Абай. ӘЛИФБИ

Malim Админ

  • 06.01.2021

Әлиф-дек ай йүзіңә ғибрәт еттім,

Би – бәлаи дәртіңә[1] нисбәт[2] еттім.

Ти – тілімнән шығарып түрлі әбиат[3],

Си – сәнәи[4] мәдхіңә[5] хурмәт[6] еттім.

Жим – жамалың[7] қандай ақ рузи[8] маған,

Хә – хәлиллик[9] тапмадым, жаным, сәнан.

Хи – халайық, мен емес, бәрі интизар,

Дәл – дариға ғишық[10] оты бермес аман.

Зәл – зәлиллік[11] көрген соң, сайрай бер, тіл,

Ре – риза қылмағыңды, яр[12], өзің біл.

Зе – заһардай[13] күйдірді ғишқың қатты,

Сын – сәләмат қалмағым болды мүшкіл.

Шын – шәкәр ләб[14] есіме түскен сайын,

Сат – сабырым қалмады, мен не әйләйін[15].

Зат – заиғ[16] өмірім өтті менің бекер,

Та – талаптан әйтеуір құр қалмайын.

За – залым көп қылыш боп жанға оқталды,

‘Айн – ақылымды басымнан тартып алды.

Ғайын – ғариблік[17] басыма түскеннен соң,

Фи – файдаң[18] тие ме деп жаза салды.

Қаф – қабыл болар ма екен жазған хатым,

Кәф – кәміл[19] ақылың, асыл затым.

Ләм – ләбіңнен[20] ем қылсаң мен дәртліге,

Мим – меһріңнен қалмас ед бар апатым.

Нун – нала ғып қайғыңмен күйдірдің көп,

Уау – уәйлана[21] ғишқың[22] уайым жеп,

Һи – һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,

Ләм-әлиф – лә иләһа иллалла[23] деп.

Я – ярым, қалай болар жауап сөзің,

Мәд[24] – қасың, тәшдид – кірпік, сукун – көзің[25].

Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,

Болуға асты-үстілі көнсең өзің.

 

[1] درد – (арабша). [дәрд] – ауру, азап шегу. Мұнда  ғашық болып дерттену деген мағынада.

[2] نسبت – (арабша). [нисбәт] – байланыс, қатынас, бір нәрсемен байланыста болу

[3] ابیات – (арабша). [әбиат] – өлең, жыр; бәйт сөзінің көпше түрі.

[4] ثنا – (арабша). [сәнә] – мақтау, мадақтау

[5] مدح – (арабша). [мәдх] – мадақтау, мақтау

[6] حرمت – (арабша). [хурмәт] - құрмет

[7] جمال – (арабша). [жәмал] – көркік, сұлулық, әдемілік

[8] روزی – (парсыша). [рузи] – несібе, үлес

[9] خلیل – (арабша). [хәлилл] – шын дос, сүйген жар.

[10] عشق – (арабша). [‘ишқ] - ғашықтық

[11] ذلیل – (арабша). [зәлил] – қорлық, азап.

[12] یار – (парсыша). [йар] – дос, сүйікті жар мағынасында.

[13] زهر – (парсыша). [зәһәр]  – у, заһар

[14] شکر لب – (парсыша). [шәкәр ләб] –тәтті ерін.

[15] ایلاماک – (түркише). [әйләмәк] – істеу, жасау

[16] ضایع – (арабша). [заи‘] – бүлінген, бұзылған, зая

[17] غریب – (арабша). [ғәриб] – ғаріп

[18] فایده – (арабша). [фаидә] - пайда

[19] کامل – (арабша). [камил] – кемел, толық

[20] لب – (парсыша). [ләб] - ерін

[21]ویلان – (парсыша). [уәйлән] – қаңғырып жүретін, тентірейтін

[22] عشق – (арабша). [‘ишқ] - ғашықтық

[23] لا اله الا الله – (арабша). [Лә иләһә иллаллаһ]  – Алладан басқа ешбір тәңірі жоқ.

[24]  ٓ  مد – мәд, ْ سوکون  – сукун, ّ تشدید – тәшдид – араб жазуын сауатты оқу үшін әріптердің үстіне қойылатын айрықша белгілер

Байланысты жаналықтар

Болат Әбділмановтың Абайы Абай емес

08.01.2021

Абай. Фзули, Шәмси, Сәйхали...

06.01.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021

Абай шаңырағының тағылымы

15.10.2020

Абай. ШӘРІПКЕ

06.01.2021

Абай. Жасымда ғылым бар деп ескермедім...

06.01.2021
MalimBlocks
Болат Әбділмановтың Абайы Абай емес

Абай. Фзули, Шәмси, Сәйхали...

Айдында жүзген ақ желкен

Абай шаңырағының тағылымы

Абай. ШӘРІПКЕ

Абай. Жасымда ғылым бар деп ескермедім...