Министрдің мектептердегі интернетке көңілі толмайды

Алмас НҮСІП

  • 17.02.2020

Білім және ғылым миниcтрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ білім саласында бірқатар мәселенің шешілмегенін айтады. Ол тіпті «кейбір жатақханаға барсаң жан түршігеді», дейді. Министр бұл туралы министрліктің аппараттық кеңесінде айтты деп хабарлайды Malim.kz.

Павлодар облысындағы білім саласының жай-күйі және мектептерді цифрландыру бойынша өткен жиында бұл екі тақырыптан бөлек мәселелер де көтерілді. Соның негізгісі министрдің өзі айтқан жатақхана мәселесі. Тағы бір айтылған мәселе – университет мұғалімдерінің мектепке ауысу тенденциясы. Өйткені, университет мұғалімдерінің жалақысы орташа жалақыдан әлдеқайда төмен.

- ЖОО мұғалімдерінің жалақысы 20-30 пайызға өскенмен, орташа жалақыдан төмен. Ал, мектеп мұғалімдерінің жалақысын көтеру жұмыстары тәуір жүргізіліп жатыр, осыған байланысты университет мұғалімдерінің мектепке ауысу тенденциясы белең алып барады, - деді вице-министр Мирас ДӘУЛЕНОВ.

26 мың теңге үстемақы төленетіні үшін университет ұстаздары мектепке ауысып жатса, университеттің жағдайы расымен төмен болғаны ма? Министрлік бұл мәселені грант бағасын көтеру арқылы шешпек. 2020 жылдың жаңа оқу жылынан бастап (қыркүйек) гранттар құны өседі. Осының есебінен университет мұғалімдерінің жалақысын өсіруді көздейді.

Сондай-ақ, жатақханаларға 20 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 279 жатақхана бар. Көпшілігі 60-70 жылдары салынған.

- Биыл гранттар құны өседі. Және бірнеше рет өседі. Ғылым саласына да бірнеше есе өсіп жатыр. Соның есебінен жалақы көтеріледі. Сосын, мұғалімдердің жалақысын көтеру үшін университеттер шығындарды азайту керек. Әртүрлі форумдар, тиімсіз іс-шараларды қысқарту керек. Жатақханаларға келсек, 1 тамызға дейін жөндеу жұмыстарын бітіруіміз керек. Бізде қарапайым мәселелер шешілмеген. Кейбір жатақханаларда ең қарапайым нәрселер жоқ, жан түршігеді, - деді Аймағамбетов.

Министр бұл «жан түршігерлік» проблемаларды 1 тамызға дейін шешпек. 2019 жылы жаңа оқу жылында кей мектептерде жөндеу жұмысы бітпей қалып, оқушылары басқа мектептерге барып оқуға мәжбүр болған. Мектептердің мәселесіне биыл 20 жылдан бері жөндеу көрмеген «жан түршігерлік» жатақханалар қосылатынына қарамастан, министр тамыз бен қыркүйек аралығында бәрі дайын болуы керек дейді.

Отырыста Асхат Қанатұлын Талғат Асхатұлы деп қателескендер де болды. Павлодар облысы бойынша білім саласын бақылау департаменті басшысы Еркінбек АЯЗБАЕВ баяндама жасап, облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нашар дамығанын айтып шағынды. Ол мұны жергілікті менталитеттің салдары дейді.

- Облыста 357 мектеп 100 пайыз бейнекамералармен жабдықталған. Оның 51-і орталық басқару органына қосылған. Барлығы 5361 камера бар. Қазіргі күні облыстағы мектептерде 1600-ден астам жылы дәретхана, 524 сырттағы дәретхана бар. Ал, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы сапалық айырмашылықты жою үшін қолда бар ресурстармен жұмыс істеп жатырмыз. Көп мүмкіндіктер жоқ. Балабақшаға келсек, облыстың ерекше бір менталитетіне байланысты, жекеменшік балабақшалар ашуға көп бармайды. Бұл жайында әкімге бірнеше рет хат жазып, айтып жатырмыз, - деді Аязбаев.

Жалпы, қазір Павлодарда 9 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Және соңғы жылы кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлау бойынша көрсеткіш 40 пайызға өскен. Бұл туралы өз баяндамасында көрсетпеген департамент басшысы ескерту алды. Балалар құқығы бойынша анализ жасалып, тез арада тиісті шаралар қолдану туралы тапсырма берілді.

Аппарат кеңесінің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – білім саласын цифрландыру болды. Ең басты көрсеткіш – мектептердің кең жолықты интернетпен қамтылуы. Білім беруді цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Қанат КЕНБАЙДЫҢ мәліметіне сәйкес 94,1 пайыз мектептер 4 мбит/сек жоғары интернетпен қамтылған. 5 пайызы бұл көрсеткіштен төмен. Бірақ, бұл «бәрі жақсы» дейтін көрсеткіш министрдің көңілінен шықпады.

- Кең жолақты интернет. Факт бойынша бұл көп мектептерде төмен. Айталық, 10 мбит дейді, барсаң, ондай жылдамдық жоқ. Егер төмен болса мектеп әкімдігі провайдерлерді сотқа беру керек. 4мбит жеткіліксіз. Оның барынан жоғы. Кімді алдап отырмыз? Нүктелер санын көбейту керек. 100 мбит қоюға мүмкіндік бар, 50 мбит қойыңыздар. 2000-2005 жылғы компьтерлер бар, оны «списаниеге» жібермейді, өйткені статистика, есеп бергенге керек. Бұдан былай 5 жылдан аса пайдаланылғандарды компьютер бар деп есептемейік, - деді министр.

       Оқи отырыңыз: Аймағамбетовке дейінгілер ай қарап келген бе?

Цифрландыру бойынша вице-министр Шолпан ҚАРИНОВА да ескерту жасады. Ол электронды күнделікті мұғалімдер мен ата-аналар түгілі мектеп әкімшілігі дұрыс пайдалана алмайды дейді. Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, министрлік күнделікті әлі енгізіп болмағанға ұқсайды.

- Күнделіктің қажет екенін сіздерге талай рет ескертіп айттық. Күнделіктің ішінде талдау жұмысы бар, оның ішінде нақты қай мектептің білім сапасы жақсы екені көрсетілген, бірақ, соны өздеріңіз де көре алмай отырсыздар. Оның ішіндегі бір қызмет – кері байланыс. Оны (кері байланыс. – ред.) мұғалімдер беріп жатыр ма, жоқ па? Одан кейін, үй тапсырмасы. Сіздер үй тапсырмасын да қадағалай алмай отырсыздар. Интернетке қатысты да көрсеткіштер жалпылама. Есеп жалпылама берілгендіктен, қай мектепте қандай проблема бар екенін білмейміз. Нақты ақпаратты жасырып қаласыздар. Бұл ел бойынша өте ұят шаруа, - деді Қаринова.

Аппарат кеңесінде мектептердегі асханалардың 20 жылдан бері жөндеу көрмегені, ондағы заманауи қызметтердің жоқтығы, онлайн төлем жасаудың қиындығы, жұмысқа қабылдаудың талаптары, қағазбастылық, балабақшаға орталықтандырылған кезектің жоқтығы, әр облыс өз саясатын өзі жүргізіп жатқаны, оның министрліктің бақылауына кедергі келтіретіні, кейбір көрсеткіштер бойынша ақпарат беретін орталық базаның жоқтығы, т.б. мәселелер сөз болды. Тіпті, кейбір мәселелер бойынша «бұл проблеманы қашан шешеріміз белгісіз», деген сөздер де айтылды. Дегенмен, жас министр жиын соңын «ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар, бірақ, жеткіліксіз», деп аяқтады.

Коллаж: Malim.kz

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Павлодар облысында мемлекеттік қызметкер парамен ұсталды

27.03.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

30.05.2023

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

05.01.2023

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

28.12.2022

«Курстастар». Сқақов кетті, Байханов келді

07.12.2022
MalimBlocks
Павлодар облысында мемлекеттік қызметкер парамен ұсталды

Павлодар облысында мемлекеттік қызметкер парамен ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

Кешегі тағайындаулардың ішінде елдің назарын ерекше аударған – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің орнынан кетуі болды. Үш жарым жыл бойы министр болған Аймағамбетовті қимайтындар аз емес екен.  

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

Бүгін Мәжілісте депутат министрге сенімсіздік білдіріп, бірнеше шенеунікті ірі жер иеленуші ретінде атады.

«Курстастар». Сқақов кетті, Байханов келді

Жаңа әкім бұрынғы бастығы жеңе алмаған монополистерді жеңе ала ма?