Қолма қол ақшасыз төлем көбейіп келеді  

Malim Админ

  • 20.10.2020

2020  жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банктердің айналымдағы карточкаларының саны  44,3 миллионға жеткен. Ал банк  карточкаларын ұстаушылардың саны – 37,2 млн. адам болыпты. Бұл 2019 жылғы осы  күнгі жағдаймен салыстырғанда – тиісінше 44,9 пайызға және 36,7 пайызға артық. Банк карточкаларының санының өсуі мен ұстаушылардың көбеюіне биылғы пандемия дағдарысы, Мақтааралдағы су тасқыны сияқты төтенше жағдайлар да септескен. Неге десеңіз, төтенше жағдайлар мен пандемиядан зардап шеккендерге үкімет көмек берген кезде ақша әр азаматқа банк карточкалары арқылы берілді.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана жүргізілген транзакциялардың көлемі 34,7 трлн. теңгеге жетіп (2019 жылдың осындай уақыт аралығымен салыстырғанда 65,5 пайызға өскен), транзакциялар саны 2 091,5 млн. бірлікті құрапты. (2019 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығымен салыстырғанда 96,2 пайызға ұлғайды). Оның ішінде қолма-қол жасалмайтын транзакциялар саны 2,4 есе, ал сомасы 2,6 есе өскен (транзакциялардың саны 1 868,0 млн. бірлік және көлемі 22,8 трлн. теңге). Төлем карточкаларын ұстаушылардың қолма-қол ақшаны алу операцияларының саны 223,5 млн. бірлікті, көлемі 11 862,9 млрд. теңгені құрады. 2019 жылдың осындай уақыт аралығымен салыстырғанда ақша шешу операцияларының саны 21,0 пайызға, көлемі 1,6 пайызға азайды.

Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі интернет/мобильді банкинг (қолма-қол жасалмайтын операциялардың жалпы саны, көлемінен сәйкесінше 56,6 пайыз және 81,0 пайыз) және POS-терминалдар (қолма-қол жасалмайтын операциялардың жалпы саны, көлемінен сәйкесінше 43,2 пайыз және 18,5 пайыз) арқылы жүргізілді.  Қолма-қол ақшаны беру операциялары негізінен банкоматтар арқылы жүзеге асырылған. Жалпы елімізде  төлем карточкаларын 21 банк және «Қазпочта» АҚ шығарады.

Ал осы карточкаларға жан беріп тұрған банкоматтар саны Қазақстанда 12 мыңнан асыпты. Бүгінгі күнде осы банкоматтардың басым бөлігі карточкадан ақша алу мен берумен ғана емес, қосымша көптеген қызметтер атқаратын болған. Мәселен, ақша аудару, түрлі қызметтерді төлеу деген сияқты.  Осындай қызметтердің әсерінен банкоматтардан қолма қол ақша алу айналымы да азайған. Мәселен, 2015 жылы айналымдағы ақшаның 90,2 пайызын қолданушылар шешіп алатын болса, бүгінде бұл меже 36 пайыздан аспайды екен. Демек, жұрт қолма қол ақша алмай, қолма қол ақшасыз төлемдерге көбірек сенетін болған.

 

 

MalimBlocks