Malim.kz
Мәдениет

13 жастағы әнші Жасмина Түзелова «Славян базарында» жүлдегер атанды

Сабина Асқарқызы
Фото: gov.kz

13 жастағы астаналық әнші Жасмина Түзелова Витебскіде (Беларусь) өтіп жатқан «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясындағы XXIII халықаралық балалар музыкалық байқауында жүлделі үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Жас орындаушы байқаудың екінші күнінде «Ромашка-Василек» әнін орындап, қазылар алқасынан 66 ұпай жинады. Ал екі кезеңнің қорытындысы бойынша ол 126 ұпай алып, 19 елден келген қатысушылар арасында үздік үштікке енді.

Бұған дейін байқаудың алғашқы күнінде Жасмина қазақтың халық әні «Сарыарқаны» орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған-ды.

Байқаудың бас жүлдесін 150 ұпай жинаған Беларусь өкілі Лизавета жеңіп алды. Екінші орынға 127 ұпаймен Румыния әншісі Лючия Байку жайғасты.

Үшінші орын иегері Жасмина Түзеловаға 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы табысталады. Ал Гран-при иегері 5 мың АҚШ долларын иеленеді.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 17 шілдеде өтетін «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің гала-концерті аясында өтеді.

Айта кетейік, Жасмина Түзелова бұған дейін де халықаралық және республикалық вокалдық байқауларда табысты өнер көрсеткен. Ол 2022 жылы Central Asia's Got Talent жобасының жартылай финалына дейін жетсе, 2023 жылы «Қазақстан дауысы. Балалар» тележобасының суперфиналисі атанған.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары