Даниярды министр құттықтады

Берік Жанатханұлы

  • 28.11.2020

Кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген Данияр ЕЛЕУСІНОВ жартылай орта салмақта IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алды, деп хабарлайды МӘЛІМ КЗ сайты.

Данияр титулды жекпе-жекте әлемнің бұрынғы чемпионы Джулиус ИНДОНГОМЕН кездесті. Голливуд қаласында өткен кездесу он раундқа есептелген. Алайда қазақ боксшысы бірінші раунда-ақ нокдаунға жіберді. Екінші раунда тағы да ауыр соққы алған намбиялық боксшы техникалық жеңіліске ұшырады.

«Біздің жерлесіміз, олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өзінің кәсіби мансабындағы оныншы жеңісіне қол жеткізіп, жартылай орта салмақта IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алды. Ол рингте бұрынғы әлем чемпионы Намибиялық Джулиус Индонгомен кездесіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Данияр, жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын!! Кез-келген жекпе-жекте жарқын әрі сенімді жеңіске жетуіңізді тілеймін!», - деп құттықтады Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.

Данияр МАРАТҰЛЫ Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Олимпиада мен әлем чемпионатының чемпионы, Азия ойындары мен Азия біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы.

2018 жылдың  5 наурыз күні ұлттық құраманың экс-капитаны кәсіпқой боксқа ауысты. Үш жылға британиялық Matchroom Boxing промоутерлік компаниямен келісім шартқа отырды.

Фото: vesti.kz