Malim.kz
Білім-ғылым

1 қыркүйектен бастап оқушыларды бағалау жүйесі өзгереді: Ата-аналар нені білуі керек?

Мадияр Қапанбек
Сабақта отырған оқушы. Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау тәсілі жаңартылады. Өзгеріс 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сыныптарға қатысты болады, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Оның сөзінше, министрлік бастауыш сыныптардағы қолданыстағы бағалау тәсілдерін қайта қарастырған. Бұған ата-аналардан түскен өтініштер, мұғалімдердің ұсыныстары, педагогикалық тәжірибе, оқушылардың білім жетістіктерін бақылау нәтижелері және отандық әрі халықаралық зерттеулер негіз болған.

Соған қарамастан, мектептердегі критериалды бағалау жүйесі толығымен жойылмайды. Ол сақталады, алайда 2-4-сыныптар үшін бағалаудың жаңартылған тәсілдері қолданыла бастайды.

Бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.

Жаңашылдықтың бірі – формативтік бағалаудың маңызы артады. Ол бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі, бірақ балл қою тәртібі нақтыланады. Сонымен қатар формативтік бағалаудың тоқсандық қорытынды бағаға әсері күшейтіледі.

Бұдан бөлек, оқушылардың оқу бөлімдерін қаншалықты меңгергенін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі.

"Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Тек балл қою тәсілі нақтыланады", – деді Шынар Ақпарова.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары