Malim.kz
Құқық

1 миллиард теңгенің марганец өнімін заңсыз өндіріп келіпті

Айгүл Таңатар
https://24.kz/

Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу барысына сәйкес, күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерде рекультивация жұмыстарын жүргізіп жатқандай көрінген. Алайда карьер аумағында ауыр тау-кен техникасы мен ұсату-жуу жабдықтарын пайдаланып, толыққанды кен байыту кешенін іске қосқан.
Өндірілген марганец кені кейін тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортталып отырған. Кенді тұрақты жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын да жалға алған.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, шетелге және өзге бағыттарға өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асқан. Оның жалпы құны 1 млрд теңгеден көп.
Заңсыз өндіріс қоршаған ортаға да зиян келтірген. ҚМА дерегі бойынша бүлінген жерлерді қалпына келтіруге, яғни рекультивация жасауға 150 млн теңгеден астам қаражат қажет болады.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына байланысты істің өзге мән-жайлары әзірге жария етілмейтінін хабарлады.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары