15 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, кей өңірлерде көктайғақ болады. Батыста қатты жаңбыр күтіледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Астанада түнде қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады. Түнде -1…-3, күндіз 0…+2 градус күтіледі. Жел секундына 3–8 метр жылдамдықпен соғады.
Алматыда күндіз жаңбыр жауады, түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде -1…-3, күндіз +5…+7 градус болады. Желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр, күндіз екпіні 13 метрге жетеді. Таулы аумақтарда жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Шымкентте жауын-шашын болмайды. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Түнде +1…+3, күндіз +11…+13 градус болады. Желдің жылдамдығы секундына 8–13 метрге жетеді.
Ақмола облысында түнде 0…-5, күндіз -2…+3 градус болады. Шығысында қар жауып, солтүстігі мен оңтүстігінде аздаған қар және көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метр болады.
Ақтөбе облысының батысында, солтүстігі мен орталығында негізінен жаңбыр жауады. Түнде көктайғақ болады. Батысы мен солтүстігінде желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Атырау облысының солтүстігінде күндіз қатты жаңбыр күтіледі. Батысы мен солтүстігінде жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең батысы мен солтүстік-батысында тұман түседі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. kaz.inform.kz
Маңғыстау облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз батысында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метр болады.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз батысы мен солтүстігінде жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде, батысында күндіз жаңбыр мен қар аралас аздаған жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады. Солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Күндіз батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде түнде жаңбыр мен қар аралас аздаған жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады. Батысында, шығысы мен орталығында тұман күтіледі.
Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде аздаған қар, күндіз жаңбыр мен қар жауады. Көктайғақ болады. Түнде және таңертең батысында, солтүстігі мен шығысында тұман түседі.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Абай облысының солтүстігінде, шығысы мен оңтүстігінде тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының шығысы мен таулы аудандарында түнде аздаған қар жауып, көктайғақ болады. Солтүстігінде, шығысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі.
Жетісу облысының орталығы мен таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Алматы облысының оңтүстігінде, орталығы мен таулы аудандарында тұман күтіледі. Тауда жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Солтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары болып қалады.
Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман түседі. Күндіз таулы аудандарда желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында тұман күтіледі.
Қызылорда облысында жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Облыстың оңтүстік-батысы мен солтүстігінде өрт қаупі жоғары болады.