Қазақ-венгер қатынасы. АШМ маңызды құжатқа қол қойылды

Malim Админ

  • 21.05.2021

Жаһандану дәуірінде есігіңді жауып, терезеңді қымтап алып, даму жөнінен ұзаққа бармайтының анық. Қандай елмен де терезең тең байланыс жасау маңызды. «Бармасаң, келмесең – жат боласың» дейді қазақ халқы. Бүкіл адамзат баласын өзіне бауыр тұтқан қазақ елі қашан да өзара түсіністікке кет әрі болмаған. Қазақстан экономикасының негізгі жетекші күштерінің бірі – ауыл шаруашылығы екенін ескерсек, бұл бағыттағы атқарылған қайсыбір істер де еліміздің ертеңі үшін жасалуы тиіс шаруалар. Өзіміз үлгі болған елдерге ғана емес, өзіміз үлгі алуға тиіс елдерге де есік ашу – қазіргі уақыттың ең басты талабы деуге болады. Екеуара келісімге келу арқылы ғана кез келген шаруашылық дамиды. Оның үстіне, өзің өндірген өнімді жақсы бағаға сатып, экспортты дамыту мәселесі жиі көтеріліп жүрген кезде, диқандардың еңбегінің далаға кетпеуін, керісінше, содан пайда табуын қамтамасыз ету осы салаға жауапты ведомствоның басты міндеттерінің бірі деуге болады. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Венгрияның ауыл шаруашылығы басшысы Иштван Нагьпен кездесті. Кездесу барысында маңызды құжат – ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Қос министр кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық бағыттар бойынша келіссөздер жүргізді деуге болады. Өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, аграрлық ғылым және АӨК өнімдерінің өзара саудасы мен инвестиция саласындағы ынтымақтастық туралы нақты келісімге келу бағыттары айтылды. Соңғы кездері Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі Ұлттық жоба туралы жиі айтылып жүр. Министр ең алдымен осы жобаның негізгі тұжырымдамалары жайлы түсіндіріп, қазіргі аграрлық саясаттың басым бағыттары туралы сөйледі. Одан бөлек, АӨК-нің бірінші кезектегі міндеттеріне жататын – ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу мәселесі; сапалы, қолжетімді және бәсекеге қабілетті азық-түлік өнімдерін өндіру жайы да сөз болды.

«Венгрияның осы мәселелер бойынша қандай жетістіктерге қол жеткізгенін зерделеп, саладағы ынтымақтастығымыздың одан әрі дамитынына үміт артып отырмыз. Сондай-ақ, АӨК өнімдері бойынша өзара сауда көлемінің ұлғайғаны маңызды деп есептейміз. Пандемияға қарамастан, 2020 жылы екі ел арасындағы тауар айналым 33%-дан жоғары көрсеткішке жетті. Дегенмен, екі ел арасындағы сауданы дамыту әлеуеті әлі толық көлемде ашылған жоқ. Осыған байланысты, министрліктер мен шаруашылықпен айналысатын субъектілер арасындағы байланысты жандандыру қажет деп есептейміз», - деді Сапархан Омаров.

Сондай-ақ, жүгерінің жоғары рентабельді дақылдардың бірі екенін айтқан ауыл шаруашылығы министрі өсімдік шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында елімізде Венгр селекциясының жүгері тұқымын өндіруді дамытуға өте мүдделі екенін де айтты. Министрдің айтуынша, елімізде өсетін жүгеріге тек экспорттық нарықта ғана емес өз ішімізде де сұраныс мол. Мәселен, қазір Қазақстанда екі крахмал-сірне зауыты жұмыс істеп тұр. Олар жүгеріні өңдеу үшін көп қылып сатып алуға дайын тұр.

Министр айтып отырған Венгр селекциясының жүгері тұқымдары әлемдегі жоғары сапалы тұқымға жатады. Осы мақсатта, екі ел біріге отырып, жүгері өңдеу жұмыстарын сәтті жүргізуге мүдделі. Қазақстандық кәсіпкерлер өндіріске, селекциялық және тұқым тазалау техникасына инвестиция салсақ дейді. Демек, Венгрия фермерлері бізге таза әрі сапалы жүгері тұқымын жеткізіп беруге тиіс. Сапархан Омаров министрліктің бұл жобаны субсидиялауға және қаржыландыруға дайын екенін айтты. Егер, жоспар іске асса, бұл әріптестіктің жемісін тек Қазақстан ғана емес, Орта Азия елдері де көретін болады.

