Malim.kz
Оқиға

12 адамның өмірін қиған өрттің алдын ала себебі айтылды

Айбын Атабай
Видеодан скрин

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы өрт бойынша тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.  

Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Қыдырмоллаев 24.kz эфирінде оқиға орнына тез арада жеке құрамнан 8 адам және 2 техника жіберілгенін жеткізді. 

— Аудан орталығы Жетісай мен Алғабас елдімекенінің арасы — 6 шақырым. Шақыру түскен бойда өрт сөндірушілер оқиға орнына 8 минутта жетті. Екі қабатты үйді толығымен от шарпығанын байқап, жедел әрекет етті. Нәтижесінде 3 азамат эвакуацияланды, өкінішке қарай үйдің екінші қабатынан 12 адамның мәйіті шығарылды. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі — электр жабдықтарын, теледидарды қосатын желілік фильтрдің ақауы. Өрт болған үй жаңадан салынған. Жылыту жүйесі табиғи газбен жабдықталған. Газ қазандығы сыртта орналасқан, онда ақау болмаған, — деді ол.

Еске сала кетейік, кеше таң ата Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары