"Емтихан ережесін бұзған оқушыға кешірім жоқ"

Malim Админ

  • 25.06.2020

ҰБТ-ның жаңа ережеріне байланысты ел арасында түрлі пікір айтылып жатыр. Тыйым салынған заттармен ұсталған оқушы тестілеуден шығарылалды және бір жылға дейін грантта оқу мүмкіндігінен айырылады. Бірақ балалар ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға тапсыра алады. Кейбір азаматтар бұл қаталдау жаза дегенмен, көпшілік тегіс қолдады деуге болады.

Ақын Қайсар ҚАУЫМБЕК министр Аймағамбетовтің бұл шешімін қолдайды. Ол Қытайда мұндай тәртіп бұзушылық үшін бір жыл емес, 3 жылға дейін оқуға тапсыру құқығы шектелетінін айтады. Қытайдағы тестілеу қалай өтеді, жалпы, олардың қазақ білім беру стандарттарынан айырмашылығы қандай? Осы және өзге мәселелерді шағын сұхбатымызда айтуға тырыстық.

- Қайсар, сіз Қытайда ҰБТ ережесін бұзған оқушыны бір емес үш жылға оқуға тапсыру құқығынан айырады дейсіз. Осыны таратып айтып беріңізші, куә болған жағдайлар болды ма?

[caption id="attachment_5083" align="alignright" width="487"] Қ.Қауымбек[/caption]

- Мен ол жақтан кеткелі 15 жылдан асыпты. Кешегі постқа байланысты сіздің «екі елдің білім және ғылым саласындағы мәселелер төңірегінде әңгімелессек» деген ұсынысыңыздан кейін арғы бетте ұстаздық қызмет етіп жүрген таныстарыммен өзім де аздап сұхбаттасып алдым.

Иә, заң шынмен де қатал, айтсам көп жұрт сенбейді. Неге сенбейді? Сол баяғы біздегі заңға деген немқұрайлылық, жүйеге ет үйренгендіктен.

Қазір оларда 6-7 шілде күндері болатын бір тұтас мемлекеттік емтиханға (біздегі ҰБТ) дайындық жүргізіліп жатыр.

Емтиханда тәртіп бұзған, көшірген, т.б. емтихан ережелерінің қай-қайсы бабына да қайшылық жасаған студенттерге кешірім жоқ. Үш жыл бойы емтихан тапсыру құқығынан айыратыны рас. Бәрінен де ауыры, емтихан заңын бұзғаны жөніндегі құжат жеке архивте сақталады. Бізде мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұру үшін сотталмағаны жайлы құжат талап етіледі ғой. Бұл сонымен деңгейлес құжат. Кез-келген мекеме жұмысқа қабылдар алдында осындай қылмысың болса қабылдамайды. Ал Қытайда жеке кәсіпкерліктен өзге саланың барлығы мемлекеттік мекеме болғандықтан бұл аса ауыр жағдай деуге болады.

Ал емтихан заңына қайшылық жасаған мұғалімдердің жағдайы тіпті ауыр. Заңы қатал, аяусыз елдегі ең ауыр жаза қылмыстық істер заңымен сотталғандар. Емтихан заңын бұзған мұғалімдердің қылмысы осы заңмен қаралады. Өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттелілумен ғана қоймай, 6 айдан 1 жылға дейін қамауға алынады. Ал түрмеден шыққан соң оларда сотталған деген куәлік болады. Оның зардабы тіпті отбасы мүшелеріне де тиеді. Оның балаларының жұмысқа тұру, қоғамдық тәртібі дегендер жіті бақылауға алынады. Демек, емтихан заңын бұзу ол жақта өз тамырыңа балта шабу деген сөз. Мұндайдан кейін ондайға ешкімнің батылы бармайды ғой. Содан шығар, мен өз басым емтихан заңымен сотталған, түрмеге түскен дегенді оқып, естігенім болмаса, көрмегенмін, өте аз.

- Қытай мен қазақтың білім саласын салыстыруға келе ме жалпы?

- Салыстыруға келмейтін шығар. Біріншіден олар көп, екіншіден, оларда жүйе басқа. Мемлекеттік басқару да мүлдем басқаша. «Саннан сапа туады» дейтін өздерінің сөздері бар. Біздің «мыңнан – тұлпар» деген сөзіміз ғой. Әлемнің барлық елдерінің университеттерінде Қытай студенттері көп. Америкаға барғанымда, мен тіпті, Қытай университетінде шетелдіктер оқып жатқан секілді әсерде болғаным бар. Ал Қазақстанда білім беру нашар дей алмаймын. Аз болсақ та жыл сайын халықаралық олимпиадаларда қазақстандық оқушыларды көріп қаламыз. Бұл аз халық үшін жаман нәтиже емес дер едім. Керісінше, қытайда жаттандылық, бірыңғай жүйеге бағыну басым. Әйтеуір емтиханнан өтсе болды, оқушының өзге де қабілетімен аса көп санаса бермейді. Сондықтан оларда барлық ата-ана балам емтиханнан өтсе екен дейді. Ал ол кәсіпкер болғысы келетін шығар, спортқа бейімі бар шығар. Оны ойлап жатқан адам аз. Сосын коммунистік жүйе адамның барлық қырын ашып бере алатын орта емес қой енді. Құдайға шүкір, ол жағынан біз көш ілгеріміз.

- Бізде бір жылдық шектеудің өзін көпсініп жатқандар бар. Халықаралық тәжірибе деп жүрміз ғой, бұдан басқа, болашақта бізге де келуі мүмкін, әзірге бізде жоқ тағы қандай қатал ережелер бар?

- Емтиханға байланысты заң-ережелер өте көп. Мысалы, комиссия мүшелері уақыт басталғанға дейін емтихан қағазына қол тигізуге рұқсат жоқ. Қазір, емтихан қағаздарын емтихан алаңына арнайы екі милицияның күзетімен оқу ағарту мекемесінің адамдары алып кіреді екен. Демек, комиссия мүшесі болып отырған мұғалімдерге ондай құқық берілмейді. Емтихан жауаптары да осындай тәртіппен жинап әкетіледі. Емтихан сұрақтары Пекинде бір тұтас дайындалады. Міне осы дайындықтан бастап барлық талапкерлер емтиханды тапсырып болғанға дейінгі аралықта (1 ай шамасы) сұрақтарды дайындаған ғалымдар арнайы күзетке алынып, үйіне қайтарылмайды. Телефон пайдалануға рұқсат етілмейді. Арнайы қонақ үйде, бақылауда болады. Бұл емтихан сұрақтарының мазмұны таралып кетудің алдын алу үшін жасалады. Әрине, олардың аса қомақты еңбекақысы да төленеді. Емтихан кезінде талапкерлерге сабақ берген мұғалімдер болмайды. Арнайы комиссия басқа жақтан әкелінеді. Бұдан да көп ережелер мен заңдар бар. Біз үшін қызық, әрі қатал. Бірақ керек.

Тағы бір айта кетерлігі, ол жақта мұғалімдер де бірнеше жыл айналып емтихан тапсырып отырады. Бұл кәсіптік қабілетін шыңдау үшін. Ол емтихандар да жалпы жақтан жоғарыдағы емтихан ережесіне бағынады.

- Гранттан шектеу, бір жыл емтихан тапсыру құқығынан айыру дегендер оқушыларды одан ары психологиялық қысымға түсірмей ме?

- Психологиялық қысым дейсіз бе? Бұдан бұрын өз еңбегімен 11 жыл бойы ізденіп, соңында өзінен әлдеқайда білімі таяз талапкерлердің толық балл жинап оқуға еш қиындықсыз түскенінің кесірінен қаншама үздік балаларымыз психологялық қысымға тап болды. Бұл қиянат үшін кім жауап береді?! Мұндай қиянатты қысымға қарағанда, өз еңбегіңнің аздығынан көрген қысым жеңілдеу ме деймін. Қытайда, емтихан кезінде талапкерлердің психологиясымен радио, телеарналар да бірлесіп жұмыс жасай бастайды. Әр түрлі емтиханға қатысты бағдарламалар, өзін қалай ұстау, емтихан ешқашан да адам өмірінің соңғы нәтижесі емес екендігі жайлы хабарлар, бағдарламалар ұйымдастырады. Психолог ғалымдарды сұхбат арқылы көмекке шақырады екен. Біздің кезімізде ондай болған жоқ. Бірақ қазір солай.

Қытайда емтихан тапсыру мереке сияқты. Таңнан кешке дейін қоғамдық көліктер, тіпті, таксилер талапкерлерді жетем деген жеріне жеткізіп салады. Егер, сізді бір таксист алмай кетіп, емтиханға кешіксеңіз көлік нөмірін жазып алып оның үстінен арыз жаза аласыз. Арызыңыз дәлелденсе таксисті қылмыстық жазаға тартады. Бір қарасаң қызық, бірақ бұл заң.

Емтихан күндері бүкіл қала тыныштық режиміне өтеді. Түнгі оннан кейін барлар, ойын-сауық алаңдары, ресторандар жұмысын тоқтатады, қалада көлік азаяды. Бұл ертең емтихан тапсыратын талапкерлердің алаңсыз демалысы үшін.

Ал емтихан өтіп жатқан мезгілде сол мектептің айналасындағы жолдардың бәрі жабылады. Арнайы жол-патрулдік полициясы көліктерімен күзетте тұрады. Бұл талапкерлердің емтиханды алаңсыз тапсыруы үшін. Қазір мынадай да ережелер енгізіліпті, емтихан алып жатқан мұғалімдердің сөйлеуіне тиым салынған. Себебі, осыдан бір жыл бұрын «Емтихан кезінде сөйлеген мұғалім назарымызды аударды» деп жүзден астам арыз түскен. Талапкердің құқығы аса жоғары күндер осы ҰБТ мезгілі.

- Сіздіңше, Қазақстанның білім және ғылым министрлігі шешуге тиіс ендігі мәселелер қандай?

- Асхат Аймағамбетов мырзаға дейін біздің осы салаған мың шенеунік келіп, мыңы кетті. Отыз жылда мемлекеттегі басқа салалармен бірдей білім және ғылым саласы да жемқорлықтың құйына батты. Биылғы ҰБТ кезіндегі тәртіпті көрген соң ғана үміт отын көргендей болдық. Бірақ, білім және ғылым саласы ҰБТ-мен шектелмейді. Алда журналистика, өнер сияқты салаларда шығармашылық емтихандар тұр. Осының бәрі бақылауға алу керек.  Емтихан барысында комиссия мүшелерімен жең ұшынан жалғасу, таныс-тамырлық пен тиын-тебен ұсыну болмау керек.

Екіншіден, тағы да сол айналып келіп жемқорлық мәселесі. Мысалы, мұғалімдік қызметке тұру үшін директормен келісуің керек. Мұның ар жағынан тағы да парақорлық шыға келеді. Бұл қазір біздің жағамызды ұстайтын жағдай емес, себебі, етіміз әбден үйреніп кеткен. Мектеп директорларына шектен тыс құқық беруді доғару керек. Әңгіме екі елдің білім саласы болғандықтан, тағы да салыстырып айтайын. Қытайда, мектеп директоры оқытушыны өз еркімен жұмысқа қабылдай алмайды. Қабылдау былай тұрсын, жұмыстан шығара алмайды. Оны оқу-ағарту мекемесі шешеді. Жұмыстан шығаруға алғашқы деңгейде ықпал ете алатын шығар, бірақ, оның мәселесімен мектеп директоры айналыспайды. Мемлекет өзі емтихан алып қабылдаған қызметкерін тек өзі ғана қызметтен босата алады. Ал бізде мектеп директоры десе тек жұмысқа қабылдап, жұмыстан шығаратын адам секілді боп елестейтіні сондықтан.

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

Байланысты жаналықтар

Қытайға киік мүйізін алып өтпек болған қазақстандық ұсталды

14.03.2024

Қазалы кәмпиті экспортқа шығарылады

12.03.2024

Алматыда тағы да жер сілкінісі тіркелді

06.03.2024

Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады

27.02.2024

Қазақтар атқан киікті қытайлар келіп өңдемек

17.11.2023

Алматыда Қазақстан-Қытай Халықаралық симпозиумы өтіп жатыр

26.09.2023
MalimBlocks
Қытайға киік мүйізін алып өтпек болған қазақстандық ұсталды

Тексеріс кезінде 205 дана ақбөкен мүйізі табылған.

Қазалы кәмпиті экспортқа шығарылады

Алматыда тағы да жер сілкінісі тіркелді

Эпицентрі - Қытай аумағында.

Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады

Орталық қызметінің негізгі бағыты музей және кітапхана ісі, музыка және кино өнері, тіл үйрету т.б. болады деп жоспарлануда

Қазақтар атқан киікті қытайлар келіп өңдемек

Қытай инвесторлары киік етін өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Сол үшін олар Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен 100 мың гектар жер алу үшін келіссөз жүргізу үсінде. Мұны БҚО әкімінің өзі Нариман Төреғалиев орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Алматыда Қазақстан-Қытай Халықаралық симпозиумы өтіп жатыр

Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және Ресей елінің сейсмолог ғалымдары қатысуда