Петропавлда ЖСК «KZ» басшысы Александр Фоминге қатысты сот процесі басталды. Тергеу дерегінше, 113 үлескерден жиналған 600 млн теңгеден астам қаражат жымқырылған, деп хабарлайды Malim.kz.
HALYQSTAN мәліметінше, Петропавл қаласының орталығындағы бұрынғы көтерме базардың орнында екі 18 қабатты тұрғын үй салынуы тиіс болған. Құрылыс 2021 жылдың жазында басталып, нысанды 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Бастапқыда бас мердігермен жасалған келісімшарттарда шаршы метрінің бағасы 360 мың теңге болып бекітілген. Алайда құрылыс шамамен 70 пайызға жеткен кезде тапсырыс беруші мен бас мердігер арасында келіспеушілік туындап, келісімшарт бұзылған. Кейін тараптар арасында сот даулары басталып, құрылыс тоқтап қалған.
Арада бірнеше жыл өткенде үлескерлерге құрылысты аяқтау үшін тағы шамамен 700 млн теңге қосымша төлеу ұсынылған. Алайда олар бұған келіспей, полицияға арызданған. Зардап шеккендердің арасында пәтер алу үшін жалғыз баспанасын сатып, несие рәсімдегендер де бар.
Қазір ЖСК «KZ» басшысы Александр Фомин сот алдында жауап беріп жатыр. Оған аса ірі мөлшердегі, 600 млн теңгеден астам қаражатқа қатысты алаяқтық жасады деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, үлескерлердің ақшасы Фоминге қатысы бар құрылымдар арқылы иемденілген.
Бастапқыда қылмыстық іс үш адамға қатысты қозғалған. Фоминмен бірге жобаның тапсырыс берушілері, «ЦОТ» ЖШС құрылтайшылары Владимир Богданов пен Михаил Брехов та тергеуге алынған. Кейін олардың істері бөлек өндіріске шығарылған.
Александр Фомин тағылған айыпты мойындамайды. Сотта ол үлескерлерден кешірім сұрап, жобаға өзінің жеке қаражатын да салғанын айтқан. Сондай-ақ тұрғын үйлерді қараша айында аяқтауға уәде берген.
Ал бірнеше жылдан бері баспанасын күтіп жүрген 113 отбасы салған қаражатына тиесілі пәтерлерін алуды талап етіп отыр. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.