Турағұл

  • 13.02.2020
  • Бағашар Тұрсынбайұлы

«Мұңымды айтып едім сөзбен сындап,

Дүние жым-жырт болып тұрды тыңдап...».

Турағұл

Абайдың білім, бала, болашақ туралы өлеңдерін, қара сөзін аңдасаңыз, бала тәрбиесіне, оқуына аса зор мән берген. Ақынның қай баласын алып қарасаңыз да бәрін тегіс жастайынан оқытқан, тіпті, қызы Гүлбаданды да Мағаштармен қосып, білім алуға жібереді. Ол заманда бұндай әдет қазақ арасында кең тарала қоймаған. Тіпті, мал-дүниесі бар кей адамдарға бұл жат нәрсе боп көрінген. Ал білім, ағарту ісіне көзі жеткен жандар кедей болса да, бай болса да өздері де оқып, балаларын да оқытуға тырысқан.

Тураш – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұғыш баласы.  Мұхтар Әуезов те, Қайым Мұхамедханұлы да Тураштың есімін «ұ» әрпімен Тұрағұл демей, «у» әрпімен Турағұл деп жазады. Кейінгі кезде ел ішінде, жазу-сызудың айналасында жүрген жандардың көбі «Тұрағұл» деп жазатын болды. Біз де бір рет осылай деп жазғанымызда, Семейдегі абайтанушы, Қайымның шәкірті Арап Еспембетовтен ескерту алдық. Турағұл – тура жолдағы Алланың құлы деген мағына беретін ер есімі болса керек.

Тураш біздің санамызда – мәңгі Абай баласы. Басқа өлшем жоқ. Әке мен бала өмір белесінен кезегімен өтіп кетсе де, жылдар арасында толқыған сана шайқалса да, мызғи қоймапты. Нақ осы Абай, Абай айналасына келгенде, аңызға, естелікке бейім тұратынымыз сондықтан болса керек.

Кез келген ұрпақтың озық туған перзенті, тұлғасы халықтың аңсар-арманынан туады екен. Осы жағынан келгенде Абай ұлт аңсарынан туған, «біз білетін қазақ рухының ең биік көрінісі». Ал Абай ұлдары – сол биік рухтың сынық сәулелері. Қапастан жарыққа алып шығатын сәулеге пенде көңілі қашанда ынтызар.

Тураштың туған жылы туралы екі түрлі пікір айтылған. Бірақ Қайым Мұхамедханұлы оны естеліктер арқылы саралап, анықтап кетті. «Мен әкемнің отыз екі жасында, жастықтың алғашқы ағыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде тудым», деп жазады «Әкем Абай туралы» естелігінде. Бұл есеппен алған кезде Тураш 1877 жылы туған болады. «Естеліктің екінші бір жерінде: «1899 жылы менің он төрт жасымда...» деп жазады. Бұлай болғанда 1875 жылы туған болып шығады...». Мәкен Турағұлқызы 1934 жылы әкесін өз қолынан мәңгілік сапарға аттандырған, сол кісі естелігінде: «Әкем 59 жасында қайтыс болды» деп жазыпты. Бұл есеппен алғанда 1875 жыл Турағұлдың нақты дүниеге келген жылы болады.

1899 жылы Абай Ділдәдан туған Райхан деген қызын найман ішіндегі Серікбай деген кісінің Құдайберген атты ұлына ұзатады. Райханды ұзатып үй-іші түгел кетіп, Абай мен Тураш екі апта үйде болды. «Сол жарты айдың шамасындай уақытта жазған өлеңдерін жаттап, айтқан сөздерін жалықпай тыңдап отырсам керек, менің соныма қатты қуанып, ырза болып, жолаушылар келгенде, соларға: «Мынау адам болады екен, менің сөзімді ұғып, жалықпай тыңдады» деп мақтады» дейді бала естелігі.

Жалпы «Әкем Абай туралы» деген Тураштың естелігі абайтанудағы ең елеулі, аса құнды еңбек. Белгілі әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай осы естелікті үзінді келтіре отырып: «Дариядан тамшының өзі осындай бедерлі, айғақты. Әсіресе, ақынның, ақын болғанда да, даусыз кемеңгердің шабытты сәтін тірі суретімен ұстап қалған мұндай сезімтал куәлікті әлем мемуаристикасынан іздеп таба алар ма екенсіз?!» деп жоғары бағалайды.

Абай тәлімін оның барлық балалары алды. Әр баласын сынап, әрқайсысының талап, талантына шақ оқу, тапсырма беріп отырды. Әбішті әуелі Семей қаласындағы уездік мектепте, кейін Түмен қаласындағы Александров реалды училещесінде, одан соң Петербордағы Михайлов артиллерия училещесінде оқытады. Мағашты да Семейде оқытып, кейін денсаулығына байланысты жанында қалдырады.

Турағұл ауыл молдасынан білім алып, арабша, орысша өз бетімен оқып үйренеді. Тураштың, өзге де шәкірттерінің ақындығын, әншілігін байқап, Абай 1889 (бір деректерде 1890) жылдары көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны алдырады. Сол жылы Әсет ақынды да шақыртады. Тураш осы қамқорлықтың арқасында домбыра, скрипка сияқты музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын болады. Шешесі Әйгерім секілді әншілігі де едәуір болса керек.

Ұлының ақындығын сынап көрмек болып Абай: «Тураш, үш ауыз өлең жазып әкелші» деп тапсырма беріпті. Сонда мына өлеңді жазыпты:

Алладан мен қапа боп тілеген күн,

Жым-жырт болып салбырап кетеді түн.

Жұлдыздар жыпылықтап, ай сұп-сұр боп,

Бәрі де тыңдап қапты шығармай үн.

 

Мұнымды айтып едім сөзбен сындап,

Дүние жым-жырт болып тұрды тыңдап.

Жел күрсініп сөйлесе сусыл қағып,

Шөптер басын изейді шын-шын шындап.

 

Қалғандар желден сұрар сөзімді ұқпай,

Бұлт қасын түйеді жылай-сықтай.

Тік қарауға мені аяп шыдай алмай,

Күн бұлтқа кеп тығылды, қайта шықпай.

«Бұл қазақтың ежелгі үйреншікті қара өлеңі емес. Әкесі Абай бастаған жаңа жазба әдебиеті үлгісінде жазылған, жас ақынның қаламынан туған әрі көркем, терең мағыналы өлеңі. Адамның қапа болып, мұңайған бір шағындағы нәзік сезімін суреттеп берген жан сыры, лирикасы» деп бағалайды бұл өлеңді Қайым Мұхамедханұлы.

Расында бұл өлеңнен Абай үлгісі айқын сезіледі. «Желсіз түнде жарық ай», «Қыс», «Күз» өлеңдеріндегі жансызға жан бітіре суреттейтін әдіс мұнда да бар. Жалпы табиғатты жырлауда қазақ поэзиясына көп жаңалық, суреткерлік Абай өлеңдерімен бірге келгені анық. Бұл өлеңнен кейін де Тураш бірнеше өлең жазған. Ағасы Әбішке арнаған, Матай елінің бір қызына хат жазып, Әлмағамбет арқылы жіберіп, оған қыз жауап бермеген соң, қыз орнына өзі жауап түрінде жазған өлеңдері сақталған. Сонымен қатар Горькийдің «Челкашын» аударып, «Таң» журналына бастырған. А. Неверовтың «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Балалық туралы ертегі» және «Балалы әйел не білу керек?» деген ғылыми-медициналық кітапшаны аударып, бастырып шығарған.

Тураш – ақын. Абай балаларының ішінде сөзге, ғылымға, өнерге қызықпағаны жоқ. Тураш та әкенің дәстүрін берік ұстаған, сүйікті ұл, дарынды шәкірті болды.

***

1904 жыл берісі Абай әулетіне, арысы Алашқа қайғылы жыл болды. Бұл кезде Тураш 29 жаста болатын. Сүйікті Мағаш ағасы 34 жасында сол жылдың мамыр айында фәниден бақиға көшеді. Мағаштың қайғысы бәріне, әсіресе Абайға қатты батқан. 23 маусым күні Мағауияның қырқында әкесі Абайдан айырылады. Ақынның қырқы Семей қаласында өтеді. Соны өткізу үшін ағасы Ақылбаймен бірге қалаға келген болатын. Сол күні ол ағасының да жүрегі тоқтайды. Ақылбай 43 жаста болатын. Айналасы 3-4 айдың ішіндегі ауыр қаза күллі қазақ топырағын жасқа шылап кетеді. Қазір ойласам, қазақ даласына бір нәубеттің келе жатқанын сездірген ауыр белгілер емес пе еді осылар?

Хош. Әке кетті, ағалар да жоқ. Ендігі әулеттің үлкені болып Турағұл қалды. Абайдың әке ретінде көп үміт артқан ұлдары да, өзі де жоқ болған соң, енді сол үміт те, жауапкершілікті сезінетін ауыр жүк те Турағұлдың мойнына түсті. Абайдың ұлы дейтін сөзге лайық болу мұраты тұрды. Тураш бұл жүкті басына түскен тағдыр машақатымен қатар әкеге лайық ұл ретінде көтерді.

Абайдың өлеңдерін Кәкітай екеуі жинастырып, баспаға әзірлейді. Әрине, ол тура өз уақытында шыға қоймады. Оның себептері де бар. Бірақ Тураштың ұл ретінде тұңғыш әке қарызын өтеуге кіріскен шаруасы осы болатын. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы жоспарланған 1905, я 1907 жылдары емес, 1909 Петерборда, Ілияс Бороганскийдің баспасынан басылып шықты. (Қайым бұл баспагердің кім болғанын да зерттеп, жазып кеткен).

 

***

Семейге ат басын бұрған Алаш зиялыларының араласатыны – Абай ұлдары. Сол кездегі қазақтың үміті – Алаш үкіметі. Ұлтымыздың бас көтерер асыл перзенттерінің бәрі сол үкіметтің айналасына топтасты. Орталығы – Семей. Ал Семейді ақын ұлдарынсыз елестете алмайсыз. Турағұл Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен танысып, дос, тілектес, ниеттес дейгейінде араласады. 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылған кезде Турағұл Семей облыстық комитетінің мүшесі болады.

1922 жылы Семейде Әлихан мен Міржақып тұтқындалғанда, Турағұл да түрмеде төрт ай жатып шығады. Кейін босаған соң, елмен араласпай, Ақшоқыдағы үйінде бірыңғай жазу-сызумен айналысқан. Жоғарыда келтірген аудармаларды Турағұл Әлиханның кеңесімен аударып, басып шығарған дейді ғалымдар. Аудармаларының бәрі 1927 жылы кітап болып шығыпты. Бұл «Алаш» партиясының ағартушылыққа келгенде жұмыла, бір мақсатта жұмыс істегенін тағы дәлелдейді. Басқа Алаш қайраткерлерінің қанша ғылыми кітап жазып, әрқайсысы бір-бір пәннің қазақ ғылымында негізін салғанын білеміз. Ал көркем әдебиетті, оған қоса  «Балалы әйел не білуі керек?» деген танымдық-медициналық кітапты аударған Турағұлдың да арнайы тапсырманына әбден сенуге болады. Ұлт мұраты жолындағы еңбек, тапсырманы мүлтіксіз орындау. Бірақ біз Алаш қайраткерлерінің мұраларын әлі күнге ғылыми айналымға енгізе алмай отырмыз. Жалғыз Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне, әдебиет теориясына қатысты терминдері ғана (оның өзі толық емес және Зейнолла Қабдолов Ахмет туралы мақаласында айтып кеткен себептері бар) қолданып жүрміз.

1927 жылы жазғытұрым Тураш тағы тұтқындалып, 1928 жылы көктемде босап шыққан соң, Шымкентке жер аударылған.  Үлкен шешесі Ділдәдан туған бауырларынан ешкім қалмады. Бір шешеден туған бауыры Мекайылды 1931 жылы түрмеге жауып, бір түнде 70 адамды соттың шешімінсіз атып тастайды. Ол уақытта Ізкайл жарық әлемде жоқ екен. Сол жылы Шәкерім де атылады. Қайғының қара бұлты қоюлана түсті.

Тураштың кіндігінен тараған ұлдардың бәрі дүниеден озады. Ақыш пен Мәкен деген қыздары ғана бертінге дейін өмір сүріп, тоқсан жастан асқан шақтарында дүние салады. 1928 жылы Семейдің бір газетіне бір белсенді «Турашы кетсе, Жебеші де қалмасын» деп мақала жазыпты. Мақала жазған адамның кім екенін Қайым Мұхамедханұлы айтпайды. Сірә, білген болса керек. Ал қазіргі ғалымдардан оны Тұрсын Жұртбай білуі мүмкін. Бірақ о кісі де айта қоймайды-ау, білген күннің өзінде.

Ол уақытта Жебреһил Томскіде оқып жүрген болатын. Қуғынға түсіп, Шымкентке әкесінің жанына келеді. Одан Ташкентке барып, қайта оқуын жалғастырады. 1930 жылы ауыр науқасқа ұшырап, аурухана түседі. Турағұл Шымкенттен Ташкентке барып, Әуезовтің үйіне тоқтайды. Ол кезде Кәкітайдың ұлы Даниал да сонда тұрады екен.  Даниал туралы Тұрсын Жұртбай ғана жазды. Бір зерттеп жазылуыс тиіс, тұлғалардың бәрі осы кісі. Жебештің науқасы тым ауыр, жазылмайтын болған соң Даниал мен Тураш оны бір пәтерге әкеп жатқызыпты. Сол күні Мұхтар мен Даниал тұтқынға алынған. Көп ұзамай, 26 жасында, білімді, әнші Жебеш дүниедан озады. «Сөйтіп, Жебешінен өлі айырылып, Мұхардан тірі айырылып, Турағұл қалың қайғыға батып, қан жылап құлазып қалады» деп жазадып Қ. Мұхамедханұлы.

Жебешті Мұхтар Әуезов қатты жақсы көріпті. Өзі өнерпаз, ақылды жігіт болса керек. Турағұлдың Абай туралы естелігінде Жебешті сөз ететін бір жер бар. «Менің балам Жебраһилды, әкемнің өлеріндегі науқасының басталғанында, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда дапылдап ұмтылып еді: «қаны тартып, жүрегі сезіп тұр» деп қатты рахаттанып қалды. Мен: «Жоқ, аға, не біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылды ғой» деп едім, «сен білмейсің» деп мені тыйып тастап, қолындағы өрігінің етін сүйегінен айырып, баланың аузына салды» дейді. Қандай жылы сөз. Ата махаббаты. Емірену бар. Демек Абай махаббаты ауған немересі. Қолындағы өрігінен дәм татқызады. Бұл да қазақта жақсылыққа баланады. Үлкенге ұқсасын деп қолындағысын беріп, ет асатып жатады емес пе қазақ. Сөйткен Жебеш еді ғой бұл.

Тураштың қызы Ақыш 1985 жылы 1 маусымда Қайымға хат жазады. Онда Әуезов пен әкесінің соңғы кездесуін, әрі бауырларының түгел қуғын-сүргінде, соғыста өлгенін айтып келіп: «ақыры біз біткен ауыл болдық қой...» деп зор күрсініспен аяқтайды.

Ал Тураштың қазасы туралы қызы марқұм Мәкен апамыздың естелігі тіпті ауыр. «...1934 жылы қатты аурып жатты. Бір күні мен ағамның ауыр хәлде жатқанын көріп, шыдай алмай, егіліп қатты-қатты жылап: «сен де өлесің бе?» деп барып үстіне құлай кеттім. Сол кезде басын көтеріп алып:

- Сен мені өлме дегенің қарғағаның ғой. Мен сенің қолыңда өлейін деп жатырмын. Болмаса мені түрмеде өлтіреді, – деді.

- Не дейсіз, аға, – дедім.

- Оны кейін білерсіз, – деді де, басқа ештеңе айтпады. Ақыры айтқаны 37 жылы келді ғой.

Тураш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, елу тоғыз жасында қайтыс болған. Шымкент қаласының ортасындағы мұсылман зиратына жерленеді. Кейін сол зираттың үстіне химзавод салыныпты. Завод салынарда Тураш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны табылмай, завод астында қалады. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып, басқа жаққа кеткен болатынбыз». Не деген ауыр естелік.

 

***

Сөзімді қорытпас бұрын, Тураштың естелігін қайыра бір оқығанда «Қуанбаңдар жастыққа» деген Абай өлеңін басқаша түсінгендей болдым, соны айтайын. Бұл өлең жастықтың қадірі туралы емес. Тағдыр туралы, өкініші басым өлең. Ертең сені не күтіп тұр, соны білмейсің, бүгін жас екенмін деп лепірме, ертеңіңнің жақсы болуын тіле деген өлең. Адам жас кезінде жастығына қуанбауы керек. Адамның қуанышы қарттыққа тура келсе қандай жақсы. Абай кемеңгер, сонымен қоса – пенде. Абай жастығында қуанып қойған, жастығына алданып қалған адам. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп өлең жазатыны сол. Ал өлеңнің өзін кеш бастағанын білесіз. Өйткені ел ісінен көп қолы босай қоймады. Өлеңді шығарып, ақындығы байқалып жүргенмен, оған жас күнінде біржола бет қоймады. Абайдың жастығындай жастық кімге бұйырыпты о кезде. Он үш жасынан әкесінің тапсырмасын орындап, билікке араласады. 20 жасында Құдайберді ағасының орнына кандидатыққа бір сайланғаны болмаса, сонау 1898 жылға дейін Абай болыс болмаған. Оның өзінде халық екіге бөлініп, берекесі кеткенде халық ақсақалдары өздері сайлапты. Ысқақты болыстыққа қойып, қалың елді жеңіп келгенде Абай 27 жаста ғана екен. Сол аралықта яғни (1865-1898 жылдар аралығында) кімді болыс қылам десе де, Абай өзі біледі екен. Болыс болғысы келгендер халықтан бұрын, Абайға жағуды ойлайды екен.  Беделі, сөзі, ақылы, қайраты бәрі жымдасып келген жастыққа Абай қуанбағанда қайтеді? Ол қуанғаны Абайдың Абайы жоқтығынан. Ал біздің Абайымыз болса да, сондай жастық болса қуануға шақ тұрамыз.

Сүйікті інісі Оспан дүниеден өткен соң, Абайдың қайғысы басталды. Әбіш кетті, Мағаш кетті. Ел іші алауыз болды. Қартайған кезінде барақат тауып отыруы тиіс Абайдың машақаты басталды. Жас күнінде аса жұмсала қоймаған қайрат енді қажет болды. Сол қиындықтарды көріп жүрген жасында, елу беске келген кезінде Сқақ Махмұдов деген бай ноғайдың немерелері Абайдың үйіне кеп отырғанда, сол өлеңді айтыпты.

Қуанбаңдар жастыққа,

Елерме күлкі, мастыққа.

Көзің қайдан жетеді

Достық пенен қастыққа?

Құрбыңның қызық дегенін,

Сөз екен деп ап шықпа.

Адалдан тапқан тиынды

Сал да сақта қапшыққа.

Қолдағыңды қорғап бақ,

Мал арзан деп аптықпа.

Сыпайы жүр де, шаруа ойла,

Даңғойланып қаптықпа.

Бет алды жанға бой салма,

Қорлық жүрмес сақтыққа.

Елу бесте біз-дағы

Сенісер адам таптық па?

Арыз құмар болғандар

Опыр-топыр, шаң-шұққа

Түспей жүр ме, көрдің бе,

Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?

 

***

Тураш әке үмітін ақтаған ұл. Тураш туралы оқып отырғанда мені де дүние жым-жырт тыңдап отырғандай болды.

Байланысты жаналықтар

Абай. Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек...

06.01.2021

Әм жабықтым, әм жалықтым...

06.01.2021

Абай. ӘЛИФБИ

06.01.2021

Абай. Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?..

06.01.2021

Әбдірахман

13.02.2020

Әуежайда Абайдың аты бар да заты жоқ...

20.05.2020