Malim.kz
Оқиға

10 мың метрден құлап, аман қалған: бортсеріктің адам сенгісіз тағдыры

• Алуа Әшірбекова
Фото: Жасанды интеллектпен жасалған иллюстрация.

Ұшақ әуеде бөлшектеніп, борттағы адамдардың арасынан жалғыз бортсерік тірі қалған. 1972 жылы болған бұл апаттан аман шыққан Весна Вуловичтің есімі Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ұйымның ресми дерегінде оның 10 160 метр биіктіктен парашютсіз құлап, тірі қалғаны тіркелген, деп хабарлайды Malim.kz.

Әуеде болған апат

1972 жылғы 26 қаңтарда JAT әуе компаниясының №367 рейсі Чехословакия аумағында апатқа ұшырады. Стокгольмнен Белградқа бағыт алған ұшақтың жүк бөлімінде жарылыс болып, әуе кемесі бірнеше бөлікке бөлініп кеткен. Весна экипажға Копенгагендегі аялдама кезінде қосылған еді.

Ұшақтың бір бөлігінің ішінде қалған

Весна аспанда жеке өзі еркін құлаған жоқ: ол ұшақ корпусының бір бөлігінің ішінде қалған. Guinness World Records материалында бортсерікті тамақ таситын арба қысып, сыртқа ұшып кетуден сақтағаны баяндалады.

Ұшақтың осы бөлігі Србска-Каменице ауылы маңындағы орманды, қалың қар басқан жерге түскен. Дереккөзде оның жерге түсу бұрышы мен қар қабаты соққыны жұмсартып, Веснаның аман қалуына ықпал еткен болуы мүмкін екені айтылады.

Алғашқы көмекті ауыл тұрғыны көрсеткен

Қираған ұшақтың ішінен Веснаны жергілікті тұрғын Бруно Хонке тапқан. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде медицина саласында қызмет еткен ол құтқарушылар жеткенше алғашқы көмек көрсеткен.

Бортсерік ауыр жарақат алған: бас сүйегі, аяқтары, омыртқасы және басқа да сүйектері сынған. Емделуі ұзаққа созылып, шамамен он айдан кейін қайта жүре бастаған. Алайда жарақаттың салдары қалып, кейін ақсап жүрген.

Апат сәті есінде болмаған

Associated Press агенттігінің мәліметінше, Весна апаттың өзін де, құтқарылған сәтін де есіне түсіре алмаған. Соған қарамастан, кейін ұшаққа отырудан қорықпағанын айтқан.

Сауығып шыққан соң ол әуе компаниясындағы жұмысына оралғанымен, кеңседе қызмет атқарған. 1985 жылы Гиннестің рекордтар кітабына байланысты салтанатта оған сертификат пен медальді The Beatles тобының мүшесі Пол Маккартни табыстаған.

Весна Вулович 2016 жылы 66 жасында өмірден өтті. Оның есімі парашютсіз ең үлкен биіктіктен құлап, аман қалған адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабында сақталған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары