"Денсаулық сақтау жүйесінің шамасы жоқ"

Malim Админ

  • 27.06.2020

Алматылық құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев бірнеше апта бұрын коронавирус жұқтырды. Ауру симтомдары біліне бастағанда, өзін бірден оқшаулаған. Коронавирус анықталса да, А.Шорманбаевқа емханадан ешкім хабарласып, бақылап жатқан жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен коронавирус инфекциясын клиникалық диагностика және емдеудің 9-хаттамасына сәйкес, симптомы жоқ "тасымалдаушылар" мен ауруы жеңіл жүріп жатқандар ауруханаға жатқызылмайды. Бірақ бастапқы медицина-санитарлық қызмет бұл адамдарды үйінде бақылап, күніне екі мәрте телефон соғып, үш күнде бір видеоқоңыраумен сөйлесіп, хал-жағдайын сұрап отыру керек. А.Шорманбаев өзі сияқты науқастарға кеңес беретін онлайн call-орталықтар мен емхана жұмысы жолға қойылса дейді.

– Амангелді Сергейұлы, коронавирустың симптомдары қалай біліне бастады?

– Коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жатырмын. Әуелі басым ауыра бастады. Бір әлсіздікті сездім. Жарты күн тұра алмай жаттым. Дене қызуы сәл көтерілді. Артынша тамағым жыбырлап ауыра бастады. Мұрным бітті. Екі күннен кейін мүлде иіс сезбей қалдым. Иіс суді тура мұрныма әкеп тақасам да, түк сезбеймін. Сол кезде менде коронавирустың симптомдары бар екенін түсіндім.

– Коронавирустың тұмаудан не айырмасы бар, әлде тұмау сияқты өтіп жатыр ма?

– Басында тұмауға ұқсас болды. Бірақ тұмаудың бірнеше күнде беті қайтады ғой. Буын-буынның ауырғаны, әлсіздік бір аптаның ішінде кетеді. Ал коронавируста олай емес. Аурудың беті бір аптада қайтпай, ағзаны әлсірете береді. Бір аптадан кейін денсаулығым жақсармаған соң,  18 маусым күні коронавирусқа тексерілдім. Оның нәтижесін ұзақ күттім, нәтижені тек 23 маусымда жіберді. Сөйтіп, COVID-19 анықталды.

Қазір денсаулығым жақсарып қалды. Мұрныма иіс суды әкелсем, сеземін. Бірақ бәрібір ас үйде әзірленіп жатқан тамақтың иісін сезбеймін. Яғни иіс сезу қабілеті толық қалпына келмеді.

– COVID-19 анықталған соң, емханадағы дәрігерге хабарластыңыз ба?

– Хабарласамын деп ойладым. Бірақ тура сол уақытта "дене қызуы болса ғана хабарласыңдар, симптомсыздар мен ауруы жеңіл жүріп жатқандар үйде емделіңдер, ауруханада орын болмай жатыр" делінді. Әйелім бұрын дәрігер болып жұмыс істеген, министрліктің хаттамасына сәйкес әрекет етіп жатырмыз. Егер денсаулығың нашарламаса, дәрігерге хабарласу қажет емес деп ойлаймын.

– Сонда үйде ем-дом жасап жатырсыз ба?

– Көбіне витаминдер, D3 витамині, витамин түріндегі мырыш ішіп жатырмын. Тамағым жыбырлап ауырғанда сода және тұзбен күніне 4-5 рет шаятынмын, бірақ ол анау айтқандай көмектеспеді. "Йокс" ерітіндісімен шайып едім, жақсы көмектесті. Физерітіндіге аскорбин қышқылын қосып салып жатыр. Бұл бұлшықет пен буынның ауырғанын қойдырады. Ешқандай антибиотик ішпедім, кәдімгі тұмау кезінде де антибиотик ішпеймін. Ақуызы көбірек тағам, көкөніс пен жемістерді көп жеу керек.

– Вирусты кімнен немесе қайдан жұқтырғаныңызды білесіз бе?

– Бастапқыда әйелімнен жұқтырдым деп ойладым. Өйткені карантиннен кейін әйелім жұмысқа шыққанда, жиналысқа қатысқан. Сол жиналысқа қатысқан әріптесінен кейін коронавирус анықталды. Бірақ әйелім коронавирусқа тексерілгенде, вирустан таза болып шықты. Яғни вирусты әйелімнен жұқтырмадым. Жұмыста жұқтыруым мүмкін емес. Өйткені түрлі талдаулар жасаймын, адамдарды қабылдамаймын. Қоғамдық көлікпен жүрмеймін, үнемі маска тағып, антисептик алып жүремін.

Ойлана келе, вирусты Көк базарда жұқтырған шығармын деген қорытындыға келдім. Бір апта бұрын базарға барып, көкөніс алдым. Көкніс сатып тұрған жерде көп адам болды. Тіпті сол жерден шығамын дегенше тұншығып кете жаздадым. Іште ешқандай желдеткіштері жоқ. Үйге келген соң жарты күндей шаршап жаттым. Қалың нөпірдің ішінде вирус жұқтырып алуым мүмкін. Вирус көп адам шоғырланған, арақашықтық сақталмайтын жерде тез жұғады.

– Әлі қанша уақыт емделем деп ойлайсыз?

– Бәрі жақсы болса, иіс сезу қабілеті қалпына келсе, бір-екі аптадан кейін тағы тест тапсырамын. Тест теріс нәтиже көрсетпейінше, жұмысқа шықпаймын. Қазір тест тапшы, көп адам тест тапсыру үшін кезекте тұрады екен. Тест мәселесі шешіліп, кезек тарқамайынша, коронавирусқа тексерілмеймін. Бұдан былай көп адам қаптап тұрған жерге жолағым келмейді.

– Тест нәтижесі келген соң емханадан ешкім хабарласпады ма?

–Тест нәтижесі бланкісінің төменгі жағында  "нәтижені санитарлық қызметке жібереміз" делінген. Бәлкім, жіберген де шығар. Бірақ емханадағылардың мен сияқты жеңіл симтомды адамдарды қарауға мұршасы болмай жатыр деп ойлаймын. Сондықтан бізді бақылап жатқан жоқ. Сол себепті емханаға хабарласқан күннің өзінде бізді емдейді деп ойламаймын. Өйткені денсаулық сақтау жүйесінің науқастарды емдеуге шамасы жетпей жатыр. Сондықтан әр сиптомсыз немесе жеңіл симптомды науқас басқа адамдарға ауру жұқтыруы мүмкін екенін түсініп, өзін оқшаулауы керек. Бұл енді адамдардың санасына байланысты, мемлекет бәрін бірдей бақылай алмайды.

Коронавирус анықталғандар 20 мыңнан асты, соңғы аптада вирус қатты өршіді. Сондықтан біздің денсаулық сақтау жүйесі барлық симтомсыз және ауры жеңіл өтіп жатқандарды бақылай алмайды. Бәлкім, менен коронавирус ертерек, бір ай бұрын анықталса, подъезімді карантинге жабар еді. Ал қазір мемлекетте ресурс жоқ. Сондықтан адамдар ең алдымен өзері жауапты болуы керек. Мемлекет коронавирус анықталғандарды анықтау, ұстау, карантинге оқшаулауға ресурс жұмсағанша, call-орталықтар мен емханадағы кеңес беруге көбірек көңіл бөлгені жөн. Тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін виртуалды, онлайн call-орталықтар мен кеңес беруді жолға қойған жөн. Сиптомсыздар мен симтомы жеңіл науқастар үйде не істеуі керек, қандай ем қабылдауы керек, емделудің жолы қандай екенін түсіндіру керек. Сонда адамдар хабарласып, өздерінде аурудың қандай белгілері бар екенін айтып, кеңес ала алады. Әзірге мемлекеттің бұл жұмыстарды жасап жатқанын көрмедім. Тіпті тест нәтижесі белгілі болған соң, емхана өздері телефон соғып, кеңес беруді жолға қоюға болады ғой. Жарайды, мен жауапты адаммын, үйде отырмын. Бірақ бәрі мен сияқты жауапты емес қой.

– Вируске әлі де сенбейтін жұрт бар. Қазақстандықтарға вирус жұқтырмау үшін қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Коронавирус – бар нәрсе. Оны тез жұқтырып алуға болады. Сондықтан адам көп шоғырланған орындарға, әсіресе жабық ғимаратқа бармаған жөн. Өйткені көп адамның ішінен кімнің сау, кімнің ауру екенін ажырату қиын. Көпшілік орынға барсаңыз, міндетті түрде арақашықтықты сақтаңыз. "Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде" дейді ғой. Ауырып қалсаңыз, емге көп ақша жұмсайсыз. Сондықтан жасы алпыстан асқандар мен тәуекел тобындағы созылмалы аурулары бар адамдар сыртқа көп шықпаған жөн.Ауруханалар толып кеткен, біздің медицинаның науқастарды емдеуге шамасы жетеді дегенге сенім артпаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото: Қазис Тоғызбаев, Azattyq.org

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

27.09.2022

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

30.06.2022

Денсаулық сақтау министрі жаңа болжамын жариялады

12.01.2022

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров

23.12.2021
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

Kaspi.kz Цифрландыру министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

Ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамға дейін жетіп отыр

Денсаулық сақтау министрі жаңа болжамын жариялады

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров