"Импортты азайтып, суды үнемдеуіміз керек" - Қапшағайға министр мен сенатор келді

  • 28.03.2022

 

Ауыл шаруашылығы біздің экономиканың даусыз жетекші саласы болуға тиіс. Әсіресе, қазіргідей қиын жағдайда. Дәл қазір әлемдік азық-түлік нарығындағы, ауыл шаруашылығы бойынша жетекші есептелетін екі бірдей мемлекеттің соғысқа килігуінің салдарынан бұл саланың маңызы тіпті арта түсті. Сарапшылар биыл Украина егін еге алмаса, күзге қарай, бидай бағасы бұған дейін болмаған деңгейде шарықтауы мүмкін деген пікір айтып жатыр. Демек, бұған дейін де өте маңызды саналып келген бұл сала енді тіпті маңызды бола түспек. Қазақстан осындай сын сағаттарда ішкі нарықты реттеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай,экспортқа көбірек тауар шығаруға тырысуы керек. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те осыны айтып жүр.

Қарашөкеев Өңірлерге жұмыс сапары барысында Алматы облысына келіп, Қапшағай қаласында арнайы жиын ұйымдастырылды. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев бастаған облыс әкімдігі мен шаруашылық саласының мамандары және түолі шаруа қожалықтарының иелері қатысқан жиында алдағы атқарылуға тиіс шаруалар мен еңсерілуге тиіс қиындықтар жайы сөз болды.

«Біздің қазір қандай қиын жағдайда екеніміз бәрімізге мәлім. Осы күрделі жағдайда Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша бірқатар жүйелі және жедел дағдарысқа қарсы шараларды қабылдады. Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмысы жүргізілді. Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалды, олар Жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды. Алайда, әлемдік азық-түлік нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты соңғы оқиғалар салдарынан және ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Тиісінше, ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады», - деді жиындағы негізгі баянаманы жасаған министр.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ағымдағы жылы 309 млрд. теңге субсидия, оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 79,7 млрд. теңге, мал шаруашылығына – 100 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге – 8,4 млрд. теңге, қаржы құралдарына – 120,4 млрд. теңге қарастырылып отырған көрінеді. Одан бөлек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 388,2 млрд. теңге бағытталатын болады. Бұл қаржы отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу қажеттігінен туындап отырған агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға қосымша қаржы ретінде қарастырылмақ.

Енді осы қосымша қаржының есебін шығарсақ, былай болады: 63 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, суландыру жүйесін, жылыжайлар кешенін, сүтті қайта өңдеу объектілерін құру үшін инвестициялық субсидиялауға; 34,9 млрд. теңгесі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға; 17,9 млрд.теңгесі мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға жұмсалатын болады. Сондай-ақ, Өсімдік шаруашылығында 10,3 млрд. теңге – бағалар мен субсидиялау нормативтерінің өзектілендіруін ескере отырып, пестицидтер құнын субсидиялауға, 11,6 млрд. теңге – бағаның өсуін ескере отырып, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға жұмсалмақ екен. Нан өндіруге арналған астықты субсидиялауға 9,2 млрд. теңге бөлінеді.

«Бұдан басқа, бұрын күші жойылған жұмыртқаларды субсидиялау бағдарламасы жалғастырылады, ал жұмыртқа бағытындағы өнеркәсіптік құс шаруашылығының барлық субъектілері үшін субсидиялау нормативтері бірдей болады және 2 еседен жоғарылатылады, яғни бір жұмыртқаға 3 теңгеден. Бұл мақсатқа 7,5 млрд. теңге бөлінеді. Қарақұмық және майлы дақылдар құнын арзандатуға қосымша 5,6 млрд.теңге бөлінеді. Әртүрлі салалардағы инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде агроөнеркәсіптік кешен саласына жеңілдетілген кредит беру мақсатында квазимемлекеттік субъектілердің жарғылық капиталдарын ұлғайтуға қаражат бағытталады, ғылыми зерттеулерді, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосымша қаражат жұмсалады. Яғни, биылғы жылы бұрын-соңды болып көрмеген мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін болады», - дейді министр.

Министр айтып отырған субсидиялаудың жаңа жүйесінің басты жаңалықтарының бірі – цифрлық форматқа ауыстыру болмақ. Қазір субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі толықтай іске қосылуға дайын. Бұл ақпараттық бірыңғай жүйенің негізгі қызметі автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру, олардың Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексеру, субсидия алушылардың қарсы міндеттемелерін тіркеу және олардың орындалу дәрежесін, субсидиялар алу кезектілігін және қанағаттандырылмаған өтінімдердің күту парағын бағалау болмақ. Бұл фермерлер үшін тегін болады, сондай-ақ, мемлекеттік дерекқорлар енгізіледі.  Бұл жүйе екінші жартыжылдықтан бастап енгізілмек.

Қазір көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүретін кез. Егіс науқанын уақтылы және сапалы жүргізу үшін техника дайындығы 96 пайыз, бұл көрсеткіш көктемгі дала жұмыстары жаппай жүргізіле бастағанда 100 пайызға жетеді деп отыр министр. Қазіргі уақытта өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастапты. Дизель отыны нарықтағы бағадан 12-15%-ға төмен болады және қазір 400,2 мың тонна бөлінген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық.

Одан басқа да арзандату, жеңілдік шаралары қарастырылпты. Министр Ербол Қарашөкеев бұл туралы:

«Қазіргі уақытта импорттық тұқым материалын жеткізу мәселесі пысықталуда. Қазір Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрлігі және Өнеркәсіп және сауда министрлігімен 22 мың тонна көлемінде бұрын төленген тұқымдарды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жоспарлы режимде жүргізіледі. Үкімет қолдауының арқасында диқандардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен уағдаластыққа қол жеткізілді. Аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Кең дала» бағдарламасы арқылы 70 млрд. теңге көлемінде, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, ағымдағы жылы форвардтық сатып алу көлемі 2 есеге артты», - деп отыр.

Қазір «Кең дала» бағдаламасы қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл бағдарлама бойынша 25 наурызға дейін жалпы көлемі 80,2 млрд теңгені құрайтын өтінім келіп түскен. Оның 49 млрд теңгесі қанағаттандырылса, азық-түлік келісімшарт корпорациясына 80 млрд. теңгеден астам сомаға өтінімдер келіп түсіп, оның 54 млрд. теңгесі қаржыландырылыпты. Одан бөлек, 200 мың тонна көлемінде жемдік астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. Бұл егер былтырғыдай құрғақшылық қайталанып жатқан жағдайда, мал басы санын сақтап қалу мен құс өсірудегі қиындықтарды еңсеруге қажет болады.

Министр облыстық әкімдіктердің берген есебіне сүйеніп, биылғы жалпы егіс көлемі 23,1 млн. гектарды құрайды дейді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға артық. Демек, биыл да егін шаруашылығы бойынша өсу бар деген сөз.

Министр айтқан барлық шаруалардың ауыл шаруашылығын дамытудың екі құжаты бойынша – «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» және «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» негізінде жасалып жатқанын айта кету керек.

Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев та қатысып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы экономикамыздың драйвері болуы керек екенін айтты.  

«Қазақстан аграрлық мемлекет. Бірақ, өкінішке орай, біздің импортымыз 5 млрд АҚШ доллары. Демек, біз 2,5 трлн теңгеге азық-түлікті сырттан тасимыз. Енді салыстырып қарасақ, біздің республиканың жылдық бюджеті 5,5 трлн теңге. Оның 2,5 трлн-ы сыртқа кетеді деген сөз. Біздің ақшамыз сыртқа кетіп жатыр. Ол қаражатқа қаншама жұмыс орнын ашуға, қаншама ауылды көтеруше болар еді. Біз жаңағы 2,5 трлн теңгеге не сатып аламыз? Көбінесе сатып алатынымыз – көкөніс, жеміс-жидек, жоғары протеинді өнімдер. Бұл өнімдер негізінен суармалы шаруашылық жерлерінде өсіріледі. Қазір біздің 1,6 млн гектар жеріміз бар, соның 439 гектары осы Алматы облысында. Бұл аз алқап емес. Бірақ, бәріміз жақсы білеміз, бұл алқаптарға суармалы су жетіспейді. Неге жетіспейді? Біріншіден, бұл табиғи заңдылық – жылдан жылға су ресурстары азайып барады. Екіншіден, біздің 40 пайыз суымыз ысырап болып жатыр, яғни, орынсыз жұмсалады. Мен осыдан 15 жыл бұрын Ілені Қытай жағына шығып көргем. Олардың көбі тамшылатып суаруға көшкен және каналдарының бәрі бетондалған. Ал, біздегі каналдардың жағдайын білесіздер. 16 мың шақырым суармалы жүйе бар. Оның 11 мың шақырымы мемлекет меншігінде. Соның бәрін тазалауымыз керек, бетондауымыз керек. Соның бәрін шешетін болсақ, су ресурстарын екі есе үнемдейміз», - дейді сенатор.

Ақылбек Күрішбаев айтып отырған мәселе бір Алматы емес, бүкіл облысқа тән жағдай. Егер, бетондалса, жырымдап ұрлау да тоқтар ма еді деп ойлайсың. Заманауи технологиямен жасақтағанда ғана, қоры күннен күнге азайып бара жатқан су ресурстарын үнемді пайдаланып қана қоймай, аз жерден аз суды пайдалану арқылы көп өнім алуға болады. Күрішбаев та осыны айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда, бізден екі есе аз су тұтынатын қытайлық фермерлер бізден 2-3 есе артық өнім алады. Сенатор осыған орай Алматы облысында қолға алынып жатқан арнайы бағдарламаны жоғары бағалады. Және оның жан-жақты сараптамаға салынғанын құп көреді. Әйтпесе, жаңа технологиясыз бұкіл суармалы жердің 95 пайызына бұрынғы әдіспен суды жайып жіберіп суара бергеннен ешкім ештеңе ұтпайды. Расында, тамшылатып суарудың 5 пайызды ғана құрауы ойланатын жағдай.

Алматы облысының жаңа әкімі үшін де бұл аз жүк болмасы анық. Жиынға қатысып, арнайы келген қонақтарға алғыс білдірген әкім, өз баяндамасында агроөнеркәсіп өндірісін қолдау - мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды міндеті екенін айтты.

«Бұл үшін бізде барлық жағдай жеткілікті: суармалы жерлер, мал мен құс, қайта өңдеу кәсіпорындары бар, өндірілген өнімді өткізу жолға қойылған. Қазір басты мәселе – көктемгі дала жұмыстарын уақтылы және сапалы өткізу. Суармалы жерлерді айналымға тарту – бүгінгі күннің талабы, бұрын айналымнан шығып қалған 107 мың гектар жерді қалпына келтіру керек, құны - 144 млрд. теңге. Ислам даму банкі арқылы Ескелді және Ақсу аудандарының ирригациялық жүйелері қалпына келтірілуде, десекте уақытылы қаржыландыру болмағандықтан көптеген жобалар түзетуді (корректировка) қажет етеді. 

Сондай-ақ, өнімділікті жоғарылату және өнім сапасын көтеру мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізуді белсенді жүргізудің маңызы зор, аталмыш технология алаңы биыл 27 мың гектарға жеткізілуі тиіс. Мал азығын даярлау бақылаудан тыс қалмауы керек, ағымдағы жылдың қажеттілігі - 4,1 млн. тонна. Ол үшін, азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайтып, мемлекеттік орман қоры, табиғи ұлттық парктер, жер қорындағы шабындықтарды тиімді пайдалану қажет. Мал шаруашылығында даму - өндірісті өнеркәсіптік жүйеге көшіруге бағытталуы тиіс, бұл ретте ағымдағы жылы 3,5 млрд. теңгеге 14 инвестициялық жоба іске асырылмақ», - деді Қанат Бозымбаев.

Әкімнің сөзіне қарағанда, азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығын дамыту деңгейіне тәуелді. Облыс тұрғындары өз өндірісіміз есебінен біраз тамақ өнімдерімен қамтылған.

«Өз өндірісіміз есебінен өсімдік майынан басқа тамақ өнімдерінің негізгі түрлерімен облыс тұрғындары қамтылған. Биылға жоспарланған сыйымдылығы               17 мың тонналық 5 қойманы іске қосу керек. "Frosco" ЖШС - 6 мың тн; "Арнау Агро" ЖШС  - 2,8 мың; "Alma Gren Filds" ЖШС - 3,6 мың; "SSA Fruits" ЖШС  - 5 мың; "Номад Тек" ЖШС  - 1 мың тонна. Жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі басымдық – ішкі нарықтағы импортты алмастыру болуы тиіс», - дейді облыс әкімі.

Ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты, ішкі нарықты күшейтіп, импортты азайту мәселесі көтеріліп келе жатқалы аз уақыт өткен жоқ. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде бұл мәселенің басты мәселе екеніне шындап ден қоя бастадық. Демек, алдағы уақытта бұл мәселе жолға қойылуға тиіс. Әрине, атқарылар шаруалар да шаш етектен...

Байланысты жаналықтар

План правительства по борьбе с инфляцией состоит всего из двух пунктов

15.02.2022

Астық қазанның соңына дейін қамбаға түседі

22.10.2021

Жетісуда 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

27.05.2021

«Ел үміті» экономиканы реформаламақ

20.08.2020

Мұнай өңдеу зауыттары қанша дизель отынын өндіреді?

29.09.2021

Capital Bank мүлкі жарты миллиард теңгеге сатылғалы тұр

27.09.2021
MalimBlocks
План правительства по борьбе с инфляцией состоит всего из двух пунктов

Ставки на сельское хозяйство

Астық қазанның соңына дейін қамбаға түседі

Жетісуда 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

«Ел үміті» экономиканы реформаламақ

Мұнай өңдеу зауыттары қанша дизель отынын өндіреді?

Ертең 1 қазаннан бастап Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтамақ.

Capital Bank мүлкі жарты миллиард теңгеге сатылғалы тұр

Capital Bank бизнесмен Орифджан Шодиевқа тиесілі. Орифджан Шодиев – миллиардер Патох Шодиевтың туысы.