Түркістанда 38 су қоймасы салынады

Malim Админ

  • 21.05.2021

Екі бастан белгілі жайт – суды үнемдемесең, егінің аш қалады! Қазақ мұндайда «Судың да сұрауы бар» дейді. Сұраусыз пайдаланған, өлшемсіз жұмсаған судың ақыры Арал теңізінің тартылуына әкеліп, бұл тек Қазақстан ғана емес, күллі әлем бойынша үлкен проблемаға әкеліп соққаны белгілі. Сол себепті, суды үнемдеу бойынша соңғы кездері жиі сөз болып жүр. Мәселен, өткенде ғана қытай ғалымдары Орта Азия елдерінің суды үнемсіз жұмсайтынын айтып, негізі біз өсіріп жатқан мақта мен күрішке біз жұмсап жатқан судың тым артық екенін зерттеп шығыпты. Әлбетте, бұл мәселе бұрын да айтылып жүрген. Әсіресе, жаз басталса болды деңгейі түсіп кететін Сырдария өзенінің жайын жиі айтатын болып жүргенбіз. Қазақстаннан гөрі Өзбекстан диқандарының суды көп бұрып алатынын да жиі айтатынбыз. Қазақ диқандары біреуге мін тағу үшін алдымен өзі үлгі болу керек. Яғни, суды үнемдеп, тиімді пайдалануды алдымен өзімізден бастағанымыз дұрыс. Міне, осы мәселе басқа емес, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде сөз болды.

Оңтүстік өңірлер туралы сөз болғанда бірін мақтаның, бірін күріштің отаны деп, мақтап, әспеттеп жататынымыз бар. Сөз жоқ, Түркістан мен Қызылорда облыстары бұл екі бағыт бойынша көш бастап тұр. Бірақ, осылай екен деп басқа бағытты ұмыт қалдырып, барлық күшті осы екі салаға сала беруге болмайды ғой. Әйтпесе, жері де, табиғаты да ұқсас келетін Шымкент тұрғанда біз неге Ташкент пен Самарқанның қауын-қарбызын жеп отыруымыз керек? Оның үстіне, Қазақстан Өзбекстан үшін осы тәтті дақылдарын Ресейге өткізетін негізгі трансферлік ел емес пе? Былай қарағанда, осы дақылдарды өзіміз де көптеп өсірсек, Өзбекстан мен Ресейге қақпа болмай-ақ, өз тауарымызды сатсақ несі жаман? Міне, біз жоғарыда тоқталған су мәселесі бір жағынан осы мәселені де шешуге көмектеседі. Яғни, тек мақта мен күріш өсірушілер ғана емес, өзге де ірілі-ұсақты диқандарға мүмкіндік береді.

Қысқасы, бұдан былай Қазақстанның оңтүстік өлкесінде күріш пен мақта ғна емес, соның орнына суды көп қажет етпейтін, нарыөтағы сатылымы да әлдеқайда жоғары, тиімді, пайдалы дақылдар егілетін болады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы мнистрінің орынбасары Руслан Манатаев Түркістан облысындағы ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысында айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігінен өкіл ретінде келген Руслан Манатаев «Қазақстан Республикасында суармалы егіншілікті дамыту туралы» тақырыбында баяндама жасап,  министрліктің дәл осы тақырыпқа байланысты алдағы жоспарлары мен суармалы егіншілікті дамыту үшін қабылдаған шаралары жөнінде сөйледі. Одан бөлек, су ресурстарын үнемдеу технологияларын қолдану мәселесіне тоқталып, осы жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жүрген фермерлерді ынталандырып, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтып өтті.

«Биыл Түркістан облысында жоспарланған мақта алқабы 116 мың гектар, күріш 97,6 мың гектар. Бұл 2020 жылғы деңгейден 10 және 6,4 мың гектарға аз. Қызылорда облысы бойынша мақта алқаптарын 90 мың гектарға дейін, күріш алқаптарын 75 мың гектарға дейін азайту жоспарлануда», - дейді Манатаев.

Бір қарағанда, мақта мен күріш алқабын азайту деген сөз құлаққа түрпідей тиіетін сияқты. Бірақ, президенттің 2030 жылға қарай Қазақстандағы суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізу жөніндегі бастамасын айтсақ және суды көп қажет ететін, сосын монодақылдардың үлесін азайту, сонымен өатар, тиімділігі жоғары дақылдарды (көкөніс-бақша, жем-шөп, майлы дақылдар) егетін алқаптарды ұлғайтып, егіншілікті аәртараптандыру туралы тапсырмасын еске салсақ, күріш пен мақтаны айналып өту мүмкін емес. Өйткені, көктем басталғаннан-ақ көлкітіп су құйып қоймасаң, оңайлықпен өнім бере қоймайтын бұл екі дақыл (мақта мен күріш) суды ең көп керек ететін егістік алқаптарына жатады.

Енді, президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан 3 миллион гектар суармалы егіс алқабы мәселесі қалай шешіліп жатыр, жоспар 2030-ға дейін іске аса ма, соған тоқталайық. Вице-министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда суармалы жерлерді пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатыр. Ол ұсынған дерек бойынша, биылғы жоспар – 1,5 млн гектар суармалы жерді пайдалану. Өткен жылы бұл көрсеткіш бұдан 66 мың гектарға аз болатын. Суармалы жерді тұтыну бойынша көш бастап тұрған Түркістан өңірінің бір өзінде 633 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Дегенмен, бұл міндеттердің барлығы өздігінен іске аса салмайды. Бұл мәселеде, бұзылған гидромелиорациялық жүйелерді қалпына келтіру немесе жаңадан салу; суару жүйелерінің пайдалы коэффициентін арттыра отырып, орташа суару нормасын төмендету; барынша су бастаған өзге де ресурстарды үнемдеу технологияларын қолдану; сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдары егу құрылымын өзгерте отырып шешу өте маңызды. Руслан Манатаевтың айтуынша, 2022-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша әзірленіп жатқан Ұлттық жоба аясында су үнемдеу технологияларын қолданатын ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы 420 мың гектарға дейін жеткізу қарастырылып жатыр. Қазіргі көрсеткішке көз салсақ, су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты суармалы жерлердің жалпы үлесінің 14 пайызы, яғни, 200 мың гектардай жер заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдісі арқылы игеріліп жатқанын айтты. Ал, қалған 1,3 миллион гектар алқапқа жер үстімен суару әдісі пайдаланылады.

Бұл жиынға ҚР Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев та қатысты. Ол да суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне тоқтала келіп, бірқатар мәліметтерді алға тартты.

«Сөз жоқ, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры деп айтсақ та болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймаларын салу бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ. Еліміздегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейді. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772 шақырымдық 3298 каналдың 11881 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90% ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты еліміздегі ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді», - деді комитет төрағасы.

38 жаңа су қоймасын салу – үлкен шаруа екені айтпаса да түсінікті. Қаншама шығында да талап етеді. Бірақ, мұндағы негізгі мақсат, шыққан шығынды есептеп, қарап отыру емес, сол шыққан шығынның орнын толтыру. Былайша айтқанда, «ексең – орасың, берсең аласың» деген қағида. Жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі бұл тарапта атқарылып жатқан жұмыстардың аз емес екенін айтады.

«Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу», «Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екендігін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы әзірленген. Бұл жобалар Түркістан (қаласын) өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады. Бұдан өзге Су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суғару технологиясын ендіруге басымдылық беріліп келеді. Осы мақсатта, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріліп, азық-түлік белдеуі құрылуда», - дейді өңір басшысы.

Айта кетерлігі, осы отырыста ең көп айтылған ылғал үнемдеу технологияларын қолдану бойынша Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының фермерлері біраз жетістікке жетіп, бұл бағыттың егістік өсіріп, мол өнім алуда атқарар ролі зор екенін дәлелдеген. Енді, бұл заманауи жаңа технологияны Оңтүстік диқандары да молынан пайдаланып көрмек. Егер айтылған бастамалар сәтті жүзеге асса, қазір осы өңірге қатысты айтылып жүрген «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бұдан ары дами түседі деп күтуге болады.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті өкілдері осы іссапар барысында «Кеңсай Қосқорған-2» су қоймасы құрылысымен, Түркістан магистралды каналының жөндеу жұмыстарымен, Су үнемдеу бағыты бойынша жаңбырлату технологиялары орнатылған «Түркістан-Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарымен, «Бөген» су қоймасының жағдайымен танысып қайтты.

Байланысты жаналықтар

Астана аспаны түтіннен тазарады: жеке үйлерді газға қосу басталды

14.10.2021

Мемлекет басшысы Қытай қарызын төлеу үшін уақыт сұрады

15.04.2020

Тамақ өндірісі көрсеткіші өсіп келеді

12.05.2021

Шымкентке венгрия инвесторлары келді

27.04.2021

Шымкент экспортына үлкен мүмкіндік ашылмақ

23.04.2021

ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНДА

13.05.2021
MalimBlocks
Астана аспаны түтіннен тазарады: жеке үйлерді газға қосу басталды

Мемлекет басшысы Қытай қарызын төлеу үшін уақыт сұрады

Тамақ өндірісі көрсеткіші өсіп келеді

Шымкентке венгрия инвесторлары келді

Шымкент экспортына үлкен мүмкіндік ашылмақ

ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША КӨШ БАСЫНДА