Қаржы пирамидасына алданбаңыз!

Malim Админ

  • 13.10.2020

Әнші, асабалардың ақталуы, оларға сенген аңқау жұрттың алдануы, «Гарант 24 Ломбард» және «Выгодный займ» ЖШС-нің басшысы Аслан Мырзабековтің ұсталуы кейбір жандардың қаржы пирамидасына деген сеніміне селкем келтіре алмағандай. Бұлай деуімізге себеп, соңғы күндері әлеуметтік желілерде «100 мың теңге салсаңыз, бір айдан кейін 150 мың теңге аласыз» дегендей жазбалар көбейе бастаған. Мұндай жазбаны әдетте белгісіз, фейк акаунттан жазады.

Жалпы, Қазақстанда қаржы пирамидасын құруға заң тиым салған. Ұлттық компаниялардың акциясын сатып алу, құнды қағаздар нарығына араласу, банкке депозит салып, пайда табуға заң кең. Алайда, қарапайым азаматтар көп жағдайда қаржылық келісім мен кепілдер заңдастырылған амалмен емес, сақтандырылмаған, кепілсіз істерге үйір. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің хабарлауынша, тек биылдың өзінде 35 қаржы пирамидасын құру ісі тіркелген. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында  «R.O.I. Club» ЖШС қызметкерлері қаржы пирамидасын ұйымдастырып,  азаматтарды 612 миллионнан астам теңгеге алдап кеткен. Қазір бұл іс тергеліп жатыр. Сондай-ақ, «B2B Jewelry» зергерлік бұйымдар дүкендерінің басшылары бес өңірде номиналды құны 15 мың теңге немесе одан жоғары «сертификаттар» сату арқылы халықтан ақша жинап, заңсыз ақша сауған. Алматыда тергеліп жатқан бұл істе осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам адам зардап шеккен. Шығын 250 миллион теңгедей. Осындай заңсыздықтардың белең алғанын Қаржы монтиоринг комитеті құлаққағыс жасай отырып, қаржы пирамидасына алданбаудың амалдарын хабарлады.

Мәселен, әдетте қаржы пирамидасына қосылу ерікті және заң күші бар келісім-шартсыз жүреді. Бұл дегеніңіз, өз қолыңызбен берген инвестицияны немесе ақшаңызды қайтаруға ешкім кепілдік бермейді деген сөз.  Қаржы пирамидасы көп ақша жинап алу үшін бастапқыда берген ақшаңызға үстеме төлеп, өзіне жарнама жасайды. Бір-екі мәрте үстеме табыс алған салымшы келесі жолы бұрынғыдан да көбірек ақша салады. Пирамидаға неғұрлым мол ақша салынса, оны жоғалту қауіпі де соғұрлым жоғары бола береді.

Қаржы пирамидасындағы компания шынайы экономикалық немесе инвестиция тарту қызметімен айналыспайды. Пирамидалар тауарлық, несиелік, туристік, құрылыс компаниялары ретінде жасырынады. Алайда, шындап келгенде ескі салымшыларға барлық төлемдер жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді.

Жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни, бұл компаниялар жаңадан құрылған, қаржылық есептілікке ие емес, келісімдер жасамайды немесе келісімдер тек ұйымдастырушылардың пайдасын көздеп жасалған әрі Қазақстан заңнамасына сәйкес келмейді.

Компанияның қызметі жан-жақты, түрлі салалы боп тұрады, сол арқылы компания айқын әрі нақты қызметінің жоқтығын жасырады.

Әлеуметтік желілердегі белсенді әрі мезі қылатын жарнама. «Жарнама туралы» Қазақстан заңында әлеуметтік желідегі жарнаманы реттейтін тетіктер жоқ. Өйткені, әлеуметтік желілердің қожайындары негізінен шетелдік компаниялар. Сондықтан әлеуметтік желідегі жарнамаға сену-сенбеу әр азаматтың жеке шешімінде болуы тиіс.

Қаржы пирамидаларында қаржы регуляторы лицензиясы болмайды. Кез келген салым егер сыйақының мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілген болса,  депозит болып саналады. Халықтан салым алу үшін Ұлттық банктің лицензиясы қажет  және ол екінші деңгейдегі банктерде бар. «ҚР екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңына сәйкес банктер халықпен жұмыс жасап, салынған қаражаттың қайта берілуіне кепілдеме береді. Бірақ қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар мұндай лицензия туралы айтқысы келмейді.  Жалпы, қандай да бір қаржылық алым-салымдар жасар кезде қаржы пирамидасына немесе түрлі компанияларды қызметіне күмәніңіз болса, Қаржы мониторингі комитетінің сенім телефондарына (8 (7172) 708-478, 8 (7172) 709-920)  хабарласып сұрап алған дұрыс.

 

 

MalimBlocks