Malim.kz
Құқық

104 млн теңге жымқырған шенеуніктердің жазасы өзгеріссіз қалды

Айбын Атабай
iStockphoto.com

Кассациялық сот мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық ісі бойынша шығарылған үкімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды Malim.kz  Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

Министрліктің комитет төрағасының бұрынғы орынбасары мен мердігер ұйымның басшысы ақпараттық жүйе енгізу жобасы кезінде бюджет қаржысын ұрлаған. Тергеу дерегінше, жүйе толық жұмыс істемесе де, шенеунік басшылықты «ақылы техникалық қолдау қажет» деп сендірген. Ал мердігер тегін жасалуы тиіс жұмыстарды ақылы қызмет ретінде рәсімдеп, жалған құжаттар дайындаған.  

Нәтижесінде мемлекетке 104 миллион теңге залал келген.

Сот үкімімен екі айыпталушы да 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы шенеунік мемлекеттік қызметке өмір бойы тағайындалу құқығынан және «Құрмет грамотасынан» айырылды. Мердігер жеті жыл бойы басшылық лауазымдарға тағайындала алмайды.

Олардың мүлкіне тыйым салынып, мемлекетке 104 миллион теңге өндірілді. Апелляциялық және кассациялық соттар бұл шешімді заңды деп тапты.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары