Абай. Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық...

Malim Админ

  • 08.01.2021

Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,

Қартаймастай көрмелік, ойланалық.

Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,

Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық.

 

Бар ойы – өлең айтып, ән салалық,

Біреуді қалжың қылып қолға алалық.

Қызды ауылға қырындап үйір болса

Көңіліне зор қуаныш бір бадалық.

 

Демеңдер ойнас іске жұбаналық,

Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.

Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,

Көрсеқызар, күнде асық – диуаналық.

 

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бишаралық.

Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

 

Той болса, тон киелік, жүр, баралық,

Бірімізді біріміз аударалық.

Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,

Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

 

Уайым – ер қорғаны, есі барлық,

Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық.

«Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,

Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.

 

Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,

Алдыңда уайым көп шошынарлық:

Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,

Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.

 

Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,

Оған да мезгіл болар тоқталарлық.

Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,

Жұмыс қып болмаған соң мал табарлық.

 

Басында әке айтпаса ақыл жарлық,

Ағайын табылмаса ой саларлық,

Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

 

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,

Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық.

Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп

Жүрмесін деп, азғана сөз шығардық.

Байланысты жаналықтар

Абай. АБЫРАЛЫҒА

06.01.2021

Абай. Фзули, Шәмси, Сәйхали...

06.01.2021

Абай. Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман

06.01.2021

“Мен дым ұқпадым, мына Ақберен не демекші...” деп сұрап алсаңыз...

03.11.2020

Абай. Кім екен деп келіп ем түйе қуған...

06.01.2021

Батаеваға жапон ғалымының жауабы

30.07.2020
MalimBlocks
Абай. АБЫРАЛЫҒА

Абай. Фзули, Шәмси, Сәйхали...

Абай. Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман

“Мен дым ұқпадым, мына Ақберен не демекші...” деп сұрап алсаңыз...

Абай. Кім екен деп келіп ем түйе қуған...

Батаеваға жапон ғалымының жауабы