктірген емес едім. Бойжеткен стол басында жас жігітпен бірге отырды, әлгі бозбала дәулетті джентльмен тәрізді еді және кейпіне қарағанда, казиноның үйреншікті келушісінеұқсамайтын. Шамасы, ол бойжеткенді ұзақ іздеп, ақыры кезіктіргенге яки осында кездесуге келіскенге ұқсайтын. Жігіт қызбен аз ғана және үзік-үзік сөйлесті, олар өздері айтқысы келгенді сөйлеп отырмағандай көрінетін. Әңгімелері қайта-қайта ұзақ үнсіздікке ұласа берді. Бойжеткен де өте мұңлы еді. Оның бет-әлпеті нәзік, биязы еді, қыздың кереметтей әдемі әрі тәкаппарлау көзқарасында әлдебір түсініксіз мұң, қайғылы ой бар еді. Маған ол құрт ауруына шалдыққан жандай көрінді. Ол осынау топтағы бейбақ әйелдердің бәрінен биік тұрмаса, өз артықшылығын пайдаланбаса болмайтын және ол солай етті де, әйтпесе, адам өңінің сұлулығы не үшін керек? Бұл екі арада ол ақысын бозбала төлеген джинді ішіп алды. Ақырында жігіт орнынан тұрды, қыздың қолын қысты, сол жерде олар екі айырылды. Жігіт казинодан шығып кетті, ал жүдеңкі жүзіне арақтың әсерімен қоюлана қызыл жүгірген бойжеткен «шаруа жасап жүрген» әйелдер топырына сіңіп кете барды. Мен Гай-Маркетте өздерінің бәлиғатқа толмаған қыздарын «шаруа жасауға» алып келген шешелерді де байқадым. Он екілер шамасындағы жап-жас қыз балалар сіздің қолыңыздан шап беріп, өзімен бірге жүруіңізді өтінеді. Әлі есімде, бір жолы көшедегі жұрт нөпірі арасынан мен жасы алтыдан аса қоймаған, алба-жұлба киімді, үсті кір-кір, жалаңаяқ, әбден ұрып-соғылған бір қызды көрдім, оның жұлым-жұлым киімінен көзге ұрып тұрған денесі көкала торғайдай еді. Ол есінен айырылған жандай, тобырда не үшін сандалып жүргені бір Құдайға ғана аян күйде,ешқайда асықпастан жүріп келе жатты; бәлкім, ол аш болған шығар. Оған назар аударған да ешкім жоқ. Әйтсе де, мені ерекше таңдандырғаны – ол жан түршігерлік қасіретті бастан кешкендей, тығырықтан шығудан мүлдем күдер үзгендей кейіпте келе жатты; тұла бойына осыншама қасірет пен қарғыс тұнған осы бір кіп-кішкентай жан иесін көрудің өзі ақылға сыйымсыздай, өте үрейлі болатын. Өзінің ұйпа-тұйпасы шыққан басын оңды-солды шайқап келе жатқан ол әлдене жайлы ойланғандай болып, жіп-жіңішке қолдарын бірдеңелер сызғандай әрлі-берлі сермеп қояды, кенет қос қолын қабыстыра қалды да, өзінің ашылып қалған кеудесіне баса қойды. Мен оған қайырылып, жарты шиллинг бердім. Ол күміс ақшаны алды да, менің көзіме үрейге толы таңданыс таныта, жабайылана қарады, содан соң, оның ақшасын мен тартып алатындай, жанұшыра кейін қарай жүгіре жөнелді. Қайткенде де, оғаш дүниелер...

Тағы бір түнде, әлгібір ұятын жоғалтқан әйелдер мен азғындар тобырын жанталаса жарып шыққан бір әйел мені тоқтатты. Ол түгелдей қара киім киінген және шляпасы жүзін толық жауып тұрғандайеді; мен оған дұрыстап қарап та үлгермедім; тек оның қадала қарағаны есімде. Ол маған француз тілінде былдырақтай бірдеңе деді, мен түкке де түсінбей тұрғанымда, қолыма әлдебір кішкентай қағазды қыстыра салды да, тез-тез әрі кетіп қалды. Мен кофехана терезесінен түскен жарықпен қағазды қарап шықтым, бұл шиыршықталған кішкентай ғана шаршы екен; оның бір бетінде «Crois-tu cela?»1(франц. Сен бұған сенесің бе?) деген жазу бар болатын. Келесі бетінде «Бұл нағыз қайта тірілу және қарын...» және т.с.с. бірнеше белгілі сөздер французша жазылған. Енді мұның тіпті ерекше екеніне дауласпассыңдар. Ал мұның кез келген жерде қыстырылыса беретін, беттері қайтпайтын католиктердің насихаты екенін кейіннен түсіндіріп берді. Көшелердің бір тұсында осындай қағаздар, келесі тұсында Інжіл мен Тәураттан алынған әртүрлі үзінділерден тұратын кітапшалар таратыла береді екен. Оларды тегін таратады, жапсыра қояды, қолтығыңа іліп жібереді. Үгіттегіштердің еркегі де, ұрғашысы да өріп жүр. Бұл – дәл есептелген және жанды насихат. Әлдебір жұмыскердің жарлы әулетін католик священниктің өзі тауып алады, өзі қолға алады. Мәселен, ол дымқыл еден үстінде азып-тозып жатқан, маңайында аштық пен суықтан дірдек қаққан балалары, сондай-ақ, ашқұрсақ, көбінесе мас боп жүретін әйелі ғана бар ауруды тауып алады. Ол бәрін тойдырады, киіндіреді, жылытады, ауру байғұсты емдей бастайды, дәрісін сатып әкеледі, сол үйдің жанашыры болады, ең ақырында барлығын католикке айналдырып тынады. Кейде, әрине, жазылып алған соң, оның өзін балағаттап, сабап, қуып шығады. Ол қажымайды, басқасына барады. Оны онда да айдап шығады; ол бәріне төзеді, әйтеуір біреуді қармаққа іледі. Ағылшын священнигі кедейге бармайды. Жарлы-жақыбайды шіркеуге де кіргізбейді, өйткені орындық үшін төлейтін оның ештеңесі жоқ қой. Жұмыскерлердің арасындағы, жалпы кедейлердің арасындағы некенің көбісі заңсыз, өйткені неке қию қымбат тұрады. Айтпақшы, әлгі еркектердің көпшілігі өз әйелдерін өлтіре сабайды, міскінге айналдырып жібереді және көп жағдайда ұру құралы ретінде каминдегі көмірді қозғауға арналған көсеуді қолданады. Көсеу олардың ұруға арналған аспабы десе де болғандай. Не десек те, газеттерінде үй ішілік жанжалды, жарақаттануды және кісі өлімін жазған сайын, көсеу әрдайым ескерілетіні анық. Бұлардың балалары есі кіре бастасымен, көбіне-көп жағдайда көшеге кетеді, тобырға қосылады және ақыр-аяғында әке-шешесіне қайтып оралмайды. Өркөкірек әрі бақуатты ағылшын священниктері мен епископтары шіркеуге қарасты сәнді жайларда өмір сүреді және ар-ұяттары еш мазаламайтындықтан, семіздікке бейім келеді. Олар әріп тергіш, ыждаһатты, өте сауатты болады және өздерінің адамшылығы кемшіндеу мәртебесіне, бір сарынды және кәміл сенімді моральдарын оқуға, семіруге, сондай-ақ, бақуаттыларға арналған жайда тірлік етуге құқылы екендіктеріне өздеріаса мән бере, маңыздана иланады. Бұл – байларға арналған және еш бүркемесіз дін. Қалай болса да, бұлары ұтымды әрі алдау-арбаусыз нәрсе; осы сенімдеріне көзсіз иланатын осы бір дін профессорларының өздеріне етене жалғыз ермегі бар, ол – миссионерлік. Бір ғана жабайыны дінге жығу үшін жер бетін шарлайды, Африканың қиян түпкіріне барады, алайда Лондондағы миллиондаған жабайыны ұмытып кетеді, өйткені оларда ақы төлейтін ештеңе жоқ. Дегенмен, дәулетті ағылшындар мен сондағы алтын торпақтардың бәрі, негізінен, аса діндар, тұнжыр, жабырқау, біртүрлі боп келеді. Ағылшын ақындары атам заманынан бері жүз жылғы емендер мен шегіршіндері жайнап тұратынсыртқы аймақтардағы бақташы үйлерінің көркемдігін, олардың мейірімді әйелдерін және кереметтей сұлу, көкшіл көзді ақсары қыздарын жырлауды ұнатады.

Алайда түн таусылып, күн шығысымен, әлгібір өркөкірек әрі тұнжыр күш алып қала үстінде салтанаттана көтеріледі. Ол түнде болған жәйттерге де алаңдамайды, күндіз өз айналасынан көргендеріне де алаңдамайды. Ваал билік құрады және бағынуды қажетсінбейді де, өйткені солай екеніне сенімді. Оның өз-өзіне сенімділігі шексіз; ол жиренішті және алаңсыз, тек өз бойына жақындатпау үшін ғана ұйымдастырылған қайыр-садақа беріп қояды, ал содан соң оның өзіне сенімділігіне шәк келтірту мүмкін емес. Мәселен, Ваал тіршіліктегі күдікті, жабайы, алаң туғызатын кейбір құбылыстарды,Парижде жасалатын сияқты, өзінен жасырып әуреленбейді. Көпшіліктіңжарлылығы, уайым-қайғысы, күңкілі мен парықсыздығы оны еш алаңдатпайды. Ол өзінің өмірімен қатар, өзінің қасында, өз өңіндеәлгіндей күдікті де сұмпайы құбылыстардың да тірлік ете беруіне жирене рұқсат етеді. Ол, париждікке ұқсап, бәрі тыныш және тамаша деп, өзін өзі күштеп иландыруға, жігерлендіруге және өзін өзі үрейлене алдаусыратуға құмартпайды. Ол өзінің ұйқысын жөн-жосықсыз бұзып, үрейін ұшырмау үшін жарлы-жақыбайларды, Париждегі сияқты, әлдебір жерлерге жасырып қоймайды. Париждіктер өздеріне жақындап қалған аңшыларды көрмеу үшін бастарын құмға тыға қоятын түйеқұс сияқты. Парижде... Ойпырмау, менің мұным не! Мен бұл жолы да Парижде емес екенмін ғой... Құдайым-ай, осы мен тәртіпке қашан үйренер екенмін...

(Жалғасы бар)

Аударған Кенжебай Ахметов

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

11.11.2023

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Неооқырман. Көркем әдебиетті оқытудың жаңа жолы

16.08.2023

Тұманбай аз ізденеді, Жұмекен үшін махаббат – зар, қырылысу...

30.06.2023

Оңғарсынова кеткен соң... Қарин уәдесін қашан орындайды?

21.10.2022
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

Нұтфолланың әкесі де 1936-1938 жылғы «халық жауларын» әшкерелеу қызыл науқанына ілінеді

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Неооқырман. Көркем әдебиетті оқытудың жаңа жолы

Әдеби контентті жаңа буынға визуалды түрде ғана жеткізуге болады

Тұманбай аз ізденеді, Жұмекен үшін махаббат – зар, қырылысу...

«Адалсың ғой, қыз бала, бүлдіретін біз ғана» деген сөзі жігіт атаулыны түп-түгел арандатушы дегені ме?

Оңғарсынова кеткен соң... Қарин уәдесін қашан орындайды?

Іздеушісі жоқ болған соң да оларға әдебиеттің керегі болмай қалған шығар?!