Министрлер кездесуінде сөз болған тағы бір негізгі тақырып – мал шаруашылығы. Айтпаса да түсінікті, Венгрия өзінің асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарымен аты шыққа ел. Сүтті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, қарқынды қой шаруашылығы, асыл тұқымды түліктің тұқымын экспорттау мәселесі... Осы себепті де, біздің тарап Венгрияның асыл тұқымды малын, технологиялық жабдықтарын, сүт өнімдерін қайта өңдеу технологияларын жеткізуге мүдделі. Оның сыртында, қой шаруашылығы саласында бірлесе отырып ғылыми жұмыстарды іске асыруға, инкубациялық материалдарды тасымалда, сондай-ақ қазақстандық жас мамандарды оқыту, тәжірибе алмасу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл тұрғыда Венгрия балды брендтеу мен сыртқы нарықтарға шығару бойынша да Қазақстанға үлгі бола алады.

Жалпы, Венгрия-Қазақстан арасындағы әріптестік қатынас кеше ғана басталған жоқ. Тіпті, ара-тұра туыспыз деп қятыны да бар. Содан да болар, екі ел арасындағы саяси-әлеуметтік, шаруашылық қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Венгрия ауыл шаруашылығы министрі Иштван Надь та осыны айтты. Оның сөзіне қарағанда, АӨК саласындағы қарым-қатынастарды дамытуға екі ел де мүдделі болып отыр. Ол, әсіресе, Қазақстанның егіс алқаптырының зор мүмкіндігі туралы айта келіп, тұқым шаруашылығы жөніндегі Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің ұсынысын қуаттайтынын айтты.

«Біздің Венгрия әлемдегі 6-шы ірі тұқым экспорттаушы ел. Біздің мамандарымыздың кәсіби деңгейі және олардың қол жеткізген нәтижелері халықаралық аренада мойындалған және біз бірлескен зерттеулер, мамандар дайындау және технологиялар трансфері арқылы Қазақстанға пайдалы бола аламыз деп үміттенеміз. Біздің мақсатымыз экспорттық мүмкіндіктерді арттыру ғана емес, өзара тиімді ынтымақтастықтың негізін қалау. Осы кездесудің арқасында біз кумано-қыпшақ тарихи тамырларына негізделген тамаша байланыстарымызды нығайтып қана қоймай, кәсіби және іскерлік салаларды тарта отырып, тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға ықпал еткенімізге сенімдімін», - деді И.Надь.

Кездесу соңында екі ел министрлері Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Кездесуден соң екі елдің министлері бірқатар жерлерді аралап, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан фермалар мен кәсікерлердің бірқатар шаруашылықтарына арнайы барды

Байланысты жаналықтар

ВЕДЕТСЯ РАБОТА ПО ОБЕСПЕЧЕНИЮ МИКРОРАЙОНА ТУРАН КАЧЕСТВЕННОЙ ЭЛЕКТРОЭНЕРГИЕЙ

19.05.2021

Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар «МАЭК – Қазатомөнеркәсіпке» 6 миллиард теңге  қарыз

26.08.2021

Шымкент шырайланып келеді

18.05.2021

Ауыл шаруашылығын дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

05.03.2021

ШЫМКЕНТТЕ ГАЗ ТОЛТЫРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

15.05.2021

Мұнай өңдеу зауыттары қанша дизель отынын өндіреді?

29.09.2021
MalimBlocks
ВЕДЕТСЯ РАБОТА ПО ОБЕСПЕЧЕНИЮ МИКРОРАЙОНА ТУРАН КАЧЕСТВЕННОЙ ЭЛЕКТРОЭНЕРГИЕЙ

Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар «МАЭК – Қазатомөнеркәсіпке» 6 миллиард теңге  қарыз

Шымкент шырайланып келеді

Ауыл шаруашылығын дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

ШЫМКЕНТТЕ ГАЗ ТОЛТЫРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

Мұнай өңдеу зауыттары қанша дизель отынын өндіреді?

Ертең 1 қазаннан бастап Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтамақ.