Malim.kz
MALIMet

13 қазанда туған тұлғалар: қазақ өнері мен әдебиетінің көрнекті өкілдері

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz/ ЖИ арқылы өңделген

13 қазан – қазақ театрына, музыкасы мен әдебиетіне үлес қосқан бірқатар тұлғаның туған күні. Олардың қатарында режиссер Асқар Тоқпанов, композитор Әсет Бейсеуов, жазушы Пернебай Дүйсенбин және пианист Гүлжамила Қадырбекова бар, деп хабарлайды Malim.kz. 

Асқар Тоқпанов – қазақ сахнасының ұстазы

Асқар Тоқпанов 1915 жылғы 13 қазанда Алматы облысының Іле ауданында дүниеге келген. Биыл Қазақстанның халық әртісі, режиссер әрі педагогтің туғанына 111 жыл толды.

Ол қазақ театрында ұлттық шығармаларды сахналауға үлкен үлес қосты. Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің "Абай", Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек", Сәбит Мұқановтың "Жеңіс жыры" туындылары бойынша спектакльдер қойды. Қарағанды, Атырау және Жамбыл облыстарындағы театрларда да еңбек етті.

Тоқпанов режиссерлікпен қатар, жас актерлерді тәрбиелеумен айналысты. Асанәлі Әшімов өзінің актерлік мамандыққа келуіне осы ұстазының ықпалы болғанын айтқан. Сондай-ақ Тоқпанов шетел драматургтерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, сахна өнері туралы мақалалар жазды.

Әсет Бейсеуов – халық сүйіп тыңдайтын әндердің авторы

Әсет Бейсеуов 1938 жылғы 13 қазанда Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Биыл композитордың туғанына 88 жыл толды.

Оның "Алмалы Алматым", "Маралдым", "Алтыным", "Сандуғаш", "Армандастар", "Жайықтан қайтқан тырналар" әндері қазақ тыңдарманына жақсы таныс. Бұл шығармаларда туған жерге деген сүйіспеншілік, сағыныш пен махаббат сезімі өрілген.

Алматы консерваториясын бітірген өнер иесі еңбек жолында музыка мектептерінде сабақ беріп, мәдениет үйлерінде жұмыс істеді. Кейін "Гүлдер" ансамблінде қызмет атқарды. Ән жазумен шектелмей, театр қойылымдарына, кино және телефильмдерге музыка шығарды. Қазақстанның халық әртісі атанған композитор 1996 жылы өмірден өтті.

Пернебай Дүйсенбин – балалар әлемін шығармаларына арқау еткен қаламгер

Пернебай Дүйсенбин 1943 жылғы 13 қазанда Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жайылма ауылында дүниеге келген. 2026 жылы жазушының туғанына 83 жыл толды.

Қаламгердің шығармашылығында балалар әдебиеті ерекше орын алады. Ол – "Жұмбақ жұлдыз–, Кішкентай генералдар, "Ән салыңызшы, Әке", "Елгезек ертегілер елінде" кітаптарының авторы. Балалар өмірі туралы повестері мен ертегілерінде жас оқырманға таныс оқиғалар мен қызықты кейіпкерлер кездеседі.

Дүйсенбин ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, мектепте мұғалім, директордың орынбасары және директор болып еңбек еткен. Сонымен бірге туған өңірінің тарихын зерттеп, "Шежірелі Сарысу", "Үркердей болып көшкен жұрт...", "Сарысунама" еңбектерін шығарды. Ол – халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты. gov.kz

Гүлжамила Қадырбекова – қазақ фортепиано өнерінің өкілі

Гүлжамила Қадырбекова 1949 жылғы 13 қазанда Алматы қаласында туған. Биыл пианистің туғанына 77 жылтолды.

Қазақстанның халық әртісі Мәскеу консерваториясында білім алған. 1972 жылы оқуын аяқтап, кейін сол жерде орындаушылық шеберлігін жетілдірді. 1974 жылы Алматыға оралып, консерваторияда сабақ бере бастады және Қазақ филармониясының солисі болды.

Өнер иесі Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да концерт қойды. Оның орындаушылық еңбегінің қатарында қазақ композиторларының шығармаларын қамтыған "Қазақ фортепиано музыкасының антологиясы" бар. Қадырбекова концерттік қызметімен бірге жас пианистерді тәрбиелеуге де үлес қосты. 
 

Джон Лоун – "Соңғы император" фильмінің басты актері

13 қазанда туған шетелдік өнер иелерінің бірі – Джон Лоун. Ол 1952 жылы Гонконгте дүниеге келген. Биыл туғанына 74 жыл толды.

Актер Бернардо Бертолуччидің "Соңғы император" фильмінде Қытайдың соңғы императоры Пу Иді сомдап, халықаралық көрерменге танылды. Сондай-ақ "Мұз адамы", "Айдаһар жылы" және "М. Баттерфляй" фильмдерінде ойнаған. Rotten Tomatoes

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары