Malim.kz
Спорт

15 жастағы балуан Дияр Аманәлі әлем чемпионы атанды

Арман Қайыпхан
Фото: ҰОК

Қазақстандық балуан Дияр Аманәлі 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатының жеңімпазы болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бакуде өткен жарыста 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 15 жастағы қазақстандық финалға дейін төрт қарсыласын жеңді. Алдымен ол Грекия өкілі Николаос Зинисисті 8:0 есебімен мерзімінен бұрын ұтса, кейін ресейлік Эдем Пайзиевтен – 3:1, грузиялық Георги Кеделидзеден – 2:1, жартылай финалда болгариялық Данимир Йордановтан – 8:1 есебімен басым түсті.

Финалда Дияр Венгрия балуаны Кеве Ковачпен белдесті. Кездесу 1:1 есебімен аяқталғанымен, алғашқы нәтижелі әдісті жасағаны үшін жеңіс қосымша көрсеткіш бойынша қазақстандық спортшыға берілді.

Сонымен қатар, 16 жастағы Әли Алмас 48 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Финалда ол ресейлік Солтан Юсуповқа 3:8 есебімен есе жіберді.

Финалға дейін Әли Алмас Венгрия, Қырғызстан және Армения балуандарын жеңіп шықты. Қазақстан құрамасы осылайша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын және күміс медаль еншіледі.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары