Ақтөбеде кәсіпкер "100 жылқы ұрлады" деп айыпталған қарияға баспана сыйлап, қуантты. Қуанышты жаңалықты журналист Руслан Өтепбай жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін "100 бас жылқы ұрлады" деген айыппен 7 жылға сотталған 60 жастағы қария босап шыққаны хабарланды. Биыл мамырда Мұғалжар аудандық соты оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, жәбірленуші тараптың 30 миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабын да қанағаттандырған.
Алайда сотталушының қорғаушылары бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Нәтижесінде айыптау бабы өзгертіліп, іс қайта сараланған. Нәтижесінде Рахат Сәрсенов 100 емес, бір жылқының құны көлемінде материалдық шығын келтіргені белгілі болған. Осылайша қарт жылқышы рақымшылыққа ілігіп, сот залында босатылған. 30 жылдан аса уақыт өзгенің малын бағып келген азамат бостандыққа шыққан сәтте көз жасына ерік берген.
Бұл көрініс көпшіліктің жүрегін елжіретіп, желіде қызу талқыланды.
Кейінірек журналист Руслан Өтепбай бұл іске қатысты жаңа дерек барын айтты.
"Рахат Сәрсеновтің ісі бойынша жаңа дерек. Жылқышының басындағы қиындық мұнымен аяқталмаған. Оның айтуынша, 2019 жылы бұрынғы жұмыс берушісі нотариусқа апарып, жалғыз баспанасын кепілге қойғызған. Ерлі-зайыптының сөзінше, құжат орыс тілінде рәсімделгендіктен, нақты қандай құжатқа қол қойып жатқанын толық түсінбеген. Қазір Рахат Сәрсенов тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі бар. Себебі бұл мәселе бойынша сот шешімі шығып қойған", - деді ол.
Осы жаңалықтан кейін кәсіпкер қарияға баспана сыйлаған. Руслан Өтепбай жұрттан сүйінші сұрап, әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады.
"Рахат Сәрсеновтің отбасына жергілікті кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана сыйлады. "Жұмысымнан көрмеген жақсылықты халықтан көрдім" деп, Рахат ата көз жасына ерік берді", - деді ол.