Malim.kz
Құқық

15 млн қазақстандықтың жеке дерегі даркнетте сатылымға шығып кеткен

Айбын Атабай
Mash

Қазақстанда 15 миллион адамның жеке дерегі даркнетте сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Хакердің мәлімдеуінше, көлемі 2,7 ГБ болатын база мемлекеттік eGov жүйесін бұзу арқылы алынған. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz cайтына сілтеп хабарлайды. 

Mash Telegram арнасының мәліметінше, shymzz13 лақап атындағы қолданушы файлды 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Көлемі 2,7 ГБ болатын базада 47 миллион жол ақпарат бар. Оның ішінде төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері және құпиясөздер қамтылғаны айтылған.

Егер ақпарат расталса, онда ел халқының төрттен үшіне жуық азаматының жеке деректері телефон нөмірінен бастап құжаттары мен құпиясөздеріне дейін алаяқтардың қолына түсуі мүмкін.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл ақпаратқа байланысты пікір білдірді. Ведомство бұл ақпараттардың eGov жүйесінен алынғанына дәлел жоқ екенін алға тартты.

“Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ. Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды. Ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды”, – деді министрлік.

Ведомство техникалық тексеру әлі де жалғасып, оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін алға тартты. 

“Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынады: SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалану”, – делінген хабарламада. 

Даркнет – арнайы бағдарламалар арқылы ғана қол жеткізуге болатын интернеттің жасырын бөлігі. Ол кәдімгі іздеу жүйелерінде көрінбейді және қолданушылардың анонимдігін сақтауға бағытталған. Даркнетте заңды ресурстармен қатар, ұрланған деректер, алаяқтық және басқа да заңсыз қызметтер кездесуі мүмкін.

Еске салсақ, eGov-қа қатысты мәселелер бұған дейін де болған. Тамыздың басында сервис кейбір қолданушыларға басқа адамдардың жеке парақшаларын көрсетіп қойған. Ал көктемде қазақстандық қаржыгер eGov арқылы компанияны тіркегеннен кейін бірнеше сағаттан соң жарнамалық қоңыраулар ала бастаған. Киберқауіпсіздік мамандары бұл базаны украиналық колл-орталықтар сатып алуы мүмкін деп алаңдайды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары