Таксиді тастап, түйе бағамын  

Malim Админ

  • 24.05.2020

Аяқ-асты жолға шығу керек болып, такси жүргізетін танысқа қоңырау соқсам, «таксиді қойып, түйе бағып жүрмін» дегені. Апақ-сапақта жөн сұрап жатар жағдай жоқ, басқа келген ең бірінші ой «жынды ма?» болды.

Кейіннен асықпай сөйлестік. Айтуынша, осы күнге дейін жын қуып жүріпті. Карантин басталғанда ауылына қашып кеткен. Ол жаққа анда-санда, той-томалақ, өлім-жітімге ары кетсе, бір аптаға ғана баратын адам. Қалған кезі қаланың қарбалас тірлігіне шырмалып, арбалған. Күні-түні тыным таппай жолаушы тасыйды. Күнделікті табысы жаман емес сияқты көрінгенімен қалада бала-шаға бағу оңай да емес. Енді ата кәсіпке ден қойып, шағын және орта бизнеске аяқ баспақ.

–Мына карантин маған жақсы болды. Біраз күн жатып дем алдым. Ойландым. Қарасам, қалада бітіріп жүрген түгім жоқ екен. Күнделікті тапқаның күнделікті шығынан аспайды. Ауылға мойын бұрып қарамаппыз. Әйтпесе, мүмкіндік пен береке осы жерде көп екен. Түйе бағуды қолға алып жатырмын. Осы салаған қатты қызығып отырмын,–деп Ержан АЙТЖАН әңгімесін бастап кетті.

–Түйе баққан жақсы шығар, бірақ,  жылқы мен сиырдай болмас, еті көп жерге өтпейді ғой?

–  Түйені етке ғана бақпайды. Сауатын сүтті түйе.

Сүтті түйе? Шұбат, қымыраны  ішкенге,  денсаулыққа жақсы-ақ, бірақ, табыс ойласаң, сиыр сияқты бір сауғанда бір шелек сүт бермейтін шығар.

– Мәселе сол ғой. Сиырдың бір шелек сүтін мың теңгеге ауылда әрең өткізесіз. Ал түйенің бір литр сүті Созақта мың теңге! Сүтті түйе күніне кемі үш литр сүт береді. 9 ай саусаңыз, жылына 810 мың теңге қалтаңда.

–Айтқанға жақсы, ол сүтті қайда өткізбексің? Жинап-жинап алып, қалаға таксилетіп келмекпісің?

– Жоқ, үйіңнен аттап шықпайсың. «Colden Camеl» деген зауыттың өкілдері осында сүт қабылдайтын төрт орталығын ашып, әр литрін мың теңге қабылдап жатыр. «Colden Camеl» деген  түйе сүтін терең өңдейтін Түркістан қаласында жаңадан ашылған зауыт екен. Созақтағы шаруа қожалықтарынан түйе сүтін жинап алу үшін 1 тонналық сүт қабылдау қондырғысын орнатып кетіпті. Онда өзінің салқындатқышы, қозғап тұратын тетігі бар. Осындағы мен деген ірі-ірі шаруа қожалықтарының өзі күніне ары кетсе, 300 литр сүт беріп жатыр. Яғни, кәсіп дамытуға мүмкіндік зор. Сұраныс бар.

–Ал жақсы, сүтті түйені қайдан алмақсың?

– Мен қалада жүргенде әкімдіктелігер мұны да ойлап қойыпты.   «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама бар екен.  Сол бағдарлама бойынша,  түйе сатып алатын әрбір кәсіпкерге түйе бағасын 1 млн мен 1 млн 300 мың теңге арасында бағалап, шектеусіз 6 пайызбен несие береді. Түйе сатып алуға арзан несие беріп жатса, оның сүтін өздері сатып алып жатса, ата кәсіпті қолға алу үшін басқа не керек? Несиеге алған түйенің арқшасын сүтін сатып, бір жылда ақтап шығуға болады. Келер жылғы түйе де, оның сүті де өзіңнің жеке табысың.  Он жыл қаладан шықпай, такси қуғаннан тапқаным жоқ, оның үстінен бір ол жұмыстан жалықтым. Ата кәсіпті бастаймын.

Түркістан облысы әкімдігі мамандарының  хабарлауынша, аймақта түйе өсіруге  Отырар, Ордабасы, Шардара, Созақ аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының маңы өте қолайлы.  Сүтті түйе жобасын бастаған осы өңірдің мамандары алдағы уақытта Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы әріптестерінің басын қосып, үлкен семинар ұйымдастырмақ. Сөйтіп,  түйені сауғаннан бастап, қай жерден қаржы, қай жерден түйе алуға болатынын, сүтін зауытқа қалай өткізетініне дейінгі шаруа мен ақпараттың бәрін шағын және орта кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына көрсетіп беріп, арнайы көмекші нұсқаулықтар шығармақ. Кәсіпкерлікті жаппай дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау аясында жүзеге асып жатқан түйе шаруашылығын дамытудағы бұл жобаға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Қарапайым заттар экономикасы» атты бастамасы тірек болған.