Malim.kz
Білім-ғылым

10-сынып оқушысы сабақ үстінде 69 жастағы мұғалімін сабап тастап, ауруханадан бір-ақ шығарған

Мадияр Қапанбек
видеодан скриншот

Бішкекте мектептердің бірінде 69 жастағы мұғалім мен жоғары сынып оқушысы арасында төбелес болғаны хабарланды. Бұл туралы 19 ақпанда Первомай аудандық ІІБ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Дереккөздің мәліметінше, оқиға 16 ақпан күні шамамен сағат 11:30 шамасында тіркелген. Милицияға хабар түскен соң, оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, жанжалға қатысушылардың жеке басын анықтаған. Олар – 1957 жылы туған К.Б. және 2010 жылы туған М.К. екені белгілі болды.

Мәліметке сәйкес, мұғалім оқушыға қатысты арыз жазған. Ал оқушы медициналық мекемеге жүгінген. Қазір оқиға бойынша тексеру басталып, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Қазақстанда мұғалімнің құқығы қалай қорғалады?

Қазақстанда педагогтердің құқықтары "Педагог мәртебесі туралы" заңмен қорғалады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұғалімдерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, артық есептер талап етуге немесе заңсыз тексерулер жүргізуге жол берілмейді. Сонымен қатар педагогтерді мемлекеттік емес ұйымдардың шараларына мәжбүрлі түрде қатыстыруға тыйым салынған.

Заң талаптарын бұзғандарға ескерту жасаудан бастап ірі көлемдегі айыппұлдарға дейін санкциялар қарастырылған. Айыппұл мөлшері 200 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін, бұл 786 400 теңгеге тең.

Министрлік педагогтің ар-намысына тию, қысым көрсету, оның ішінде әлеуметтік желіде тіл тигізу де заң бұзушылық екенін ескертеді. Мұндай жағдайда 40 АЕК-ке дейін (157 200 теңге) айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін. Ал жала жабу деректері анықталса, жауапкершілік қылмыстық деңгейге дейін күшейтіледі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары