Ішімдік пен есірткі адамның болашағына да қауіпті

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 24.11.2020

Бүгінгі қоғамның бір дерті – арақ пен ішімдік. Жақсылықтың пердесін арақ бұзып, жамандықтың есігін есірткі ашып жатыр. Арсыздық пен қылмыс та, абыройсыздық пен ұятсыздық та осындай зиянкес дүниелермен келеді. Қоғамның дерті болған дүниелердің шариғатымыздағы үкімі мен пікірін «Таугүл» мешітінің бас имамы Ернар Мәжен мырзадан сұрап, біліп едік.

– Ішімдік, есірткі сияқты дүниелерге адам неге құмар келеді?

– Адам баласы жан мен тәннен тұратыны секілді, нәпсі деген дүниесі бар. Бұл нәпсі ләззатқа, рахат сыйлайтын нәрселерге құмар болады. Сонымен қатар шайтан деген мақұлық, малғұн адамды абыройдан бездіріп, күнәға, пенделікке азғыратыны белгілі дүние. Сондықтан ішімдік, есірткі сияқты дүниелер белгілі дәрежеде адамға ләззат сыйлайды. Оны бір керемет дүние сезінген адам соның соңына түсіп, ес жия алмай кетуі әбден ықтимал. Сондықтан көп жағдайда нәпсіге тізгін салмаса, адам баласын құрдымға апарады. Сонымен қатар, бұл дүниелерді Алла тағала сынақ ретінде жаратқан. Арақ, есірткі, құмар ойындар және күнәлі істердің көпшілігі адамның нәпсісіне жақын келеді. Беттегі арды белге байлап, қалтасынан қомақты қаржы шығарып, бала-шағасының аузынан жырып, сондай дүниелерге аямай жұмсайтындарды көреміз. Білім-парасатқа, кітап алуға ондай ақшасын қия бермейді. Бұндай жағдайда ішімдік пен араққа, есірткіге тәуелді болып, дәмін көрген адам уақытша ләззатқа бой алдырып жүреді.

– Бұлардың зияны адам ағзасына ғана тимей, қоғамға да әсер ететін секілді. Қандай әсері болады?

Ішімдіктің денсаулыққа зиян екенін баршамыз жақсы білеміз. Бірақ өкінішке, сезінбейміз. Білеміз деп айтамыз, бірақ білмей жатамыз. Әйтпесе арақтың сыртында да, темекінің сыртында да неше түрлі жиіркенішті сурет тұрса да, оны көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатса да, соған ой жүгіртіп, терең мән бермейміз. Сол үшін темекінің сыртындағы суретке мән бермей, алып шегеміз. Анашаның, есірткінің көптеген зиянын білсек те, қолданамыз. Бұл жерде білім сыналады. Білу деген нәрсені ғалымдарымыз былай дейді. Мысалы бір қызқұмар жігіт өзінің қарындасымен айдалада, тіпті, бір төсекте жатса да, оған жоламайды. Еркектік көзбен қарамайды. Себебі өзінің қарындасының бауыры екенін, оған тағылық көзбен қарауға болмайтынын біледі. Міне, білу сезіну деген – осы. Қаншама қатынқұмар болса да, оның бойында бұған тиісуге болмайды деген білім ұялаған. Осы секілді біздің де санамызға, ақылымызға, көкейімізге темекі, арақ, нашаның зияны туралы білім ұялаған болса, біз одан аулақ боламыз, жоламаймыз. Ондай дәрежеге жетпейінше кең Құдай кеңшілігімен кешіреді деп, пенделігімізге салып, жүре береміз. Сондай дәрежеде білім сіңу үшін балаларымызға кішкентайынан өзіміз үлгі болып, бойына сіңіруіміз керек. Мысалы айталық, көптеген біз қатарлы жігіттер темекі шегеді, арақ ішеді, есірткі қолданады. Бірақ сол жігіттердің көбі жағын таянбайды, бас мүжімейді, керегені кермейді, сыпыртқы тұрғызып қоймайды. Неге? Себебі ырым кішкентайынан бойына сіңген. Олай істемесе абыройына, денсаулығына зиян келмейді. Санасына ата-анасы кішкентайынан сіңірген соң, ондай іске бармайды. Аулақ жүреді. Біз қоғам боп, ұлт боп, осы арақтың, темекенің зиянын, күнә болатынын түсіндіре алмаған шығармыз.

Оның зияндығы адамның өмірін ойран қылады. Ар-намысын жояды. Азаматты бомбж ғып, көмусіз қалатындай жағдайға душар етеді. Исламда адамның өмірі өте қымбат. Әкесі ішіп келсе, ешбір баланың қуанғанын көрмейміз. Ешбір әйел «отағасы ішіп кепті» деп риза болмайды. Налиды, ренжиді. Лағынетін айтып отарады. Отбасына, қоғамға зиянын тигізеді. Қоғамдағы көптеген қылмыстар арақтың кесірінен болып жатды. Арсыздықтың да жолын арақ ашады. Мынанда бір риуаят келтіріледі. Жақсы салиқалы адамды бір әйел үйіне алдап шақырады. «Көмегіңіз қажет» деп шақырған соң, бір кәдесіне жарайын деп барған. Үйіне кіргенде есігін кілтеп алып: «Мен сізді алдап шақырдым. Сіз менімен зина жасайсыз, не мына баланы өлтіресіз, әйтпесе арақ ішесіз. Болмаса, бұл үйден шықпайсыз» дейді. Әлгі кісі ойланып тұрады да, «Баланы өлтірсең, адамды өлтіресің. Мына әйелмен жатсам, ол – зина. Сондықтан жеңілі арақ шығар» деп соны ішеді. Сөйтіп арақты ішіп, мас болғаннан кейін зина жасайды. Зина жасағаннан кейін ұятсыздыққа куә болған баланы өлтіреді. Осыдан қарап тұрсаңыздар, арақты ішкені бір күнәға, зинаны жасап екінші күнәға, баланы өлтіріп үшінші күнәға батады. Қоғамдағы көп қылмысқа арақ осылай әсер етіп жатыр. Пайғамбарымыз (Алланың ол кісігі сәлемі мен игілігі болсын): «Арақ – бүкіл жамандықтың кілті» деген. Сондықтан шариғатымыз «көбі мас қылатын ішімдіктің азы да – харам» деген. Яғни мас қылатын ішімдіктің барлығына тыйым салынған. Шариғатымызда тыйым салынған дүниелер адамның ақылын алжастыратын болған соң, тыйым салынады. Сондықтан болашақта да шариғатта, құранда айтылмаған, бірақ адамның ақылын жоғалтатын, бұзатын нәрселер шығып жатса, қағида бойынша ол да харам болып есептеледі. Сондықтан адамның ақылынан айыратын әр нәрсеге асыл дініміз тыйым салады. Өйткені адам баласы – ақылымен адам. Ғалымдарымыз айтады, адам баласы ішкенде адамдығы ұйықтап, хайуандығы оянады деп. Бұлар біздің қоғамға айрықша зиян. Есірткі қолданатын адамдардың 57 пайызы ішімдіктен бастаған екен. Және әлемде 76 миллион ішімдікке тәуелді адам бар екен. Осы 76 миллион адамның ар жағында қанша адамдардың тағдыры тұр. Жылына 1 миллион 800 мың адам арақ-шараптың кесірінен өліп жатады екен. Бұл – апат. Адамзат өз қолымен өзі апатқа сүйреп отыр.

– Темекі, насыбай сияқты заттар дәретті бұзбайды деп жатады. Рас па?

– Темекі, насыбай шариғатымызда мәкрүһ болып есептеледі. Мәкрүһ деген ұнамсыз, жек көрілген, әдепке жатпайтын нәрсе боп есептеледі. Дәретті бұзбайды. Бірақ дәретті бұзбайды деп темекіні шегіп, насыбай атуға шариғатымыз дұрыс қарамайды. Одан кейін ішімдік, есірткі сияқты заттарға шариғатымыз харам деп үкім береді. Бұны ішкен адам күнәһар боп есептеледі. Өйткені денсаулығына, өміріне, екі дүниесіне зияны тиеді. Құран аяты, пайғамбарымыздың сүннеті бұл заттарға үзілді-кесілді тыйым салады.

– Бұл зиянды дүниелермен қалай күресеміз?

– Егер қолымыздан келсе, қоғамда еркін таралуына жол бермеуіміз керек. Себебі пайғамбарымыз (Алланың ол кісіге сәлемі мен игілігі болсын): «Бір жамандықты көрсеңдер, қолдарыңмен түзеңдер, оған шамаларың келмесе сөздеріңмен түзетіңдер, оған шамаларың келмесе жүрекпен жек көріңдер. Алайда бұл иманның өте әлсіз тұсы» дейді. Өкінішке орай, арақ, темекі, насыбай емір-еркін саудалануда. Есірткіге тыйым салынған күнімен, өкінішке орай оның қол жетімділік мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан да бұған қол жетімділікті барымша қиындату керек. Есірткіге қатты тыйым салып, қатаң күресу керек. Пайғамбарымыз (Алланың ол кісіге сәлемі мен игілігі болсын): «Арақ үшін жүзім екен, оны сатқан, оны жарнамалаған, оны құйған адамның бәрі – күнәға ортақ» дейді. Бұл түбінде зиянға ұшырататын нәрсе болғандықтан, жасаған, сатқан, жарнамалаған, арнайы бидай, жүзім өсірген адамдар зиянға ұшырайды. Шариғатымыз күнәға ғана емес, оған апаратын жолдарға да тыйым салады.

– Сіздер қандай қарсы жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?

– Біз қолымыздан келгенше, барған жерімізде, мешіттерде, жұма уақыттарында, кездесулерде арақтың, есірткінің, темекінің зиян, күнә екенін, адамға ешқандай абырой әкелмейтінін, өміріне, болашағына қатерлі екенін барынша айтып, түсіндіріп жүрміз. Харам заттар сатып, тапқан ақшаның берекесі болмайтынын шамамыз келгенше айтып жүрміз.

– Сұхбатыңызға рахмет.