Банктер мен микроқаржылық ұйымдар комиссиясы азайтылмақ

Malim Админ

  • 22.10.2020

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы пандемия дағдарысында жар басында тұрған банк және микроқаржылық ұйымдарды сақтап қалу және ел азаматтары мен бизнкеске салмақ түсірмеуі тиіс шешім қабылдап, жаңа қаулының жобасын жариялады.  «ҚР кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банктік және микроқаржылық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы»  құжатында  несие беретін ұйымдардың борышкерлер үстінен көретін табысын шектегелі отыр. Енді несиелер сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесі 3 түрге бөлініп, оның әрқайсысына жеке шек енгізілмек. Қаулы жобасы бүй дейді:  «Екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын банк қарыздары бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі – кепілсіз банк қарыздары бойынша 56 пайыз; кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары бойынша 40 пайыз; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25 пайыз мөлшерінде бекітілсін». Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттердегі сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі 56 пайыз мөлшерінде бекітілмек. Яғни, енді қаулы жобасы мақұлданып, қабылданса, онда ипотека үшін банк алатын сыйақы бұрынғыдай 56 емес, 25 пайыздан аспайды. Бұл өз кезегінде тұрғын үй нарығын жандандырып,  үй алушыға үлкен көмек болып, ипотека салмағын жеңілдетеді.

Бір айта кетерлігі, ел азаматтарының  қарыз жүктемесінің өсуін тежеуге қатысты шараларды қабылдауға президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында тапсырма берген болатын.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, президенттің тапсырмасына орай, елімізде несиелердің құнын төмендету және қарыз алушылардың қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектейтін шара қабылдау керек.

Ұлттық банк дерегінше, жыл басынан бері қазақстандықтар алған кредиттер көлемі 3,7 пайызға ұлғайып, 6,9 триллион теңгеге дейін жеткен.  Бұл – мемлекеттік бюджеттің бүкіл табысына тең. Ал экономикаға салынған кредит жыл басталғалы тек 2,4 пайызға немесе 328,2 млрд теңгеге ғана өсіп, 14,2 триллион теңге болған.

Экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан пандемиядан кейін халықтың күнкөрісі қиындаған сәтте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың несие құнын төмендету мен қарыз жүктемесін азайту бастамасын дұрыс деп санайды. Сондай-ақ, үкімет пен қаржы нарығын реттеуші орындардың сарапшылардың ұсынысына құлақ аса бастады дейді. "Ақша-несие саясатын сөзсіз өзгерту керек. Базалық ставка төмендесе, несие ставкасы да төмендейді. Екіншіден, несие беруде алыпсатарлыққа тыйым салатын заң керек. Үшіншіден, несие реабилитациясы, яғни осы күнге дейін алынған несиеге аудит жүргізу. Төртіншіден, жеке тұлғаларға өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндік беретін заң қабылдау" керек дейді сарапшы.

 

 

MalimBlocks