Қант өндірісін дамытуға не кедергі екенін анықтау керек - министр

Қант өндірісі шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші салалардың біріне айналуға тиіс. Бұл бағытқа Қазақстанның климаты, жер бедері, ауа райы да сұранып тұр. Қант қызылшасын өсіру бір басқа, оны қантқа айналдыру бір басқа. Тіпті, қантты тек ішкі нарық қана емес, сыртқы нарыққа экспорттау да экономикаға көп пайда әкелуге тиіс.

  • 30.03.2022

 

Қазақстанда әр жылдары қант бағасы қымбаттап, жетіспеушілік орын алып тұратыны болады. Бұл жерде, әрине, жұрттың бейресми ақпаратқа сеніп, «қант таусылады екен» дегенге еріп, дүкендер мен маркеттердегі қантты жаппай талап әкетуі де үлкен роль атқарады. Әр сатып алушыға 5 келіден артық сатылмайды дегенді супер маркеттерден талай естідік. Демек, қант өндірісі саласын бақылауда ұстамай болмайды деген сөз.

Жалпы, бір кездері Қазақстан Совет үкіметі көлемінде қант қызылшасын өндіру бойынша жетекші мемлекеттің бірі болған. Әсіресе, сол кездегі Талдықорған облысында орналасқан Ақсу қант зауытының аты алысқа жеткен. Осы алып зауыттың арқасында аталған өңірде қант қызылшасын өсіру жетекші салаға айналған. Қаншама адам жұмыспен қамтылған, қаншама адам үлкен атақ алған. Кейін Тәуелсіздік ала салған кездердегі қиыншылық жылдары қант қызылшасын өсіруші диқандар қант зауытының жабылуымен өмір бойы істеп келген шаруасынан қол үзіп қалған кезі де болды. Дегенмен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында есігіне құлып түсіп, терезесіне тақтай шегеленген әйгілі "Ақсу" қайта іске қосылды. Содан бастап, облыста тек шетелге шығару үшін ғана азын-аулақ айналысып жүрген қант қызылшасы шаруашылығы жанданып сала берген. Тіпті, бір жылдары қант қызылшасын жалғыз зауыт қабылдап үлгере алмай, далада қала жаздаған кездері де болды. Осыдан кейін "Ақсу" қант зауытының мүмкіндігін жетілдіріп қана қоймай, қосымша "Көксу" зауытын іске қосқан. Содан бастап, шаруа баққан жұрт "өнімім далада қалатын болды" деп уайымдамайтын болды. Оның үстіне, қант қызылшасын өсірем деушілерге берілетін субсидия да біршама жолға қойылып, бұл шаруашылық қарқын ала бастаған.

Тек Алматы облысы ғана емес, Жамбыл облысы да мықтап қолға ала бастаған. Тіпті, бұл дақылды Солтүстік өңірлерде өсіру туралы бастама көтеріліп, алғашқы жұмыстар да жүргізілді. Қазір, осының нәтижесінде, тек қант қызылшасы ғана емес, шетелден қант қамысын әкелуді де қолға ала бастапты. Бұл деген сөз - қант шаруашылығына мықтап ден қоймай болмайды дегенді білдірсе керек.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне (Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстары) жұмыс сапары аясында Алматы облысының қант және қант қызылшасын өндірушілермен кездесіп қайтты. Қазақстандағы қант өндірумен айналысатын жетекші облыс – Алматы облысы. Министрдің осы аймақтағы қант өндірушілермен кездесуі Көксу қант зауыты базасында өтті. Кездесу барысында министрге қайта өңдеу желісі таныстырылып, жаңғырту жұмыстары және өндірісті ұлғайту жоспарлары туралы сөз болды.

Қазіргі уақытта министрлік тарапынан қант саласын дамыту үшін егіс алқаптарын ұлғайтуды ынталандыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұқым, тыңайтқыштар мен гербицидтер, техника сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу көзделген. Сонымен қатар, аталмыш саланы технологиялық қайта жарақтандыру үшін инвестициялық субсидиялар мен айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен кредит берілетін болады. Бұл туралы:

«АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, қолда бар қант зауыттарын жаңғырту және отандық қантпен қамтамасыз етілу деңгейін 80% дейін арттыру жоспарланып отыр. Салада бірқатар жекелеген проблемалық мәселелер бар, атап айтқанда өңдеуге арналған шикізаттың жетіспеушілігі, оның ішінде сатып алу құнының төмендігі, ауыспалы егісті сақтаудың проблемалары, техникалық жарақтандырудың әлсіздігі, су ресурстарының жеткіліксіздігі және т. б. Аталған мәселені жан-жақты шешу үшін министрлік Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қант және қант қызылшасын өндіру тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті», - деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметі.

Енді, кездесуге оралсақ.

Қант өндірушілер министрге бірнеше мәселеге байланысты сұрақ қойды. Оның ішінде тауарлық-материалдық құндылықтар бағасының өсуі, отандық шикізат өндірісінің көлемін ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері кеңінен сөз болды.

«Биылғы жылы АӨК дамытуға 309 млрд. теңге субсидия бағытталады. Қосымша қаржы бөлу қарастырылып жатыр. Қазір бізге қант өндірісін дамытуға не кедергі болып тұрғанын анықтау керек. Ауыспалы егісті, су ресурстарын, заманауи агротехнологияны дамыту мен енгізуді есепке ала отырып алқапты кеңейтудің нақты көрсеткіштерін есептеуіміз қажет. Ол үшін барлық бағытта жүйелі жұмыс істеп, саланы дамытуды қолға алуымыз керек. Осы сапарымның нәтижесі ретінде сіздердің ұсыныстарыңыз Қант өндіру тұжырымдамасын дайындау барысында ескерілетін болады, - деді министр.

Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанат Есболатов биылғы өндіріс қарқыны туралы есеп беріп, жылдың соңында өңірдегі АӨК жалпы өнімі 1060,7 млрд. теңге болады деп күтіп отырғандарын айтты. Оның айтуынша, қазіргі өсім деңгейі - 1,5%. Облыста егістік көлемі 974 мың гектардан асса, соның ішінде қант қызылшасы – 6,2 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 11,2 мың гектар болмақ. Ал, қант өндірісінің көлемі 175 мың тоннаға жетіп, елдің қантқа деген сұранысын 35 пайызын жаппақ.

Бұл жерде ерекше тоқталатын бір мәселе - өткен жылдан бері Көксу қант зауыты қамыс қантын өндіретін желіні іске қосуы. Бұл қатарға биыл Ақсу қант зауыты да қосылуды жоспарлап отыр. Бұл 2025 жылға дейін жергілікті шикізат көлемі талапқа сай деңгейге жеткенге дейін, ішкі сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған дейін егістік көлемін ұлғайту үшін диқандарға ғана емес, қант қызылшасын өсірушілерге де арнайы жер бөлініп, субсидия қарастырылмақ. Ал, әзірге Көксу қант зауыты шалғай аудандардағы шаруалардың қант қызылшасын тасымалдауы үшін арнайы субсидия бөлетін болады. Қазір Ақсу қант зауыты 550 мың тонна қант өндіруге қауқарлы, ал Көксу 250 мың тонна. Зауыттарды қайта жаңғыртуға тиісінше 14,5 млрд. және 4,5 млрд теңге инвестиция тартылған.  

Кездесу соңында қант қызылшасын өсірушілер мен қант өндірушілер өздерінің нақты ұсынысын дайындайтын болып келісті. Бұл ұсыныс шикізат, яғни, шаруалар өсірген қант қызылшасы мен оның қантқа айналу процесін жеңілдету тұрғыснда болатыны анық. Екі тарап ортақ келісіммен жұмыс істеген жағдайда, алдымен, өсірушілерге де, өндірушілерге де мүмкіндіктер қатары молаяды және Қазақстанның қант шаруашылығы дамиды. Министр бұған дейін де шаруашылыққа бюрократиялық кедергілерді болдырмау туралы айтып жүрген, егер бәрі ойлағандай іске асса, осы ұсынысқа сәйкес, министрлік оны тұжырымдамаға енгізіп, жаңа бағдарлама дайындайды. 

Байланысты жаналықтар

Шымкент 2 жылда 1 триллион 140 миллард теңге инвестиция тартпақ

17.04.2021

Шымкент қаласының әкімі тұрғын үйлердің құрлысымен танысты

15.05.2021

Түркістанда 38 су қоймасы салынады

21.05.2021

Шымкентте 33 агроөнеркәсіптік жоба іске асырылады

17.03.2021

Kaspi.kz - Қазақстандағы N1 интернет-дүкен

16.09.2022

42  млрд теңге. Бюджет қаржысын игере алмаған министрліктер

12.05.2022
MalimBlocks
Шымкент 2 жылда 1 триллион 140 миллард теңге инвестиция тартпақ

Шымкент қаласының әкімі тұрғын үйлердің құрлысымен танысты

Түркістанда 38 су қоймасы салынады

Шымкентте 33 агроөнеркәсіптік жоба іске асырылады

Kaspi.kz - Қазақстандағы N1 интернет-дүкен

Kaspi.kz бесінші жыл қатарынан электрондық коммерцияның көшбасшысы деп танылды

42  млрд теңге. Бюджет қаржысын игере алмаған министрліктер

Олардың қатарында Қаржы, Мәдениет және спорт, Қорғаныс министрліктері бар.